×
499.65
582.89
6.47
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
499.65
582.89
6.47

Теңгенің нығаюы сиқыр ма, әлде айла ма: ұлттық валюта бағамында не болып жатыр?

Бүгін, 12:00
Теңгенің нығаюы сиқыр ма, әлде айла ма: ұлттық валюта бағамында не болып жатыр?
Ulysmedia.kz коллажы

Соңғы күндері Қазақстанның валюта нарығында ерекше жағдай байқалуда. Күні кеше хәлі нашарлап бара жатқан теңгеміз кенеттен күшейіп, доллар бағамын 500 теңге деңгейінде ұстап тұр. Жыл соңына дейін 550 теңгеге жетеді деп болжаған сарапшылар бұған таңғалып отыр. Сарапшылар теңгенің күшеюіне неге қуанбайды, әрі мұндай жағдай бюджет үшін неге жағымсыз жаңалық саналады? Ulysmedia.kz бұл құбылысты зерттеп көрді. 

Қолдың сұғанақтығы, бірақ алдау емес

Halyk Finance сарапшылары теңгенің күтпеген жерден табан тіреп, өз позициясын ұстап тұруында ешқандай құпия жоқ дейді. Олар мұны жоғары базалық мөлшерлеме жағдайында елге келіп жатқан сыртқы инвестиция ағынымен түсіндіреді. Қаржыгерлердің көзқарасы бойынша, бұл — алаңдатарлық үрдіс, себебі мұндай операциялар валютаның шектен тыс күшеюіне ықпал етіп, тұрақсыздық қаупін арттырады.

- Шетелдік инвесторлар жақын уақытта теңге бағамы тұрақты болады немесе күшейе түседі деп күтеді. Олар қысқа мерзімге төмен пайызбен доллар қарызға алып, Қазақстанда теңгеге айырбастайды да, жоғары табысы бар мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алады. Доллар қарызын қайтару мерзімі келгенде сол қағаздарды сатып, теңгені қайта долларға ауыстырады. Осылайша пайыз айырмасынан пайда табады, - дейді Halyk Finance өкілдері.

Мұндай операцияны экономистер «кэрри-трейд» деп атайды. Сарапшылардың пікірінше, бұл тәсіл қазан айынан бастап шетелдік ойыншылар үшін тиімді бола түскен. Алайда егер сол инвесторлар бір мезетте бағалы қағаздарды жаппай сатуға кіріссе, теңге күрт әлсіреуі мүмкін. Halyk Finance мұндай құбылысты тудыруы ықтимал кез келген ішкі немесе сыртқы өзгерістерді қауіпті деп санайды. Дегенмен КҚК-ға жасалған шабуыл мен содан кейінгі мұнай экспортының төмендеуі теңгеге әсер еткен жоқ, керісінше, ұлттық валюта бағамы күшейе түсті. Ұлттық банктің 4 желтоқсандағы ресми бағамы — 503,89 теңге, ал KASE-де 3 желтоқсанда доллар 501,87-506,75 теңге аралығында сатылды. Сонда да алаңдауға негіз бар ма?

Бұл ұзаққа созыла ма?

Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов Atameken Business эфирінде теңгенің күшеюін толықтай спекулятивті капиталмен байланыстырды.

- Негізінен инвестициялық банктер мен жеке инвесторлар арзан доллар қарызын алады, оны осында теңгеге ауыстырады, мемлекеттік бағалы қағаздарға салады. Бізде базалық мөлшерлеме өте жоғары, сол себепті табыстылық та жоғары. Бір айдан немесе үш айдан кейін олар бағалы қағаздарды сатып, теңгені қайта долларға айырбастап, пайыз айырмасынан пайда табады, - деді Темірханов.

Оның айтуынша, кэрри-трейд операциялары қазанда 300-400 млн доллар әкелсе, қарашада бұл сома 800 млн долларға жеткен. Осылайша, валюталық нарықта ұсыныс күрт артты да, теңге нығайды. Бірақ бұл қаншалықты ұзаққа созылады?

- Бұл инвесторлар нарықтан кете бастаса, кері процесс жүреді, - деп ескертті сарапшы.

«Ешқандай жағдайда емес». Ұлттық банк не дейді?

Ұлттық банк мүлде басқа көзқарасты ұстанып отыр. Реттеуші валюта нарығында спекуляция нышаны байқалмайтынын айтып, шетелдік инвесторлар теңгеге ұзақ мерзімге кіріп жатыр деп санайды. Ұлттық банктің айтуынша, теңгенің нығаюы - экономикалық саясаттың жақсаруы, макроорта тұрақтылығы және жаһандық инвесторлардың сенімі артқанының көрінісі.

- Инвесторлар әрдайым жоғары табыс әкелетін нарық іздейді. Биыл бір ғана портфельдік инвестициялар көлемі шамамен триллион теңгені құрады, яғни 2 млрд доллар шамасында. Теңгемен активтердің құны артты. Инвестициялық қауымдастық Ұлттық банк пен Үкімет инфляциямен күресте бір бағыт ұстанып отырғанын көріп отыр, - деді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов базалық мөлшерлеме жөніндегі брифингте.

Сонымен қатар ол жақын уақытта теңге бағамы күрт құлдырамайтынын атап өтті.

Теңге қайда бет алды?

Әдеттегідей, шындық екі пікірдің ортасында жатқан сияқты. Теңге бағамы «түгелімен» спекуляциялармен қалыптасқан деген пікір тым пессимистік болуы мүмкін, бірақ Ұлттық банктің де ерекше қуанатын жөні жоқ. Тимур Сүлейменовтің оптимистік мәлімдеме жасауы түсінікті: елдің бас қаржыгері нарықты дүрліктірмеу үшін сақ сөйлейді.

Ал сарапшылар барды бар деп, ашық айтады.

Экономист Арман Бейсембаевтың пікірінше, теңгенің қазіргі нығаюы экономикалық тұрғыда негізделмеген. Қазақстан экономикасында мұндай өзгерісті түсіндіретін елеулі факторлар жоқ. Керісінше, ұлттық валютаға әсер етуі мүмкін қауіп көп. Ең бастысы, келесі жылы мұнай бағасы айтарлықтай төмендейдң деген болжам бар. 

- Егер мұнай бағасы 120 доллардан асып кетсе, теңгенің күшеюін түсінуге болар еді. Ал қазір ондай негіз жоқ. Біз бірден өнеркәсіп алпауытына айналып, екінші Қытай болып кеткен жоқпыз ғой, - дейді Бейсембаев.

Экономикалық тұрғыдан мұндай құбылысты түсіндіру қиын, демек, теңгеге сырттан көмек келіп жатыр деген пікір қисынды.

Бұл кімге пайда, кімге зиян?

«Жылдам капитал» - нақты экономикаға салынбайды, оның мақсаты - қысқа мерзімде пайда табу. Ең маңыздысы, мұндай капитал қалай тез келсе, солай жылдам кете алады.

Кэрри-трейдтің негізі - базалық мөлшерлеме айырмасынан табыс табу. Қазақстанда ол 18%, ал АҚШ-та қазір 4%. Демек, доллармен инвестиция аз табыс әкелсе, теңгемен табыс көбірек.

- Ұлттық банк базалық мөлшерлемені кем дегенде 2026 жылдың бірінші жартысына дейін төмендетпейтінін айтты. Тіпті оны түсіру туралы ойламайтынын жеткізді. Бұл - «жылдам капитал» үшін нақты сигнал. Номиналдық ставка минус инфляция бойынша нақты ставка оң аймақта тұр. Демек, теңгемен активтер нақты табыс береді. Ал доллардағы табыстылық төмендеп жатыр, - деп түсіндіреді Арман Бейсембаев.

Қарапайым тілмен айтқанда, инвесторлар доллар қарызын алып, теңге сатып алады. Бұл долларға ұсынысты арттырып, теңгені күшейтеді. Алдын ала бұл үрдісті тіпті әлемдік банктер болжаған.

- Bank of America мен JP Morgan теңге әлсіреп кеткенін айтып, оны сатып ала бастаған. Олар да нығаюды күтті. Бірақ бұл - біздің экономикаға инвестиция емес, кәдімгі «жылдам капипал», - дейді Бейсембаев.

Теңге қанша уақытқа «күшті» болып тұра алады?

Енді басты сұрақ: «жылдам капитал» Қазақстанда қанша уақыт сақталады? Ұлттық банк кем дегенде жарты жыл бойы саясатты өзгеріссіз ұстайтынын айтты. Бұл дегеніміз, белгілі бір уақыт бойы теңге күшті болуы мүмкін.

Алайда…

- Инфляция мен реттеушінің риторикасын мұқият бақылау қажет. Ұлттық банк мөлшерлемені төмендетуге жақындап қалдық деген белгі берсе, «жылдам капитал» дәл сондай жылдамдықпен нарықтан кетеді, - дейді Бейсембаев.

Осылайша Ұлттық банк қайшылықты жағдайға тап болады: инфляцияны тежеуі керек, ал ол төмендегенде ставка да түсуі тиіс. Ал ставка түскенде теңге әлсірейді.
Сыртқы факторлар тіпті күрделірек: күтпеген экономикалық дағдарыстар немесе геосаяси өзгерістер бағаға ықпал ете алады. Мұндай жерде нақты болжам айту қиын.

Бәрі тек спекулянттарға тірелмейді

Теңгенің нығаюына әсер еткен тағы бірнеше фактор бар.

-  Біріншіден, экспорттаушылар шетел валютасын сатуда. Екіншіден, Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер бұрынғы көлемде. Үшіншіден, Қазақстан жуырда шамамен 1,5 млрд доллар көлемінде еурооблигация алды. Оны бюджетке пайдалану үшін теңгеге айырбастау қажет, - дейді Арман Бейсембаев.

Бұған қоса, жыл басында мемлекеттік жобаларға бөлінген қаржы есебінен шетелден құрал-жабдық, шикізат, құрылыс материалдарын алуға сұраныс артып, доллар қымбаттаған еді. Қазір бұл фактор әлсіреп отыр.

Теңгенің шынайы бағасы қандай?

Мұрат Темірхановтың пікірінше, жағдайды спекуляциясыз қарастырсақ, доллардың нарықтық бағамы желтоқсан басында шамамен 540 теңге болуы тиіс. Ол қазіргі нығаю «нарықты шатастырып», қате сигнал беретінін айтады. Бұған сай халықтың да пікірі шамалас. Finance.kz Telegram арнасында жүргізілген сауалнамада респонденттердің 20%-ы доллардың әділ бағамы 525-550 теңге деп санайды. Тағы 19%-ы 500-525 теңге деп есептейді. 400-475 теңге деген нұсқаны сауалнамаға қатысқандардың бірнешеуі ғана таңдаған.

Halyk Finance бұрын доллар бағамы жыл соңында 550-560 теңге деңгейінде болады деп болжаған еді. Енді бұл болжамның өзгеретіні анық, бірақ қаншалықты екені әзір белгісіз.

Арман Бейсембаев «доллардың шынайы курсымен» танысудың ең қарапайым жолы келесі жылға арналған бюджетке қарау дейді. 2026 жылғы бюджет 540 теңге бағамымен есептелген.

- Бұл дегеніміз, жыл бойғы орташа бағам шамамен 540 теңге болуы тиіс. Қазіргі нығаю бюджетке кері әсер етеді. Әр доллардан бюджет 40 теңгеден айырылады! Бұл - миллиардтаған, тіпті ондаған миллиард шығын. Сәйкесінше, Ұлттық қордан қосымша қаражат алуға немесе қарыз алуға тура келеді. Сондықтан бюджет есебі түгел шығуы үшін курс бюджет параметрлеріне қайта оралуы керек, - деді сарапшы.

Экономистің пікірінше, теңгенің әділ бағамы - 520-550 теңге. Ал болжам бойынша «жылдам капитал» кетуге бет алған кезде, келесі жылдың екінші тоқсанында курс сол деңгейге қайтуы мүмкін.

Серіктес жаңалықтары