Жуырда Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов білім саласындағы жемқорлыққа «соғыс» жариялады. Оның айтуынша, балаларға арналған миллиардтар ересектердің қалтасын қампайтып, болашағымызға салынған инвестиция мақсатқа сай жұмсалмай отыр. Оқу-ағартудың су жаңа министрі Жұлдыз Сүлейменова былыққа белшесінен батқан саланы тазалап, арам шөбін отауы тиіс. Бұл, әрине, бірінші рет болып тұрған жағдай емес. Ulysmedia.kz орта білім саласындағы ең ірі сыбайлас жемқорлық істерін жинақтап, мектептер қылмыстық хроникадан қашан көрсетілмейтін күнге жететінімізді анықтап көрді. Әрине, ол мүмкін болса.
Мемлекеттік бағдарлама сайын жанжал
Мектептердегі жемқорлықты жою үшін ата-аналарға мұғалімдерге гүл мен тәттілерге ақша жинауға тыйым салынды, яғни мұғалімдер мейрамнан мейрам аңдып, сыйлық дәметіп жүрмеуі керек делінді. Оған қоса, бірнеше жыл бұрын жалақы айтарлықтай көтерілді.
Бірақ бәріне белгілі жайт: қылмыстың қомақтысы мектептерде гүл мен кәмпит емес, әлдеқайда ірі көлемде жасалады. Тәуелсіздік жылдарынан бастап мектеп құрылысы мен жөндеуіне қатысты қылмыстық істер аз болған жоқ. Ал 2000-жылдары білім жүйесіне мемлекеттік қаржы молынан құйылған соң, балаларға бөлінген ақшаны ұрлаған ірі шенеуніктер де сотталды.
Ең белгілі істердің бірі — бұрынғы вице-министр Саят Шаяхметов ісі. Ол «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасын қадағалаған. Тергеу мәліметінше, шенеунік Шығыс Қазақстандағы оқу нысандарын салу кезінде 1,1 млрд теңге ұрлап, мемлекетке залал келтірген.

Фото: sputnik.kz
Алайда бұл бағдарламада ұсталмағандар аз болды. 2011 жылы Қаржы полициясы бұл жобаны «ұрлыққа ең тартымды» бағдарлама деп атады. Өйткені бір жылда 1,5 млрд теңге қолды болған, бұл «Ауыз су» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламаларындағы шығындарды бірге қосқаннан да көп еді.
ҰБТ адалдық емтиханынан өте алмады
2019 жылы тергеу органдары Ұлттық тестілеу орталығының (ҰТО) басшылығын тексеруге кірісті. Бұл орталық тек ҰБТ емес, мұғалімдер мен студенттерді де сынақтан өткізетін.
Алдымен, орталықтың директоры Рамазан Әлімқұлов «аймақтардағы қызмет жеткізушілерінен жүйелі түрде пара алу» айыбымен ұсталды. Кейін оның орнына келген Дархан Жақсыбеков те дәл осындай айыппен сотталды.
Фото: ОКҚ
Әлімқұловқа – 3 жыл, Жақсыбековке 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы берілді.
Барлығы балалар үшін, бірақ өзгенің есебінен
Сол жылы, яғни 2019 жылы, сот алдында вице-министр Эльмира Суханбердиева жауап берді. Ол балаларды сыйлықпен қуантқысы келіп, бірақ оны қызметкерлердің есебінен жасаған.
Тергеушілер Суханбердиеваның қоластындағы қызметкерге екі смартфон, ал ведомство басшыларына 41 планшет сатып алуға бұйрық бергенін анықтаған.
Фото: sputnik.kz
Қызметкерлер мұндай «жомарттыққа» шыдай алмай, шағым түсірген. Сондай-ақ Суханбердиева құрбысымен бірге әкімдік ғимаратында жеке мектеп ашуға тырысқаны анықталды. Сот кәмелет жасына жетпеген жас балалары барын ескеріп, жаза мерзімін кейінге шегерді, оған қоса айыппұл салды.
Мониторға қарамайтын кез
Бұрынғы вице-министрдің мысалы өзгелерге сабақ болуы тиіс еді, бірақ олай болмады. Пандемия кезінде компьютер сатып алу эпопеясы – соның дәлелі. 2020 жылы Үкімет резервінен бөлінген қаражатқа алынған ноутбуктердің кем дегенде үштен бірі балаларға жетпеген. Қылмыстың көкесі Түркістан облысында тіркелді: 3,5 млрд теңге бөлініп, оның 2,5 млрд-ын кәсіпкер ұрлаған. Сот өтті, кінәлілер жазаланды, бірақ балалардың есебінен пайда табуға құмарлар жаңа «тәсілдер» ойлап тапты.
Түбі жоқ қазына қаржысы
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік дерегінше, тек 2023-2024 жылдары білім беру саласында 280-нен астам қылмыстық іс қозғалды. Балаларды мейірімділікке, ізгілікке, адалдыққа үйретуі тиіс педагогтар тамақтандыру, жөндеу және оқулықтарға бөлінген ақшаны жымқырған. Нағыз эпидемия — «өлі жандар» схемасы болды: мектептерде іс жүзінде жоқ мұғалімдерге миллиардтаған теңге жалақы аударылған. Тергеу дерегінше, бұл қаражатты мектеп пен білім бөлімдерінің бухгалтерлері мен басшылары бөлісіп отырған.
– Бухгалтерлер еңбекақы қорынан қаражат ұрлап, ал білім бөлімі басшысы оларды пара арқылы «қорғап» отырған. Оның 280 млн теңге пара алғаны дәлелденді. Білім бөлімінің бас бухгалтерінен шамамен 1 млрд теңге табылды, – деді тергеушілер Талдықорғандағы анықталған қцлмыстық оқиға туралы.
2024 жылы бір Талдықорғанның өзінде жұмыста жоқ мұғалімге 4,5 млрд теңге аударылған. Ел бойынша осындай схемалармен оннан астам іс әшкереленді.
Мектептерді қамқорлығына алған
Қоғам белсендісі Дидар Смағұловтың айтуынша, бұл оқиғалардан дұрыс қорытынды жасалды, “өлі жандар” схемасы толық жабылды.

– Енді бұлтты бухгалтерия енгізіліп, деректер базалары біріктірілуде. Бухгалтер басқа адамның ақшасын өз картасына аудара алмайды. Демек, миллиардтардың жұмыста жоқ мұғалімге кету қаупі азайды, – дейді ол.
Шынында да, 2025 жылдан бастап мұғалімдер туралы деректер Әділет, Денсаулық сақтау және Еңбек министрліктерінің базалары арқылы тексеріледі. Бір жерде тұрып, екінші аймақта “жұмыс істеу” енді мүмкін емес. Сонымен қатар мектептерге биометриялық жүйелер орнатылды, яғни кім, қашан жұмысқа келгенін, қашан кеткенін тіркейді.
Антикор мәліметінше, бұл жүйе орта білімдегі жемқорлықпен күреске көмектеседі. Алайда Дидар Смағұловтың пікірінше, мәселе тек жемқорлықта емес.
– Білім сапасы мұғалімдердің құзыретіне байланысты. Ең басты сұрақ: кадрларды қайдан аламыз? Ал мектептерде тіпті кадр бөлімі де жоқ! Директордың мойнында қауіпсіздік, санитария сияқты жүздеген міндет бар. Қызметкер іріктеуге уақыты жетпейді. 30-40 адам жұмыс істейтін кез келген ұйымның HR-қызметі бар, ал жүздеген адам істейтін мектептерде ол жоқ. Бұл – нонсенс, – дейді ол.
Оның пікірінше, мектеп әкімшілігінің штаттық кестесін түбегейлі қайта қарау қажет. Онда кадр мамандары да, заңгерлер де жоқ.
жоқ.
– Мектептерді ондаған мемлекеттік орган тексереді. Кейбір директорлар айыппұлды төлеу үшін несие алуға мәжбүр. Егер оларға сатып алу немесе асхананың сапасын бақылау бойынша көмекшілер берілсе, мұндай айыппұлдар болмас еді, – дейді Дидар Смағұлов.
Смағұлов білім саласында жемқорлық дерегі көп, бірақ қаржыландыруды қысқарту мәселені шешудің оңтайлы шешімі емес екенін мойындап отыр. Керісінше, схемалардың алдын алуға көбірек күш салу қажет.
Қаржы орталығының көлеңкесінде
Алайда білім саласындағы жемқорларға бір “есік” жабылса, оларға бірден екіншісі ашылады. Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов соңғы уақытта аймақтарда жекеменшік мектептерге төлем жасауға қаржы жетпей жатқан анықталғанын атап өтті. Оқу орындарының иелері министрлікке дейін барып, қарыздарын өтеуді талап еткен.
Кейін вице-министр олармен сөйлескенімен, кәсіпкерлер кінәні білім министрлігіне қарасты Қаржы орталығына артқан. Дәл осы ұйым бір сәтте төлемдерді тоқтатқан.

Фото: ОКҚ
– Министрлік жекеменшік мектептерді кез келген жерге салуға рұқсат беріп отыр. Мысалы, Қызылорда облысында “Келешек мектебі” жобасымен 2 мемлекеттік мектеп салынды, ал министрлік дәл сол маңда тағы 5 жекеменшік мектептің құрылысын мақұлдады. Енді оқушылар жетпей, басқа аудандардан тасуға тура келеді, ал министрлік сол жеке мектептердің шығынын өтеп отыр. Бұл – таза жемқорлық, – дейді Мұрат Әбенов.
Депутаттың пікірінше, министр Жұлдыз Сүлейменова міндетті түрде тексеріп, кім және не үшін жеке мектептерге осындай рұқсат бергенін анықтауы тиіс, өйткені елде әлі де орын жетпейтін мектептер бар.
Ол «Жайлы мектептер» жобасының құны – 2,6 трлн теңге екенін, оны Қазақстан президенті өзі бастағанын еске салды. Ал егер осыншама қаражат тиімсіз жұмсалса, бұл Оқу-ағарту министрлігінің Тоқаевтың тапсырмасын баяу орындап жатқанын көрсетеді.
Президент орта білім сапасын көтеруді, тек ЖОО немесе ҰБТ нәтижесіне емес, нақты оқытуға басымдық беруді талап етіп отыр. Айта кетейік, Тоқаевтың бастамасымен 2019 жылы “Мұғалім мәртебесі туралы” заң қабылданды, ал соңғы төрт жылда мұғалімдердің жалақысы екі есеге өсті.