×
518.68
600.27
6.58
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
518.68
600.27
6.58

Өлгендер қайтып келмейді, тірілер маза бермейді: өртеніп өлген балаға тек ата-ана кінәлі ме?

Бүгін, 09:04
Өлгендер қайтып келмейді, тірілер маза бермейді: өртеніп өлген балаға тек ата-ана кінәлі ме?
Ulysmedia.kz коллажы

18 қараша күні таңсәріде Түркістан облысына қарасты Алғабас ауылында өрт шықты. Өрттің қандай жойқын болғанын шатырдың бірнеше минут ішінде опырылып түскенінен-ақ түсінуге болады. Бір әулеттен он екі адам жалын ішінде жанып кетті, олардың тоғызы – 4-тен 21 жасқа дейінгі бала. Терезедегі темір тор өмір мен өлім арасындағы қақпа іспетті, соңғы сәттерде жарық дүние есігін ашпай, мәңгілік сапардың құлпын босатқандай әсер етті. Өйткені жан сақтаудың жалғыз жолы терезе еді, алайда оның темірмен қоршалуы бар үміттің күлін, я, жалған-ай, күлін ғана емес-ау, 12 адамның жанын көкке ұшырды.  Бір күн бұрын әулет сүндет той өткізген. Мейрамханада басталған қуаныш кейін үйде жалғасқан. 

Қош, билік қайғыра көңіл айтып, әкімдіктерге бақылауды күшейту туралы тапсырма берді. Тағы да. Бірақ қоғам тағы да мән бермей отырған сұрақ бар: неге елімізде жыл сайын тұрғын үйлердегі өрт жүздеген баланың өмірін жалмайды? Бұл қайталана беретін қасіретке кім кінәлі? Неге оқиғалар әр аймақта өзгеше болса да, түптеп келгенде бір сценариймен қайталанып жатыр? Ulysmedia.kz осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

Жантүршігерлік цифрлар

Қызыл жалын - тілсіз жау, ерік берсең, айналасын түгел жалмауға бар. Жас-кәрі екен деп талғамайды. Көбіне бала жанына қас. Өйткені ең қауіпті сәтте олардың қасында ата-анасы болмай қалады. Бұл мәселеге 2019 жылдан бері ерекше назар аударылып келеді. Сол жылы өрттен Ситердің бес қызы қаза тапты. Трагедия бүкіл елді дүр сілкіндірді. Жаппай наразылықтар өтті, көп балалы отбасыларды қолдау үшін Балалар құқықтарын қорғау кеңесі құрылды. Бірақ статистикаға қарасақ, кеңестің жұмысы қағаз жүзінде ғана орындалғандай. Өйткені осыған ұқсас қайғылы оқиғалар содан бері үздіксіз қайталанып келеді.

Тек ең белгілі мысалдар:

  • 2021 жылғы ақпанда Жаңатаста бес бала қаза тапты. Ата-ананың бірі жұмыста, екіншісі дүкенде болған.
  • ⁠2024 жылғы қазанда Жітіқарада тағы бес бала қыршын кетті. Анасы танысының үйіне кеткен, әкесі түрмеде отырған. Өртке себеп – қараусыз қалған пеш.
  • 2024 жылғы қарашада Астанада төрт бала тірідей жанып кетті.
  • ⁠2025 жылғы қаңтарда Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданы, Ступинка ауылында әкесі төрт баласымен қаза тапты. Ер адам балаларын жалғыз тәрбиелеген, жұбайы бірнеше жыл бұрын қайтыс болған.
  • 2025 жылғы маусымда Жымпитыда бес бала түтіннен улану белгілерімен ес-түссіз күйде табылды. Дәрігерлер құтқара алмады. Алдын ала дерек бойынша олар көміртек тотығынан уланған. Ата-анасы үйде болмаған.

Біржақты кінә болмайды, жүйесіз билік сорлайды

Шенеуніктер жылдар бойы жауапкершілікті ата-аналарға ысырып келеді. 2019 жылы сол кездегі Еңбек вице-министрі Светлана Жақыпова журналистердің: «Көп балалы ата-аналар неге түнде жұмыс істеуге мәжбүр?» деген сұрағына: «Бұл – өздерінің таңдауы», – деп жауап берген.
Ал ата-аналардың өзі күн сайын қандай «таңдаулардың» алдында тұрғанын жақсы біледі. Балаларының жанында болу ма, әлде сол балаларды асырау үшін қосымша ақша табу ма?

Түнде дүкен еденін жууға бару ма, әлде күндіз сауда нүктесінде тұру ма?

Олар балаларын қараусыз қалдырудың себебі жауапсыздық емес, кедейлік екенін ашық айтады. Мемлекеттік балабақшаларда орын жоқ, жеке балабақшалардың бағасы – 65-70 мың теңге. Көпшілігінің арнайы бала күтушісін жалдауға шамасы жетпейді, ал жұмыс істеуге мәжбүр, әйтпесе отбасы аш қалады.

2025 жылғы 19 қарашада вице-премьер Серік Жұманғарин ең төменгі жалақыны көбейту мәселесі тек 2027-2028 жылдары қаралатынын айтты. Тіпті көбейту емес, қарастыру туралы мәселе осы мерзімде бастап көтеріледі. Балалар өртеніп жатқан кезде, мемлекет жалақы мәселесіне «бір-екі жылдан кейін ойланып көреміз» деп қарап отыр.

2024 жылдың желтоқсанында балалар омбудсмені Динара Закиева 12 жасқа дейінгі балаларды қараусыз қалдыруға тыйым салуды ұсынды. Бірақ мұндай «мейірімнің» ақысын кім төлейтінін айтпады.

Торланған терезе мен жоқшылықтың шырмауындағы өмір

Астаналық тәуелсіз құқық қорғаушы Евгений Цай – «Қамқорлық» қоғамдық ұйымының жетекшісі. Ол 25 жылдан бері балалар құқығын қорғайды. Алғабастағы қайғылы жағдайды ол жүйелі мәселе деп санайды.

– Бұл жағдайдың өзі, яғни тұрмысы жақсы саналатын отбасының басына түскені – халықтың тоталды кедейлігінің белгісі, – дейді ол. – Неге адамдар терезелерге темір тор қояды? Өйткені елде қылмыс жоғары. Қылмыстан қорғану үшін тор қояды.

Оның айтуынша, қылмыстың көптігі тор орнатуға итермелейді, ал тор өрт кезінде құтқару жолын жауып тастайды. Қылмыс деңгейі неге түспейді? Өйткені істер жабылады немесе «жоғалып кетеді».

– Балаларға қатысты жүздеген істің ішінде тек үшеуінде ғана қылмыс жасырылмағанын көрдім, – дейді Цай.

Ол ата-аналарды жазалау бағытын да дұрыс емес деп есептейді.

– Қазір мемлекеттің позициясы қалай? Әр қателік үшін жазалап, айыппұл салады. Бірақ бұл – ең тиімсіз тәсіл. Жаза ешкімді өзгерткен емес. Егер баланың амандығын ойласаң, ананың жұмыс істеуге мәжбүр болмауын қаласаң, алдымен, оны үйрет, білім бер, түсіндір. Екіншіден, көмектес. Бізде мүмкіншілік бар ғой. Елдің жағдайы мүмкіндік береді. Тек бюджет ақшасын азырақ ұрлау керек, – дейді құқық қорғаушы.

Оның сөзінше, Қазақстандағы мемлекеттік жүйе көмектесуге емес, қорқыту мен жазалауға құрылған. Мемлекет есеп берумен, көңіл айтуымен айналысып жүргенде, жыл сайын жүздеген бала тірідей жанып өледі.

Мәселе жеке оқиғаларда емес, мәселе биліктің бұл проблеманы шешкісі келмеуінде. Өйткені ол үшін ақша, жүйелі реформа, нақты жұмыс керек. Ал әдемі сөздермен құтылу әлдеқайда оңай.

Серіктес жаңалықтары