×
512.83
600.58
6.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.83
600.58
6.36

Ақшаны мемлекет төлесін, қызығын мен көрейін: әлеуметтік саладағы былыққа кім жауап береді?

06.01.2026, 11:00
Ақшаны мемлекет төлесін, қызығын мен көрейін: әлеуметтік саладағы былыққа кім жауап береді?
Ulysmedia.kz коллажы

Жекеменшік медицина мен білім беру саласы мемлекеттік қазынаға түскен сұр тышқан секілді. Бидай толы қанардың түбін тесіп, жыл өткен сайын қазынамызды ортайтып келеді. Бұл туралы жақында “Түркістан” басылымына берген сұқбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеді. Ulysmedia.kz ашық дереккөздерге сүйене отырып, келешек қамы деп жиған-тергеніміздің жай-күйі мен мұндай қаптесер жүйені кім ойлап тапқанын анықтауға тырысты.

Жаңа жұмыс күні қазақстандық саясаттанушылар мен журналистер үшін аса қарқынды басталды. Өйткені ел президенті Түркістан газетіне ауқымды бағдарламалық сұхбат беріп, ең өзекті мәселелерге жауап қатты. Атап айтқанда, ҚҚС-тың өсуі, билік транзиті, олигархтардың ел дамуына қатысуы, өзінің денсаулығы және қоғамды алаңдатқан бірқатар түйткілдер сөз болды. Біреулер үшін бұл сұхбат мемлекет басшысының құндылықтары мен бағдарлары халықпен ортақ екенін тағы бір мәрте аңғардық десе, енді біреулері «көлеңкелі» істердің ерте ме, кеш пе әшкереленетініне анық белгі болды деп топшылады.

Мемлекет қазынасына түскен сұр тышқан

– Барлық өңірлер «жан басына шаққандағы қаржыландыру» қағидаты бойынша жекеменшік мектептерді, балабақшаларды, оқу орталықтары мен үйірмелерді қаржыландыруға қомақты ақша бөлуге міндеттелді. Бұл ретте бюджет қаржысы ата-аналар балаларының оқуына қомақты ақша төлейтін ауқатты кәсіпкерлерге тиесілі элиталық мектептерге де бағытталып отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев ел бюджетіне қатысты проблемалық тұстардың біріне тоқталып.

Алайда мемлекет басшысы тек мәселені атап көрсетумен шектелмей, жекеменшік мектептерді қаржыландыру «схемасын» жабу керектігін ашық айтты.

– Бұрынғы министрлік басшылары енгізген қазіргі бұрмаланған тәртіп қаражаттың жетіспеушілігі салдарынан түптің түбінде бейберекетсіздікке алып келеді, – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетке көз жүгіртсек, бұл пікірмен келіспеу қиын. Алдағы үш жылда жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беруге 760,3 млрд теңге қарастырылған. Оның 248,1 млрд теңгесі 2026 жылға тиесілі, ал кейінгі жылдары жыл сайын небәрі 5 млрд теңгеге өседі. Мұндай мардымсыз өсім осы шығыс тармағы түбегейлі қайта қаралса ғана мүмкін болмақ. Себебі қазір жекеменшік мектептерге берілетін субсидиялар геометриялық прогрессиямен өсіп келеді.

Мәселен, 2025 жылы орта білім беру бойынша мемлекеттік тапсырысты жабу үшін Оқу-ағарту министрлігіне 136,6 млрд теңге бөлінген. Соның салдарынан қыркүйек айының соңында жекеменшік мектеп директорлары қаржысыз қалған. Үкімет бұл берешекті шұғыл түрде жапқанымен, сұрақтар бәрібір ашық күйінде қалды. Оның басым бөлігі мектептердің өзіне қатысты.

Мемлекеттік субсидия алушылардың қатарында қалталы бизнесмендерге тиесілі жекеменшік оқу орындары да бары анықталды. Олар мемлекеттен қаржы алып қана қоймай, оқушылардың ата-аналарынан да едәуір ақша жинаған. Одан да сорақысы – кейбір жекеменшік мектептерде оқушылар саны олардың техникалық мүмкіндігінен он есе көп болып шыққан. Ал ең қызығы, кейбір балалардың бірден бірнеше жекеменшік мектепке қатар тіркелгені белгілі болды.

Тәртіп орнату үшін үкімет жекеменшік мектептерді қаржыландыруды Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігіне өткізді. Ол жақта теңдеудегі артық «айнымалыларды» жедел қысқартып, мемлекеттің балаларға деген қамқорлығын пайда табу көзіне айналдырғысы келгендердің әрекетін нөлге теңестірді. Осылайша, кемшілігі болса да, жекеменшік мектептерді мемлекеттік қаржыландыру мәселесіне қатысты тиімді шешім табылды.

Ұтылмайтын лотерея

Ендігі басты міндет – жүйені түбегейлі реформалап, «қап тесер тышқанды» тоқтату. Ол үшін қай жерден сүрінгенімізді аңдап алуымыз керек. Шамамен 2005 жылға қарай 2000 жылдардың басындағы бейби-бум кезеңінде туған балалардың барлығына мектепте орын жетпей бастады.  Бұл, алдымен, балабақшалардағы кезекке әсер етті. Өйткені туа сала кезекке тұрған балалар кезегі жеткенше мектеп жасына жетіп қалатын.

Осы кезде Білім және ғылым министрлігі қиындықтан шығар жолды тапқандай болды. Сол тұста «тамаша шешім» ретінде ұсынылған «жан басына шаққандағы қаржыландыруды» жекеменшік мектептерге де тарату керектігі айтылды. Бастапқыда бәрі шынында да дұрыс көрінгендей еді. Мемлекеттік мектептерге бір оқушы үшін бюджеттен 224 мың теңге төленсе, жекеменшік мектептерге 235 мың теңге қарастырылды. Айырмашылық анау айтқандай үлкен емес еді.

Алайда біреулердің ойына «жекеменшік мектептерге тек оқыту үшін ғана емес, мектеп ғимаратын салғаны үшін де ақша төлесек ше?» деген идея келді. Бұл бастаманы сол кезде сенатор болған Дариға Назарбаева белсенді түрде қолдады.

– Біз осылайша мектеп орындарының тапшылығы, үш ауысымды оқу және апатты мектептер мәселесін біржола шеше аламыз. Бұл – алдағы үш-бес жылда міндетті түрде шешілуі тиіс базалық мәселе. Сонда ата-аналар кезекке тұрмайды, керісінше, мектептер ата-аналарды іздеп, оқушы тартады. Мүлде басқа жағдай қалыптасады, – деген еді ол.

Сол кездегі Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев бұл тәсілдің арқасында еліміз жаңа мектептер салуға жұмсалуы тиіс жарты триллион теңгені үнемдейді деп уәде еткен.

Нәтижесінде 2019 жылдан бастап жаңа жекеменшік мектептерге әр оқушы үшін құрылыс шығынын өтеу ретінде қосымша 230 мың теңгеден төлене бастады. Ал сол тұстағы вице-министр Бибігүл Асылова кәсіпкерлердің министрлік үндеуіне қалай белсенді үн қатқанын шабыттана айтып жүрген еді.

– Қазір жақын болашақта жекеменшік мектептерде қанша бала оқитынын ешкім нақты айта алмайды. Біз барлық әдістемелер мен жобаларды әзірлеген кезде бізден осындай болжамдарды талап етті. Сол кезде-ақ бұл мүмкін емес екенін айтқанмын, өйткені бұл – нарық. Біз мұндай нәтижені өзіміз де күтпедік. Бір жыл бұрын парламентте жобаны қорғағанда 5 мың жаңа орын ашамыз дегенбіз, ал іс жүзінде 14 мыңнан асты, жыл әлі аяқталған жоқ, – деген еді ол 2019 жылы.

Таңғалатын түгі жоқ: білім беру іс жүзінде тәуекелі аз, маржасы өте жоғары бизнеске айналды, әсіресе мегаполистерде. Инвесторға не кедергі? Коттеджді қайта жабдықтап, білім беру қызметіне лицензия алып, әрі ата-анадан, әрі мемлекеттен ақша алады. Оның үстіне ғимарат құрылысына салынған қаржының қайтарылуына да кепілдік бар. Кедергі болатын ештеңе жоқ.

Бейресми мәліметтерге қарағанда, бұл мүмкіндікті алғашқылардың бірі болып сол жылдардағы министрлік басшылығына жақын адамдар пайдаланған. Мәжіліс пен Сенат депутаттарының жекеменшік мектеп иелерінің мүддесін жан сала қорғауына қарағанда, олар не өздері де «білім беру бизнесінде», не болмаса біреулер оларды асқан шеберлікпен пайдаланып кеткен.

Бір қолдан шыққан схема

Осыған ұқсас әдіспен медицинадағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік те дамыды. Айтпақшы, бұл мәселені де өз сұхбатында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев атап өткен.

– Бұрын жекешелендірілген медициналық ұйымдар көбіне қымбат жабдық сатып алмайды, науқастарды тексеруге мемлекеттік клиникаларға жібереді. Ең бастысы, бюджеттен қаржыландыру нақты емделген адамдар санына емес, «бекітілген» пациенттер санына қарай жүргізіледі, бұл «жан басына шаққандағы қаржыландыру» деп аталады. Ал науқастарды есепке алу мен тіркеу мүлде сәйкес келмейді, қалай болса солай жүргізіледі, – деді мемлекет басшысы.

МӘМС жүйесіндегі барлық мәселе де білім саласындағы өзгерістермен шамалас кезеңде, яғни 2010 жылдардың ортасында басталды. 2016 жылы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры (ӘМСҚ) құрылды. Сол кездегі вице-премьер Дариға Назарбаева мен денсаулық сақтау министрі Тамара Дүйсенова жаңа тәсіл Қазақстандағы барлық пациентті цифрландыруға және медициналық қызмет сапасын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді деп уәде еткен.

Алайда 2025 жылы денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова министрлік МӘМС қоры шығындарының небәрі 1%-ын ғана бақылайтынын мойындады. Яғни, он жылға жуық уақыт ішінде цифрландыру іс жүзінде іске аспаған.

Ал реформа жекеменшік медициналық орталықтар үшін нағыз бизнеске айналды. Бұл мәселені жуырда мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек көтеріп, жекеменшік клиникалардағы «қосып жазулардың» көлемі миллиардтаған теңгемен есептелетінін мәлімдеді. Бұған жауап ретінде медицина өкілдері оны сотқа берді.

Қазіргі министр Ақмарал Әлназарова бұл сот дауларына араласпай отыр. Ол не бұрынғы басшылардың қателіктерін өз мойнына іліп қоя ма деп қауіптенеді, не басқа да себебі бар. Дегенмен Жоғары аудиторлық палатаның (ЖАП) қорытындысына қарағанда, 2020 жылдан 2025 жылдың соңына дейін жалған есеп жасап, бюджет қаржысын жеке шоттарға шығаруға мүмкіндік берген схеманы түзетуге ешкім асықпаған.

Бұл бағыттағы жұмысты Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы болған Айдын Құлсейітов бастағандай еді, алайда ол тағайындалғаннан кейін сегіз ай өткен соң, еш себепсіз қызметінен босатылды. Соған қарамастан, қорды басқарған кезінде Айдын Құлсейітов Ulysmedia.kz бас редакторына берген сұқбатында саладағы көптеген проблеманы ашық айтып, олардың бір бөлігін жасанды интеллект көмегімен шешуге уәде еткен. Бірақ цифрландыру бәріне бірдей ұнай қоймағаны анық.

– Ашықтық тек қор мен министрлікке емес, клиникалардың өзіне де қажет. Өкінішке қарай, олардың бір бөлігі әлі күнге дейін ашық форматқа дайын емес. Бізде азаматтардың шағымдарын қарайтын қызмет бар. Кей жағдайларда пациент ақылы қызметке жіберілген, ал шын мәнінде ол оны тегін алуға құқылы болған. Сондай-ақ кезектерді дәрігерлердің өздері немесе жалған пациенттер арқылы «толтырып», кейін «керек адамдарға» орын босатқан жағдайлар да болды. Кейін белгілі болғандай, қабылдауға жазылғандардың 90%-ы мүлде келмеген, – деп Айдын Құлсейітов мемлекеттік ақшаның жекеменшік қалталарға құйылуына мүмкіндік берген схемалардың бірін ғана сипаттаған еді.

Ал мұндай схемалар қаншама? Оның үстіне тек білім мен медицинада ғана емес, бұл салалардың құлағын ұстағандар барлық антикоррупциялық тосқауылды айналып өтуді білетіндер деп топшылауымызға болады. Өйткені олар табыс табу үшін халықтың қаражатына қол салудан еш тайынбайды. Сайып келгенде, бұл істе ең көп зардап шегетін – балалар.

Өйткені олардың барлығы ертең-ақ өсіп,үлкен өмірге қадам басады. Ал сол кезде Ұлттық қор мен өзге де бюджеттен тыс қорларда қанша қаражат қалатыны бүгін мемлекеттік қаржыны сақтау жүйесінің қаншалықты сапалы құрылғанына тікелей байланысты. Сондықтан балаларымыздың болашағын ұрлап жатқандарды қап тесіп жатқан сұр тышқанды қалай ауласақ, солай тыюымыз керек.

Серіктес жаңалықтары