×
518.66
597.44
6.56
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.66
597.44
6.56

Ұрған сайын семіреді: 14 адамның қаны, люкс сөмкелер және жаңа тағайындау

Бүгін, 09:31
Ұрған сайын семіреді: 14 адамның қаны, люкс сөмкелер және жаңа тағайындау
Ulysmedia.kz коллажы

Жуырда 35 жастағы Зүлфия Сүлейменова Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінде арнайы тапсырмалар жөніндегі елші болып тағайындалды. Өрт кезінде 14 орманшы қаза тапқан тұста министр болған З.Сүлейменова мемлекеттік қызметте тағы да жоғарылады. Сондай-ақ люкс сөмкелерді жақсы көретін Айнұр Серғазиева да ресми шараларға жиі шыға бастады. Қазақстанда неге басы дау-дамайға қалған шенеуніктердің тасы өрге домалай береді? Олардың сүрінгені, қоғам мен мемлекет сенімін ақтай алмағаны мансаптық өсудің бір талабы ма? Осы сұрақ төңірегінде Ulysmedia.kz ой жүгіртті.

«Экологияға құмар қыз»

Жаңа қызметінде Зүлфия Сүлейменова экология және «жасыл» экономика мәселелерімен айналысуды жалғастырады, бірақ енді ол мұны СІМ-нің арнайы тапсырмалар жөніндегі елшісі ретінде атқарады. Бұл орталық мемлекеттік органдардағы басшылық санатына жататын С-1 деңгейіндегі дипломатиялық лауазым. Кадрлық шешім сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ Сүлейменованың өмірбаяны ойландырмай қоймайды: ол Экология министрі болған кезде 60 мың гектардан асатын орман өртеніп, онда оннан астам адам қаза тапты. Осыдан кейін оның мансап жолы тұйыққа тірелуі тиіс еді, алайда олай болмай шықты.

Өсу, өсу, тағы да өсу

Зүлфия Сүлейменова 1990 жылы Ақтөбеде туған. 2012 жылы Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-ды халықаралық қатынастар мамандығы бойынша тәмамдады, 2014 жылы магистр дәрежесін алды, ал 2016 жылы Жапонияның Ұлттық саяси зерттеулер институтында PhD қорғады. 26 жастағы ғылым докторы үшін бұл өте жылдам өрлеу. Мансабы да сол қарқынмен жалғасты: 2013-2023 жылдар аралығында БҰҰ-дағы кеңесшіден бастап департамент басшысының орынбасарына, Мәжіліс депутатына, вице-министрге дейінгі он шақты қызметті алмастырды. Ешбір жерде үш жылдан артық жұмыс істемеді. 2023 жылы 4 қаңтарда ол Экология министрі болып тағайындалды. Ал бес айдан соң болған қайғылы оқиға оның мансабына нүкте қоюы керек еді.

Тәмсілі жоқ сабақ

2023 жылдың 8 маусымында «Семей орманы» мемлекеттік орман резерватында үлкен өрт шықты. Кешке қарай өртті сөндіруге шыққан Жаңашүлбі филиалының 14 қызметкерімен байланыс үзілді. Кейін олардың бәрі қаза тапқаны анықталды. Өрт кем дегенде 60 мың гектар орманды шарпып, жойды. Президент алдында Сүлейменова көз жасын тыя алмады. 2023 жылдың 1 қыркүйегінде оны министр қызметінен босатты. Мансабы аяқталды деп ойлауға болар еді. Бірақ арада небәрі 20 күн өткенде, 21 қыркүйекте президенттің кеңесшісі және халықаралық экологиялық ынтымақтастық жөніндегі арнайы өкілі болып тағайындалды. Бір қызметтегі сәтсіздік екінші қызметте жоғарылауға себеп болды. Сүлейменова кеңесші ретінде екі жыл жұмыс істеп, 2025 жылдың 25 қыркүйегінде жаңа лауазымға тағайындалды. Енді ол қайтадан экология мен «жасыл» экономиканы үйлестірмек.

Депутаттар: «бұл – қалыпты жағдай»

Парламент дәлізінде Сүлейменованың жаңа қызметіне түсіністікпен қарағандар болды. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев Ulysmedia.kz тілшісіне жағдайдың логикасын былай түсіндірді:

– Жұмыс істейтін адам қателеседі. Бұл – қалыпты нәрсе, – деді ол.

Оның айтуынша, Сүлейменова жұмысын жақсы білетін, шетелде білім алған білікті маман. Ал 14 адамның қазасы ше? Депутаттың сөзінше, мұндай жағдайлар болып тұрады.

– Менің ойымша, ол жіберген қателіктерін түсінді. Сол себепті экология министрі қызметінен кетті, – деп түйіндеді ол.

Осылайша 14 адамның қазасы «жұмыс барысында болатын кемшіліктерге» айналды. 20 күндік отставка – «қызметтен кету» ретінде бағаланды. Ал жаңа тағайындау «бұл — қалыпты нәрсе» деген түсінікпен ақталды.

Депутат Вера Ким тіпті әріден қозғады. Оның айтуынша, сынның көбі әйелдерге бағытталады, себебі саясатта олардың саны аз.

– Әйелдер саны аз болғандықтан, оларға назар да көбірек ауады, – деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, ерлер де қателеседі, бірақ ақпарат ағынында олардың қателігі көзге көп түсе бермейді. Осылайша адамдардың қазасы туралы сұрақ гендерлік теңдік мәселесіне ұласып кетті.

Жалғыз емес

Сүлейменова жалғыз мысал емес. Жуырда Мәжілістің жалпы отырысына Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Айнұр Серғазиева келуі тиіс еді. Ulysmedia.kz редакциясында оның люкс Louis Vuitton сөмкелері мен әшекейлерін мемлекеттік қызмет жалақысымен қалай жинағаны туралы сұрақтар болды. Бірақ Серғазиева шақырылған қонақтар тізімінен соңғы сәтте алынып тасталды. Бұл туралы журналистерге ешкім алдын ала хабарламады.

Бұған дейін оның әріптесі Салауат Мұқсимов Серғазиеваның неге ұзақ уақыт бойы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің цифрландыру бағытындағы есептерін бермей жүргенін түсіндіре алмаған еді. Ал 2022 жылы 30 жастағы Серғазиева Instagram-да:

– Менің бай туыстарым мені қызметке жылжытып отыр деген сөздер жай қауесет. Пәтерім ипотекада, ата-анам – Оралдағы зейнеткерлер, сөмкелерім аутлеттен, әшекейлерімнің дені күмістен, – деп жазды.

Алайда Louis Vuitton аутлетте тауар сатпайды. Бренд тек толық бағамен сатады немесе тауарды мүлде жояды, бұл бағаның бірдей болуын сақтау үшін жасалады. Дегенмен сөмкелерге қатысты дау Серғазиеваның қызметіне кедергі болмады.

Салдары жоқ жүйе

Депутаттар мұны «әйелдерді қолдау» қажеттілігімен түсіндіреді. Яғни олардың саны аз болғандықтан, болған оқиғаларға көз жұма қарау керек дегенге саяды.

– Меніңше, жасты емес, оның кәсіби деңгейін, дағдысын, алған білімін бағалау керек, – деді Елнұр Бейсенбаев Сүлейменованы қорғап.

Осы логикаға сүйенсек, Жапониядағы PhD және БҰҰ-дағы жұмыс тәжірибесі 14 адамның қаны мойнына түскен Сүлейменованы ақтап алатын секілді. Ал Серғазиева жағдайында диплом қызметтік тәртіп пен этикаға қатысты сұрақтарды жауып тастайды. Қазақстанда шенеунікке қатысты шу мансапқа кедергі емес. Керісінше, даулы оқиғалардан кейін шенеуніктер жаңа лауазымға тезірек тағайындалады. Отставка келесі тағайындау алдындағы шағын үзіліске айналған. Ал сын гендерлік дискуссия мен «ақпараттық тұманның» арасына сіңіп, жоқ болады.

Серіктес жаңалықтары