×
530.15
617.47
6.64
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
530.15
617.47
6.64

АҚШ пен Қытай достығы Қазақстанға қалай әсер етпек

Бүгін, 15:28
АҚШ пен Қытай достығы Қазақстанға қалай әсер етпек
Ulysmedia.kz коллажы

АҚШ президенті Қытай көшбасшысымен кездесуді «10 балдық шкала бойынша 12-ге» бағалап, тарифтерді төмендетуге уәде берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Пусан қаласындағы тарихи кездесу

АҚШ президенті Дональд Трамп пен ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Трамптың екінші мерзімінің басталуынан кейін алғаш рет Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында жүздесті. Келіссөздер шамамен екі сағатқа созылып, жоспарланғаннан ұзағырақ өтті. АҚШ басшысы кездесуді «керемет» деп бағалады.

– Бұл тамаша кездесу болды. Ол – ұлы көшбасшы. Егер 10 балдық шкаламен бағалар болсам, 12 дер едім, – деді Трамп Вашингтонға қайтар жолда ұшағында журналистерге.

Негізгі мәлімдеме: тарифтер төмендейді

АҚШ Қытай тауарларына салынған тарифтерді төмендетеді. Бұған жауап ретінде Қытай АҚШ-та жүздеген мың адамның өліміне себеп болған синтетикалық есірткі жасауға пайдаланылатын химиялық қосылыстар экспортын тоқтатуға келіскен. Трамп, сонымен қатар, Қытайдың америкалық соя импортын қайта бастайтынын және сирек кездесетін металдарды экспорттауға қойылған шектеулерді алып тастайтынын айтты. Ол бұл мәмілені «бүкіл әлем үшін тиімді» деп бағалады.

Қытай басшысы әзірге түсініктеме берген жоқ, бірақ келіссөз кезінде «ірі экономикалар арасындағы келіспеушіліктер – қалыпты жағдай» екенін атап өтіп, тарихтың АҚШ пен Қытайды «дос және серіктес болуға міндеттейтінін» айтты.

Жаңа «жұмсақ келісімдер»

Трамптың айтуынша, келіссөздер барысында Украина мәселесі де қозғалған.

– Біз бірлесіп жұмыс істейміз. Кейде тараптарға күресуге мүмкіндік беру керек, бірақ біз ынтымақтаса жұмыс істейміз, – деді ол.

Тайвань мәселесі талқыланбаған. Алайда кездесуден кейін Трамп журналистерге Қытайдың бес жыл ішінде ядролық әлеует тұрғысынан АҚШ-қа «жетуі мүмкін» екенін айтты. Дегенмен ядролық сынақтарды дереу қайта бастау туралы шешім басқа себептерге байланысты қабылданғанын атап өтті.

Екі тараптың да конструктивті көзқарасы байқалғанымен, алдағы жағдай белгісіз. Трамптың ядролық риторикасы мен қарулану жарысының күшеюі жаһандық тәуекелдерді арттырады. Бұл ретте өзін антиядролық қозғалыстың көшбасшысы ретінде танытқан Қазақстан үшін жаңа дипломатиялық сын-қатерлер туындауы мүмкін: ядролық сынақтарды қайта күн тәртібіне енгізген елдер арасында тепе-тең позиция ұстану қажеттілігі. Егер Вашингтон мен Бейжің Украина мәселесі бойынша өз ұстанымдарын үйлестіре бастаса, бұл аймақтық тепе-теңдікке, санкциялық саясаттан бастап шикізат жеткізу логистикасына дейін әсер етуі мүмкін. Сондықтан Қазақстанға риторикасы мен сауда бағыттарын бұрынғыдан да мұқият реттеуге тура келеді.

Үлкен ойынның жаңа кезеңі ме?

АҚШ пен Қытай арасындағы жаңа дипломатиялық «жібіту» кезеңі Қазақстанды одан да күрделі жағдайда қалдырды. Бір жағынан - Қытай біздің көршіміз әрі стратегиялық серіктесіміз. Екінші жағынан - АҚШ та серіктес, бірақ көрші емес. Ал үшінші фактор - Ресей де «дос» әрі ықпалды ойыншы.

Дәл осы уақытта, Си Цзиньпин мен Дональд Трамп Пусанда кездесіп жатқанда, Қазақстанға АҚШ президентінің Оңтүстік және Орталық Азия істері жөніндегі арнайы өкілі Сержио Гор мен Мемлекеттік хатшының орынбасары Кристофер Ландау ресми сапармен келді. Ал қараша айының басында Қасым-Жомарт Тоқаевтың алдымен Вашингтонға – «Орталық Азия + АҚШ» саммитіне, содан кейін Мәскеуге сапары жоспарланған.

Саяси зерттеулер орталығының директоры Айдар Әмребаевтың айтуынша, бұл – «үлкен ойынның» жаңа кезеңі және онда Қазақстан мен бүкіл Орталық Азияға маңызды рөл берілген.

– Әрине, біздің ел Орталық Азияның экономикалық көшбасшысы және стратегиялық географиялық орналасуға ие. Сонымен қатар, Қазақстан – әлемдік саясаттағы орта державалар қатарындағы ел, – дейді Әмребаев.

АҚШ пен Қытай арасындағы «жылымықтың» Қазақстанға әсері

Әмребаевтың айтуынша, Трамп пен Си Цзиньпин келіссөздерінде сирек кездесетін металдар мәселесі де қозғалды.

Қытай санкциялық қысым күшейсе, Батысқа сирек кездесетін метал жеткізілімін шектеуі мүмкін екенін анық көрсетті. Яғни, Пекиннің санкцияларға қарсы тұрарлық салмақты уәжі бар, сондықтан мұндай жағдайда «ерекше мәмілелерсіз» болмайтыны анық.

– Сирек кездесетін металдар – қазіргі индустрия дамуының негізгі элементі. Олар стратегиялық маңызы бар тауарларды өндіруде қолданылады. Сондықтан келіссөздерде екі елдің позициясы теңесіп отыр, – дейді сарапшы.

Келіссөздер нәтижесінде екі мемлекет үшінші елдерде, соның ішінде Қазақстанда да, сирек кездесетін метал өндіру жобаларына инвестиция көлемін арттыруы мүмкін. Бұдан бөлек, Қытай мен АҚШ арасындағы «жылымық» Қазақстанға бірнеше нақты пайда әкеледі: тарифтер мен санкциялардың жеңілдеуі сауда дәліздерін жандандырып, көлік-логистика бағыттарын кеңейте алады. Егер тараптар өзара келісімге келсе, Транскаспий дәлізі мен «Бір белдеу – бір жол» жобасы жаңа серпін алмақ. Бұл Қазақстанға транзиттік ел ретінде жүктер тасымалы мен логистикалық кірісті арттыруға мүмкіндік береді.

– Орта дәліздің бір бөлігі болып саналатын Зәңгезур дәлізі, немесе «Трамп бағыты» деп аталып жүрген жаңа маршрут – осы үрдістің айқын мысалы. Бұл маңызды логистикалық торабының дамуы Қазақстанға нақты экономикалық пайда әкеледі. Біз көлік ағынын арттырып қана қоймай, технологиялық жобаларға қатысып, цифрландыру мен инновациялар деңгейін көтере аламыз, – деп қорытындылады Айдар Әмребаев.

Оның айтуынша, болашақта Транскаспий халықаралық көлік бағытына (ТМТМ) мұнай мен газ экспортын әртараптандыруға мүмкіндік беретін құбырлар қосылуы мүмкін.

Ulysmedia.kz АҚШ пен Қытай арасындағы «Пусан кездесуінің» салдарын әрі қарай бақылауды жалғастырады. Бұл кездесу, іс жүзінде, екі ел арасындағы стратегиялық диалогтың қайта басталуын білдіреді және Азиядағы күштер тепе-теңдігін түбегейлі өзгертуі мүмкін.

Серіктес жаңалықтары