×
490.84
536.88
5.04
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
490.84
536.88
5.04

Жаңаөзеннен «Жаңа Қазақстан» жайлы ұранға дейін: Қаңтар оқиғасының хронологиясы

05.01.2023, 09:06
Жаңаөзеннен «Жаңа Қазақстан» жайлы ұранға дейін: Қаңтар оқиғасының хронологиясы
Фото: Ашық дереккөзден

Осыдан бір жыл бұрынғы оқиғалар – «Қанды Қаңтар», «Қаралы Қаңтар», «Қаңтар оқиғасы», «Қаңтар қырғыны» атымен тарихқа қойнауына еніп бара жатыр. Бір жылдың ішінде оның шындығы ашылды деп айту қиын. Құзырлы органдар әдеттегідей тергеуге сілтейді.

Біз бұл мақалада ашық дереккөздер арқылы Қазақстанда Қаңтар оқиғасы қалай және неден басталғанын, жаппай наразылық бүкіл елдің өңірінде қалай өрбігенінен шолып шықтық. Осылайша, Қаңтар оқиғасының хронологиясын жасап көрдік.

Жаңаөзендегі митинг

2 қаңтар күні Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласында жүздеген адам сұйытылған газ бағасының 60 теңгеден бірден 120 теңгеге қымбаттауына қарсы наразылыққа шықты. Көшеге шыққан адамдардың видеосы алдымен әлеуметтік желіге тарай бастады.

«Былтыр газ бағасы 38 теңге болған. Кейін 50 теңгеге, артынша 79-80 теңгеге қымбаттатты. Жаңаөзенде газ жоқ болған. Енді міне, 120 теңгеге көтерілгенде барлық станцияда газ пайда болды. Бірақ оны елдің қалтасы көтермейді», - дейді Жаңаөзенде наразылыққа шыққандар.

Осыдан кейін жаңаөзендіктер әкімдік маңындағы жолды жапты. Кейін наразылықты қолдап, Қарақия мен Түпқараған ауданының тұрғындары жиналды. Олар газ бағасын 50 теңгеге түсіруді талап етті.

Жиналған адамдардың алдына қала әкімі шыққан. Ол «талапты қағазға түсіруді» сұрап, оны «жоғарыға жеткізуге» уәде берді. Әлеуметтік желіде осыдан кейін қаланың бірнеше жерінде интернет өшкені жайлы ақпарат тарай бастады. Бұл – бүкіл Қазақстанның назары Жаңаөзенге ауған кез еді.

2 қаңтар күні кешке қарай Маңғыстау облысының әкімдігі мен Энергетика министрлігі газ бағасының қымбаттауына байланысты түсініктеме берді. Билік тарапы қымбатшылықты «сұраныстың көбеюіне байланысты» деп түсіндірді.

Энергетика министрлігі сол кезде «елде жыл сайын сұйытылған газ тұтыну артып бара жатқанын, ал өндіріс көлемін өткен жылдардағыдан өзгермегенін» түсіндірмек болды.

«2022 жылғы 1 қаңтардан бастап сұйытылған газ толықтай тауар биржасы арқылы сатылады. Электрон сауда-саттық сұраныс пен ұсынысқа сүйене отырып теңгерімді баға қоюға мүмкіндік береді. Өндіріс қуатын арттыруға қажет инвестиция тартуға септеседі», - деп ақталмақ болды министрлік.

Ал Маңғыстау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Бердібек Қартбаев Қазақ газ өңдеу зауытының құрал-жабдығы 90% тозып тұрғанын айтты.

«Сұйытылған газ нарықтағы сұранысқа сай бағамен сатылуы керек. Бұрынғы 60 теңге деген баға қайтып келмейді. Қазір биржада тасымал және кәсіпкер шығынын есептемегенде газдың литрі 70-85 теңге тұрады. Тұтастай алғанда газ бағасын сұраныс пен ұсынысқа сәйкес етіп нарықтың өзі белгілейді», - деді Қартбаев Азаттыққа берген сұхбатында.

Әйткенмен, халық бұл түсініктемеге қанағаттана қойған жоқ. Жаңаөзендегі алаңда 2 қаңтар күні жиналған халықтың қарасы көбейе бастады.

Газ бағасынан бөлек саяси талаптар қойыла бастады

2 қаңтардан 3 қаңтарға қараған түні президент Қасым-Жомарт Тоқаев Маңғыстау облысындағы наразылыққа байланысты Twitter-де жазба қалдырды. Тоқаев «Үкіметке Жаңаөзендегі жағдайды экономикалық тұрғыдан ескеріп, құқықтық жағынан тез арада қарастыруды тапсырғанын» жазды.

«Шеруге шыққандар қоғамдық тәртіпті бұзбауы тиіс. Азаматтардың жергілікті және орталық билік органдарына талабын ашық айтуға құқығы бар, бірақ, бұл заңға, нақтырақ айтқанда, бейбіт шерулер туралы заңға сәйкес жүзеге асырылуы керек», - деп жазды президент.

3 қаңтар күні таңертең Үкімет Маңғыстау өңірінде бір литр газ бағасын 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдағанын жария етті. Алайда бұл шешімді естігенімен, Жаңаөзенде жиналған жұрт тарқаған жоқ. Тіпті мыңдап жинала бастады. Жаңаөзендіктер «талабы орындалғанға дейін наразылық акциясында тұруға бекініп» шыққанын айтысты. Қаңтардың 2-нен 3-не қараған түні алаңдағы жұрт түнеп, от жағып жылынып, үйден шай-тамақ алдырып ішкен. Алаң шетінде полиция қызметкерлері келгенімен, наразы жұртқа тиіскен жоқ.

3 қаңтар күні Жаңаөзен алаңында газ бағасынан бөлек саяси талаптар айтыла бастады. Әлеуметтік желіге тараған видеоларда халықтың әділ сайлауды талап етіп жатқаны естілді.

«Облыс, қала әкімдерін халық өзі сайлауы керек! Бізге ана Ақордадан келетін ақ қуыршақтар мен ақсаусақтар керек емес! Халықтың қамын ойлайтын, елім, жерім дейтін азамат керек», - деп алаңда сөйлегендердің сөзін жаппай жұрт қолдап жатты.

«Газ бағасы ұнамаса, автобуспен жүріңдер...»

3 қаңтар күні жаңаөзендіктерді қолдау үшін Ақтау халқы да алаңға шықты. Ал Астана мен Алматы қалаларында белсенділер пикет өткізе бастады. Сол күні елордадағы Кенесары ескерткішінің жанында Жаңаөзендегі акцияға қолдау білдіріп келген үш адамды полиция ұстап әкетті. Алматыда белсенді Жанболат Мамай сағат түскі екіде орталық алаңға шығуға шақырып, үндеу жариялады. Ал Шымкенттегі Әл-Фараби даңғылы, Қызғалдақ су бұрқағы маңында полиция күзеті күшейді.

Әлеуметтік желілерге жазба қалдырған қарапайым адамдар «2011 жылғы Жаңаөзен оқиғасындай қару қолданып, халыққа оқ атпасын» деген ескерту айтып, билік өкілдері халықтың үніне құлақ ассын деп талап етті.

3 қаңтар күні сағат түскі бір жарым кезінде премьер-министр Асқар Маминнің өкімімен Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды қарастыратын комиссия құрылды. 

«Маңғыстау облысының жанармай станциясы иелері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында бастамашылық тәртіппен газ құнын литріне 120 теңгеден 85-90 теңгеге дейін төмендету туралы шешім қабылдады. Баға дәліздерін белгілеу арқылы бағаның ұзақ мерзімді тұрақтылығын қамтамасыз етудің және газ бағасының алыпсатарлық көтерілуіне жол бермеудің жүйелі шаралары жүзеге асырылатын болады», - делінді үкімет хабарламасында.

Дәл осы күні Ақтөбенің жүз шақты тұрғыны облыс әкімдігінің ғимаратының алдына жиналып, Жаңаөзендегі наразылыққа қолдау білдірді. Жиналғандар қымбатшылық қысып бара жатқанын айтты. Наразылық өңірлерге ұласты.

3 қаңтарға қараған түні Шымкенттегі Ордабасы алаңына шығып, жаңаөзендіктерді қолдаған белсенділерді үйін полиция күзеткені туралы ақпарат тарады. Кейбіріне құзырлы орган қызметкерлері ескерту жасады. Алматыда сол күні 20-ға жуық адамды полицияның арнайы жасағы ұстады. Ұсталған белсенділер, тіркелмеген Демпартия өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Ал Жаңаөзеннің өзінде 3 қаңтарда жиналған халықтың алдына облыс басшысы Нұрлан Ноғаев шыққан. Оған «Қазақ газ өңдеу зауыты» директоры Нақберген Түлепов пен Жаңаөзен қаласы әкімі Мақсат Ибағаров та ілескен еді. Алайда алаңнан қуылып шыққан олар жұртшылықпен тіл табыса алмады. Бұл кезде алаңда шамамен 6 мың адам тұр еді.

Дәл осы күні энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Орталық коммуникациялар алаңында баспасөз мәслихатына шықты. Мырзағалиев «жанармай құю станциялары басшыларымен кездесіп, мәселені оңтайлы шешу жолдарын іздеу үшін» орынбасары сол аймаққа кеткенін айтты. Сөзге сақ министр айыбын мойындап, «халыққа мәселені дұрыс түсіндіре алмағанын» айтқан. Дәл осы жиында оның кеңесшісі Олжас Байділдинов «газ бағасын нарық реттейді, баға ұнамаса, адамдар автобуспен жүре алады» деген. Оның бұл сөзі ашуналып тұрған халықтың тіпті шамына тиді. Көп өтпей Байділдиновтың қызметінен кеткені туралы ақпарат тарады.

«Үкімет отставкаға кетсін! Шал кет!»

Жаңаөзен мен Ақтау қаласында газ бағасын арзандатуды талап еткен халық 4 қаңтарда да алаңнан тарқамады. Жүздеген адам екі қаладағы орталық алаңға қонып шықты. Ақтауда алаңға палатка мен киіз үй құрылды. Әлеуметтік желіде наразылық туралы видеолар сәт сайын тарады.

«Үкімет отставкаға кетсін! Шал кет! Жұмыссыздық жойылсын! Зауыт-фабрика салынсын!» Алаңда міне, осындай ұрандар айтылып жатты.

4 қаңтарда «Ақ Жайық»  басылымы Атырау облысында Теңіз кенішінің жүздеген жұмысшысы Маңғыстау облысындағы наразылықты қолдап, митингіге шыққаны туралы ақпарат таратты.

Әлеуметтік желіде Атыраудағы наразы топтың Атырау облысы әкімі Махамбет Досмұхаметовты қыспаққа алғаны көрсетілген видео тарады. Кадрдан «Бір ауыз сөзімізді тыңдаңызшы. Тоқташы. Машинасын қоршап алайық» деген наразы дауысты естуге болады.

Маңғыстаулықтарға бірінші болып үн қосқандардың қатарында атыраулықтар мен батысқазақстандықтар бар. 4 қаңтарда көшеге жүздеп шыққан екі өңірдегі халықтың қарасы мол-тын. Белгілі заңгер Абзал Құспан фейсбуктегі парақшасы арқылы тікелей эфирге шығып, оралдықтардың жиналып жатқанын көрсетті. Заңгер таратқан видеода белсенділердің полиция қызметкерлерін халыққа қарсы шықпауға шақырып жатқаны байқалады. Оралда наразылық білдіргендер Сырым Датұлы көшесі бойымен орталық алаңға кетіп барады. Ал Атыраудағы халық жолдарды жауып тастаған. Екі қалада да көшеге шыққан халықты құқық қорғаушылар қоршамаққа талпынғанымен, наразылық сипаты үдеп барады.

Атырауда орталық алаңға шыққан халық полициядан белсенді Макс Боқаевты босатуды талап етті.

Жерде-жерде жаңаөзендіктерді қолдауға шыққан белсенділер 4 қазанда ұсталып жатты. Мәселен, осы күні Алматы облысы Қаскелең қаласында Еркін Қазиев, Айдар Мүбәрков бастаған бірнеше белсенді Жаңаөзен қаласында өтіп жатқан газ бағасының өсуіне қарсы наразылықты қолдап шыққан. Алайда оларды полиция қамады. Дәл осы күні Азаттық радиосы Алматы бюросының жетекшісі міндетін атқарушы Қасым Аманжолды Алматыда полиция күшпен ұстап, шамамен екі сағаттан соң босатты.

4 қаңтар күні алғашқы қақтығыстар да бола бастады. Ақтөбеде 312 атқыштар дивизиясы даңғылына жиналған жүргізушілер түстен кейін полиция шебін екі жерден бұзып, облыс әкімдігіне қарай өтті. Оның алдында күндіз полиция әкімдік маңынан елу шақты адамды ұстап әкеткен еді. Интернет Ақтөбеде де өшірілді.

Осы күні Қазақстанның бірнеше қаласында белсенділер ұсталып жатты. 4 қаңтарда премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған комиссия Жаңаөзенге келген. Олар жиналғандармен консенсусқа келіп, «газ бағасы тіпті 50 теңге» болып бекітілді. Алайда халық мұнымен тарқай қойған жоқ. Ал қаңтардың 4-нен 5-не қараған түні Қазақстанның басқа қалаларында полиция мен жиналғандардың қақтығысы болып жатты.

4 қаңтарда кеш бата Алматының «Алатау» театры маңына жұрт жинала бастады. Бірнеше айдан кейін Бас прокуратураның қылмыстық қудалау қызметі бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов билік өкілдеріне зорлық-зомбылық көрсетудің, қираудың, қарсылықтың ең елеулі фактілері Алматыда тіркелгенін айтты.

«4 қаңтарда сағат 18.00-ден 20.00-ге дейін азаматтар екі ірі локацияда: батыс бөлігінде - "Алматы-Арена" спорт кешенінің маңында; шығыс бөлігінде - "Халық-Арена" стадионының маңында жиналғаны анықталды. Сағат 21.00-де екі ұйымдасқан адамдар тобы бір уақытта қала әкімдігіне қарай жылжи бастады. Абай, Төле би сияқты ірі көшелермен жүріп келе жатып, олар қозғалыс барысында көптеген адамды жинап, арматурамен, таяқпен, тастармен қаруланды. Ол адамдардың жиналуы мен қозғалысы WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы үйлестірілгенін айтты. Бірнеше сағат ішінде бір мессенджерде қолданушылар саны 140-тан 5 500-ге дейін өсті. Түн ортасында әкімдік алдындағы орталық алаңға осы аталған нүктелерден ондаған мың адам келді. Бұл кезде адам көп жиналып, алаңда орналасқан ғимараттарды, мүліктерді, соның ішінде тұраққа қойылған автомобильдерді өртеп жіберді. Бүлікке қатысушылар полиция қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге шабуыл жасады, жолдың жүру бөлігін жауып тастады, көлік құралдарын өртеп жіберді, азаматтарды тәртіпсіздіктерге қатысуға көндірді, тонау жасады», - деді Бас прокуратураның өкілі.

Оның айтуынша, қылмыскерлер қару-жарақ дүкендерін тонап, ұрланған қарудың көмегімен қасақана бейнебақылау камераларын жойған. Қалада 587 камера жойылыпты, оның ішінде 283-і - жедел басқару орталығы және 304-і - "Сергек" кешені, оптикалық байланыс желілері бар коммутациялық шкафтар істен шыққан.

«Халық арасында қорқыныш пен үрей тудыру үшін мыңға жуық адамнан құралған топтар әкімдік ғимараттарын, Президент резиденциясын мемлекеттік биліктің нышаны ретінде және қаланың тыныс-тіршілігін жедел басқару орталығын мақсатты түрде басып алды. Қоғамдық қауіпсіздікті және құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуді бұғаттау үшін қылмыскерлер полиция органдарының ғимараттарына шабуыл жасады. Шабуылдың мақсаты қару-жарақ, оқ-дәрілер және қорғаныс құралдары бар арсеналды иемдену болды», - деді Елдос Қилымжанов.

Тоқаевтың мәлімдемесі мен отставкаға кеткен үкімет

4 қаңтар күні кешке Ақорда 19 қаңтарға дейін Маңғыстау облысы, Жаңаөзен және Алматы қаласында төтенше жағдай жариялады. 5 қаңтарға қараған түні Алматыда арнайы жасақ Республика алаңына жиналған наразыларға шулы жарық граната мен көзден жас ағызатын газ қолданды. Бұдан бөлек Алматыда бірнеше полиция көлігі өртенгені көрінген видео тарай бастады.

Дәл осы кезде Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай жариялар алдында видеомәлімдеме жасап, «билік құламайды» деп мәлімдеді.

«Азаматтық және әскери мақсаттағы, қызметтік ғимараттарға шабуыл жасауға үндейтін ұрандар мүлдем заңға қайшы келеді. Бұл - өрескел қылмыстық әрекет. Билік құламайды. Бірақ бізге өзара сенім және өзара диалог керек», - деп мәлімдеді Тоқаев.

5 қаңтар күні таңертең Ақорда президенттің үкімет отставкасын қабылдағанын жазды. Премьер-министр міндетін уақытша үкімет басшысының бірінші орынбасары Әлихан Смайылов атқаратын болды.

Осы жаңалықтың ізінше Қасым-Жомарт Тоқаев бірқатар кадрлық өзгерістер жасады. Ол президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мұрат Нұртілеуді қызметінен босатып, ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының бірінші орынбасары етіп тағайындады. Қырымбек Көшербаев мемлекеттік хатшы қызметінен босатылды. Оның орнына Ерлан Қарин тағайындалды.

Дәл сол күні Тоқаев елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты шұғыл кеңес өткізді. Маминнің өз еркімен кеткенін айтты. «Сұйытылған газ бағасының өсіп, халықтың наразылығының артуына» үкімет, оның ішінде Энергетика министрлігі, сонымен бірге «Қазмұнайгаз» және «Қазақгаз» компанияларын кінәлады.

Осыдан кейін елде жаппай интернет өшіріле бастады. 5 қаңтар күні Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Өскемен, Семей, Оралда да наразылық жалғасты. Жер-жерде жиналғандар мен полиция қызметкерлері қақтығысты.

5 қаңтар түс ауа Алматыда тәртіпсіздік күшейіп, белгісіз адамдар тобы қала әкімдігінің ғимараты мен әуежайға басып кірді. Қала әкімдігінің өртке оранғаны көрінетін видеолар тарады. Алматыда ондаған сауда орындары, дүкендер, банктер тоналғаны хабарланды. Белгісіз адамдар Республика маңындағы телеарналар орналасқан ғимаратқа да басып кіріп, техникаларды бүлдірді. Бүкіл елде төтенше жағдай жарияланды.

5 қаңтарда Талдықорғанда жиналғандар елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ескерткішін құлатты.

Ал Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев кешке қарай мемлекеттік телеарналар арқылы тағы да мәлімдеме жасап, «елден кетпейтінін» айтты. Ол Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын қолына алатынын да мәлімдеді. Бұған дейін Қауіпсіздік кеңесін елдің экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев басқарып келген. Тоқаев «Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде енді қатаң шараларға көшетінін» жеткізді.

Басқа қалаларда қақтығыс болып жатқан кезде бүкіл интернет өшіп, халық ақпаратты тек мемлекеттік телеарналардан көруге, содан мәліметтерді естіп-білуге мәжбүр болды.

6 қаңтар күні таңертең мемлекеттік телеарналардан ғарышкер Тоқтар Әубәкіров шығып, «егер біздің күшіміз жетпесе... бұл дұрыс қой, мен неге өз бауырымды өлтіруім керек, ол қолымнан келмейді, ендеше біз келісімшартқа келгендермен келісімге келейік. ОДКБ келісімшарты бар» деп сұхбат берді. Артынша, көп ұзамай, президент Тоқаев та «контртеррористік операция» жүргізу керектігін айтты. Ұжымдық қауіпсіздік жөніндегі шарт ұйымынан көмек сұрағанын айтты.

«Ұжымдық қауіпсіздік туралы келісімшартқа сүйене отырып, мен бүгін террористік қауіпті еңсеруде ҰҚШҰ мемлекеттерінің басшыларынан көмек сұрадым. Бұл шын мәнінде қауіп емес – біздің мемлекеттік тұтастықты бұзуға деген ұмтылыс. Ең бастысы менен көмек сұраған біздің азаматтарға көмек көрсету керек», - деді Тоқаев.

Кейін бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстанға Ресей 2500, Беларусь 500, Тәжікстан 200, Армения 70, Қырғызстан 150 сарбаз жіберілгенін жазды.

Тоқаев твиттер парақшасы арқылы Алматыға «20 мың содыр шабуыл жасағанын», ал телеүндеуінде «содырларға ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін» мәлімдеді. Ал билік елде конституциялық тәртіп орнағанын, күштік құрылымдар мемлекеттік ғимараттар мен әкімдіктерге бақылау орнатқанын хабарлады.

Ұсталған Мәсімов, азапталған Рузахунов

8 қаңтарда түстен кейін Жаңаөзен қаласындағы орталық алаңда наразылық білдіріп тұрған жұрттың ортасына қала әкімі Мақсат Ибағаров келіп, халықтың тарауын сұрады. Ол жиынға қатысқандардың ешқайсысы жауапқа тартылмайтынын айтып, уәде берді. Әкімнің сөзін қолдаған көпшілік тарап кетті. Алаңда аз ғана адам қалды.

Мемлекеттік телеарналарда 8 қаңтарда Ұлттық қауіпсіздік комитетін басқарған Кәрім Мәсімовтың ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Артынша, Дикий Арман лақап атымен танымал Арман Жұмагелдиновты күш құрылымдарының қызметкерлері ұстап жатқаны туралы видео телеарналар арқылы таратылды. Ішкі істер министрлігі Арман Жұмагелдиев жайлы хабарламада «қылмыстық топтың алты мүшесі ұсталды, олар полицейлерге қарсы оқ атты» деп ақпарат берді.

Дәл осы күні Ішкі істер министрлігі елде ұсталғандар саны 4404 адамға жеткенін, «арнайы операция» кезінде 26 адам өлтірілгенін, 26 адам жараланғанын хабарлады. ІІМ сонымен қатар, елде ұсталғандан саны 5969 адам болғанын жария етті. Оның ішінде 133 адам «аса ауыр қылмыс жасады» деген күдікпен изоляторға қамалғаны, 516 адам әкімшілік қамауға алынғаны белгілі болды.

8 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің бірқатар өңірінде болған қайғылы оқиғалардың салдарынан көп адамның қаза табуына байланысты биылғы 10 қаңтарды жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялау жөнінде шешім қабылдады.

Қазақстандық телеарналар сол күндері елдегі митингіге қатысқаны үшін ақша алды деп қырғызстандықты көрсетті. Ал Қырғызстан тұрғындары Қазақстан арналары көрсеткен адам -  пианист Викрам Рузахунов екенін айтты. Видеодағы адам «жұмыссыз екенін, 1 қаңтарда белгісіз адамдар митингіге қатысу үшін 90 мың теңге ұсынғанын, билет әпергенін, пәтерге орналастырғанын» айтады. Сөйлеп тұрған адамның бетінде соққы іздері бар, бір көзі ісіп кеткен. Артынша қырғызстандықтар бұл адамның белгілі музыкант Викрам Рузахунов екенін жазып жатты. Қырғызстан Қазақстанға қарсылық нотасын жолдады.

Жалпы қаңтар айы бойы әлеуметтік желілерде құқық қорғау органдары қызметкерлері азаптаған азаматтардың туыстарының Тоқаевтан көмек сұраған видеосы көп тарап жатты.

9 қаңтарда экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай «Назарбаев Қауіпсіздік кеңесі төрағалығын Тоқаевқа беру туралы шешімді өзі қабылдады» деген мәлімдеме таратты. Тоқаев жедел әрекет ету штабының жиынында «елдің барлық өңірінде ахуал тұрақтанғанын, жағдайдың бақылауға алынғанын, органдардың әкімшілік ғимараттарын лаңкестерден тазартқанын» айтты. Жұрт назарынан жоғалып кеткен Нұрсұлтан Назарбаев 18 қаңтарда ғана елдегі оқиғалардан бері алғаш рет видеомәлімдеме жасап, «элитааралық күресті» жоққа шығарды. Өзінің Астанада екенін мәлімдеді.

10 қаңтарда Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болды. Ал 11 қаңтарда Үкімет басшысы болып Әлихан Смайылов тағайындалды. Алайда министрлердің біразы өз орнында қалды. «Ескі әрі жаңа үкімет» атанған кабмин содан бері бір жылға жуық жұмыс істеп келеді. Қазақстан президентті мәжіліс отырысында «Қазақстан халқына» әлеуметтік бағдарламасын жариялады.

11 қаңтарда Парламенті мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзін Тоқаев отандастарына қарата «Жаңа Қазақстанды бірге құрайық!» деп аяқтады.