«Жерде қалмайсың». Бұл сөз жылы орнын босатқан әрбір қазақстандық шенеунікке етене таныс және оған олар әбден сенеді. Сенетіні – уәде орындалатынын біледі. Білетіні – қазақстандық билік жүйесінде бұл қалыпты құбылыс. Әдетте бір орыннан екінші орынға ауысу аздаған үзіліссіз болмайды. Одан кейін маңдайы жарқырап жаңа қызмет орындығына қонжия кетеді.
Дегенмен басқа-басқа, 2025 жыл басқа жылдағыдан өзгешелеу. Алты мемлекеттік қызметкер өз орындарын босатып, кейін ешбір тізімде де, жаңа қызметте де көрінбеді. Оларды қорларға жетекші қылып тағайындамады, кеңесші де болмады. Жай ғана қызметтен босатты. Кадрларды жылдар бойы бір орыннан екіншісіне ауыстырып келген жүйе бұл жолы кімдерді «аяушылық» жасамағанын Ulysmedia.kz тілшісі саралап көрді.
МАРАТ ҚАРАБАЕВ
Оның қызмет жолын қарап отырсаңыз кісі қызығарлықтай. Ташкент автомобиль-жол институты, Ұлыбританиядағы университет, сарапшыдан министрге дейінгі жедел мансаптық өсім – бәрінен кедергісіз өтіп келе жатқандай еді. 2023 жылдың қыркүйегінде Марат Қарабаев Көлік министрі болып тағайындалғанда, көпшілік саланың басына білімді, логистиканы бес саусағындай білетін маман келді деп дүр еткен.
Алайда көп ұзамай дипломның өзі жеткіліксіз екені белгілі болды. Мәселелер қарша жауды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны инфрақұрылымдық жобалардың кешігуі мен өткізу бекеттерінің қанағаттанарлықсыз жағдайы үшін ашық сынға алды. Журналистер Қарағандыда салынуы тиіс, бірақ іске аспаған зауытқа қатысты құжаттарға қол қойғанын жазды. Ал «ӨКМ операторы» ісі бойынша сотта одан да ауыр айып айтылды: компанияның бұрынғы басшысы Медет Құмарғалиев 2020 жылы вице-министр Қарабаевтың заңды айналып өтіп, 180 млрд теңгені аударуды талап еткенін мәлімдеді.

Марат Қарабаев. Фото: gov.kz
Қарабаевтың ақталудан басқа амалы жоқ еді. Өзі «стандартты тәжірибе бойынша тұрақты жөнделеді» деген жолдағы шұңқырлар үшін де, аудиторлар құрудың аз-ақ алдында тұр деп бағалаған «Қазақстан темір жолының» қарыздары үшін де, еңбек жағдайына шағымданған Air Astana бортсеріктерінің наразылығы үшін де ақталумен ғана жүрді. Ол жұмыс істеуге тырыспады емес, тырысты. Шекараға барды, Қытайдағы әріптестерімен кездесті, жоспар құрды. Бірақ министрліктің ісі өрге шықпай, керісінше құлдилай берді.
2025 жылдың маусымында ол қызметінен босатылды. Ешкім ештеңе түсіндіріп жатпады, жексенбі күні қызметінен алып тастады. Себебін сұраған журналистерге вице-премьер Роман Скляр иығын қиқаң еткізіп: «Адамдар келеді-кетеді», - деп бір-ақ қайырды. Жол салам деген министрдің өзі қызмет жолын жалғастыра алмады.
ҚАНАТ ШАРЛАПАЕВ
Citibank жүйесінде Лондон, Дубай және өзге де қаржы орталықтарында жұмыс істеген халықаралық деңгейдегі банкир Қанат Шарлапаев 2022 жылы «Бәйтерек» холдингін басқарды. Ал 2023 жылдың күзінде Өнеркәсіп және құрылыс министрі болып тағайындалып, «Жаңа Қазақстанда» жаңа кадрлар тағайындалып жатыр дегенге жақсы жарнама болды.
Халықаралық жобаларды шемішкедей шағып жүрген Шарлапаев Қазақстанның мемлекеттік жүйесіне үйлесе алмады. Оны көпшілік те тез аңғарды. Шарлапаев қоғамдық сынның астында қалып, өзінен бұрынғы министрдің уәделеріне жауап беруге тура келді.
Ең қиын тақырыптардың бірі утилизациялық алым болды. Мемлекеттің ұстанымын түсіндіріп, наразы автокөлік иелерімен ашық сөйлесу дәл осы министрдің мойнына жүктелді. Қоғамдық қабылдауда Шарлапаевты талағандар аз болмады, ал мемлекеттік жүйе одан бұрын қабылдаған шешім үшін Шарлапаев жауап берді. Жеке жауапкершілігінен әлдеқайда ауқымды жұмысқа бола жүйеге кіргеніне көп бола қоймаған су жаңа министр күйіп кетті.

Қанат Шарлапаев. Фото: nur.kz
Құрылыс кодексін әзірлеу төңірегіндегі дау да қосымша қысым туғызды. Жекелеген депутаттардың сауалы қойсын ба, министрлік тек ақталумен болды. Қанша жерден аяққа тұрғызам десе де, өзі аяқтан тұра алмаған қалпы қызметтен кетті.
Жалпы алғанда оның қызметі министрлік бір мезетте бірнеше өткір талқылаудың ортасында қалған кезеңге тұспа-тұс келді. Өнеркәсіп саясаты мен құрылыс саласын реттеу бір күннің не бір жылдың шаруасы емес екені түсінікті жайт. Мұндай жағдайда министрден жылдам әрі көзге көрінер нәтижелер күтті, ал көптеген мәселе құрылымдық әрі ұзақмерзімді сипатта болатын.
2025 жылдың ақпанында Қанат Шарлапаев президенттің көмекшісі қызметіне ауыстырылды. Былай қарағанда бұл қызметтік өсу сияқты болғанымен, іс жүзінде бұл басқарушылық қызметтен кетуді білдіретін. 2025 жылдың қыркүйегінде ол бұл қызметтен де кетті.
Шарлапаевтың оқиғасы шетелдік басқару тәжірибесі мен мықты кәсіби түйіндеме Қазақстандағы билік жүйесінде тұрақтылықтың кепілі бола бермейтінін көрсетті. Оның кейсі – реформаларға деген үміт пен институционалдық шындық арасындағы алшақтықтың айқын көрінісі. Күрделі контекст пен бұрыннан қордаланған жүйелік шешімдер жағдайында тіпті мықты басқарушылардың өзі тығырыққа тірелуі мүмкін.
ТАМАРА ДҮЙСЕНОВА
Оның мансабы ұзаққа созылды, тіпті бұл жайлы кейін арнайы оқулыққа да қосуға болады. 1988 жылы информатика пәнінің мұғалімі болып басталған еңбек жолы вице-премьер мен министрлікке дейін жетті. Оның үстіне көрінбейтін министрлік емес, әрдайым қоғам назарында болатын Еңбек және әлеуметтік қорғау саласының министрі болды. Бір емес, үш рет.
Тамара Дүйсенова әрдайым ең күрделі кезеңдерде министр болып тағайындалған. Ол 2013 жылы әйелдердің зейнет жасын көтеру төңірегіндегі үлкен даудан кейін Еңбек министрлігіне келді. Оның алдындағы министрге наразы жұрт жұмыртқа лақтырғаны әлі есте. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізу де ең қиын реформалардың бірі еді, ол да Дүйсенова кезеңіне тап келді.
Ол үнемі сынның астында жүрді. 2018 жылы сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында: «Не болды, Тамара, әлде осы жұмыстан шаршадың ба?» деп ашық сұрақ қойған. Сол күні-ақ Дүйсенова отставкаға кетті.

Тамара Дүйсенова. Фото: sputnik.kz
Алайда ол қайта оралды. Тағы да, тағы да. 2022 жылы қайтадан еңбек министрі, 2023 жылы вице-премьер болды. Ол ереуілге шыққан шахтерлермен келіссөз жүргізді, әлеуметтік қолдау мәселелерімен айналысты, студент қыздардың деректері тараған даулы істі де (атышулы «пәктік тізімі») реттеуге қатысты. Тәжірибесі мен білімі мол адамды «біржола есептен шығару» мүмкін емес сияқты көрінді.
2025 жылдың ақпанында ол президенттің көмекшісі қызметіне тағайындалды. Мәртебелі қызмет болғанымен, кабинеттен ұзап шыға қоймайтын лауазым еді. Ал қыркүйекте қызметінен босатылды. Соңғы 12 жылда алғаш рет оған жаңа кресло ұсынылмады. Бұрын басты капиталы саналған тәжірибе жаңа жүйеде қажетсіз болып қалғандай әсер қалдырды.
ҒАНИ БЕЙСЕМБАЕВ
Ғани Бейсембаев Оқу-ағарту министрлігіне сырттан келген менеджер ретінде емес, жүйенің өзінен шыққан маман ретінде келді. Педагог, PhD докторы, білім беру иерархиясының барлық сатысынан өткен адам. Сондықтан оның тағайындалуы қисынды шешім болып қабылданды. Саланы қордаланған мәселелерді жақсы білетін кәсіби маман басқаруы тиіс еді.
Алғашқы уақытта оның жұмысы министрлікке тән қалыпты режимде өтті. Кеңестер, тапсырмалар, есептер, өңірлермен байланыс дегендей бәрі өз кезегімен жылжи берді. Алайда 2023 жылдың күзінде Бейсембаев қазақстандық шенеуніктер үшін тосын қадам жасап, қоғаммен ашық қарым-қатынас моделін таңдады. Ол өңірлерге жиі шығып, әлеуметтік желідегі өтініштерге жауап беріп, жекелеген мектептердің мәселесін көпшілік алдында талқылай бастады.
Мәселе туындаған білім беру ұйымдарына барған сапарлары YouTube-та ерекше резонанс тудырды. Бірқатар азамат мұны басқарудың жаңа стилі ретінде қабылдады. Министр камера алдында әкімдіктермен байланысып, кемшіліктерді жоюды талап етті. Алайда көп ұзамай қоғам сұранысы жекелеген мәселелерден әлдеқайда кең екені белгілі болды.

Ғани Бейсембаев: Фото: dknews.kz
Өтініштер легі қарқын ала түсті. Мектеп дәретханаларының жағдайынан бастап, оқулық тапшылығы, мұғалім жетіспеушілігі мен мектептердің шамадан тыс жүктемесіне дейін ашық айтылды. Мұның бәрін қолмен басқару мүмкін емес еді. Ал білім беру саласындағы қаржыландыру, басқару, кадр мәселелері ұзақмерзімді әрі кешенді реформаларды талап етті.
Сонымен қатар министрлік жемқорлық істері, оқушыларға қатысты резонансты оқиғалар секілді ауыр тақырыптарға да жауап беруге мәжбүр болды. Мұндай жағдайда Бейсембаев көбіне сақтықпен сөйлеп, жауаптарында көбіне тергеу барысына сілтеме жасаумен шектелді.
Уақыт өте келе қоғамдық назар өзгерді. Жылдам өзгерістерге деген үміт жүйелі ілгерілеудің жоқтығына байланысты көңіл қалушылыққа ұласты. Бастапқыда сенімді күшейткен ашық формат, керісінше, шектен шығып, жұртшылық одан қомақтысына үміт артты.
2025 жылдың қыркүйегінде Ғани Бейсембаев қызметінен ресми түсіндірмесіз босатылды. Оның тәжірибесі қазақстандық басқару жүйесінде ашықтықты, қоғамдық күтуді және саланың құрылымдық шектеулерін қатар алып жүрудің қаншалықты қиын екенін көрсетті. Қоғаммен тікелей диалог орнату талпынысы маңызды, бірақ екіұшты эксперимент болып қалды.
ӘСЕМ НҮСІПОВА
Зерттеу мақаламыздағы басқа кейіпкерлерден айырмашылығы, Әсем Нүсіпова ешқашан өзін жарнамалауға ұмтылған емес. Оның мансабы «сұр кардиналдың» классикалық жолы ма дерсің. Айтар болсақ, Қауіпсіздік кеңесі, Президент әкімшілігі, қаржы министрінің кеңесшісі, премьер-министрдің кеңесшісі, денсаулық сақтау вице-министрі, «ҚазТрансОйл» компаниясы бас директорының орынбасары болып кете береді. Ол билікке әрдайым жақын болды, бірақ алдыңғы шептен көрінбеуге тырысты.
2022 жылдың ақпанында Нүсіпова Алматы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындады. Бұл қоғам назарында жүретін ашық мансаптың бастауы сияқты көрінді. Алайда үш жарым жылдан кейін, 2025 жылдың тамызында ол «өз еркімен» қызметтен кетті. Даусыз, жанжалсыз, ешқандай мәлімдемесіз.

Әсем Нүсіпова. Фото m.yk-news.kz
Бұрын тәжірибелі, кәсіби, бірақ тасада жүретін аппарат қызметкерлерін бағалап, жүйеде сақтауға тырысатын. Бүгінде жүйе оларға мұқтаж емес сияқты. Егер сен жұрт алдында көріне алмасаң, реформалардың «бет-бейнесі» бола алмасаң, тіпті елдің ең «жабық» кабинеттерінде жылдар бойы жұмыс істесең де, саған жай ғана алғыс айтып, шығарып салуы мүмкін.
ӘБІЛҚАЙЫР СҚАҚОВ
Егер шенеуніктік мансап Голливуд блокбастері болса, Әбілқайыр Сқақов сол фильмде өртеніп жатқан нысанға шақырылатын «құтқарушының» рөлін ойнаған болар еді. Экономист, заңгер, MBA секілді бақандай үш жоғары дипломы бар маман саяси жол тегіс болса, өсе беруі керек еді. Бірақ Ақорда (біреулер мұны тағдыр деп те айтады) басқаша шешті.
Ол салық саласынан бастап Қаржы министрлігінің ұңғыл-шұңғылын көрудей-ақ көрді. Тіпті Қорғаныс министрлігінде қаржыға жауапты болды. Алайда нағыз танымалдылық оған дағдарыстармен бірге келді. 2020 жылы Павлодар облысының әкімі болып тағайындалды. Алайда екі жылдан кейін өңірді ауыр сынақ күтіп тұр еді.
Екібастұз 30 градус аязда жылусыз қалды. Қала төтенше жағдай режиміне көшті, мектептер қашықтан оқытуға ауысты, президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайға өзі араласты. Президент араласқасын түсінікті ғой, Сқақов қызметінен босатылды. Вице-премьер Роман Скляр сол кезде кінәлілердің бәрі жауапқа тартылады деп уәде бергенімен, іс жүзінде бұл уәде жалғасын таппағандай көрінді.

Әбілқайыр Сқақов. Фото: nur.kz
Ең таңғаларлығы тоғыз айдан кейін болды. 2023 жылдың күзінде Әбілқайыр Сқақов Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы болып тағайындалды. Ал бұл қор да жанжалдан көз ашпайтын құрылым еді. Аудиторлар заң бұзушылықтар тапты, депутаттар қордың тиімділігіне күмән келтірді.
Сқақов күн тәртібін өзгертуге тырысты. Медициналық көмектің артуы, ЭКО арқылы дүниеге келген мыңдаған бала туралы айтты. Бірақ бір жұққан күйе оңайлықпен кете қоя ма, төлемдердің ашық болмауы мен қолдан жасалған көрсеткіштер аталған қор төңірегіндегі әңгімені қоюлата берді.
2025 жылдың қаңтарында ол «өз еркімен» қызметтен кетті. Салық, қорғаныс, өңірлік басқару мен медицина саласында бірегей тәжірибесі бар маман осылайша жұмыссыз қалды.
АЙДЫН ҚҰЛСЕЙІТОВ
Оның мансабы жедел өрлеуден гөрі стратегиялық жоспарлау баспалдағымен біртіндеп көтерілгенге көбірек ұқсайды. Техникалық жоғары оқу орнының түлегі, техника ғылымдарының кандидаты, Жапонияда, Сингапурда тағылымдамадан өткен ол нағыз «жүйелік жобалаушы» болатын. Оның жұмыс алаңы езу тілер айтыстар емес, ұзақмерзімді жоспарлар мен жинақталған талдаулар жасалатын кабинеттер еді. 2008 жылдан бастап Президент Әкімшілігінде қызмет еті. Ол мұнда кезең-кезеңімен Стратегиялық әзірлемелер орталығын, стратегиялық жоспарлау және әлеуметтік-экономикалық саясат бөлімдерін басқарды. Яғни болашақтағы реформаларды жоспарлағандардың қатарында болды.
2025 жылдың сәуірінде осы «процестер архитекторы» ең проблемалы алаңға Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорын басқаруға жіберілді. Ол кезде қор төрағасының орны нағыз «шайқалмалы креслоға» айналған еді: бас-аяғы бірнеше жыл ішінде төрт басшы ауысқан. Қор сынға көміліп жатты. Ауруханаларға төленбей қалған жүздеген миллиард теңгелік қарыз, қордың тиімсіздігі туралы айыптаулар, Өскеменде орынбасары 400 млн теңге жымқырды деген күдікпен қамауға алынған жанжал. Құлсейітов бұл жерге жай менеджер ретінде емес, үнемі «істен шыға» беретін аса күрделі тетікті жөндеуге шақырылған инженер ретінде келді.

Айдын Құлсейітов. Фото: ulysmedia.kz
Кабинеттік стратегке тән емес қадам жасап, ол ашық сөйлей бастады. Қызметінен босатылардан бірнеше күн бұрын кенеттен Ulysmedia.kz бас редакторы Самал Ибраеваға көлемді сұхбат берді. Онда жалпылама сөз болған жоқ. Ол жүйеде «мүдделер қақтығысы» барын мойындады: науқасқа «квота жоқ» деп айтып, ақылы түрде қабылдауға дайын тұратын жағдайлар жайлы бүкпесіз айтты. Ауқымын да ашып айтты: қор ай сайын 150 млрд теңгеге 11 миллион медициналық қызметті тексереді. Бұрынғы жемқорлық схемаларын да атады. Қор сарапшыларының клиникалармен бармақ басты, көз қысты әрекетке баруы, өңірлік комиссиялардың қаржыны автоматты бөлуді қолмен өзгертіп, біріне қосып, бірінен қысқартуы туралы жасырмай айтты.
Ең бастысы, ол жүйені «қайта жүктеу» жоспарын нақты сандармен, егжей-тегжейімен баяндады. Оның басты құралы жасанды интеллект болуы тиіс еді. Жаңа алгоритмдердің бұрын анықталған 2 млрд теңгелік емес, 11 млрд теңгелік заңбұзушылықты тапқанын айтып, бұл медициналық қауымның өзін есеңгіреткенін жеткізді. Ол адам факторын жоятын толық автоматтандыру туралы сөз қозғады.
– Жемқорлықты түбегейлі жоюдың жалғыз жолы – толық автоматтандыру... Егер бизнес-процестердің кемінде 90 пайызы цифрландырылса, жемқорлыққа орын қалмайды, - деді ол сұхбатта.
Ол азаматтарға арналған жеке кабинеттерді таныстырды: онда әрбір төленген қызметті көріп, жарна төлеуші бір батырманы басу арқылы қордың сапаны қадағалау қызметіне, ақшаның дұрыс жұмсалуына қатысты дауласуға мүмкіндігі болады. Ол өзін ақтаушы шенеунік емес, жұмыс істейтін механизмді қалай құрастыру керегін білетін бас конструктор ретінде көрсетті.
– Мәселенің бар екенін мойындау – оны түзетудің алғашқы қадамы. Проблеманы мойындамасаң, оны шеше алмайсың, - деді ол сол сұхбатта.
Алайда 2025 жылғы 1 желтоқсанда «жалғыз акционер» болып саналатын Денсаулық сақтау министрлігі еш түсіндірмесіз оның өкілетін мерзімінен бұрын тоқтатты. Ол небәрі сегіз ай жұмыс істеді. Дәл сонша уақыт оның жаңа бақылау алгоритмінің пилоты жүрген еді. Құлсейітовтің кетуі «ешқайда апармайтын отставкалар» тізбегіндегі ең парадоксты нүкте болды. Ол Сқақов секілді бұрынғы жанжалдардың салмағымен кеткен жоқ. Шарлапаевтай халық наразылығының толқыны шайып әкеткен де емес. Ол өзіне сеніп тапсырылған ұйымды құтқарудың егжей-тегжейлі жоспарын жария еткен сәтте, ашықтықтың шегіне жеткен тұста қызметінен алынды. Жүйе оның сәтсіздігінен емес, шектен тыс ашықтығы мен цифрлы технологияға негізделген адал жұмысынан қорыққандай әсер қалдырады. Ол жемқорлықтың көзі саналатын «адам факторын» жоюға келіп, сол фактордың ең ирониялы құрбанына айналды. Барлығын қалай жөндейтінін тым егжейлі айтып берген реформатор ақыры бәрінен шет қалды, ал оның «сызбаларын» енді ешкім еске алмайтын сыңайлы.
ҚОРЫТЫНДЫ НЕМЕСЕ ОЛАР НЕГЕ ҚАЙТА ОРАЛМАДЫ?
Бұрын Қазақстанда отставкаға кету қорқынышты емес еді, өйткені шенеуніктер де қайтып келетін есікті қатты жаппайтын. Шенеунікті бір-екі жыл «күтіп», кейін қайта тағайындау, мүмкін көзге түспейтін қызметке, бәрібір үйреншікті тәжірибе саналатын. Ал бұл оқиғаларға қарасақ, ережелер өзгерген сияқты.
Қарабаев пен Сқақовты құртқан саладағы қордаланған мәселелер болса, Шарлапаев пен Бейсембаевты әлі келмейтін шоқпарды белге байлауы құртты. Ал Дүйсенова мен Нүсіпова дәуірдің ауысуы себебінен жұмыссыз қалды. Құлсейітовтің оқиғасы бұлардан бөлек. Бөлек болатын себебі ол әділетті шешімге негізделген адал басқару жолын таңдады. Мұндайды жүйе кешірсін бе, қиып жіберді.
Барлық кейіпкерге ортақ, ұқсақ жайт бар. Жүйе бір орыннан екіншісіне ауыстыратын әдетін азайтты. Жүйе бұрын қимай, саясат сандығына салып сақтайтын. Сақтайтын да, кезі келді-ау дегенде сүрленген ет секілді саясат қазанына тастап жіберетін.
Мүмкін 2025 жылдың басты сигналы да осы болар. Президенттің өзі 2029 жылдан кейін Президент болып қайта сайлана алмайтынын Ата заңда бекіттіріп берсе, онда басқаға не жорық.