×
522.19
606.42
6.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
522.19
606.42
6.47

Үнемдеп жатқан түгі де жоқ: Шенеуніктер шығынды қалай азайтпақшы

Бүгін, 09:10
Үнемдеп жатқан түгі де жоқ: Шенеуніктер шығынды қалай азайтпақшы
Ulysmedia.kz коллажы

Министрлер жиын сайын «бюджет шығындарын қысқарту бойынша жұмыс жүріп жатыр, мемлекеттік қаражаттың тиімділігі артып келеді» деген бір ғана тезисті қайталайды. Бірақ бұл өзгерістер қазақстандықтарға еш сезілмейді. Ulysmedia.kz осы «көрінбейтін үнемдеудің» не екенін Ұлттық экономика министрлігінен сұрап көрді.

Әр тиын есепте

Шенеуніктердің «мүмкіндігінше үнемді өмір сүруге» деген ниетіне күмәнданбасақ та, фактілер басқаша сөйлейді. Жыл өткен сайын бюджет шығындары тек өсіп келеді, мысалы, 2024 жылы – 23,6 трлн теңге, 2025 жылы – 25,8 трлн, 2026 жылғы жоспар – 27,7 трлн теңге. Яғни шығындарды қысқарту жұмысы нәтиже бермей тұр.

Алайда ұлттық экономика министрлігі бұл өсімді жыл сайынғы инфляцияға түзету деп түсіндіреді. Министрліктің айтуынша, үнемделіп жатқан бюджет бар: 2025 жылы жүргізілген аудит бірқатар мемлекеттік орган 558,4 млрд теңгеге шығынды қысқарта алатынын көрсеткен. Бірақ бұл ақша бірден басқа бағыттарға қайта бөлінген.

Қызметтері қиын, жауапкершілігі ауыр

Ulysmedia-ның ресми сұрауына берген жауабында вице-министр Азамат Әмрин Үкіметте арнайы жұмыс тобы құрылғанын айтты. Ол төрт бағыт бойынша жұмыс істейді: мемлекеттік аппарат жұмысын жеңілдету, экономиканы ырықтандыру, мемлекеттік басқаруды цифрландыру, мемлекеттік шығындарды оңтайландыру және тиімділігін арттыру.

– Бюджетті оңтайландырудың негізгі мақсаты – даму бюджетін ұлғайту арқылы экономикалық өсімді ынталандыру және ұзақ мерзімді, тұрақты пайда әкелетін жобаларға қаражат бөлу. Сондай-ақ шығындарды жаппай қысқартудан бас тартып, салалық нормативтік-құқықтық актілердегі олқылықтар мен өзгертуге болатын тұстарды анықтау міндеті тұр, – деді ол.

Алайда жұмыс тобына нақты кімдер кіргені туралы министрлік ашып айтпады. Әлде айтуға ыңғайсызданды ма, әлде тұтас ведомстволардың тағдырын шешетін адамдардың есімін жариялағысы келмеді ме, ол жағы белгсіз.

Субсидиялар қысқара ма?

Азамат Әмриннің айтуынша, жұмыс тобы қазір қолданыстағы субсидиялар мен шығынды өтеу тетіктерін тиімділік тұрғысынан талдап жатыр.

– Бұл жұмыстың нәтижесі инфрақұрылымды дамыту мен нақты секторды қолдау үшін қажет капиталдық шығындарды толықтыруға мүмкіндік береді, – деп сендірді вице-министр.

Сонымен қатар ол 2025 жылдың қыркүйегінен бастап мемлекеттік органдар үнемделген қаражатты өздері жарата алмайтынын еске салды.

– Үнемделген қаражат экономикалық өсімді ынталандыратын және өзге де басым бағыттарға қайта бөлінеді, – деді ол.

Көрінбейтін өсім

Мәлімдемелерге мұқият мән берсек, ұлттық экономика министрлігі үшін басты тапсырма экономикалық өсімге қол жеткізу болып қалғаны анық. Бірақ қазақстандық экономистер Үкіметтің экономикаға шамадан тыс араласуын жиі сынайды.

Экономика ғылымдарының докторы Берлин Иришевтің айтуынша, бір мезетте инфляцияны тежеу үшін базалық мөлшерлемені көтеріп, экономиканы қолдау үшін ақша құю мүмкін емес.

– Бір жағынан Үкімет бюджет толтыру үшін салықты көтереді. Екінші жағынан экономикаға мемлекеттік қаржы құйып, өсім бар сияқты көрініс жасайды, – дейді ол.

Бұл пікірмен экономист Мұрат Темірханов та келіседі. Оның айтуынша, экономикалық реформалардың басты мақсаты дамыған, жоғары өнімді, тиімді нарықтық экономика құру арқылы халықтың әл-ауқатын арттыру болуы тиіс. Ал мұны квазимемлекеттік институттар арқылы ақша құюмен жүзеге асыру мүмкін емес.

Соған қарамастан, билік Қазақстанның Даму банкі арқылы 14 жобаға қосымша 2,6 трлн теңге бағыттамақ.

– Соңғы 20 жылдағы мемлекеттік саясатты қайта қарап, бюджет ақшасын оңды-солды шашпайтын уақыт қашан келеді? Қаншама «серпінді» жобаларды қаржыландырды, ал экспортымыз әлі де шикізатқа тәуелді, – деп ашынады Темірханов.

Экономистердің пікіріне ресми тараптан жауап жоқ. Бұл арада олардың сөзін жанама түрде растайтын тағы бір жайт бар: Ұлттық банк те атап өткендей, 2025 жылғы қыркүйектегі инфляцияның негізгі себебі– экономикаға мемлекеттік қаржының шамадан тыс құйылуы. ТКШ-ны жаңғыртуға 13 трлн теңге бөлінген соң, монополистер тарифті күрт көтеріп, коммуналдық төлемдер бірнеше есе қымбаттады. Оның артынан барлық баға өсе бастады.

Осындай жағдайдан кейін Үкімет «еш кінәміз жоқ» деген сыңай танытып отыр. Бірақ елдің одан арғы дамуын тәуелсіз сарапшылармен бірге қайта есептеп, қайта талқылайтын уақыт жетпеді ме?

Серіктес жаңалықтары