×
522.49
601.07
6.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
522.49
601.07
6.47

Өзіңнен зорлар шықса, екі көзің сонда шығады: «Жемқорлар тажалы» атанған Олеся Кексельдің өзі тергеуде

Бүгін, 10:45
Өзіңнен зорлар шықса, екі көзің сонда шығады: «Жемқорлар тажалы» атанған Олеся Кексельдің өзі тергеуде
Ulysmedia.kz коллажы

Бір кезде министрлер мен премьерлерді темір торға тоғытқан Олеся Кексель енді өзі үйқамақта отыр. «Айбын» орденімен марапатталып, «2017 жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» атанған әйелге «Азаптау» бойынша айып тағылды. Бұл тағдырдың кекесіні ме, әлде біреуге ор қазсаң, өзің түсесің деген тәмсілдің іс жүзіндегі көрінісі ме, толығырақ Ulysmedia.kz материалында.

Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев өткен аптада Сенат кулуарында Кексельге қатысты Қылмыстық кодекстің 146-бабы («Азаптау») бойынша қылмыстық іс қозғалғанын ресми растады. Сот оның жас баласы барын ескеріп, екі ай мерзімге үйқамаққа жіберді. Биыл қыркүйекте БАҚ-та оның емізулі баласы бар екені жазылған еді.

Жұлдыздар да жерге түседі

Кексель мансабын қатардағы тергеуші ретінде бастаған. 20 жасында Қаржы полициясы академиясын аяқтағаннан кейін ол өзін әйдік тергеуші ретінде мойындатқысы келді. Ол үшін не істеу керек? Ала жіпті аттап, ар-ибаны ысырып қойып, мансапта өсуге болады және ондайлардың бақ жұлдызы жанғыш келеді. Алайда мың асқанға бір тосқан қашанда табылады емес пе?

– Әр сұраққа жауап алуға ұзақ дайындалуға тура келетін, – деген еді ол 2018 жылы «Информбюро» басылымына берген сұхбатында.

Оның айтуынша, егер тергеу құрылыс саласына қатысты болса, құрылыс нормаларын, ал экономикаға қатысты болса, бухгалтерлік есеп пен мемлекеттік сатып алу заңын толық оқып шыққан. Бұл тәсіл өз жемісін берді де.

2017-2018 жылдары ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның тергеу департаменті басшысының орынбасары қызметін атқарды. 2018 жылдың қаңтарынан 2019 жылдың мамырына дейін Бас прокуратураның арнайы прокурорлар қызметін басқарды.

Оның атымен байланысты істердің қатарында:

– бұрынғы премьер-министр Серік Ахметов ісі (мемлекетке 24 млрд теңге қайтарылған);
– экс-министр Қуандық Бишімбаев ісі (10 жылға сотталып, кейін шартты түрде босап шығып, азаматтық жұбайы Салтанат Нүкенованы өлтірген);
– бұрынғы денсаулық сақтау министрі Жақсылық Досқалиев және Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитетінің экс-төрағасы Лариса Пак істері бар.

2017 жылы Кексель «Айбын» орденінің II дәрежесімен марапатталып, «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» атанды. Сол кезде оның мансабы жедел өсіп жатқандай көрінген.

Табыстың көлеңкелі тұсы

2018 жылғы сұхбатында Кексель өзінің жұмыс философиясын егжей-тегжейлі түсіндірген. Күдіктілерге қысым жасау туралы сұраққа ол еш күмәнсіз жауап берген:

– Қазір көп адам қателесіп, күдіктілерді мойындату үшін қысым көрсетеді деп ойлайды. Ондай ештеңе жоқ. Мен өмірімде адам өзіне қатысы жоқ істі мойнына алғанын көрген емеспін, – деген еді ол.

Алайда сол кезде-ақ алаңдатарлық белгілер пайда бола бастаған. Бірқатар сот процестері кезінде айыпталушылар мен куәгерлер тергеу тарапынан қысым көрсетілгенін мәлімдеген. Кексель бұл айыптауларды «қорғану тактикасы» деп атаған.

– Бұл оның өзін қорғау тәсілі ғана, оған қазір солай айту тиімді шығар, – деп түсіндірген ол экс-министр Қуандық Бишімбаевтың мәлімдемесіне қатысты.

2018 жылы Бишімбаев сотта тергеушілердің, соның ішінде Кексельдің «кінәні» мойындауын талап еткенін айтып, оған қысым жасалғанын хабарлаған. 2019 жылы кәсіпкер Ерлан Нәбиев те Кексель мен басқа тергеушілерді бұрынғы вице-министр Анатолий Шкарупа ісі бойынша азаптау мен қысым көрсетуге қатысы бар деп айыптаған. Бұған қатысты іс қозғалғанымен, көп ұзамай тоқтатылған. 2021 жылы тергеу қайта басталып, небәрі бес күннен кейін «қылмыс құрамы болмағандықтан» қайта жабылған.

Ең ауыр оқиға Денсаулық сақтау министрлігінің экс-шенеунігі Лариса Пактың ісі болды. Бұл істі Кексель жүргізген, бірақ кейін дәлел жетіспеушілігінен іс жабылған. Пак 2019 жылы қайтыс болып, 2020 жылы ақталған.

Шетелге кету және кері оралу

2019 жылдың мамырында Кексель Бас прокуратурадан кетіп, шетелге кеткен. Бір мәліметтерде оны Германияға көшіп кетті деп айтылды. Уақыт өте келе бәрі ұмытылғандай көрінген. «Жемқорлар тажалы» атанған бұрынғы тергеуші өз әдістері үшін жауап беруден құтылды деген пікірлер тарады.

Алайда 2025 жылдың шілдесінде жағдай күрт өзгерді. Бас прокуратура Кексельдің «Азаптау» ісі бойынша күдікті екенін растады. Бұл – үшінші рет қозғалған іс және алғашқы екі кездегіден айырмашылығы, бұл жолы іс жабылған жоқ.

Оған Қылмыстық кодекстің 146-бабы, 2-бөлігі («Азаптау») бойынша айып тағылған. Тергеу нұсқасы бойынша, ол және оның тергеу тобы тергеу барысында заңсыз әдістер қолданған.

Нәтижеден маңызды әдіс

Кексель, бұрынғы сұхбаттарына қарағанда, өз әдістерінің дұрыстығына соңына дейін сенген. Бірақ әңгіме шын қылмыскер мен кінәні мойнына алған «қылмыскер» турасында болып отыр. Сонда Кексель «нәтижелі» жұмыс үшін заңсыз әрекеттерге барған ба?

Тергеу жалғасып жатыр. Қазіргі таңда істің егжей-тегжейі мен басқа күдіктілердің аты-жөні жария етілмеген.

Белгілісі – оның бұрынғы бастығы, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның экс-басшысы Талғат Татубаев та осыған ұқсас айыппен қамауға алынған.

Кексель сондай-ақ бұрынғы Қаржы полициясының басшысы және экс-сенатор Қайрат Қожамжаровтың қол астындағы адамдарының бірі ретінде аталады. Қожамжаровтың өзі де қызметтік өкілеттігін асыра пайдалану және қылмыстық табысты заңдастыру бойынша айыпталып, қазір Ресейде жасырынып жүр. Ulysmedia.kz бұған дейін Қожамжаровтың Ресей азаматтығын алғанын хабарлаған.

Серіктес жаңалықтары