×
512.16
594.72
6.57
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
512.16
594.72
6.57

Тоқаев Құрылтайда не туралы айтады? Билік тармақтары қалай өзгеруі мүмкін?

Бүгін, 10:12
Тоқаев Құрылтайда не туралы айтады? Билік тармақтары қалай өзгеруі мүмкін?
Ulysmedia.kz коллажы

Ұлттық құрылтай 20 қаңтар күні Қызылорда қаласында өтеді. Елдегі ресми іс-шаралар кестесімен таныс көпшілік үшін қыс ортасында ұлттық құрылтай өтеді екен деген ақпарат тосын болғаны рас. Әдетте Құрылтай қар еріп, жер аяғы кеңіген шақта ұйымдастырылатын. Ал бұл жолы қақаған қыс, әрі президент қатысатын Үкіметтің дәстүрлі бірлескен отырысына дейін өткізілмек. Мұның өзі Мемлекет басшысы Құрылтай мінберінен аса маңызды дүниелерді айтуды жоспарлап отырғанын аңғартады. Нақты не жөнінде сөз болатынын Ulysmedia.kz тілшілері Ұлттық құрылтай мүшелерінен сұрап көрді.

Құпия

Президенттің Құрылтайдағы баяндамасының тақырыбы ешқашан алдын ала жарияланбайды. Алайда бұл алаңда айтылған кейбір мәлімдемелер ел тағдырына тікелей әсер етіп жатады. Мәселен, Ұлытауда өткен алғашқы Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев Республика күнін ұлттық мереке мәртебесіне көтерді. Бұл халық дауыс беру арқылы шешім қабылдайтын жаңарған Қазақстанның символдық бастауы болды.

Ал бесінші Ұлттық құрылтайдың басты тақырыбы, Ulysmedia.kz сауал жолдаған сарапшылардың пікірінше, айқын, ол парламенттік реформа жайлы болуы мүмкін.

– Алғашқы екі Құрылтай жазда өтті, кейінгілері көктемде ұйымдастырылды. Ал бұл жолы кенеттен қаңтар айында жиналмақ. Оның үстіне Құрылтай өтетіні туралы хабар президенттің мемлекеттік кеңесші Ерлан Қаринді қабылдап, Конституциялық реформа жөніндегі жұмыс тобының есебін тыңдағаны туралы ақпаратпен бір хабарламада жарияланды. Айта кету керек, бұл жұмыс тобының отырыстары өте қарқынды өтті, апта сайын жиналды. Соңғы жиында Ерлан Қарин жұмысты қорытындылайтын уақыт келгенін айтты, – дейді саясаттанушы, Ұлттық құрылтай мүшесі Ғазиз Әбішев.

Көптің көкейінде Құрылтайда нақты не жарияланады деген сұрақ тұр? Елді алдымен референдумға, кейін сайлауға шақыра ма? Әлде сарапшылар әзірлеген Конституциялық реформаның тұжырымдамасы ұсынылып, сол «жоба» кең ауқымда талқылана ма?

Ғазиз Әбішевтің айтуынша, екі нұсқа да мүмкін.

– Шынын айтқанда, бұл – техникалық мәселелер. Бірақ Конституциялық реформа бойынша референдумның биылғы көктемде өту ықтималдығы өте жоғары. Заң бойынша референдум оны жариялағаннан кейін 1-3 ай аралығында өткізіледі. Теориялық тұрғыдан ол ақпан айында да өтуі мүмкін. Қазақстанда бұл процедура бұрын бірнеше рет пысықталған, — дейді ол.

Жеделдетудің себептері

2025 жылғы Жолдауында парламенттік реформаның қажеттігін айтқан Қасым-Жомарт Тоқаев нақты мерзімдерді белгілеген еді: 2026 жыл – талқылау, 2027 жыл – референдум, одан кейін – жаңартылған парламент сайлауы.

Алайда егер референдум 2026 жылдың көктемінде өтсе, парламент сайлауы келесі алты ай ішінде ұйымдастырылады. Ғазиз Әбішевтің болжамынша, қазақстандықтар жаңа депутаттарды биылғы жазда-ақ сайлауы мүмкін.

Жеделдеудің себебі жөнінде саясаттанушылардың пікірі әртүрлі.

– Бұл экономикамен байланысты болуы мүмкін. Мұнай нарығындағы құбылмалылық пен геосаяси жағдайлар экономикалық ахуалды ушықтыруы ықтимал. Сондықтан билік жүйенің тұрақтылығын сақтау үшін 2026 жылдың екінші жартысында немесе 2027 жылдың басында болуы мүмкін бюджет дағдарысына дейін парламентті алдын ала жаңартуы мүмкін, – дейді ол.

Ұлттық құрылтайдың тағы бір мүшесі, саясаттанушы Данияр Әшімбаев бұл үдерісті сайлау күнтізбесімен байланыстырады.

– 2026 жылдың жазында Сенат депутаттарының жартысына жуығының өкілеттігі аяқталады. Қазіргі жағдайда не істеу керегі түсініксіз: жуырда парламент толық өзгеретінін біле тұра сайлау өткізу қисынсыз. Меніңше, референдумнан кейін, егер халық ұсынылған өзгерістерді қолдаса, бірнеше ай Конституциялық заңдарды сәйкестендіруге кетеді де, жазда жаңартылған парламент сайлауы өтеді. Сонда депутаттар қыркүйекте келесі жылға арналған бюджетті бекітуге толыққанды кірісе алады, – дейді ол.

Жан-жақты талқылау

Данияр Әшімбаевтың айтуынша, парламенттік реформа былтыр үш ай күзде өте қызу талқыланған. Бұл туралы тек жұмыс тобының отырыстарында ғана емес, түрлі мемлекеттік кабинеттерде, дәліздерде, тіпті «шылым шегетін орындарда» да сөз болған.

Бұл түсінікті де, өйткені өзгеріп отырғаны тек парламент атауы емес, тұтас билік жүйесінің құрылымы өзгереді.

Алайда бұқаралық ақпарат құралдары бейресми әңгімелерді емес, ашық пікірталастарды көргісі келеді. Ал әзірге қоғамға нақты мазмұнсыз пост-релиздер ғана ұсынылып отыр: қанша ұсыныс түсті, қанша адам қатысты деген жалаң статистика бар, бірақ реформаның өзегі жоқ.

– Мемлекет үшін басты міндет – парламенттік реформа мәселесінде пікірлердің ортақ екенін көрсету. Ал пікірталастағы шамадан тыс эмоцияны жария ету дұрыс емес. Қазір интернетке шыққан кез келген талқылау әп-сәтте тілдік немесе ұлтаралық жанжалға ұласып кетуі мүмкін. Ал бұл – Конституциялық реформа. Мұнда көзқарастар спектрі өте кең, кейде тіпті бір-біріне мүлдем қарама-қайшы, – дейді Әшімбаев.

Сонымен қатар, жедел қарқын жағдайында саяси партиялар сайлауға дайындалып үлгере ме деген сұрақ та бар. Жаңартылған парламентте қоғамның түрлі қабаттарының мүддесін көппартиялылық арқылы қамтамасыз ету жоспарланған еді. Алайда соңғы жылдары бірде-бір жаңа партия тіркелмеді.

Әшімбаевтың айтуынша, бұған бірнеше себеп бар.

– Бір жағынан, нақты бастамалар болған жоқ. Екінші жағынан, билік партиялардың тым көбейіп кетуінен қауіптенеді. Бұрын олигархтар өз бизнес мүддесін қорғау үшін партия құрған жағдайлар болды. Сондай-ақ саяси партия атын жамылған діни бірлестіктер пайда болуы мүмкін деген тәуекел бар. Мұндай сценарийлерге жол бергісі келмейді, – дейді ол.

Ал Ғазиз Әбішев парламентте қазірдің өзінде алты партия бар екенін еске салады.

– Формалды түрде пікір алуандығы сақталған. Бізде өткір партияаралық бәсеке жоқ. Қазіргі парламенттік партиялардың барлығы – президентке ыңғайлы құрылымдар конгломераты деуге болады. Бірде-бірі саяси бағытты ашық сынамайды. Сондықтан олардың күресі стратегиялық емес, бірнеше мандат үшін жүретін тактикалық бәсеке ғана. Ал оған қазіргі партиялар дайын, – дейді ол.

Саясаттанушының айтуынша, сайлауалды дайындық үнемі жүріп отырады. Кім қалай жұмыс істеді, сонша мандат алады.

Ұлттық құрылтай мүшесі, саясаттанушы Марат Шибутов та реформаның жеделдеуінен ешқандай қауіп көрмейді.

– Парламент сайлауы ертең болғалы жатқан жоқ. Шамамен Құрылтайдан кейін екі айдан соң референдум болады. Одан кейін Конституция мен ілеспе заңдарға өзгерістер енгізіледі. Содан кейін ғана сайлау жариялануы мүмкін. Сондықтан партиялардың дайындалуға уақыты жеткілікті, – дейді ол.

Еске салайық, президент ұсынған басты өзгеріс – парламенттің бір палатасын тарату. Мұндай жүйе әлем елдерінің басым бөлігінде бар. Ал жаңартылған парламентте қанша депутат болатыны, өңірлер мен этностардың мүддесі қалай қорғалатыны сараптамалық талқылаудан кейін белгілі болады.

Мұрагер туралы әңгімені тоқтату

Парламенттік реформа тек Сенатты тарату немесе Мәжілісті кеңейту емес. Негізгі мәселе – елдегі билік өкілеттіктерін қайта бөлу.

Біріккен парламент спикерінің құзыреті қандай болады? Ол президенттен де ықпалды тұлғаға айналмай ма? Осы тұрғыдан алғанда, Қасым-Жомарт Тоқаев өзі үшін «жайлы кресло» дайындап жатқан жоқ па деген сұрақ та жиі айтылады.

Бұл жөнінде президент бұған дейін берген сұхбатында жауап берген:

– Мұндай пайымдар менің саяси ұстанымдарыма қайшы. Мен Қазақстан президенттік басқару нысанындағы мемлекет екенін бірнеше рет айттым. Сегіз жыл бұрын, Ақордаға келмей тұрып-ақ, «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасын ұсындым. Мемлекеттік жүйені жеке мүдде үшін өзгерту аса жауапсыз әрі әділетсіз әрекет болар еді, – деген Президент сол кезде.

Дегенмен қоғамда реформа аясында президенттік мерзім қайта қаралмай ма немесе қайта сайлану мүмкіндігі енгізілмей ме деген күмән әлі де бар.

Бұл мәселеде саясаттанушылар әзірге нақты жоба ұсынылмай тұрып пікір айтудан бас тартады. Алайда Данияр Әшімбаев жеке көзқарасын білдірді.

– Бізде келесі президент кім болады деп бал ашып кететін әдет бар. Назарбаев 1989 жылы билікке келгеннен кейін-ақ бір жылдан соң мұрагер жайлы әңгіме басталған. Мұндай кезеңдерде элиталар арасында таққа талас әрекеттері басталады. Тоқаев екінші мерзімге түспейтінін ашық айтты және оны заңмен бекітті. Бірақ, меніңше, болашақта бұл норманы мүлде алып тастаған дұрыс. Ол сайлауға түспеуі мүмкін, бірақ қайта түсу құқығының өзі элитаны тәртіпке шақырып, орынсыз мұрагерлік әңгімелерді тоқтатар еді, – дейді ол.

Құрылтайда тағы не айтылады?

Саясаттанушылардың пікірінше, Құрылтайда тек парламенттік реформа ғана емес, өзге де маңызды мәселелер көтеріледі.

– Менің ойымша, дәстүрлі түрде өте кең тақырыптар талқыланады. Оның ішінде жұртшылыққа көп айтыла бермейтін, тек мамандарға белгілі мәселелер де болады. Әсіресе әлеуметтік сала мен азаматтық қоғамды дамытуға басымдық беріледі, – дейді Марат Шибутов.

Ұлттық құрылтай – әрбір қатысушы еркін пікір білдіре алатын алаң. Тақырыптық секциялар 19 қаңтарда басталады.

– Өзім ғылым, білім және тау-кен металлургия кешенін дамыту мәселелерін көтеремін. Бұл – мен тұрақты айналысатын салалар. Қалай қабылданарын көреміз. Байыппен қарайды деп үміттенемін, – дейді ол.

Айта кетейік, Құрылтайда көтерілген бірқатар бастама кейін заңнамалық өзгерістер мен ірі мемлекеттік жобаларға айналды. Дәл осы алаң амнистия жариялауға, құмар ойын бизнесін шектеуге және есірткі саудасына қарсы заңнаманы қатаңдатуға түрткі болған еді.

Серіктес жаңалықтары