×
504.76
593.8
6.5
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
504.76
593.8
6.5

Қара алтыннан ірі қараға дейін: 2025 жылы елді есеңгіреткен экономикалық жағдаяттар

Бүгін, 16:40
Қара алтыннан ірі қараға дейін: 2025 жылы елді есеңгіреткен экономикалық жағдаяттар
Ulysmedia.kz коллажы

Әдетте әрбір өтіп бара жатқан жылды «оңай болған жоқ» деп жатамыз. Алайда өткен жылдар 2025 жылдың жанында «айналайын» секілді. Сонымен бұл жыл қандай болды? Таңғалдырды ма, алаңдатты ма, әлде, бұдан да сорақысы, күңірентті ме? Ulysmedia.kz 2025 жылы қазақстандықтарды шынымен шошытқан оқиғалар, тақырыптар мен жағдайларға шолу ұсынады.

Жылдың ең үлкен соққысы: КҚК-ға жасалған шабуыл

2025 жылғы 29 қарашаны Қазақстан біразға дейін ұмытпайтыны анық. Өйткені дәл осы күні елге миллиондаған доллар шығын келтіріп, жүздеген мың тонна мұнай экспорттан қағылуына себеп болған шабуыл жасалды. Украин дрондары Новороссийскідегі (Ресей) Каспий құбыр консорциумы (КҚК) терминалына шабуыл жасап, айлақтардың бірін істен шығарды. Негізінен бұл Киев пен Мәскеу арасындағы қақтығыстың кезекті эпизоды. Алайда зақымданған айлақ арқылы экспортқа жөнелтіліп жатқан мұнай қазақстандық еді.

КҚК – елдің басты экспорттық құбыры, ал оған балама бағыт іс жүзінде жоқ. Шабуылдан кейін қазақстандық мұнай экспорты минимумға дейін төмендеп, өндіру көлемі кемінде 480 мың тоннаға қысқарды. Ал қаржылық шығын, ең төменгі бағалаудың өзінде, 120 млрд теңгеден асты. Осыдан кейін Мәжілісте тіпті КҚК-ға соққы жасауға келісім беруді мемлекетке опасыздықпен теңестіру жөнінде ұсыныс та айтылды.

Айта кету керек, бұл КҚК нысандарына 2025 жылғы алғашқы шабуыл емес. Ақпанда дрондар Ресей аумағындағы «Кропоткинская» сорғы станциясын зақымдаса, қыркүйек соңында Новороссийскідегі консорциум кеңсесі соққыға ұшыраған. Бірақ дәл 29 қарашадағы шабуыл ғана Қазақстан экономикасына осыншалықты ауыр залал келтірді. Оның үстіне салдары әлі толық жойылған жоқ, яғни «қалдық әсері» ұзаққа созылады. Сондықтан 2025 жылғы ең ірі экономикалық күйзеліс ретінде бұл оқиға тізімнің басында тұр.

Жылдың басты талқысы – жаңа Салық кодексі

2025 жылы қазақстандықтар жаңа Салық кодексіндей қызу талқылаған тақырып кемде-кем. Себебі 1 қаңтардан бастап қосылған құн салығы 16%-ға дейін өседі, ал арнайы салық режимдерінің саны екі есеге қысқарып, жетіден үшке азаяды.

Кодексті талқылау «жеңілдетілген режимге» рұқсат етілетін және тыйым салынатын қызмет түрлері, нақты салық мөлшерлемелері, сондай-ақ жалпы және жеңілдетілген режимдегі бизнес арасындағы мәмілелер бойынша шегерімдерді алып тастау мәселелері төңірегінде қызу пікірталасқа ұласты. Ұзақ даулардан кейін бизнес пен қарапайым азаматтар үкіметтің «тәбетін» сәл де болса тежей алды. Мысалы, билік ҚҚС-ты бірден 20%-ға көтеру идеясынан бас тартты (дегенмен бұл әлі алда емес пе деген күмән де жоқ емес).

Соған қарамастан Экономика министрі Серік Жұманғарин жалпы нәтижеге көңілі толуы мүмкін. Өйткені жыл соңында өзін «Салық кодексінің авторы» санайтынын жеткізген. Ал оның шедеврін жаңа жылдан кейін тамашалаймыз.

Салық кеңесшілері реформаға қатысты өз күдіктерін жасырмайды. Олардың айтуынша, реформа салдарынан елде баға кемінде 10-15%-ға өседі. 2026 жыл өте ауыр кезеңге айналып, кәсіпорындардың жаппай жабылу қаупі бар, сонымен бірге халық табысының төмендеуі және мемлекет азаматтардың кіріс-шығысына (тек бизнеске емес) қатаң бақылау орнатуы мүмкін. Тіпті шағын бизнестің бір бөлігі «көлеңкеге кетуге» тырысуы ықтимал, ал реформа, керісінше, оны көлеңкеден шығаруды көздейді. Бұл болжамдардың қайсысы шындыққа айналарын жақын арада өз қалтамыздан ақша шыққанда анық байқай аламыз.

Жылдың шешілмеген мәселесіөсіп жатқан қарыздар

Салықты бекер көтеріп жатқан жоқ. Үкіметтің басты мәселесі – бюджет тапшылығын жоя алмауы. 2026 жылға арналған республикалық бюджет құжаты да «минуспен» қабылданды: кіріс – 22,8 трлн теңге, шығыс – 27,7 трлн теңге, бюджет тапшылығы –  шамамен 4,9 трлн теңге.

Экономистер жыл бойы елдің шамадан тыс шығынданып отырғанын ескертумен болды. Қазақстанның мемлекеттік қарызы соңғы он жылда төрт есеге жуық өсіп, 8,7 трлн теңгеден 33,9 трлн теңгеге дейін жетті. Ұлттық қор қанша транш бөлсе де, тек мұнайдан түскен табыспен бюджет жыртығын жамай алмайсың.

Бұл сынға кім жауап береді дегенде, Премьер-министр Олжас Бектенов өзі сөз алды.  Ол мемлекеттік қарызы ЖІӨ-ден асып кеткен елдерді мысалға келтіріп, Қазақстанның да бюджет тапшылығын жабу үшін тағы 6,5 трлн теңге қарыз алуға дайын екенін аңғартты. Айтпақшы, Бектенов айтып отырған 6,5 трлн теңгеге шамалас 6,1 трлн теңгені Қазақстан бір жылда тек бұрынғы қарызға қызмет көрсетуге жұмсаған.

Осы тұста 2025 жылдың соңында ресми түрде құрылған мемлекеттік қарызды басқару жөніндегі кеңес 2026 жылы Үкіметке ақыл қосады деген үміттен басқа бізде ештеңе жоқ.

Жыл шешімі: базалық мөлшерлеме (екі рет)

2025 жылы Қазақстан Үкіметі экономикамыз өсіп жатыр дегеннен басқа ештеңе айтпады. Бірақ ЖІӨ-мен бірге елдегі инфляция да қарқын алып бара жатқанын елеусіз қалдырды. Ал Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Салық кодексімен әлек болып жүргенде, бағаның тұрақты өсуіне қарсы күреске Қазақстан Ұлттық Банкі кірісті. Оның басты құралы — базалық мөлшерлеме-тұғын.

Ұлттық банк бұл «ауыр арсеналды» алғаш рет наурыз айында қолданып, мөлшерлемені 15,25%-дан 16,5%-ға дейін көтерді. Бұл шешім уақытша ғана әсер берді: үшінші тоқсанға қарай инфляция жылдық есеппен 12,9%-ға жетті. Сол себепті қазан айында реттеуші тағы да батыл қадам жасап, базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін арттырды.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов бұл шешімнің ұзақ мерзімге арналғанын ашық айтты. Жылдың екінші жартысында ҰБ брифингтерінде «қатаңдық» сөзі түрлі нұсқада ең жиі айтылған ұғымға айналды. Кейінірек Үкімет те инфляцияны еске алып, экономиканы дамытуға арналған өз жоспарын ұсынды. Алайда 2025 жылы бағаның өсуімен күрестің алдыңғы шебінде нақты Ұлттық банк тұрғаны анық. Сондықтан бір жыл ішінде базалық мөлшерлеменің екі рет көтерілуін еш күмәнсіз жыл шешімі деуге болады.

Жыл құрбаны: коммерциялық ипотека

Ұлттық банктің шешімдерінен зардап шеккен сала — Қазақстандағы коммерциялық ипотека болды. 2025 жылы ірі банктер оны беруді іс жүзінде тоқтатты, өйткені бұл тиімсіз болып қалды. Жыл бойы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ипотека бойынша ең жоғарғы пайыздық мөлшерлемені 25%-дан 20%-ға дейін түсіруге тырысты. Алайда базалық мөлшерлеме 18% болған жағдайда, 20%-бен тұрғын үй несиесін беру экономикалық жағынан тиімсіз болатынын бала да біледі.

2025 жылы «Отбасы банкінен» басқа банктерден ипотека алу өте қиынға  соқты: үшінші тоқсанда өтінімдердің мақұлдану ықтималдығы 23%-ға дейін төмендеді. Яғни төрт жағдайдың үшеуінде баспана несиесін ала алмайсыз. Мұндай жағдайда қазақстандықтардың ипотекадан жиі бас тарта бастауы таң қалдыра алмайды.

2026 жылы ипотекалық несиелеу тетігін түбегейлі қайта қарау жоспарланып отыр, бірақ бұл әзірге тек жоспар. Ал қазіргі күйінде коммерциялық ипотеканың барынан жоғы жақсы.

Жыл акробаты: теңге бағамы

Базалық мөлшерлеменің тағдыры түсінікті болғанымен (өсті, өсіп жатыр және әлі де өседі), 2025 жылғы теңге бағамы нағыз тосынсый болды. Жылдың бірінші жартысында ұлттық валюта тұрақты болды. Тіпті наурызда биржада 1 доллар 490 теңгеге дейін нығайды.

Алғашқы күрт әлсіреу маусым–шілде айларында байқалды. Кейін аздап түзелгенімен, теңге қайтадан құлдырап, 29 қыркүйекте тарихи антирекорд орнатты: доллар 548,77 теңгеден сатылды.

Алайда одан кейін бейне бір сиқырмен теңге құлан-таза айығып шыға келді. Бұл Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені көтеруімен тұспа-тұс келді. Қаржыгерлердің түсіндіруінше, Қазақстан нарығына мол табысқа қызыққан шетелдік инвесторлар келді.

Тимур Сүлейменов бұл инвесторлар кез келген сәтте басқа нарықтарға кетуі мүмкін екенін мойындады. Дегенмен әзірге ондай жағдай болған жоқ, жыл соңына қарай теңге бағамы салыстырмалы түрде оң деңгейде қалыптасты.

Жыл қорқынышы: сиыр еті бағасы

Ал 2025 жылдың басты өніміне келсек, ол сөзсіз сиыр еті дер едік. Қазақстанда ет жыл бойына қымбаттаумен болды, ал күзге қарай мәселе соншалықты ушығып, Үкімет деңгейінде талқылана бастады. Тіпті ет экспортына шектеу қоюға тура келді.

Соған қарамастан, қараша айында сиыр еті бағасы 2024 жылмен салыстырғанда 21,7%-ға өсті. Бұл – қазақстандықтардың дастарқанындағы негізгі тағамдардың бірі.

Жалпы, ет бағасы экономиканың өзара тығыз байланысын айқын көрсетеді. Сиыр еті сауда желілерінің ашкөздігінен немесе елде оның жетіспеуінен қымбаттап жатқан жоқ. Бағаны көтеріп отырған – шаруалар. Өйткені жем-шөп те, малдың өзі де қымбаттап барады. Ал келер жылдың басында инфляция тағы үдеуі мүмкін екенін ескерсек, Қазақстандағы ең сұранысқа ие өнімдердің бірі алдағы уақытта одан әрі қымбаттауы ғажап емес.

Ал әзірге оқырмандарымызға Жаңа жыл дастарқанында нәрлі де қымбат, жеңсік ас сиыр еті болсын, 2026 жылы түрлі экономикалық соққылар сіздерді айналып өтсін деп тілейміз!

Серіктес жаңалықтары