Үш жыл бұрын екіге бөлініп, «реформадан» көз ашпайтын, екі-үш жыл сайын министрі ауысып тұратын білім саласында тағы да өзгеріс пен дау болып жатыр. Оның бірі ғылымға бөлініп жатқан қыруар қаржы төңірегінде болса, енді бірі қарапайым Kundelik.kz бағдарламасына қатысты. Ай мен күннің аманында, оқу жылының ортасында ата-аналарға BilimClass бағдарламасына ауысу ұсынылды. Ulysmedia бүгін Тәуелсіз Қазақстан тарихында «білім саласын кімдер басқарды және олар несімен есте қалды?» деген сұрақтарға жауап іздеп, басынан дау мен өзгеріс «реформа» арылмайтын министрліктің тарихына қысқаша тоқтап көруді жөн санады.
Қазіргі оқу-ағарту министрлігі мен ғылым және жоғары білім министрлігі 2022 жылға дейін бір ғана – білім және ғылым министрлігі болған. Бұл министрлікті кейінгі 35 жылда кімдер басқармады. Алды Ғалым Әбілсейтовтен басталып, аяғы Асхат Аймағамбетовпен аяқталады. Енді соларға рет-ретімен тоқталайық.
Ғалым мен Школьник
Тәуелсіздіктің басында қысқа уақытқа (1992-1994 жылдары) министрлікті Ғалым Әбілсейтов басқарды. Премьер-министрі Сергей Терещенко үкіметінің құрамында болды. Жалпы, білім саласы жоғары билікте уақытша келіп, кететін орын іспетті әсер қалдырады. Себебі министр болып тағайындалған шенеуніктер арасында министр креслосында бір жыл ғана отырып қайтқандары бар. Бірақ олардың қатарында Владимир Школьник жоқ. Себебі ол білім және ғылым министрлігін (сол кездегі білім және жаңа технологиялар министрлігі) күректей бес жыл басқарған. Бұл орында одан артық отырған адам әзірге жоқ.
Владимир Школьник министрлікті 1994-1999 жылдар аралығында басқарды. Кейіннен энергетика министрі, вице-премьер, президент әкімшілігі басшысының орынбасары, президенттің кеңесшісі және т.б қызметтерді атқарды. Ол экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың сенімді серіктерінің бірі болды.
Бір-екі жылдық министрлер
Школьниктен кейін білім саласына бір-екі жылдық министрлер келді. Олардың қатарында Қырымбек Көшербаев (1999-2000 жыл), Нұралы Бектұрғанов (2000-2002 жыл), Шәмшә Беркімбаева (2002-2003 жыл), Жақсылық Құлекеев (2003-2004 жыл) болды. 2008 жылы Құлеккев істі болып, үш жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ көп ұзамай шартты жазамен бостандыққа шықты. Толықтай ақтау туралы сот шешімі 2021 жылдың желтоқсанында шығарылды. Бас-аяғы төрт жылда төрт министр ауысты.
Үш жылдықтар кезеңі
Осыдан кейін білім және ғылым министрлігіне үш жылға (2004-2007 жыл) Бірғаным Әйтімова аялдады. Әйтімовамен бірге үш жылдықтар кезеңі басталды. Одан кейін келген үш шенеунік те министр креслосына үш жылдан отырып кетті. 2007-2010 жылдары аралығында министрлікті Жансейіт Түймебаев басқарды. 2010-2013 жылдары Бақытжан Жұмағұлов министрлік тізгінін ұстаса, 2013-2016 жылдары аралығында оның орнын Асылан Сәрінжіпов алмастырды.
«Әліппемен қоштасу»
Сәрінжіповтің тұсында даулы жаңа мектеп бағдарламасы әзірленді. Ол бойынша «Әліппе» мен «Ана тілін» оқыту алынып тасталды. Сәрінжіповтің әзірлеген бағдарламасын одан кейін министр болып келген (2016-2019 жыл) Ерлан Сағадаев жүзеге асырды. Бастауыш сыныбының оқушылары «Әліппе» мен «Ана тілінің» орнына «Сауат ашу» пәнін оқыды. Бұл қоғамда үлкен сынға ұшырады.
Ерлан Сағадиев білім беру жүйесіндегі басты реформаторлардың бірі саналады. Оның негізгі реформасы – жаңа оқулықтар. Онда оқушыларға классикалық шығармаларды оқып қана қоймай, сол бойынша фильм көру, сондай-ақ танымал телешоулар арқылы «жақсы» мен «жаманды» ажыратып, талдау ұсынылды. Сондай бастамалардың бірі ресейлік «Вечерний Ургант» бағдарламасын көру жөніндегі ұсыныс үлкен дау тудырды: ата-аналарды жаңашыл тәсіл ғана емес, қазақстандық балаларға ресейлік телешоулар неге керек деген сұрақ та алаңдатты. Ерлан Сағадиев сынға барынша төтеп берді, бірақ ең маңызды сұрақ – «жаңартылған» оқулықтарға Қазақстан қанша қаржы жұмсады» дегенге жауап бермеді. Ал мәжіліс депутаты Ирина Смирнованың сауалдарына сүйенсек, бұл сома 2016 жылы – 6,2 млрд теңге, 2017 жылы – 24,1 млрд теңге, 2018 жылы – 28,6 млрд теңге болған. Барлығы – шамамен 59 млрд теңге.
Бес айлық министр және қайта оралған Әліппе
Ерлан Сағадиевтен кейін 2019 жылы бес айға Күләш Шәмшидинова министр болды. Дәл осы жылы маусымда Асхат Аймағамбетов су жаңа білім және ғылым министрі болып тағайындалды. 2021-2022 оқу жылынан бастап «Әліппе» қайтадан мектеп бағдарламасына енгізілді. Аймағамбаетовтің кезінде «педагог мәртебесі туралы заң» қабылдады. Бірақ ол елдегі мұғалімдер мәселесін толықтай шешіп тастады деп айту қиын.
Қазақстанда мұғалімдер міндетінен тыс жұмысқа жегілетіндерін, директорлар мемлекеттік газеттерге қинап жаздыратынын айтып, жиі шағымданады. 2017 жылы елдегі мұғалімдер Астанадағы ЭКСПО көрмесіне күштеп билет алғандарын жеткізген.
Сайлау кезінде де мұғалімдер тартылады. Тәуелсіз бақылаушылар мұғалімдердің урнаға бюллетеньдерді топтап салғаны туралы деректерді жиі тіркейді.
Екіге бөлінген министрлік
2022 жылы білім және ғылым министрлігі екіге бөлінді. Асхат Аймағамбетов оқу-ағарту министрі болып, Саясат Нұрбек ғылым және жоғары білім министрі болып тағайындалды.
2023 жылы Аймағамбетовтің орнына министр болып Ғани Бейсембаев келді. Бірақ ол да бұл қызметте ұзақ отырған жоқ. 2025 жылы қыркүйекте министр креслосына Жұлдыз Сүлейменова жайғасты.