×
513.45
596.99
6.59
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
513.45
596.99
6.59

Мәскеуге сенген Қожамжаров: эксклюзив кадрлар құпия өмірін әшкереледі

Бүгін, 11:01
Мәскеуге сенген Қожамжаров: эксклюзив кадрлар құпия өмірін әшкереледі
Ulysmedia.kz коллажы

Бірнеше жылдан бері жабулы қазан күйінде қалған күдік расқа айналды. YouTube-тағы «Elmedia» арнасында жарияланған Мәскеудегі эксклюзив бейнежазбаларда Қазақстанның бұрынғы Бас прокуроры және қаржы полициясын басқарған Қайрат Қожамжаров қарапайым қала тұрғыны сияқты өмір сүріп жатқаны анық көрінеді. Бұл кадрлар – жуырда өзіне қатысты іс қайта қозғалған тұста, елден тыс аймақта жасырынған ең құпия әрі ықпалды күш құрылымдарының біріне қатысты болжамдардың рас екенін айғақтайтын нақты дәлел. Ulysmedia.kz тілшісі жаңа медиа-тергеуде көрсетілген деректердің мәні мен оның артында не тұрғанын талдап көрді.

ӘШКЕРЕ БОЛҒАН КАДРЛАР

Сенаттағы қызметінен кеткен соң Қайрат Қожамжаровтың Мәскеуге қоныс аударғаны жөніндегі әңгіме бұрыннан айтылып келген. Алайда ол осы уақытқа дейін жорамал деңгейінен аспаған.

«Elmedia» арнасы бұл күдікті жоққа шығаруға мүмкіндік бермейтін нақты айғақ көрсетті.

Жасырын камераға ұқсайтын құрылғымен түсірілген кадрларда Қожамжаровтың күнделікті өмірі бірнеше кадрда көрініс тапқан. Ол Бүкілресейлік мемлекеттік әділет университетіне қарасты беделді гимназияның алдында балаларын күтіп тұрады. Кейін олармен бірге метроға түседі.

Видеоның келесі бөлігінде ол Мәскеудегі «Ломбик» мейрамханасында тамаққа тапсырыс беріп, қолына сөмке ұстап кетіп барады.

Сюжет авторларының айтуынша, кезінде шенеуніктердің өзі кескінінен именген адам қазір Ресейдің астанасында көпшілік назарына түспей, қостанайлық Маргарита Александра деген әйелмен бірге тұрып жатыр.

Журналистердің назарын аударғаны оның тұрмысы емес, сақтығы. Мысалы, Қожамжаров үнемі айналасын бақылап, телефондағы SIM-карталарын ұдайы ауыстырып отырады деген дерек бар. Бұл – жай сыртқа кеткен адам емес, қауіпсіздігіне күмәнданып, қорғаныс механизмін әлі де ұмытпаған адамның бейнесі. Бейнежазбалар бұрын болжам саналған «Қожамжаров Мәскеуде» деген сөздің енді ресми шындыққа айналғанын көрсетеді. Бұл факт қазір оның үстінен қозғалған істің фонында мүлдем басқа мағынаға ие болып отыр.

«ТЕМІР ГЕНЕРАЛДЫҢ» ӨРЛЕУІ 

Мәскеудегі кадрлардың маңыздылығын түсіну үшін Қайрат Қожамжаровтың Қазақстандағы мәртебесіне көз жүгірту жеткілікті. Ол жай ғана жоғары лауазымды шенеунік емес, өз дәуіріндегі ең ықпалды әрі қайшылықты тұлғалардың бірі еді. Оның мансабы – прокурордан облыс әкіміне, қаржы полициясының басшысына, «сыбайлас жемқорлықпен күрестің басты генералына, кейін Бас прокурорлыққа дейінгі тез көтерілген жол.

Қоғамдағы бейнесі әділдік үшін аяусыз күрескен адам ретінде қалыптасты. Оның тұсында ондаған шенеунік істі болды, кейбірі ең жоғары лауазымда отырғандар еді. Бірақ бұл суреттің екінші жағы да болды, коррупциямен күрес кейде саяси қарсыластарды ығыстыру мен ықпал аймақтарын бөлісу құралына айналды деген пікірлер қоса өрбіді.
Оның мансабындағы ең даулы кезең – атышулы «Хоргос ісі». Қытаймен шекарада ұйымдасқан контрабандамен байланысты бұл резонансты іс ондаған айыптау үкімімен аяқталды, ал оның өзі үлкен жетістік ретінде көрсетілді. Бірақ көп ұзамай адам шошырлық фактілер белгілі бола бастады: күдіктілерді азаптау, зорлау, басына қап кигізіп тергеу сияқты айыптаулар сот материалдарынан анық көрінді.

Құжаттағы сөйлемдер жан түршіктіреді: «көптеп соққы жасалды… пакетті басына кигізіп тұншықтырды». Ең сұмдығы – кеденші Медет Жамашевтың өлтірілуі. Оны жасаған адамдардың айтуынша, бұл қылмыс Қожамжаровқа жақын адамдардың тапсырысымен орындалған.

Сол кезден бастап оның сөзі сан адамның тағдырын шешті, одан қауіптенді, онымен санасты. Бірақ уақыт өзгерді.

ҚҰҚЫҚТЫҚ ҚЫСЫМ КҮШЕЮДЕ

Қайрат Қожамжаровтың төңірегіндегі қылмыстық істің пайда болуы аяқ астынан болған құбылыс емес. Бұл – бірнеше жылға созылған жүйелі процестің нәтижесі. Тергеу классикалық тәсілді қолданды: алдымен, майда-шүйде фигуранттардан басталып, біртіндеп ауыр салмаққа, яғни Қожамжаровтың өзіне қарай жақындады.

Алғашқы соққы оның жақын айналасына тиді. 2024-2025 жылдары бұрынғы шенділердің бірқатарына қатысты істер қозғалды. Олардың қатарында оның туған інісі Дулат Қожамжаров, сондай-ақ сенімді серіктері – Бас прокуратураның бұрынғы қызметкерлері Талғат Татубаев пен Олеся Кексель бар. Тергеу ісін күрт алға жылжытқан – Ұлан Мәдиев пен Кенжебай Жұмабековтің берген жан-жақты айғақтары.

Бұл тек жекелеген заңбұзушылықтар емес, ұзақ жылдарға жалғасқан азаптау, қысым көрсету және пара талап ету жүйесі болғаны анықтала бастады. Германияға қашып кеткен «хоргос ісінің» қатысушысы Мақсат Дүйсенов те тергеуге мәлімет беріп, бұрын жария болмаған деректердің бетін ашты.

Тіпті жоғалды делінген материалдар да қайта табылды: 2025 жылдың күзіне қарай бес томдық және ондаған DVD-дисктер архивтен шықты. Осылайша, Қожамжаровқа жақын адамдардың тұтқындалуы, куәгерлердің айғақтары мен құжаттық дәлелдерден құралған шеңбер барған сайын тарылып отырды.

2025 жылдың қыркүйегінде Бас прокуратураның Қожамжаровқа қатысты лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және заңсыз табыстарды заңдастыру баптары бойынша қылмыстық іс қозғалғанын ресми растауы осы ұзақ жолдың қисынды нәтижесі болды. Сол кезде Мәскеуде түсірілген кадрлар ақпараттық фонды түбегейлі өзгертіп, бұрынғы «басынан құс ұшпайтын генералдың» енді тергеу органдарының бақылауынан бұлтарып кете алмайтынын айқын көрсетті.

АРТЫМЫЗДА  –  МӘСКЕУ 

Сонда неге Қазақстан құқық қорғау органдары Қожамжаровты алдыра алмай отыр. Себебі ол осындай жағдайға әбден дайындалған. Медиа тергеулердің мәліметінше, оның Ресейге барып тұрақтауына студент шағындағы таныс байланыстар әсер еткен. Дмитрий Медведевпен Ленинград университетінде білім алғаны жиі аталады.
Ең маңыздысы – Қожамжаровтың Ресей азаматтығын алып үлгеруі. Бұл жай көші-қон мәртебесі емес, Қазақстанға экстрадицияны мүмкін етпейтін берік қалқан. РФ Конституциясының 61-бабы ресейлік азаматтарды басқа елдерге беруге тыйым салады. Бұған дейін Қазақстан сұратқан олигарх Анатолий Балушкиннің ісі осы қағидамен тоқтап қалғаны белгілі.

Сол себепті Мәскеу Қожамжаров үшін уақытша баспанадан гөрі, құқықтық тұрғыда мықтап бекінген қорған іспетті. Оның мол қаражаты да экстрадиция секілді бітпейтін дау-дамайдың созылуына мүмкіндік береді. Бүгінде ол қарапайым тұрғын бейнесінде өмір сүріп жатқандай көрінгенімен, камераға түскен әрбір қимылы оның сақтықпен күн кешіп жүргенін байқатады.

ХЭППИ ЕНДСІЗ ОҚИҒА

Бүгінде Қожамжаровтың тағдыры – Қазақстанның құқықтық жүйесі үшін шынайы сынақ. Бір жағында – азаптаулар, қысым, заңсыз байлық туралы ондаған айғақ пен куәгер сөзі. Екінші жағында – халықаралық құқықтағы олқылықтарды кәдесіне жаратып, өзіне пана болар тосқауыл құра білген бұрынғы шенеунік.

Іс материалдарын жеткізуі мүмкін деген басты тұлғалардың бірі Геннадий Вершининнің жұмбақ өлімі бұл текетірестің әлі де қауіпті екенін көрсетеді. Жылдар бойы жиналған әрбір жаңа дерек тек Қожамжаровтың емес, осы жүйені қалыптастырған тұтас дәуірдің жауапкершілігін күн тәртібіне шығарып отыр.

Мәскеуден түсірілген кадрлар оқиғаның соңғы көрінісі емес. Олар тек жаңа тараудың басталғанын аңғартады. Қожамжаровтың әр қадамы бақылауда, шеңбер біртіндеп тарылып келеді. Бүгінде ол өзі салып берген үрей механизмінің тұтқынына айналғандай: артына жалтақтайды, телефон нөмірін ауыстырады, бірдеңені күтіп жүр.

Бұл өткеннен қашуға болады, бірақ одан құтылу мүмкін емес дегенді аңғартса керек.

Серіктес жаңалықтары