×
518.19
597.32
6.43
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.19
597.32
6.43

Бюджет үшін күрес: Сенат неге белсенді болып кетті?

Бүгін, 12:02
Бюджет үшін күрес: Сенат неге белсенді болып кетті?
Ulysmedia.kz коллажы

Сенат отырысында депутаттар өңірлік бюджеттер үшін жан алысып, жан берісті. 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетті талқылау кезінде олар бірінен соң бірі қоғамды алаңдатарлық мәліметтерді жариялады. Айтуларынша, өңірлерде қаржы жоқ, жобалар іске аспай тоқтап тұр, ал жаңа мектептерге келсек, оларды салатын да, балансына алатын да ешкім жоқ. Нәтижесінде Сенат трансферттер туралы заңға түзетулер енгізіп, жобаны Мәжіліске кері қайтарды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Үкімет атынан сөз сөйлеген бірінші вице-премьер Серік Жұманғарин депутаттарды ел бюджеті толық қарастырылған және өңірлердің негізгі шығыстары ескерілген деп сендіруге тырысты. Ол тіпті нақты сандарды дәлел ретінде келтірді: өңірлердің табысы 2026 жылы 10,7 трлн теңге болады деп болжанып отыр, ал 2028 жылы 13,3 трлн теңгеге дейін өседі. Шығыстар 14,9 трлн және 18,7 трлн теңгені құрайды. Әлеуметтік салаға үш жылда 33,8 трлн теңге бөлінбек. Бірақ бұл сандар сенаторларды сендіргеннен гөрі күманда қалдырды. Сонда үкімет ауыл-аймақты қаражатсыз қалдыру көзделіп отыр ма деп деген ой келеді.

Қаражаты жоқ ауқымды жобалар: шығынды кім көтереді?

Сенатор Бекболат Орынбеков 2026 жылдан бастап даму үшін берілетін нысаналы трансферттер тек аса маңызды және елдік деңгейдегі жобаларға ғана бөлінетінін атап өтті. Қалғанының бәрі өңірлердің өз мойнына жүктеледі. Сенатор Нұрлан Бекенов әріптесінің ойын жалғап, өңірлерде өте қымбат, кең ауқымды қаржыландыруды қажет ететін, жергілікті бюджеттің шамасы жетпейтін жобалар бар екенін айтты.

- Мұндай жобаларға, мысалы, коммуналдық саладағы нысандар, инженерлік-инфрақұрылымдық желілер, туризм объектілері және басқалары кіреді. Өңірлердің қаржылық мүмкіндігін ескерсек, мұндай жобалар қалай іске асады?, – деді Бекенов.

Оның айтуынша, мұнай өнімдері бағасын көтеруге жарияланған мораторий кесірінен өңірлер миллиардтаған теңгеден қағылмақ. Тек акциздер бойынша Павлодар облысы 2026 жылы 75 млрд теңге жоғалтатыны айтылды. Басқа салықтар бойынша да түсім азаятыны анық.

Даму бюджеті: 14%-дан 0,6%-ға дейін құлдырау

Сенатор Бекбол Орынбасаров бұдан да көңіл алаңдататын жайтты атады. Айтуынша, 2026 жылы өңірлерді дамытуға бар болғаны 1,7 трлн теңге қарастырылған.

- 2026 жылы өңірлерді дамытуға жоспарланған шығын 1,7 трлн теңге. Бұл қаражат тым жеткіліксіз. Нәтижесінде жобаларға көк тиын да бөлінбей, тоқтап қалуы мүмкін. Бұл жобалық-сметалық құжаттаманы жаңартуға, қосымша шығындарға, құрылыс жұмыстарының кешеуілдеуіне әкеледі. Ақыр соңында жобалар бірнеше есе қымбаттайды, - деді сенатор.

Аймақтар бойынша көрсеткіштер тіпті шошытады:

  • Қостанай облысы – 2026 жылға арналған даму бюджеті өңірдің қазіргі шығыстарының 1,3%-ы ғана (2023-2025 жж. – 14,6%).
  • Қызылорда облысы0,6% (2025 жылы – 8,3%).
  • Жамбыл облысы – 45,4 млрд теңгеден 3,5 млрд теңгеге дейін күрт құлдыраған.

Бұл не деген сөз? Аяқталмай қалған нысандар, тоқтаған жобалар, құжаттарды қайта дайындау қажеттілігі және нәтижесінде бірнеше есе қымбаттайды дегенді білдіреді.

217 жаңа мектеп және Ұлытау облысы

Сенат депутаты Руслан Рүстемов миллиондаған қазақстандыққа тікелей қатысты мәселені көтерді. 2023 жылдан бері «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 460 мың орынға арналған 217 жаңа мектеп салынды. Жоба биыл аяқталады. Ал ары қарай ше?

- 2026-2028 жылдары осы мектептерді қаржыландыру алаңдаушылық тудырып отыр. Жергілікті атқарушы органдар мұғалімдердің жалақысы мен басқа да шығындар үшін үш жылға 1 трлн 268 млрд теңге сұраған. Бірақ бұл қажеттілік үш жылдық трансферттерге енгізілмеген. Егер бұл мектептер толық қаржыландырылмаса, «Келешек мектептері» ұлттық жобасын қалай жүргіземіз?, – деді сенатор.

Сенатор Серік Шайдаровтың пікірінше, жаңа бюджеттік кодекс қаржыны әділ бөлуді қамтамасыз етуі тиіс еді, алайда іс жүзінде олай болмады. Ол мысал ретінде Ұлытау облысын келтірді. Өңірдің стандарттарға сәйкестігі бар болғаны 57,8%. Бұл – ел бойынша ең төмен көрсеткіштердің бірі.

Шайдаров формуладағы негізгі кемшілікті атады: инженерлік желілердің тозуы 30% деп есептеледі, ал нақты тозу деңгейі 60-100%. Оның пікірінше, өңірге 139 млрд теңге субвенция қажет, бірақ бюджет жобасында 2025 жылғы деңгей – 59 млрд теңге ғана қарастырылған.

Cенат неге белсенді?

Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов трансферттер туралы заңды қайта қарауға жіберуді ұсынды. Сенаторлар әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымына 17,5 млрд теңге көлемінде түзетулер енгізді.

- Жергілікті бюджеттерге табыс көздері берілгенімен, олармен қоса келген нақты шығындары да бірге өтті. Бұл қаражат тапшылығына алып келуі мүмкін, – деді Мәкежанов.

Егер сенаторлар әрдайым осылай жұмыс істесе, бәлкім, оларды тарату туралы ұсыныс та болмас еді. Қыркүйекте президент Тоқаев Сенатты таратып, бір палаталы парламент құруды ұсынды. Референдум 2027 жылға белгіленген.

Осы тұста депутаттар өңірлердің мүддесін шынымен қорғап жүр ме, әлде өз болашағына алаңдап белсенділік танытып отыр ма деген сұрақ туындайды. Өйткені олар бюджет үшін шынайы күресті өздерінің жұмыссыз қалу ықтималдығы жоғары болған кезде бастап кетті. Бұл саяси ойын ба, әлде сенаторлардың өңірлерге шынымен жаны ашиды ма? Қалай болған күнде де өңірлерге нақты нәтиже қажет.

17,5 млрд теңге сөз болып па? Бұл ондаған миллиард теңге тапшылығының жанында теңізге тамған тамшы емес пе?

Серіктес жаңалықтары