×
508.91
594.36
6.33
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
508.91
594.36
6.33

Қазақстан тарифтерді қымбаттатуға неге құмар?

08.01.2026, 10:24
Қазақстан тарифтерді қымбаттатуға неге құмар?
Ulysmedia.kz коллажы

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық сұқбатында жасанды түрде төмендетілген тарифтер мен жанармай бағаларын сынға алды. Президенттің айтуынша, бұл – ірі бизнеске беріліп отырған жасырын субсидиялар. Алайда тарифтердің өсуі энергетикадағы мәселелерді шеше ме? Қымбат бензин қазақстандық мұнай саласына көмектесе ала ма? Ең бастысы, инфляцияны қалай ауыздықтаймыз? Ulysmedia.kz осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

Тоқаев не деді?

Алдымен, президенттің айтқандарына тоқталайық.

— Арзан электр энергиясынан кім ұтты? Табысы төмен көпбалалы отбасылар емес, негізгі пайда көрушілер ірі кәсіпорындар болды. Арзан бензиннен кім ұтты? Әдетте қоғамдық көлікті пайдаланатын студенттер мен зейнеткерлер емес, билікке жақын, қазір «олигархтар» немесе «олигополия» деп аталатын кәсіпкерлер ұтты. Коммуналдық қызметтердің төмен тарифтерінен кім пайда тапты? Әрине, барлық төлемді уақытында төлейтін адал азаматтар емес, «коммуналдық батпақта» байып алған делдал-бизнес өкілдері, – деді президент.

Қарапайым тілмен айтқанда, төмен тарифтер – байларға берілетін субсидия. Ал оларды көтеру (2026 жылдың бірінші тоқсанынан кейін қазақстандықтарды күтіп тұрған) – мәжбүрлі қадам.

Не тарифтер өседі, не апаттар жалғасады

Қазақстандағы коммуналдық тарифтер көрші елдермен салыстырғанда расымен де аса жоғары емес. Ал энергетиканы қаржыландырудың өзге тиімді тетігі әлі табылмағандықтан, биліктің таңдауы қарапайым: не тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің бағасын біртіндеп нарықтық деңгейге жеткізу, не 2022 жылы Екібастұз бен Риддерде болғандай апаттарға жыл сайын тап болу.

Экономист Айдархан Құсайынов энергетикадағы тұрақтылықты тарифтерді көтермей қамтамасыз ету мүмкін емес екенін атап өтеді. Қазақстан билігі бұл мәселені ұзақ уақыт бойы кейінге ысырып келді. «Ковидтік» 2020 жылы коммуналдық қызметтердің бағасы төмендетіліп, содан кейін тарифтер төрт жыл бойы толық индексацияланбады. Осы кезеңде энергетика саласы қатты шектеулер жағдайында жұмыс істеді, ал қарапайым қазақстандықтар төмен тарифтерден байып кеткен жоқ. Сондықтан қазіргі ахуал – жылдар бойы қордаланған проблемалардың салдары.

— Тарифтерді көтеру қажет екені түсінікті. Олардың бізде нарыққа сай еместігі де анық. Бұл тек коммуналдық қызметтерге ғана емес, жалпы бәрін арзан ұстауға құрылған саясатқа қатысты. Қазір бұрын жасалуы тиіс болған қадамдарды жедел түрде өтеуге тура келіп отыр. Жалғыз жол - осы, – дейді Айдархан Құсайынов.

Үмітсіз шайтан 

Энергетиктер үшін президенттің бұл мәлімдемесі «бұлт сейілсе, күн ашылатындай» көрінгендей әсер қалдырды. Қазақстанның энергиямен жабдықтаушы ұйымдары қауымдастығының төрағасы Сергей Агафонов президент саланың өзекті мәселесін дәл сипаттап, оны шешудің ықтимал жолдарын да атап өткенін айтады.

— Тарифтерді тұтынушылар санаты бойынша саралау туралы бірнеше жылдан бері айтып келеміз, бұл сала үшін де, бүкіл экономика үшін де ең үлкен зиян. Халыққа арзан тарифті сақтап қалу үшін барлық дотациялық ауыртпалықты шағын және орта бизнеске артамыз. Лоббистік мүмкіндігі бар ірі бизнеске емес, онсыз да жағдайы мәз емес ШОБ-қа жүктейміз, – деді ол.

Агафоновтың айтуынша, қазіргі тарифтік жүйе соншалықты тиімсіз болғандықтан, бюджеттік ұйымдар коммуналдық қызметтер үшін нақты мақсатты қолдау болған жағдайда төлейтін сомадан 10-12 есе көп ақы төлеуге мәжбүр. Ал қарапайым азаматтар бәрібір шағын бизнеске арналған қымбат электр энергиясының құнын төлейді, себебі ол тауарлар мен қызметтердің бағасына қосылады.

— Жаңа мектептер, балабақшалар мен басқа да пайдалы әлеуметтік бастамалардың орнына біз бюджет қаржысын «тарифтік дифференциацияның отты пешінде» жағып отырмыз. Ақыр соңында дәл осы жүйе электр энергиясының бөлшек нарығындағы бәсекені жойды: тұтынушылар сапалы сервистен айырылды. Неге бұлай болды? Себебі біреу – шенеуніктер реформалардың нәтижесі үшін жауапкершілікті өз мойнына алғысы келмейді. Еш нәрсе жасамай тыныш отыру әлдеқайда оңай әрі қауіпсіз, – дейді Сергей Агафонов.

Қауымдастық төрағасы қазіргі тарифтер жағдайында инфрақұрылымды жаңғырту ғана емес, оны жұмыс істеп тұрған күйде ұстап тұру да мүмкін емес екенін ескертті. Қарапайым тілмен айтқанда, тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің қазіргі бағасын мүмкіндігінше ұзақ сақтауға тырыссаң, кейін апаттардың салдарын жою үшін шұғыл түрде қосымша қаражат бөлуге тура келеді. Мәселені Қазақстан экономикасының жоғары энергия сыйымдылығы (ЭЫДҰ елдерімен салыстырғанда 3,3 есе жоғары) одан әрі ушықтырып отыр. Бұл – инфрақұрылымның тозуымен пара-пар қосымша сын-қатер. Мұнда да тарифтерді көтермей болмайды. Бірақ, ең бастысы, тарифтердің өзін қайта қарау қажет. Қазіргі жүйе тұтынушыларды біртүрлі «жазалайтын» тәрізді. Оның орнына «ынталандырушы» модель енгізуге болар еді, мысалы, тұтыну нысандарына қарай тарифті өзгерту. Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүрген нақты нарықтық тетіктер дегеніміз – осы. Қазір қазақстандық энергетикаға дәл осылар жетіспей тұр.

Арзан, бірақ аз

Жанармай бағасы бөлек әңгіме. Президент олардың да жасанды түрде төмендетіліп отырғанын ашық мойындады. Бұл жаңалық емес, сарапшылар мұны жылдар бойы айтып келеді.

— Мен он жылдан астам уақыттан бері Қазақстанда тарифтер мен бағалар қолмен шектеліп отырғанын, бұл саланың дамуына кедергі келтіретінін айтып жүрмін. Барлығымыз төмен тарифтерді пайдаланғанымызға қуанамыз да, бензиннің шын мәнінде қанша тұратыны туралы ойланбаймыз. Бізде жанармай қымбат деген пікірді жиі естиміз. Алайда тұтынушылық шығындар құрылымына қарасақ, Қазақстанда бензин арзан екені көрінеді, – деп түсіндіреді мұнай-газ саласының сарапшысы Олжас Байділдинов.

Сарапшының есептеуінше, автокөлігі бар отбасы үшін жанармайға кететін шығын ел бойынша орташа табыс жағдайында жалпы бюджеттің 5-6 пайызына тең. Қазақстандықтар жанармайды үнемдеуге дағдыланбаған. Алайда арзан энергия тасымалдаушыларының дәуірі аяқталып келеді. Бұл ретте, мысалы, Алматыда автокөліктердің шектен тыс шоғырланғанын да атап өтуге болады.

— 2025 жылдың тоғыз айында мұнай өндіруге салынған инвестиция 690 млн доллардан да аз болды. Бұл – соңғы 20 жылдағы ең төмен көрсеткіш. Жаңа жобаларға инвестиция жоқ кезде, алдағы жылдары мұнай саласының қаншалықты құлдырайтынын елестете аласыз ба? Бұл – мемлекеттік реттеу мен бағаны ұстап тұрудың тікелей салдары. Ал оның өтеуі тарифтердің өсуі, инвестицияның азаюы, салықтардың төмендеуі және жұмыс орындарының қысқаруы түрінде келеді, – деп ескертеді Олжас Байділдинов.

Сарапшының айтуынша, доллармен есептегенде Қазақстандағы бензин бағасы қазір 2000-жылдардың басындағы деңгеймен шамалас. Нарықтық жағдайда мұндай болуы мүмкін емес. Бірақ ұзақ жылдар бойғы мемлекеттік реттеу өз әсерін тигізді.

— «Егер Қазақстанда тұрсаң, доллардың қандай қатысы бар?» деп сұрауға болады. Мәселе мынада: мұнай-газ өнеркәсібінде өзіндік құнның долларлық үлесі өте жоғары. Қазақстанда өндірілетін өнімнің өзі әлемдік бағалар мен доллар бағамына байланған. Сондықтан долларлық өзіндік құн баға қалыптастыруға бәрібір ықпал етеді, – деп түсіндіреді Олжас Байділдинов.

Бензин парадокстары

Бензин бағасының төмен болуының тікелей салдары – Қазақстанның көрші елдер үшін «жанармай құю бекетіне» айналуы. Көбіне бұл заңсыз жолмен жүзеге асады. Президент бұл мәселеге де назар аударды. Сонымен қатар, табиғи ресурстарға аса бай бола тұра, Қазақстан ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмай отыр.

— Қазір біз ішкі нарықты отынмен толық қамти алмаймыз. Дизель отыны бойынша тәуелдіміз: шамамен 5,1 млн тонна өндіреміз де, жылына 400-450 мың тоннаны Ресейден бажсыз импорттаймыз. Егер ЕАЭО болмағанда, кедендік баж да төлеуге тура келер еді. Бензин бойынша да шамамен 5,1 млн тонна өндіреміз, ал жылына 300 мың тоннадай импорттаймыз. Битум бойынша шамамен 50 пайызға, авиакеросин бойынша 40 пайызға тәуелдіміз. Электр энергиясы бойынша желтоқсанда, тұтыну шегіне жеткен кезде, шамамен 8 пайызын Ресейден импорттаймыз. Табиғи газ бойынша тәуелділік 20 пайызға жуық болады, – деп тізбектейді Олжас Байділдинов.

Біз не нарықтық бағаларға біртіндеп көшуіміз керек, не тапшылықты сезініп, қиналуцмыз керек. Төмен бағалар Қазақстанда өндірісті дамытуды тиімсіз етеді. Бензинге аз төлеуге деген ұмтылыс отынды Ресейден (ал авиакеросин жағдайында – Қазақстан мұнай экспорттайтын Қытайдан) көбірек импорттауға әкеліп отыр. Бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Демек, жанар-жағармай бағасының өсуі – сөзсіз.

Дүмпу жасайтын уақыт па?

Тағы бір сұрақ – тарифтерді көтеру уақытының қаншалықты орынды екені. Ел экономикасы өсті, ал халықтың табысы төмендеді. Сарапшылар мұны қауіпті әрі парадоксты жағдай деп бағалайды. Айдархан Құсайынов тарифтерді көтермес бұрын билік әлдеқайда ауқымды мәселеге назар аударуы керек дейді. Атап айтқанда, 2025 жылдың қазанында рекордтық 10 пайызға төмендеген халықтың нақты табысына.

— «Табыстар инфляцияға байланысты өспей жатыр» деп айтып отырып, сол инфляцияны үдететін тарифтерді көтеру – күмәнді шешім. Ең алдымен, экономикада не дұрыс емес екенін түсіну керек. Иә, тарифтерді көтеру қажет. Иә, бұл маңызды. Бірақ қазірдің өзінде жасалған өсімнен кейін тарифтердің одан әрі көтерілуі соншалықты шешуші де, сындарлы да емес, – деп атап өтеді Айдархан Құсайынов.

Жағдайы төмендерге қалай көмектесу керек?

Алайда Сергей Агафонов тарифтердің өсуі қазақстандықтарды кедейлендірмейді деп санайды. Оның айтуынша, бұл биліктің міндеті. Яғни билік нақты жұмыс істейтін әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірлеу керек 

— Әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін ешқандай қауіп жоқ. Шенеуніктерге сәл ғана күш салып, тиімді мақсатты қолдау жүйесін енгізу жеткілікті. Цифрлық дәуірде бұл қиын емес, оның үстіне жыл сайын ондаған миллиард бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді, – дейді сарапшы.

Жаңа мораторий бола ма?

Бірінші тоқсанның соңына дейін әрекет ететін ТКШ тарифтерін көтеруге мораторий – уақытша демалыс қана. Жыл ортасына қарай коммуналдық қызметтер қайтадан қымбаттай бастайды. Бұл жалпы «инфляциялық қоржынға» өз үлесін қосады.

— Инфляция секіріп, халықтың табысы одан әрі төмендейді. Тарифтерді көтеру керек, бірақ одан да күрделі проблема пісіп-жетіліп тұрғанын көріп отырсаңыз, маңызы төменірек мәселені кейінге қалдырған жөн емес пе? – деп сұрақ қояды Айдархан Құсайынов.

Ол билік өз қадамдарының нәтижесін бағалап, тарифтерді көтеруге қатысты тағы бір мораторий енгізуі немесе әлеуметтік шиеленіс тудыратын болса, Салық кодексіндегі кейбір нормаларды кері қайтаруы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Соның салдарынан тұйық шеңбер пайда болу қаупі бар: тарифтердің өсуі, халықтың кедейленуі, мәселені шешу үмітімен енгізілген кезекті мораторий.

— Бұрын жүргізілген экономикалық саясат ішкі проблемалардың осындай қордалануына алып келді, қазір энергетикадағы жағдай соншалықты шешуші фактор емес. Екі-үш жыл бұрын бұл тәсілмен бірдеңе істеуге болар еді. Ал қазір тарифтер басты бағыт емес, – деп түйіндейді Айдархан Құсайынов.

Сондықтан жекелеген аспект тұрғысынан президенттің пікірімен келіспеуге болмайды. Бірақ тарифтерді көтеру жалпы экономикалық ахуалды ескере отырып жүргізілуі тиіс. Мұнда ең маңыздысы – жуырда Қасым-Жомарт Тоқаев айтып өткен үйлесімді табу. Және бір сәттік саяси пайдаға емес, ең болмағанда ел экономикасына, халыққа зияныңды тигізбеуге тырысу керек.

Серіктес жаңалықтары