×
509.63
592.34
6.54
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
509.63
592.34
6.54

Құрылтай, Халық кеңесі және Вице-президент: саяси сахнада қандай өзгерістер болмақ?

Бүгін, 16:32
Құрылтай, Халық кеңесі және Вице-президент: саяси сахнада қандай өзгерістер болмақ?
Ақорда

Бесінші Ұлттық құрылтай Қазақстандағы саяси құрылымның жаңа үлгісі ресми түрде алғаш рет жарияланған алаңға айналды. Жұмыс тобы шамамен жарты жыл бойы бір палаталы парламенттің қалай жұмыс істеуі керектігін талқылап, депутаттарға айтарлықтай кең өкілеттік беруді ұсынды. Атап айтқанда, болашақта депутаттар Үкімет құрамын, судьяларды, мемлекеттік аудиторларды және Орталық сайлау комиссиясының мүшелерін бекітетін болды. Алайда өкілеттігі күшейтілген бұл органның өзіне де салмақты қарсы тетік пайда болмақ. Ол – Халық кеңесі.

Ulysmedia.kz парламенттік реформаның ең маңызды тұстарын жинақтап, жарияланған жаңа саяси конфигурация аясында билік тармақтарының өзара қалай әрекет ететінін саралап көрді.

Мәжіліс пен Сенаттың орнына Құрылтай

Қазір Қазақстан Парламенті екі палатадан тұрады. Онда жалпы 142 депутат жұмыс істейді. Мәжіліс заңдарды қабылдайды, ал Сенат оларды талдап, түзетулер енгізе алады. Мәжіліс депутаттары министрлер мен Үкімет мүшелерінің кандидатураларын бекітсе, сенаторлар судьяларды, Бас прокурорды, Ұлттық банк төрағасын және Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің кандидатурасын мақұлдайды. Ал Президент, өз кезегінде, Жоғары аудиторлық палата мен Орталық сайлау комиссиясының бірқатар мүшесін тағайындайды.

Алайда бұл қазіргі жүйе. Ал жақын арада Қазақстан Парламентінің құрылымы түбегейлі өзгермек. Жұмыс тобы ұсынған парламенттік реформаға сәйкес, Мәжіліс пен Сенат таратылып, олардың орнына Құрылтай құрылады.

Бір палаталы парламент 145 депутаттан тұрады. Барлық үміткер, алдымен, праймеризден, кейін парламенттік сайлаудан өтуі тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ретте маңызды өзгеріске назар аударды.

- Қолданыстағы Конституцияға сәйкес, Конституциялық сотты, Жоғары аудиторлық палатаны және Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыру өкілеттігі Мәжіліс, Сенат және Президент арасында тең бөлінген. Енді бұл құрылымдардың барлық мүшесін тағайындау тек Парламенттің келісімімен жүзеге асырылуы ұсынылады, – деді мемлекет басшысы.

Құрылтайда үш вице-спикер және сегіз комитет болады. Соның нәтижесінде «басшылық лауазымдардың» саны азайып, әр қызметтің салмағы артады. Осылайша Құрылтай қазіргі Мәжіліс пен Сенатқа қарағанда әлдеқайда ықпалды органға айналмақ.

Құрылтай мен Халық кеңесі тепе-теңдікті сақтау үшін керек

Депутаттар болашақтағы өкілеттігінің артуына енді ғана баға беріп үлгергенде, президент тағы бір маңызды конституциялық жаңалықты жариялады. Соңғы бес жыл жұмыс істеген Ұлттық құрылтай мен елдегі этносаралық тұрақтылықтың негізгі институты саналатын Қазақстан халқы Ассамблеясының орнына Қазақстанның Халық кеңесі құрылады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл орган шетелдердегі консультативтік құрылымдардың тәжірибесін біріктірген жаңа мемлекеттік институт болады.

- Халық кеңесінде барлық этнос, әлеуметтік топтар мен өңірлер өкілдік алады. Қазақстанның Халық кеңесі елдің ең жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болады, – деді президент.

Кеңес құрамын 126 адамнан қалыптастыру ұсынылды. Оның ішінде:

  • 42 адам — этномәдени бірлестіктерден;
  • 42 адам — ірі қоғамдық ұйымдардан;
  • 42 адам — мәслихаттар мен өңірлік қоғамдық кеңестерден.

Барлық мүшені Президент тағайындайды, ал төраға Кеңес мүшелерінің арасынан сайланады. Төрағаның ротациялық негізде қоғамдық бастамамен жұмыс істейтін екі орынбасары және хатшылық басшысы болады.

Мемлекет басшысы Халық кеңесіне заң шығару бастамасы құқығын беру ұсынылып отырғанын ерекше атап өтті. Бұл оның саяси салмағын едәуір арттырады.

Ондаған мемлекеттік органның орнына – вице-президент

Алайда бұл да билік тармақтары арасындағы тепе-теңдіктің соңғы нұсқасы емес. Жаңартылған саяси жүйеде Қазақстанда вице-президент лауазымы қайта енгізіледі.

Бұл қызмет 1991-1996 жылдары болған. Ол кезде Қазақстан Республикасының жалғыз вице-президенті Ерік Мағзұмұлы Асанбаев еді. Жаңа вице-президенттің кім болатыны әзірге белгісіз, алайда бұл лауазым мемлекеттік аппаратты оңтайландыру тұрғысынан ең тиімді қызметтердің біріне айналуы мүмкін.

- Қолданыстағы парламент қызметін қамтамасыз ететін бірқатар аппараттық құрылымдар, сондай-ақ мемлекеттік кеңесші лауазымы қысқартылады. Президент әкімшілігінің функциялары мен басқару жүйесі саяси қажеттілікке сай реформаланады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұл сөзін ол жанында отырған мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннен кешірім сұрай отырып жеткізді. Қарин бұл жаңалықты күлімсірей қабылдады.

Президент жаңа билік конфигурациясында өкілеттіктердің нақты қалай бөлінетінін ашып айтпады. Оның айтуынша, Конституцияға енгізілетін барлық өзгерісті арнайы құрылған Конституциялық комиссия қарайды.

Дегенмен халықаралық тәжірибеде вице-президент мемлекет басшысынан кейінгі екінші тұлға саналады және күтпеген жағдайда елдің бірінші басшысы бола алады.

Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың айтуынша, тарихта мұндай мысалдар аз емес.

- АҚШ-та вице-президент президентпен бірге сайланады. Бірақ қызық жағдайлар да болған. Ричард Никсонмен бірге сайланған вице-президент Спиро Агню 1973 жылы қызметінен кеткен соң оның орнына Джеральд Форд тағайындалды. Кейін Никсон отставкаға кеткенде, Форд сайлаусыз-ақ президент атанды және төрт жыл бойы ел басқарды, – деп еске алады сарапшы.

Осылайша, болашақта вице-президент қызметі мансаптық перспектива тұрғысынан Құрылтай спикерінен де ықпалды лауазымға айналуы мүмкін.

Алайда бұл әзірге тек жоспар. Конституциялық өзгерістерді Қазақстан азаматтары мақұлдауы тиіс. Ол үшін жалпыхалықтық референдум өтеді.

Серіктес жаңалықтары