×
508.3
592.17
6.63
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
508.3
592.17
6.63

Мақсаты не: Түркия Ресей мұнайын Қазақстан қара алтынына алмастырды

Бүгін, 10:13
Мақсаты не: Түркия Ресей мұнайын Қазақстан қара алтынына алмастырды
Ulysmedia.kz коллажы

Түркия «Ресей мұнайын сатып алуды толықтай тоқтатты» деген хабар тарады. Әрине, мұндайдан кейін конспирологтар қаптап кетеді. Олар Батыс санкциясының «жеңісін» және түрік энергетикасының жаңа дәуірі басталды деп жаһанға жар салды. Бірақ геосаясат пен қомақты ақша жүрген жерде шындықтың шымылдығынан шайтан сығалап тұрмаса оның несі қызық? Осы жағдайдың мән-жайын Ulysmedia.kz зерделеп көрді.

Азайту бас тарту деген сөз емес

Эмоциямен емес, баррельмен өлшенетін жерге түсейік. Соңғы деректер «толық бас тарту» туралы айқай-шуға қарамастан, әлдеқайда қарапайым шындықты көрсетеді. Түркия ресейлік Urals маркалы мұнайды алуды расымен азайтты. Бұл қысқару бұрын алып жүрген көлемнің шамамен үштен бірі (кей деректерде жартысына жуық). Демек, Босфорда ресейлік танкерлерді өртеген ешкім жоқ. Тәжірибелі иллюзионист секілді, Анкара тек «бағытын өзгерткендей» көрінді, ал іс жүзінде бір «костюмін» екіншісіне ауыстырды. Өйткені импорт... негізінен CPC Blend маркалы қазақстандық мұнай есебінен артты.

Шектелген мүмкіндік

Reuters агенттігі аналитикалық платформалар Kpler және LSEG деректеріне сүйеніп хабарлағандай, қараша айында Түркияға Urals маркалы мұнай жеткізу қазанмен салыстырғанда тәулігіне 100 мың баррельге азайып, жалпы импорт көлемі тәулігіне шамамен 200 мың баррельді құраған. Еуропа 2022 жылдан бастап ресейлік мұнайдан бас тарта бастағалы бері Түркия Үндістаннан кейін Urals мұнайының ең ірі сатып алушысына айналған еді. Қысқару АҚШ-тың «Лукойл» мен «Роснефть» компанияларына санкция енгізуіне байланысты болды, нәтижесінде түрік мұнай өңдеу зауыттарына мұнай жеткізетін елдердің саны қысқарды.

…бірақ айырмашылық бар

Kpler мәліметінше, Urals жеткізілімі азайған тұста Түркия балама мұнай түрлерін көбірек сатып ала бастады. Олардың ішінде – CPC Blend және KEBCO маркалы қазақстандық мұнай, сонымен бірге ирактық Basrah маркасы бар. Мәселен, қараша айында Түркия тәулігіне 105 мың баррель CPC Blend мұнайын импорттаған. Бұл 2024 жылғы ақпаннан бергі ең жоғары көрсеткіш. Алайда агенттіктің жазуынша, CPC Blend экспортын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) терминалына жасалған соңғы шабуыл қиындатып жіберуі мүмкін.

Сенсация емес

Қалай болғанда да, қазақстандық мұнайдың Түркия нарығында болуы күтпеген жаңалық емес. Бұған дейін Қазақстан мен Түркия президенттері қазақстандық мұнай экспортын «Баку–Тбилиси–Джейхан» құбыры арқылы арттыруға келіскен. Биыл шілде айында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мұнай тасымалы қаншаға өсетінін былай түсіндірген:

– Тасымалды арттыру 2025 жылға жоспарланып отыр. Былтыр біз осы бағыт бойынша шамамен 1,4 млн тонна тасымалдадық, ал 2025 жылы шамамен 1,7 млн тоннаға жеткізуді жоспарлаймыз. Соңғы алты айда шамамен 800 мың тоннаны тасымалдадық, қателеспесем. Жұмыс жүріп жатыр. Бұл – біздің негізгі баламалы бағыттарымыздың бірі.

Бедел ауыстыру

Енді әңгіменің ең қызық тұсына келдік. Кей сарапшылар Түркияның Ресей мұнайын азайтып, оны Қазақстанның арқасында «өзін құтқарып жатыр» деп мақтанышпен көрсетуде. Бірақ ашығын айтайық: Түркия қазір белсенді сатып алып жатқан CPC Blend маркалы қазақстандық мұнайдың қасиеттері ресейлік Urals-қа өте жақын. Бұл түрік мұнай өңдеу зауыттарына жабдықты толық қайта баптамай-ақ жеңіл ауысуға мүмкіндік береді. Мұнай – жай су мен газдалған сусын емес, күрделі техникалық өнім, сондықтан оны басқа тауармен алмастыру үшін дәлме-дәл баламасы қажет.

Одан бөлек, «қазақстандық» мұнайдың елеулі бөлігі – ірі консорциумдар аясында Chevron сияқты батыстық энергетикалық алпауыттар өндіретін шикізат. Әңгіме ауаны мынадай: Түркия жауыннан қорқып, ресейлік етікті лақтырған жоқ, тек сыртында «Made in Kazakhstan» деген белгісі бар, сапасы ұқсас етікті киіп шықты. Бірақ сол етікпен жүретін жол Ресей нарығымен байланысты ойқы-шойқы жол күйінде қалып отыр. Айырмашылық бар, әрине, бірақ ол көбіне физикалық емес, құқықтық айырмашылық. Яғни «толық бас тарту» емес, санкциялар қысымында жасалған ұтымды әртараптандыру.

Трамп факторы

Санкция демекші, Түркия бұл шешімді бір күнде қабылдаған жоқ. Бұған дейін Дональд Трамп Эрдоганмен кездесуде Түркияға ресей мұнайын сатып алуды тоқтатуды талап еткен. Осыдан соң түрік басшысы ел энергетикасын әртараптандыру туралы мәлімдеді. Бірақ бұл «Түркия Трамптан қорыққан соң» жасалған қадам ба? Тура мағынасында олай емес. Қорқыныш әлсіздерге тән эмоция. Түркия – аймақтық держава және ірі экономика. Ол қорықпайды, тек тәуекелді есептейді.

Ресей мұнайын көп көлемде өңдеп отырған түрік зауыттарына АҚШ-тың қосымша санкция салу қаупі төнді. Анкара үшін халықаралық қаржы жүйесі мен Еуропаға мұнай өнімдерін экспорттау мүмкіндігін жоғалту тым ауыр соққы болар еді. Егер шикізат «улы» деп танылса, экспортқа тыйым салынуы ықтимал.

Есепке құрылған қадам

Біздің ойымызша, Түркия бұл жағдайда әріден ойлап шешім қабылдады. Urals көлемін азайтып, сонымен бірге санкция салынбаған CPC Blend сатып алуды ұлғайту — Уашиңтоннан қорыққаннан емес. Бұл – қаржылық сақтандыру. Түркия Urals-ті төмен бағамен алуды жалғастыра отырып, Батысқа «біз қысқарттық» деген белгі береді және сонымен бірге сапасы ұқсас, құқықтық тәуекелі төмен баламаны алмастырады.

Reuters-тің мәліметінше, елдегі ірі зауыттардың бірі әзербайжандық SOCAR-ға тиесілі STAR (SOCAR Turkey Aegean Refinery) желтоқсанда Ирак, Қазақстан және басқа елдерден төрт партия шикізат сатып алуға келісім жасаған. Бұл тәулігіне 77-129 мың баррельге тең. Ал қыркүйек пен қазанда зауыттың бар қоры шамамен 210 мың баррель ресейлік мұнай болған.

Оңтайлы стратегия

Бұл жағдайды Ulysmedia.kz-ке әзербайжандық саяси талдаушы Ағил Гахраманов түсіндірді:

– 2025 жылдың қарашасында Түркия Ресейдің Urals мұнайын сатып алуды күрт қысқартты. Бұл – ресейлік энергия жеткізушілеріне қатысты Батыс санкцияларының күшеюімен және түрік мұнай өңдеу зауыттарының балама шикізатқа көшуімен байланысты. Биыл Түркия тек Ресейден емес, Африка елдерінің мұнайына да бет бұра бастады. Мұның бәрі санкциялар мен қолжетімді баламалардың болуына байланысты, – дейді сарапшы.

Ол сондай-ақ Түркияның энергетика және табиғи ресурстар министрі Алпарслан Байрактардың сөзіне назар аударды: ресей мұнайын сатып алу немесе сатып алмау туралы шешімді мемлекет емес, жеке компаниялар қабылдайды. Бұл Трамптың талаптарына ресми жауап еді.

– Демек, Анкара мұнай жеткізу бағыттарын әртараптандыруда. Бұл – Түркия үшін дұрыс стратегия, – деді Гахраманов.

Біртіндеп ығыстыру

БАҚ мәліметінше, жаңа импорт көлемінің бір бөлігі ресейлік Urals-қа ұқсас KEBCO маркалы қазақстандық мұнай болады. Түркияның тағы бір ірі мұнай өңдеу зауыты  Tupras Ирак мұнайын көбірек сатып алып, бір кәсіпорын үшін ресей мұнайынан толық бас тартып, еуропалық нарыққа қолжетімділікті сақтауды көздеп отыр. Бұл тұрғыда Анкара Үндістанның жолын қайталап, АҚШ, ЕО және Ұлыбритания санкцияларының талаптарына көнбістік танытады. Яғни ресей мұнайын негізгі экспорттық бағыттардан біртіндеп ығыстыру жүріп жатыр.

Салыстыру үшін: 2024 жылы Түркиядағы ресей мұнайының үлесі – 66 %, газ үлесі – 41 %, деп жазады Ekonomim газеті.

Уақытша әсер

Бұл уақытта Франциядағы Kpler зерттеу платформасы Түркия, Үндістан және Қытай «Лукойл» мен «Роснефтьке» қарсы санкцияларға жылдам бейімделіп жатқанын жазады. Санкциялар әсері болады, бірақ уақытша. Егер Ресей мұнайын шындап тоқтатқысы келсе, жаңа қосымша санкциялар қажет. Өйткені құны төмен ресей мұнайы экономикалық тұрғыдан әлі де импорттаушылар үшін тиімді.

Ал саяси себеп бойынша компаниялар АҚШ санкциясына «тәуелді болып көрінгісі келмейді». Сондықтан түрік компаниялары енді санкция салынбаған ресейлік жеткізушілермен жұмыс істеуді жалғастырады. Мысалы, «Татнефть», «Русэкспорт», MorExport және «Лукойлға» қатысы бар Alghaf Marine.

Яғни санкция мұнайға емес, оны сататын негізгі компанияларға ғана әсер етіп отыр.

Kpler болжамынша, шынайы үзіліс 2026 жылдың қаңтарына дейін ғана созылып, одан кейін «ресейлік баррельдер бәрібір өз жолын табады».

Бір бөшкеден екінші бөшкеге

Айтпақшы, жоғарыдағы мәліметтерге қарамастан, Түркия Ресейден 22 млрд текше метр газ жеткізуге келісімшартты тағы бір жылға ұзартқаны белгілі болды. Демек, Ресей Түркия үшін әлі де маңызды жеткізуші.

Басқаша айтқанда, толық бас тарту – миф. Түркия тек мұнай балансын өзгертті: бағытын басқа, бірақ ұқсас бөшкелерге бұрды, ал олардың жолы да, бағыты да түбегейлі өзгермеді. Бұл 180 градусқа бұрылу емес, санкциялық дәлізде жасалған мәжбүрлі қадам.

Айта кетейік, бұл материал ресейлік мұнайды қорғау үшін емес. Ресей шектеулер жағдайында мұнайын Қытай, Үндістан және басқа елдерге үлкен жеңілдікпен сатып отырғаны да – факт. Біздің мақсат – аймақтағы нақты жағдайды көрсетіп, эмоциясыз түсіндіру.

Серіктес жаңалықтары