×
522.38
612.6
6.54
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
522.38
612.6
6.54

Салық па, әлде халық па: Қазақстан билігіне қайсысы жақын? Сарапшылар 2026 жылға қандай болжам жасайды?

Бүгін, 14:29
Салық па, әлде халық па: Қазақстан билігіне қайсысы жақын? Сарапшылар 2026 жылға қандай болжам жасайды?
Ulysmedia.kz коллажы

2025 жыл Қазақстан үшін салықтық тартыстарға толы кезең болды. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енетін жаңа Салық кодексі жүздеген түзетумен толықтырылып, бизнес өкілдерінің наразылығын туғызды және қызу талқыланды. Бұл – соңғы жылдардағы ең көп айтылған әрі алаңдаушылық тудырған реформалардың бірі. 2026 жылдың 1 қаңтарынан кейін бизнес пен қарапайым қазақстандықтарды не күтіп тұр? Шағын кәсіпкерлік күйрей ме, әлде реформа жаңа мүмкіндіктерге жол аша ма? Осы және өзге де сұрақтарды Ulysmedia.kz тілшісі ел арасында кеңінен танымал екі сарапшыға – салық кеңесшілері Екатерина Ким мен Айжан Балакешоваға қойды.

ДАУЫЛ АЛДЫНДАҒЫ ТЫНЫШТЫҚ

Екатерина Ким пессимистік көзқарасын жасырмайды:

– 2025 жыл Қазақстандағы бизнес пен азаматтар үшін ауқымды өзгерістерді күту кезеңіне айналды. Жалпы айтқанда, Жаңа жыл кереметіне сенбейтін жыл болғалы тұр.

Оның айтуынша, қазірдің өзінде жеткізушілер бағаны жаппай көтере бастаған. Бұл – алдағы өзгерістердің алғашқы салдары. Негізгі себеп – логистикалық компаниялардың жалпыға бірдей салық режиміне ауысуы. Бұл тасымал құнының қымбаттауына әкеледі.

– Соның нәтижесінде барлық дерлік тауар кемінде 10-15 пайызға қымбаттайды, -  деп болжайды Ким.

Айжан Балакешова да баға сөзсіз өсетінін айтады, бірақ мұның себебін тек логистикамен емес, шығындар тізбегінің барлық саласымен байланыстырады:

– Ешкім шығынға батып жұмыс істегісі келмейді. Әрине, барлық шығын дүкен сөресіндегі баға мен тұтынушы алатын қызмет бағасына қосылады, – дейді ол.

Сарапшы өз кәсібін мысалға келтіріп, әңгімесін сабақтады. Айтуынша, оның компаниясы қызмет бағасын 45 пайызға көтерген, мұндай қадамға көптеген кәсіпкер барған.

– Ұлттық экономика министрлігі айтып жүрген 3-4 пайыздық «қысқа мерзімді инфляция»  шындыққа еш жанаспайды. Қазірдің өзінде қымбатшылық 50 пайыздан асып отыр.

Екі сарапшының ойы бір жерден шықты. 2026 жыл бетбұрыс кезеңі болады. Бірақ Ким үшін бұл жаппай кәсіпорындардың жабылу қаупі бар «өте қиын кезең» болса, Балакешова «Заң талаптарына сай жұмыс істейсің немесе жұмыс істемейсің. Басқа жол жоқ» дейді.

ШАҒЫН БИЗНЕС ҚҰРИ МА, ӘЛДЕ ЖАҢА ПАРАҚ АШЫЛА МА?

Әлеуметтік желілер мен кәсіпкерлер чаттарында «шағын бизнес тығырыққа тірелді» деген көңілсіз мем тарады. Екатерина Ким бұл қауіптің негізсіз емес екенін айтады.

– Жаңа жағдайларға байланысты кейбір кәсіпкерлер қазірдің өзінде бизнесті жабу туралы шешім қабылдап жатыр.

Оның пікірінше, бұл жұмыс орындарының қысқаруы, жұмыссыздықтың артуы және бағаның өсуі секілді бірнеше қиындықтар әкеледі.

– Халық табыстың азаюы және өмір сүру құнының қымбаттауы сияқты қысымға ұшырауы мүмкін, – деп ескертеді ол.

Ал Айжан Балакешова дүрбелеңге берілудің қажеті жоқ дейді. Ол микро және шағын бизнеске арналған «таза парақ» бағдарламасын еске салды.

– «Таза парақ» деген сені тексермейді, камералдық бақылау жүргізбейді деген сөз. Бұл салықты азайтып береді немесе бір нәрседен босатады дегенді білдірмейді. Бірақ жабылудың қажеті жоқ, тек шығынға жұмыс істемеу керек, – деп түсіндірді ол.

КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАМЕН КҮРЕС: НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ?

Екатерина Кимнің пікірінше, көлеңкелі экономиканы азайтуға бағытталған реформа керісінше нәтиже беріп жатыр.

– Базарлар мен сауда базаларындағы көтерме сатушылардың көбі тек қолма-қол есеп айырысуға көшіп жатыр. Бұл «көлеңкелі бизнестің» қайта оралуын және бизнестің біртіндеп көлеңкеге кетуін білдіреді, – дейді ол.

Балакешова бұл пікірмен келіседі, бірақ жаңа ережелерді заңдастыруға ынталандыру деп бағалайды.

– Қазірдің өзінде «ашық болу» керек деп есептеймін. Әсіресе жеке тұлғалармен жұмыс істейтіндерге (сұлулық салондары, мейрамханалар, сауда) қатысты, –  дейді ол.

Оның айтуынша, айналымы 2,5 млрд теңгеге дейінгі B2C секторына арналған жаңа «жеңілдетілген режим» (4%, өңірлерде 2-3%) осыған мүмкіндік береді.

АЗАМАТТАР БАҚЫЛАУДА

Жеке тұлғаларға бақылаудың күшеюі тағы бір өзекті мәселе. Екатерина Ким азаматтардың ресми табысы мен нақты шығындарын салыстыру жоспарланып отырғанына назар аударады.

– Егер ресми жалақы 100-300 мың теңге болып, ай сайынғы шығын 500-600 мың теңгеге жетсе, салық органдарында сұрақ туындауы мүмкін, – дейді ол.

Ал «көлеңкелі табыс жоқ» екенін қалай дәлелдеу керектігі әзірге түсініксіз. Бұл азаматтарды қиын жағдайда қалдырады.

Балакешова да талаптардың қатаңдағанын растап, жеке тұлғалар үшін тағы бір қолайсыз норманы атап өтті: тұрғын үйді иелену мерзімі өсім салығынан босату үшін 1 жылдан 2 жылға ұзартылған.

ІРІ БИЗНЕС ЖӘНЕ ЛОББИЗМ

Екатерина Кимнің айтуынша, салық реформасы тек шағын бизнеске ғана емес, ірі компанияларға да соққы болады. Себебі мердігерлердің жалпы салық режиміне ауысуы шығынды арттырады.

– Ірі бизнестің жиынтық шығыны айтарлықтай өседі. Компаниялар шығынды оңтайландыру жолын іздейді, ал бұл көбіне қызметкерлерді қысқартуға әкеледі, – деп болжайды ол.

Айжан Балакешова кодексті қабылдау процесінде кемшіліктер болды дегенді айтады.

– Кодексті қарау заң шығару тәртібін бұза отырып жүріп жатыр, –  дейді ол.

Мысал ретінде бастапқыда жеңілдетілген режимге тыйым салынған 800-900 Экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші болғанын, ал президент араласқаннан кейін олардың саны 44-ке дейін қысқарғанын келтірді.

– Мемлекеттік органдар қоғам пікірін ескермей заң жазып, тек президент араласқанда ғана өзгеріс енгізетін үрдіс дұрыс емес, – дейді Балакешова.

Ол сондай-ақ ұлттық тауарлар каталогы сияқты жаңашылдықтардағы лоббистік тәуекелдерге назар аударды.

– Мұның артында белгілі бір құрылымдар тұрғаны анық, –  дейді сарапшы уақытша кодтар (XTIN) енгізу барысындағы нормативтік олқылықтарды меңзеп.

ӨМІР СҮРУ СТРАТЕГИЯЛАРЫ

Мәселені талқылай келе сарапшылар ортақ пікірге тоқтағандай болды, алайда оның өзін әр қырынан көреді. Екатерина Ким нақты шешу жолын ұсынбайды, алайда бағаның өсуі, жұмыссыздық және бизнестің көлеңкеге кетуі сияқты жаппай сипат алуы мүмкін алаңдатарлық жайттарды тізіп көрсетті. Оның болжамынша, реформада көзделген ашықтықтың орнына әлеуметтік шиеленіс күшеюі ықтимал.

Айжан Балакешова мынадай нақты қадамдар ұсынады:

  • Жеке және бизнес шоттарды бөлу: «Бизнес ақшасын жеке шотқа қабылдау тәжірибесін тоқтату».
  • Жаңа режимдерді пайдалану: өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен шағын B2C бизнес үшін жаңа шарттар тиімді болуы мүмкін.
  • Дүрбелеңге берілмеу: «Барымен жұмыс істеуге мәжбүрміз».
  • Шығын өсімін бағаға қосу: мұны қазірдің өзінде пәтер бағасының қымбаттайтынын хабарлап жатқан құрылыс компаниялары жасап отыр.

– Қалай болғанда да  халық амалын табады, бірдеңе ойлап шығарады. Бірақ ешкім өзіне зиян келтіріп жұмыс істемейді, – деп түйіндейді Балакешова.

P.S.
Ұлттық экономика министрі әрі вице-премьер Серік Жұманғарин және оның командасы қазақстандықтар үшін жағдайды едәуір нашарлатуы мүмкін осындай асығыс салық өзгерістерін ұсынғанда нені басшылыққа алды деген ең басты сұрақ ашық күйінде қалып отыр. Бұл қатаң шаралардың тиімділігі толық есептелмеген бе? Әлде «батылдықты» көрсету, жоғарыға ұнау ниеті ме? Немесе бизнес пен азаматтардың күнделікті тіршілігін терең білмейтін біреу жазды ма?

Айжан Балакешованың айтуынша, көптеген жұмсартушы нормалар президенттің араласуынан кейін ғана қабылданған. Егер Президент араласпаса не болар еді деп ойланасың? Бастапқы жобалар бұдан да қатаң болып, нағыз шокқа әкелуі әбден мүмкін еді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың салмақты ұстанымы мен премьер-министр Олжас Бектеновтің байыптылығы бүгінде тежеуші факторға айналып отыр. Алдағы уақытта да олардың осы теңгерімді позициясы өзгермей, салықтық асыра сілтеуге жол бермейді деген үміт бар. Өйткені кез келген реформаның мақсаты күш көрсету емес, даму үшін жағдай жасау. Осы қағида барлық болашақ шешімдердің басты өлшемі болуы тиіс.

Серіктес жаңалықтары