×
512.83
600.58
6.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.83
600.58
6.36

Қаржылық сауаттылық немесе шенеуніктердің жұбайлары табыс табуды көпшілікке қашан үйретеді?

06.01.2026, 12:21
Қаржылық сауаттылық немесе шенеуніктердің жұбайлары табыс табуды көпшілікке қашан үйретеді?
Ulysmedia.kz коллажы

2025 жылдың соңында Қазақстан үшін бұрын-соңды болмаған оқиғалар өтті. Мемлекет басшысы айтып жүрген ашықтық дегеніміз осы екен деп қалдық. Өйткені мемлекеттік органдардың ресми сайттарында саяси қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерінің алғашқы табыс декларациялары жариялана бастады. Ulysmedia.kz табысын қоғамға көрсетуден қашпаған шенеуніктердің декларациясына шолу жасап, неге бұл құжаттар  қазақстандықтарды сонша таң қалдыра алмағанын зерттеп көрді. Елдегі экономикалық реформаларға жауапты министрлер бұл ашықтықтан неге қалыс қалды деген сұрақ әлі ашық күйінде қалды.

Қызық дегені қызық болмай шықты

Саяси қызметшілер мен олардың отбасы мүшелері табыс декларацияларын 2025 жылдың соңына дейін жариялауға міндетті еді.

– Былтыр сатып алғанымыздың бәрі – мүлік, бағалы қағаздар және басқа да активтер декларацияда көрсетіледі, сонымен қатар қаржының қайдан келгені де жазылады. Бұл ашық түрде, министрліктің сайтында жарияланады. Есеп әр министрліктің сайтында болады. Сондықтан жыл соңында бәрімен таныса аласыздар, – деп уәде берген еді жазда вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин.

Алайда журналистер бұл сөзді сәл басқаша түсінген сыңайлы. Көпшілік министрлер есепті кезеңде иелігінде болған барлық мүлікті көрсетеді деп ойлады. Ал мән беру керек болған тұс – «былтыр сатып алғанымыз» деген тіркес екен. Яғни, егер министр 2024 жылы ештеңе сатып алмаса, онда есеп беретін де ештеңесі жоқ.

Шенеуніктер үшін өте сәтті уақытпен тұспа-тұс келгендей, 2025 жылғы 27 желтоқсанда Мемлекеттік қызмет істері агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптарын өзгертті. Жаңа нормаларға сәйкес, ресми сайттарда жеке тұлғаның салық салынатын жалпы табыс сомасы мен декларация тапсырған адамның аты-жөні ғана жарияланады.

Ал бұрын шенеуніктер Қазақстанда және шетелде сатып алынған немесе сатылған мүлік, шетелдік банк шоттары және өзге де активтер туралы мәлімет беруге міндеттелетін.

Сонымен қатар Мемлекеттік қызмет істері агенттігі Ulysmedia.kz-тің ресми сауалына берген жауабында декларацияны есепті кезеңнің басында да, соңында да міндеттелген мәртебеде болған тұлғалар ғана тапсыратынын айтты. Яғни, егер біреу 2024 жылы министр болып тағайындалса немесе сол жылы қызметтен кетсе, ол 2024 жыл үшін есеп беруге міндетті емес.

Осы себепті агенттік тіпті декларациясын жариялауы мүмкін жоғары лауазымды тұлғалардың шамамен қанша екенін де айта алмады. Қысқасы, білгіңіз келсе, өзіңіз іздеңіз. Біздің шаруамыз нешік деген жауап.

– Ашық қолжетімділікте жеке тұлғаның негізгі қызметінен тыс, дербес түрде алған, салық салынатын табыстары ғана көрсетіледі. Сонымен қатар қолданыстағы жүйеде мемлекеттік қызметшілердің шығыстары декларацияда көрсетілмейді, – деп жауап берді агенттік.

Министрді әйелі асырап отыр ма?

Декларацияларды жаппай жариялау 2025 жылғы 30 желтоқсанда басталды. Алғашқылардың бірі болып өзін «салық реформасының авторы» деп атаған Серік Жұманғарин мен оның орынбасары Асан Дарбаев есеп берді.

Құжаттарға қарасақ, Ұлттық экономика министрлігінің бұл екі өкілі негізінен жалақыға күн көріп отырған сияқты. Ал олардың жұбайлары кәсіпкер әйелдер болып шықты. Серік Жұманғариннің жұбайы Сания Садықова қор нарығында 88,6 млн теңгеден астам табыс тапқан.

Одан Асaн Дарбаевтың жары – Гүлнұр да қалмаған сыңайлы. Ол 2024 жылы шамамен 70 млн теңге табыс тапқан. Бұл қаражаттың нақты қайдан келгені көрсетілмеген.

Осылайша, Серік Жұманғариннің декларация жариялаған жалғыз министр болып қалуына оның жұбайының инвестициялық табысы «көмектескені» байқалады.

Вице-министрлер алдыңғы шепте

Кейбір ведомстволар тек вице-министрлердің табысын жариялаумен шектелген. Бұл жерде де отбасын қосымша табыспен қамтамасыз етіп отырғандар көбіне жұбайлары. Мәселен, Қорғаныс министрінің орынбасары Қаныш Әбубәкіровтің жұбайы 2024 жылы 34 млн теңге тапқан.

Қаржы вице-министрі Асaт Тұрысовтың жұбайының табысы – 6,8 млн теңге. Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың жұбайы 5,3 млн теңге көрсеткен.

Бұл – негізгі жалақыдан бөлек табыс. Сауда және интеграция вице-министрі Асaт Нүсіповтің жұбайы да декларацияда 450 мың теңге қосымша табыс көрсеткен.

Қорыта келгенде, 20 министрліктің ішінде тек бір ведомство министр мен оның орынбасарының отбасылық декларациясын жариялаған. Тағы төрт министрлік тек бір вице-министрмен шектелген.

Елші де әйелінің қолына қарап отыр ма?

Ерекше көзге түскен – Сыртқы істер министрлігі. Ведомство министр мен вице-министрлердің емес, жеті елшінің табысын жариялаған.

Соның ішінде бұрынғы вице-премьер, қазір Эстониядағы Қазақстанның Төтенше және Өкілетті Елшісі Алтай Көлгіновтің отбасы назар аудартты. Оның жұбайы Жанар Келімбетова 2024 жылы 17 млн теңгеге жуық табыс тапқан.

Ал елшінің өзі сол кезеңге бір тиын да табыс көрсетпеген.

Дегенмен елшілер арасында белгілі бір тепе-теңдік те бар. Мысалы, Эфиопиядағы Қазақстан елшісі Барлыбай Садықов қосымша 3,4 млн теңге тапса, оның жұбайы табыс көрсетпеген.

Франциядағы елші Гүлсара Арыстанқұлова инвестиция немесе өзге заңды көздерден 2,6 млн теңге тапқан.

Жалпы алғанда, министрліктер қызметкерлері жариялаған декларациялар бойынша олардың отбасылары жалақыдан тыс шамамен 200 млн теңге табыс тапқан. Сома аса ірі болмауы мүмкін. Бірақ шенеуніктердің миллиондарды нақты қайдан, қалай тапқаны бәрібір қызық.

Мүмкін Жұманғарин, Дарбаев пен Көлгіновтің жұбайларына қаржылық сауаттылық бойынша жеке курстар ашатын уақыт келген шығар? Өйткені ақша табудың жолдарын олар анық біледі, бұған енді ешкім күмән келтіре қоймас.

Серіктес жаңалықтары