Ulysmedia.kz тілшісі Нұрбол Құралов полицияда бір сағаттан астам уақыт болды. Ол редакциялық тапсырманы орындау барысында ұсталған. Бұл ретте полицейлер қызметкеріміздің телефонындағы фото мен видеоларды өз беттерінше өшіріп тастаған. Құқық қорғау органдары өз әрекеттерін сенімді түрде жасағанымен, ІІМ басшылығы бір тәулік бойы бұл жайтқа қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ, журналистен ешкім кешірім де сұрамады. Мұның бәрін көре тұра, біз, бәлкім, бұл енді бізге айтылмаған «жаңа норма» шығар деп ойладық. Журналистер енді адамдардың проблемасын көрсетуге, көмек сұраған немесе жалынған жандарды кадрға түсіруге құқығы жоқ па? Осыған байланысты біз полиция әрекетіне белгілі заңгерлерден пікір сұрадық.
Ұстау барысының мән-жайы
Нұрбол Құралов 15 қаңтарда аса маңызды тапсырмамен жолға шыққан. Астанаға баласынан айырылған аналар келген еді. Олардың қатарында Алматыда өз үйінің ауласынан асылып тұрған күйде табылған мектеп оқушысы Адель Ақанованың анасы да болды. Тергеу «өз-өзіне қол жұмсау» нұсқасын қарастырып отыр, алайда қыздың анасы баласын өлтіріп кеткеніне сенімді. Сондай-ақ сол жерде қызының портретін ұстап тұрған Ақнәр Гүлстанның анасы да болды. Қыздың денесі тұрғын үй кешенінің терезесінің түбінен табылған. Тағы да тергеу нұсқасы бойынша ол «жай ғана құлап кеткен», ал анасы оған «көмектесті» деп есептейді. Қазақстан бойынша мұндай оқиғалар қаншама? Ата-аналардың бар қалауы – тергеу органдарының оларды естуі. Дәл осы үшін олар Астанаға келіп, Президент Әкімшілігіне ұжымдық өтініш тапсыруды көздеді. Кем дегенде сол жақтан полицияны барлық нұсқаны қарастыруға, өздеріне ең оңай жолмен кетпеуге мәжбүр етсе деген үміт болды.
Нұрбол өз жұмысын атқарды: болып жатқан жайтты тіркеп, мемлекеттік органдардың реакциясын күтті. Алайда бұл полицейлерге ұнамады. Журналисті ұстауға сылтау тез табылды: Нұрбол 2026 жылға арналған қызметтік куәлікті редакциядан алып үлгермеген, ал қолындағы куәліктің мерзімі 2025 жылдың 31 желтоқсанында аяқталған. Полицейлер редакцияға қоңырау шалмады, өзге құжаттарды да қарамады, митингке шыққан әйелдермен бірге қызметкерімізді Есіл аудандық полиция басқармасына алып кетті. Осы кезде оның телефоны мен өзге техникасы тәркіленіп, түсірілген материалды өшіру талап етілді. Алайда Нұрбол «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңды ескеріп, бұған келіспеді. Бір сағаттан кейін оны полициядан босатып, телефонын қайтарды. Бірақ онда митингіден қалған фото да, видео да жоқ болып шықты. Полиция қызметкерлері файлдарды өз беттерінше өшіріп тастаған.
Заңгерлердің пікірі
Медиа-заңгер, ұлттық және халықаралық медиа-құқық саласының сарапшысы, «Құқықтық медиа-орталық» ҚҚ теңқұрушысы Гүлмира Біржанованың айтуынша, журналисті ұстаудың қандай жағдайы болмасын, полиция қызметкерлерінің оның техникасындағы фото мен видеоны өшіруге құқығы болмаған.
– «Масс-медиа туралы» заңға сәйкес, қоғамдық орында фото және видео түсіруге рұқсат етіледі. Материалды өшіру талабы тек ерекше жағдайларда, мысалы тергеу құпиясына қатысты болса ғана қойылуы мүмкін. Бұл жағдай оған жатпайды. Құқық қорғау органдарының әрекеті ҚР Конституциясымен кепілдендірілген сөз бостандығы құқығын бұзады, – дейді Гүлмира Біржанова.
«Ақпаратқа қол жеткізу туралы», «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Ақпараттандыру туралы», «БАҚ туралы» заң жобалары бойынша жұмыс топтарының мүшесі ретінде ол редакцияға және Нұрболдың өзіне полиция озбырлығына қатысты арыз жазуға кеңес береді.
– «Жеке басын анықтау үшін» ұстауды формалды түрде түсіндіруге болатын шығар, ал материалдарды өшіру, техниканы тәркілеу, бұл жағдайда фото мен видеоны жою – журналист жұмысына өрескел араласу болып саналады және полицияның заңды өкілетінен асып кетіп отыр. Қазақстанда бір мәселе бар: митингілер мен осындай акцияларды жариялап жүрген журналистерді қатысушылармен теңестіріп жатады. Бірақ бұлай жасауға болмайды. Журналистердің жұмысы «Масс-медиа туралы» заңмен реттеледі, онда олардың оқиғаны жариялауға құқығы нақты көрсетілген. Олар қатысушы емес, өз кәсіби міндетін атқарып жүр, – дейді Гүлмира Біржанова.
Медиа-құқық жөніндегі тағы бір сарапшы Сергей Уткин журналистің қызметіне тіпті оның қызметтік куәлігінің мерзімі өтіп кеткен жағдайда да кедергі жасауға ешкімнің құқығы жоқ екенін атап өтті.
– Егер адам жай ғана оқиға орнында болып, оны жариялап жүрсе, ол бәрібір Қазақстан заңнамасымен қорғалады. Азамат ұсталған немесе полиция бөлімшесіне жеткізілген жағдайда, ӘҚБтК-нің 786, 787-баптарына сәйкес, оған қатысты әкімшілік құқық бұзушылық ісі қозғалуы тиіс. Демек, ұстау (жеткізу) туралы хаттама толтырылып, онда себептері, нақты уақыты, қызметкердің лауазымы, аты-жөні және қолы көрсетілуі керек. Ал азаматтың жанындағы заттарды тәркілеу ӘҚБтК-нің 795-бабына сай жеке хаттамамен рәсімделуі тиіс, оның бір данасы азаматқа беріледі, куәлар қатысуы немесе процесс видеоға түсірілуі қажет. Бұл хаттамалар мен полиция әрекеттеріне шағымдануға болады, – деп түсіндіреді Сергей Уткин.
Оның айтуынша, тергеу органдарының жұмысына наразы болған әйелдер жабық режимдегі нысанда емес, көшеде, яғни қоғамдық орында митинг өткізген. Демек, олардың акциясын да, полиция қызметкерлерін де кез келген адам түсіре алады. Бұл жағдайда түсірілімге ешқандай тыйым жоқ: орын – қоғамдық, қызметкерлер – қызмет бабында.
– Заң полицейге азаматтың келісімінсіз телефонның ішін қарауға құқық бермейді, өйткені онда заңмен қорғалатын құпия ақпарат болуы мүмкін. Ал материалдарды өшіруге мүлде рұқсат жоқ. Тек әкімшілік құқық бұзушылық ісін қарайтын сот қана азаматтан алынған заттарға қатысты қандай шешім қабылданатынын анықтай алады. Оған дейін заттар белгіленген тәртіппен сақталуы тиіс, ешкім оларды ақтаруға құқылы емес. Егер полиция журналисті ұстап, бөлімшеге жеткізсе, бірақ ешқандай хаттама толтырмаса және тапсырмаса – бұл өрескел заң бұзушылық. Егер куәлерсіз және видео тіркеусіз телефонды күшпен алып, хаттама толтырмаса – бұл да заң бұзу. Ал егер телефонды өз бетімен тексеріп, қалағанын өшірсе – бұл тіптен сорақы заңсыздық, – деп атап өтті Сергей Уткин.
Азаматтық және қылмыстық істер бойынша адвокат Анар Құсайынова әріптестерінің пікірін қолдай отырып, полиция қандай заң нормаларын бұзғанын нақты көрсетті.
– Құқық қорғау органдары ҚР Конституциясы мен «Масс-медиа туралы» заңда кепілдендірілген журналистің сөз бостандығы, ақпарат алу және тарату, цензураға тыйым салу құқықтарын бұзды. «Масс-медиа туралы» заңның 26-бабына сәйкес, журналистің: 1) ақпарат жинауға, өңдеуге, материал дайындауға, сұратуға, алуға және таратуға; 3) Қазақстан заңдарымен тыйым салынған жағдайларды қоспағанда, аудиовизуалды техника, кино және фото түсірілім құралдарын пайдаланып жазба жасауға; 4) журналист куәлігін немесе айырым белгісін көрсетіп, бейбіт жиналыстарда және өзге де қоғамдық мүдделер білдірілетін жерлерде болуға құқығы бар, – деп еске салды ол.
Сонымен қатар, Анар Құсаинованың айтуынша, жеке ұялы телефонды тәркілеуге, тіпті онымен қандай да бір әрекет жасауға полиция тек соттың санкциясымен ғана құқылы. Мұндай санкцияның болғаны екіталай.
– Есіл аудандық полиция қызметкерлері сот санкциясынсыз журналистің ұялы телефонын өз беттерінше алып, түсірілген видеоны заңсыз өшірген, яғни оның телефонын ашып, өкілетін асыра пайдаланған. Бұл үшін кемінде ҚР ҚК-нің 158-бабы бойынша – журналистің заңды кәсіби қызметіне кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы тиіс, – деп түсіндірді Анар Құсайынова.
Қорытынды
Сонда Қазақстандағы заңнама өзгермегені ме? Журналистер әлі де елдегі өмірді ашық әрі шынайы көрсетуге, кейбіреулер көргісі келмейтін жайттарды жариялауға құқылы ма? Біз Ішкі істер министрі Ержан Саденовтің жауабын күтіп отырмыз және болған оқиғаға вице-премьер – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баға береді деп үміттенеміз. Сондай-ақ біз алдағы уақытта да тек ресми тұлғаларға емес, Ақнәр Гүлстан мен Адель Ақанованың аналары секілді қарапайым азаматтарға да бұрынғыдай көпшілікке өз үнін жеткізуге мүмкіндік береміз.