×
508.91
594.36
6.33
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
508.91
594.36
6.33

Білімге құйылған миллиардтар: «Қаржы орталығы» квазиқұбыжыққа қашан айналды?

09.01.2026, 16:38
Білімге құйылған миллиардтар: «Қаржы орталығы» квазиқұбыжыққа қашан айналды?
Ulysmedia.kz коллажы

Елдегі білім беру жүйесі үшін аса маңызды болғанымен, көпшілік біле бермейтін мекеме туралы президент Тоқаевтың сұхбатынан кейін айтыла бастады. «Қаржы орталығы» қоғам назарына сұқбаттан кейін ілікті, дәл осы құрылым болмаса, студенттер шәкіртақы ала алмайды, ал мектептер заңда көзделген жан басына шаққандағы қаржыландырудан қағылады. Айтпақшы, 2025 жылдың соңында Үкімет бұл акционерлік қоғамды Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігінің қарамағына өткізген-тұғын. Ол да кейін еске түсіп жатыр. Бұрын «Қаржы орталығының» негізін қалаушы саналатын Оқу-ағарту министрлігі бюджет қаржысынан неге шеттетілді және ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетіп жатқан ақшалар үшін кім жауап береді? Ulysmedia.kz мәселенің мәнісін анықтауға тырысты.

Мектепте не үйретеді?

Жаңа жыл қарсаңында жарияланған қарапайым ғана қаулы үлкен резонанс тудырғаны анық. «Қаржы орталығы» АҚ акциялары Оқу-ағарту министрлігінен Қаржы министрлігіне берілді. Іс жүзінде бұл процесс әлдеқайда бұрын басталған. 2025 жылдың күзінде жекеменшік мектептер мемлекет жан басына шаққандағы қаржыландыру мен мектеп құрылысына берілетін субсидиялар бойынша қарызымыз бар деп жаппай мәлімдей бастаған соң, мемлекеттік тапсырысты қаржыландыру тетігіне ауқымды тексеріс жүргізілген. Оның нәтижесін көрсеңіз сіз де шошитын едіңіз.

– Қаржы министрлігі мемлекеттік тапсырыс алатын жекеменшік мектептерді қаржыландыруда елеулі заңбұзушылықтарды анықтады. Атап айтқанда, 745 мекеменің 155-і алған кірістерін көрсетпеген. Цифрландырылған 427 мектептің шамамен 30 пайызы қызмет түрінің нысаналы мақсатына сәйкес келмейді. Түркістан облысы Мақтаарал ауданында бір мектептің нысаналы мақсаты – тойхана, ал Шымкентте сауда орталығы болып шықты, - деп есеп берді Қаржы министрі Мәди Такиев бір апталық тексерістің қорытындысы бойынша.

Оның айтуынша, тағы 64 мектепте оқушылар саны жобалық қуаттан екі есе асып кеткен, оқушылар мен мұғалімдер саны қолдан қосылған, қосарланған қаржыландыру фактілері де анықталған. Оқу-ағарту министрлігі «Қаржы орталығы» арқылы мұндай мектептерге қанша уақыт бойы ақша аударып келгенін Қаржы министрлігі ашып айтқан жоқ. Тексеру әлі де жалғасып жатқанын ескерсек, «балалар қамы» деген желеумен бюджеттен миллиардтар қалай шығарылғаны жөнінде жаңа деректер шығуы да мүмкін.

Иә, сөз шынымен миллиардтар туралы. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан жекеменшік мектептерді жан басына шаққандағы қаржыландыруға 130 млрд теңгеден астам қаржы жұмсаған. Бұл ақша төленуі тиіс, өйткені мұндай алаяқ мектептермен қатар, бұл бағдарлама жүздеген адал білім беру ұйымдары үшін негізгі табыс көзі болып отыр.

Алайда жекеменшік мектептерді қаржыландыру «Қаржы орталығының» бір ғана функциясы емес, жай ғана соңғы дау-дамайдың аясында ең көзге түскені. Жалпы есеппен алғанда, «Қаржы орталығы» арқылы шамамен 2 трлн теңге бюджет қаржысы жұмсалған. Осындай ауқымдағы қаражаттың бәрі мақсатты жұмсалды дегенге осыдан кейін енді қалай сенесің?

Несиені кімге төлейтініңді білмесең де, төлеуге тиіссің

«Қаржы орталығы» 20 жыл ішінде мемлекет пен балалар арасындағы барлық қаржылық ағынды басқарушы нағыз квази құбыжыққа айналды. Жылап жатқан баланы «Қаржы орталығы» келе жатыр деп қойғызатын хәлге жеттік. Алғашында ол мемлекет берген білім беру несиелерін бақылаумен айналысқан. 1999-2005 жылдары бұл жүйе грантқа балама ретінде кең қолданылды. ЖОО, талапкер және «Қаржы орталығы» келісімшарт жасайтын, орталық оқу ақысын төлейтін, ал студент кейін бес жыл ішінде мемлекетке қарызын қайтаратын.

2005 жылы бұл несиелер тоқтатылды, ал оқуды аяқтамағандар грантқа ауыстырылды. Бірақ бұрын берілген қарыздарды өндіру оңай болу үшін «Қаржы орталығы» акционерлік қоғамға айналды. Ол кезде оның негізгі екі ғана функциясы болды: біріншісі,  грант иелерінің оқуын төлеу, екіншісі, ескі қарыздарды жинау.

Ал бұл бағытта орталықтың жұмысы сәтсіз болды. 2013 жылдың соңына қарай бұрын білім несиесін алған 20 мыңнан астам адам, яғни үштен бірі, қарызын төлемегендер тізіміне енді. Орталық жаппай сотқа жүгінді. Бірақ мәселе қарызды төлемеуде емес, мәселе борышкер оны қайда және қалай төлеу керектігін білмегенінде болып шықты.

– Бұл он жыл бұрын еді. Ешбір жерде төлем қабылдамайтын. Ал мен қарызымнан құтылғым келді, өйткені ол әйтеуір бір күні бәрібір алдымнан шығар еді. «Қаржы орталығына» хат жазып, қайда төлеу керегін сұрадым. Олар маған төлеу кестесін жіберіп, кез келген банк арқылы төлеуге болады деп жауап берді. Банктерді аралап, ақшамды алыңдар деп жалынып жүрдім. Олар бас тартты. Тек «Халық банктің» бір бөлімшесінде басшылықты шақырып, олар ойланып, аударымды қабылдауға келісті, - деп еске алады павлодарлық журналист Светлана Воронова.

Соған қарамастан, соттардың басым бөлігі «Қаржы орталығының» пайдасына шешім шығарып, борышкерлерден негізгі қарызды ғана емес, өсімпұл мен айыппұлды да өндіріп берді.

Білім беру саласындағы квазиқұбыжық

Осы тәсіл біреулерге ұнап қалғандай ма, әлде кездейсоқтық па, «Қаржы орталығының» өкілеттігі жыл сайын кеңейе берді. Бүгінде дәл осы ұйым арқылы мектептер, студенттік жатақханалар мен балабақшалар құрылысына берілетін мемлекеттік кредиттерге кепілдік беріледі. Мемлекеттік білім беру тапсырысын бөлу, шәкіртақы төлеу, мектептер мен балабақшаларды жан басына шаққандағы қаржыландыру, сондай-ақ мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі де осы орталықтың құзырында.

Шын мәнінде Қазақстандағы білім саласына бөлінетін барлық қаржы осы «Қаржы орталығы» арқылы өтеді деуге болады. Бірақ Үкіметтің шешіміне дейін бұл квазиқұбыжық саланы көбірек қаржыландыруға мүдделі ведомствоға бағынып келген. Ал мұндай жағдайда «ішкі проблемаларды сыртқа шығармауға» да мүдделілік болатыны анық.

Дұрыс ұйымдастырылған жағдайда «Қаржы орталығы» балабақшадан бастап ЖОО-ға дейінгі бүкіл жүйенің тиімділігін талдайтын нағыз аналитикалық өзекке айналар еді. Бірақ олай болмады. Орталық бұрынғы студенттермен соттасып, кредит пен гранттарды өндіріп алумен әуре болды. Ал алпауыт құрылыс компаниялары мен жекеменшік мектептерді бақылау екінші орынға ысырылды.

Ал миллиардтарды шығару схемалары көз алдымызда тұрған екен. Тізімде ғана бар адамдар, яғни жалған оқушылар мен мұғалімдер арқылы бюджет қаражаты әлдекімдердің қалтасына кетіп отырған. Бірақ бұл ғана емес. Білім саласының сарапшысы Ғабит Бекахметов құрылыс компаниясының мектепті өзіне тегін салып алу схемасын сипаттаған. Қысқасы, смета әдейі жоғары бағамен беріледі, ал субмердігер – а өз адамдары. Мемлекет шығынды өтейді, оның үстіне жан басына қаржыландыру төлейді. Нәтижесінде, екі жақтан да пайда түседі.

– Бұл тек гипотетикалық схема, нақты бар деп айта алмаймын. Бірақ Қостанай мен Астанадағы мектеп құрылысының бағасын салыстырсаңыз, айырмашылық бар. Климат бірдей ғой. Мұны тергеп-тексеру керек, - дейді Ғабит Бекахметов Ulysmedia.kz тілшісіне.

Жаңа қызмет пе, әлде басқа ма?

Осыдан кейін «Қаржы орталығының» қызметкерлері мұндай бассыздықтарды неге көрмеді деген сұрақ туады. Әлде көрді ме? Мысалы, 2025 жылы орталық жекеменшік мектептерді қаржыландыруды әкімдіктерге берген. Ресми нұсқа бойынша, өңірлер өздеріне не қажет екенін жақсы біледі деген себеп айтылды. Ал бейресми себеп – 2025 жылдың жазында тағайындалған басшы Шолпан Үтелбаева тәуекелдерді (заңсыздықты) байқады ма?

Оған дейін орталықты бұрынғы банкир Асқар Ибраимов басқарды. ProKadry арнасы оның жаңа қызметке тағайындалуы мүмкін екенін жазған, бірақ кейін ол туралы ешқандай ақпарат шықпады. Тоғыз жыл бойы білім саласының миллиардтаған қаржысын басқарған менеджердің кейінгі тағдыры мен карьерасы түсініксіз.

Ulysmedia.kz жекеменшік медицина мен білім саласы қалайша миллиардтарды жұтатын «қара құрдымға» айналғанын және бұл схеманы кім құрғанын зерттеуді жалғастырады.

Серіктес жаңалықтары