×
504.49
587.73
6.57
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
504.49
587.73
6.57

«Қара алтын» тасымалындағы қара бұлт қашан сейіледі? КҚК-ға жасалған шабуыл неге Қазақстан үшін қауіпті?

Бүгін, 10:02
«Қара алтын» тасымалындағы қара бұлт қашан сейіледі? КҚК-ға жасалған шабуыл неге Қазақстан үшін қауіпті?
Фото: Cpc.ru

29 қарашада Украина дрондары Теңізден экспортталатын қазақстандық мұнайды тасымалдайтын «Каспий құбыр желісі консорциумының» инфрақұрылымына соққы жасады. Бұл соққы бұрын-соңды болмаған ауқымда болып, Новороссийск портындағы терминалдардың бірі толықтай дерлік істен шықты. Ulysmedia.kz Қазақстан неге осы жылдар ішінде КҚК-ға балама таба алмағанын, бұл құбырдың елдегі әр азамат үшін маңызы неде екенін және экономикалық тұрғыда Қазақстанмен қатар зардап шеккен АҚШ-тың неге үнсіз отырғанын талдап көрді.

Елдің басты құбыры

Қазақстан «Каспий құбыр желісі консорциумының» бестен бір бөлігіне ие (ҚМГ үлесі – 19%). Соған қарамастан, бұл – елдің негізгі экспорттық бағыты. Былтыр КҚК арқылы 63 млн тонна мұнай тасымалданды, бұл 2023 жылғы рекордтық 63 млн 474 мың тоннаға жуық көрсеткіш. Құбыр іске қосылғалы миллиардыншы тонна мұнай жеткізу көрсеткіші биыл орындалды. Еуропаға экспортталатын мұнайдың 80 пайызы Қазақстандағы ең ірі кен орны Теңізден бұрғыланған.

Energy Analytics телеграм-арнасының авторы, мұнай-газ саласының сарапшысы Абзал Нарымбетов КҚК-ның маңызын былай түсіндіреді: бұл бағыт Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызын экспорттауға мүмкіндік береді және елдің жалпы экспорттық түсімінің (тек мұнай емес) шамамен 50 пайызы осы маршрутқа байланысты. Бюджеттегі мұнай экспорты табыстарының үлесі кем дегенде 20 пайыз. Сондықтан Новороссийскідегі бір ғана айлақтың ұзақ уақытқа тоқтауы Қазақстан экономикасына тікелей соққы.

– Кейбір сарапшылар: «Бұл инвесторлардың мұнайы, олар өзі шешсін» дейді. Бірақ осы компаниялар КҚК арқылы мұнайын экспорттай алмаса, Қазақстан салықтан айырылмақ. Бұл тек инвесторлар мәселесі емес, бәріміз зардап шегеміз, – дейді Абзал Нарымбетов.

PACE Analytics директоры әрі салалық сарапшы Асқар Исмаилов та 29 қарашадағы шабуылдың салдарын өте ауыр деп бағалайды.

– КҚК – Қазақстанның басты экспорт жолы. Үш теңіз айлағының біреуі ғана жұмыс істегенде экспорт айтарлықтай баяулайды. Бұл апат емес, бірақ ауыр соққы. Жұмыс қарқыны төмендейді, экспорттан түсетін табыс азаяды. Мұндай режим созылған сайын шығын да артады, – дейді Исмаилов.

Оның айтуынша, желтоқсан Қара теңіздегі ең дауылды ай, танкерлер жел мен толқын салдарынан айлақтарға жақындай алмай қалады. Мұның өзінен экспорт тағы да баяулайды. Оның үстіне Қара теңізде мұнай танкерлеріне жасалған соңғы шабуылдар жағдайды одан бетер ушықтырды.

– Түркия жағалауындағы екі танкерге жасалған шабуыл сақтандыру бағасын өсірді. Қара теңіз – күдік тудыра бастаған аймақ. Бұл логистикадағы шығынның өсуіне, фрахт бағасының қымбаттауына, танкерлердің кешігуіне әкеледі. Осындай жағдайда КҚК-ның тұрақты жұмыс істеуі бұрынғыдан да маңызды, – дейді Асқар Исмаилов.

Оның айтуынша, Қазақстан КҚК қауіпсіздігін күшейтуге, яғни технологиялық қорғаныс пен дрондарға қарсы жүйелер орнатуға дереу кірісуі керек.

Уақыт ақша

Шабуыл салдарынан мұнайды танкерлерге тиейтін құрылғылардың (ВПУ) бірі істен шықты. Екіншісі дәл осы уақытта жоспарлы жөндеуде. Қазір тек үшінші құрылғы жұмыс істеп тұр. Энергетика министрлігі дүрбелеңге жол бермеуге тырысып, экспортқа әсері аса үлкен емес деп мәлімдегенімен, Қазақстан миллиондаған доллар және жүз мыңдаған тонна мұнай шығынын көріп жатқаны айтылуда.

Басты сұрақ екінші құрылғы қашан іске қосылады? Қазақстан әр сағат сайын ақша жоғалтып отыр деген сөз. Жөндеу жұмыстарын аяқтау кемінде бір аптаға созылуы мүмкін.

– Жөндеудегі құрылғыны барынша тездетіп аяқтауға тырысып жатыр. Мұнай қоры толық тоқтағанда 10 күнге жетеді. Ал бір құрылғымен жұмыс істесе, ол жалпы көлемнің 67 пайызын өткізе алады, қор 20-30 күнге жетеді. Сол уақытқа дейін екінші айлақ іске қосылады, өйткені жөндеу желтоқсанда аяқталуы тиіс еді, – дейді Абзал Нарымбетов.

Асығу – шайтан ісі. Тез біткен жөндеу терминалдың кейінгі жұмысына кері әсерін тигізуі мүмкін. Ал дрон соққысынан қатты зардап шеккен айлақтың қайта іске қосылатынына кепіл жоқ.

– Теориялық тұрғыда екі құрылғы жұмыс істеген кезде қалыпты темпке қайта оралуға болады. Ал қатты зақымданған құрылғыны жөндеу бірнеше айға созылады. Оның диаметрі шамамен 16 метр, салмағы – 300 тонна. Қайта қалпына келетін-келмейтіні белгісіз, – дейді Асқар Исмаилов.

Қазақстан не үшін зиян шегуі керек?

Мәселенің саяси тұсы да бар. Қазақстан Украинаға жау емес, бірақ дәл осы оқиғадан ең қатты зардап шеккен – Қазақстан. Киев нені көздейді? Астана өзіне тән бейтараптық саясатын қалай сақтай алады?

Саясаттанушы Эдуард Полетаевтың пікірінше, жаһандық геосаясатта бір елдің мүддесіне жасалған соққы міндетті түрде басқа мемлекеттердің де мүддесіне тиеді. Қазақстан КҚК жұмысының тұрақты болуы өте маңызды екенін ашық айтты және Украина әрекетін артық деп санайды.

–  Украина біздің ұстанымды ескеріп, келесі әрекеттерінде сақ болғаны дұрыс. Қазақстанның Украинаға ықпал ету мүмкіндігі шектеулі. Тауар айналымы төмендеп кетті. Бірақ біздің дипломатиямыз келісімге бейім, прагматикалық. Қақтығысқа қатысы жоқ мемлекеттердің де мүддесін ескеру қажет, – дейді Полетаев.

Қазақстан соғысқа қарсы екенін бірнеше рет мәлімдеді және Ресей жағында соғысқан өз азаматтарын түрмеге қамағаны арқылы ұстанымын айқын көрсетті. Сондықтан кей украин БАҚ-тарының әжуаға толы жарияланымдары мен дипломатиядағы салқын реакция Астананың наразылығын күшейтеді.

– Украина дипломатиясы «алаңдаушылықты назарға алды». Сарапшылар миллиондаған доллар шығын туралы айтып отыр. Киев «кім бізбен болмаса – соған қарсы» деген қағидамен әрекет етуде. Бұл – бейтарап мемлекеттерге қысым. КҚК-ға соққы Ресей экономикасын соншалық әлсірете қоймайды, – дейді Эдуард Полетаев.

Саясаттанушы Марат Шибұтов та Қазақстанның бұдан да қатаң жауап беруі қажет деп санайды. Егер мұндай шабуылдар қайталанса, мемлекет экономикалық мүддесін қорғау үшін нақты шаралар қабылдауы тиіс.

– Біз, жалпы, айтылатын сөздің бәрін айтып болдық, енді қарсы әрекет ету ғана қалды. Украина шабуылдарды тоқтатады деген үміт те, Ресей Қара теңіз флоты ресейлік порттарды қорғау үшін бірдеңе істейді деген сенім де жоқ. Сондықтан Қазақстанға Украинаға қарсы экономикалық та, саяси да шектеу шараларын енгізуден басқа амал қалмай отыр. Өз мүддемізді қорғаудың басқа жолы жоқ, –  дейді Марат Шибұтов.

Дегенмен Қазақстанның Украинаға қарсы нақты шектеулер енгізу ықтималдығы аса жоғары емес. Мұндай қадамды бөтен соғыста бір жақты таңдау ретінде қабылдауы мүмкін, ал Астана «көпвекторлы саясатымен» іс жүзінде қол-аяғы байланып тұр. Бірақ Қазақстанға өз ұстанымын басқа арналары арқылы жеткізуге ешкім тыйым салмайды – соның ішінде КҚК-мен тығыз экономикалық байланысы бар америкалық серіктестер арқылы да. 

Chevron үшін «қара алтын»

«Теңізшевройлдың» негізгі акционері саналатын Chevron корпорациясы мұнай-газ саласындағы компаниялар ішінде нарықтық капиталдандыру бойынша әлемде Saudi Aramco мен Exxon Mobil-ден кейін үшінші орында тұр. Теңіз кен орны – компания үшін басым бағыттағы актив. 2033 жылға дейін америкалық компанияның негізгі пайдасы АҚШ-тағы сланц жобаларынан емес, дәл осы Теңізден түседі деп күтіліп отыр. Биыл жылдың бірінші жартысында Chevron бұл кен орнындағы өндіріс көлемін 35 пайызға ұлғайтты.

Қазақстан үшін де Chevron – басым инвестор. Америкалық компания келгеннен кейін 1993 жылдан бері Теңіздің еліміздегі мұнай өндірудегі үлесі 4 пайыздан 40 пайызға дейін өсті. Сондықтан КҚК қауіпсіздігі әрі Chevron, әрі Қазақстан билігі үшін стратегиялық маңызды мәселе.

Компанияның өзінде Chevron өкілдері бұл оқиғаға түсініктеме беріп, ТШО мұнайын Новороссийск портынан тиеп-жөнелту жалғасып жатқанын растады. Шабуыл салдарынан компания қызметкерлері зардап шекпеген. Бұдан арғы сұрақтардың бәрін Chevron КҚК басшылығына бағыттап, құбырдың экономикалық маңызын ғана ерекше атап өтті.

– «Каспий құбыр желісі консорциумы» – Қазақстанда өндірілген мұнайды халықаралық нарықтарға жеткізетін аса маңызды экспорттық маршрут. Оның үздіксіз жұмыс істеуі тек өндірушілер үшін ғана емес, өздерінің энергетикалық қауіпсіздігі үшін осы жүйеге тәуелді көптеген ел үшін де басты мәнге ие, – деп түсіндірді Chevron.

Уашиңтон неге үнсіз?

Осындай жағдайда, Теңізде ең ірі америкалық мұнай-газ компаниялары жұмыс істеп жатқанда, АҚШ неге бұл оқиғаға ашық реакция білдірмеді? Қазақстандағы америкалық бизнестің мүддесін неге қорғамады деген заңды сұрақ туады.

Канададағы НАТО қауымдастығы жанындағы Энергетикалық қауіпсіздік бағдарламасының директоры, Ватерлоо университетінің аға ғылыми қызметкері, доктор Роберт М. Каттлердің айтуынша, АҚШ өз компанияларына КҚК-ны санкциялық шектеулерден шығару арқылы қолдау көрсеткен. Еске салсақ, консорциумдағы Chevron үлесі – 15 пайыз.

– Уашиңтон үшін бұл жағдай елеулі, бірақ шешуге болатын операциялық тәуекел. Шабуылдар нарықта үлкен дүмпу не бақылаусыз эскалация туғызған жоқ. Сонымен бірге АҚШ Қазақстанның көпвекторлы сыртқы саясатына мүдделі және Ресейге қарсы санкциялар аясында КҚК мен «Теңізшевройлға» рұқсат беру арқылы жасырын техникалық қолдау көрсетуді жалғастырып отыр. Әйтпегенде КҚК мен ТШО операцияларының өзіне тыйым салынар еді, – дейді Роберт Каттлер.

Сарапшының түсіндіруінше, Уашиңтон КҚК-ға жасалған шабуылдарды ашық айыптай алмайды, өйткені бұл халықаралық деңгейде дұрыс қабылданбайды.

– Украина «Новороссийскідегі терминалға соққы жасамауы тиіс» деген кез келген тікелей мәлімдемені Мәскеу де, Киев те, Еуропа астаналары да соғыс уақытында Ресейдің экспорттық инфрақұрылымын қорғау әрекеті ретінде қабылдар еді. Бұл Ресейдің энергия тасымалдаушыларынан түсетін табысын шектеу саясатына тура қайшы келер еді және ресейлік пропаганда үшін таптырмас сый болар еді. Жөндеу жұмыстары жүріп жатыр, маршрут бірнеше жылға жабылып қалады деген қауіп жоқ. Украинаға бағытталған кез келген жария сын Ресей жағына өту сияқты көрінер еді. Киевті көпшілік алдында сынға алмау – КҚК-ны ашық қорғаудан да маңызды, – деп түйіндейді доктор Каттлер.

Қазақстандық салалық сарапшылар мен саясаттанушылар да Уашиңтоннан жария мәлімдеме күтудің қажеті жоқ деген пікірде. Бірақ бұл мүлде ешқандай сигнал берілмей жатыр дегенді білдірмейді: мәселелер жабық арналар арқылы талқыланып жатуы әбден мүмкін. Еуропалық серіктестер де Киевтің әрекеттеріне алаңдаушылық танытқан болуы ықтимал, өйткені КҚК арқылы өтетін мұнай негізінен Еуропаға бағытталады.

Таңдаусыз таңдау

КҚК-ға жасалған шабуылдан кейін көптеген қазақстандық журналистер, қоғам өкілдері мен блогерлер: неге ел тек бір ғана экспорттық маршрутқа, онда да Ресей басты рөл атқаратын бағытқа осыншалық тәуелді болып қалды деген сауал қойды. «ҚазМұнайГаз» бен Энергетика министрлігі бұған дейінгі жылдары не бітірді, неге баламалар туралы ертерек ойламады?

Жауап, сарапшылардың айтуынша, салыстырмалы түрде қарапайым. Біріншіден, КҚК-ның баламалары бар, бірақ маржиналдылық және әлеуетті көлем жағынан одан төмен. Екіншіден, бұл резерв бағыттарға таяу уақытқа дейін Қазақстан жағынан да, әлеуетті сатып алушылар жағынан да сұраныс болмады. Мысалы, Қытай мен Түркия бұрын дисконтпен келген ресейлік мұнайға сүйеніп келді, ал қазақстандық мұнайға жаңа ғана бет бұра бастады.

Үшіншіден, Қазақстанға КҚК-дан толықтай бас тартуға мүмкіндік бермейтін техникалық шектеулер бар. Абзал Нарымбетовтің бағалауынша, қазір Қазақстан КҚК арқылы жүретін жылдық көлемнің ең көбі үштен бірін ғана – шамамен 20 млн тоннаға дейін – балама бағыттарға бұра алады. Асқар Исмаиловтың айтуынша, «резерв маршруттармен» тасымалдау үш-төрт есе қымбатқа түседі.

– Қазақстанда басқа да жолдар бар: Әзербайжан бағытына мұнай құбыры (БТД), Ресейге Атырау–Самара желісі арқылы (әрі қарай «Достық» жүйесіне), Қытайға бағыт. Бірақ мұның бәрін қосқанда да КҚК арқылы әдетте жүретін көлемнің аз ғана бөлігін алмастыра алады. Әр баламаның өзіндік техникалық әрі қаржылық қиындықтары бар, – дейді Асқар Исмаилов.

Сарапшылар қазір КҚК-ның құны мен тасымалдау ыңғайлылығы жағынан баламасы жоқ екенін мойындайды, бірақ балама бағыттарды құру туралы ойлау үшін әлі де кеш емес дейді. Қазіргі жағдайда тәуекелдерді азайту кейде үнемдеуден де маңыздырақ болуы мүмкін.

– Жаңа шабуыл кез келген сәтте болуы мүмкін. Біздің солтүстіктегі көршіміз де бұл маршрутты 2022 жылғыдай кез келген уақытта жауып тастауы мүмкін. Сондықтан диверсификациямен айналысу қажет. Иә, басқа бағыттар қымбат, бірақ неге дәл қазірден бастап сол маршруттардың болашақта арзандауына жұмыс істемеске? Өкінішке қарай, бізде осындай стратегиялық жобаларды жүргізетін нақты жауапты орган жоқ. Мұнда бастаманы мемлекет өзі қолға алуы тиіс, – дейді Абзал Нарымбетов.

Әзербайжан көмектесе ала ма?

КҚК-ға негізгі балама ретінде жиі аталатын бағыт – «Баку – Тбилиси – Джейхан» (БТД) құбыры. Энергетика министрлігі бұл маршрутты белсендірек пайдаланғысы келеді. 2024 жылдың соңында ведомство БТД арқылы тасымал көлемін 13 есеге арттыру жоспарын жариялаған. Алайда бұл – шынайы жағдайға сай келмейтін көрсеткіштер.

Ең оптимистік есептеулердің өзінде БТД қазақстандық экспорттың шамамен 20 пайызына дейін ғана қабылдай алады. Маршрут мүмкіндіктері Ақтау портының өткізу қабілетімен және Бакудің өз мүдделерімен шектелген. Әдетте әзербайжандық Azeri Light маркалы мұнайы Brent-тен де қымбат саудаланады, ал қазақстандық мұнай сапасы сәл төмен. Оларды белгілі бір мөлшерге дейін ғана араластыруға болады, әйтпесе Баку үшін Теңіз бен Қашаған мұнайын өз құбырына көптеп жіберу тиімсіз бола бастайды.

КҚК-ға шабуылдан кейін Қазақстан БТД бағытымен тасымалды ұлғайтып үлгерді, бірақ оны бірнеше есе өсіру туралы сөз қозғау қиын. Оның үстіне, «Баку – Тбилиси – Джейхан» да өз тұрғысынан әлсіз тұстары бар. Тамыз айында резервуарлардың бірінен хлоридтер анықталғаннан кейін бұл құбырмен мұнай айдау уақытша тоқтатылған. Бұл Azeri Light бағасына және Әзербайжанның экспорттық табысына қатты әсер еткен. Баку мұндай жағдайдың қайталануын қаламайтыны анық.

Сонымен бірге, SOCAR мемлекеттік компаниясының Қазақстандағы Дунга кен орнына келмек болып отырғаны туралы жақында шыққан жаңалық – БТД-ны неғұрлым белсендірек пайдалану мүмкіндігінің белгісі. Абзал Нарымбетовтың сөзінше, Әзербайжан үшін де бұл бағытты Астанамен бірлесе дамыту тиімді болмақ, өйткені өз елінде мұнай өндіру төмендеп, мұнай өнімдеріне ішкі сұраныс өсіп келеді.

– Барлығы экономикалық есепке тіреледі. «Баку – Тбилиси – Джейхан» құбырын Қазақстаннан басқа таяу мемлекеттердің қайсысы тұрақты пайдалана алады дейсіз? Әзербайжан өз құбырын толық толтыра алмай отыр, ал ол әлі өзін-өзі ақтаған жоқ, сондықтан Баку Қазақстанмен келісуге мәжбүр болады. Иә, біздің мұнай сапасы сәл төмен, бірақ бұл жоқтан жақсы. Мен үш жылдан бері Әзербайжанмен өзара тиімді шарттар негізінде бірігуіміз керек деп айтып жүрмін. Егер SOCAR корпоративтік амбициясын біршама шегіндірсе, бірлесіп жұмыс істеп, көбірек табыс табуға болады, – дейді Абзал Нарымбетов.

«ҚазМұнайГаз» басшысы Асхат Хасенов бұған дейін SOCAR-мен тасымал көлемін арттыру жөнінде келісіп қойған, сондықтан әзербайжан бағытының перспективалары бар. Бірақ бұл маршрут КҚК-ны толық алмастыра алмайды.

– Сондықтан ең маңыздысы КҚК-ның қалыпты жұмысын қалпына келтіру. Ең бастысы, мәселені стратегиялық тұрғыдан шешу. Төртінші мұнай өңдеу зауытын әлдеқашан салу керек еді. Президент айтқан мұнай сақтау қуаттылығы мәселесін де түбегейлі шешу қажет, – дейді Асқар Исмаилов.

Қалай десек те, КҚК-ға жасалған шабуыл көптеген қолайсыз сұрақты алға шығарды. Бұл сұрақтар СІМ жұмысының сапасынан бастап, «ҚазМұнайГаздың» болашақты жоспарлай алу қабілетіне және Қазақстан экономикасының мұнай экспортына шектен тыс тәуелділігіне дейінгі бүкіл деңгейлерді қамтиды. Ел тағы да өзге елдердің текетіресінің құрбаны болып қалмауы үшін осы сауалдарға қалай жауап беру керегін Қазақстан билігі қазірден бастап ойластырғаны дұрыс.

Серіктес жаңалықтары