×
506.7
593.14
6.53
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
506.7
593.14
6.53

QazaqGaz төңірегіндегі қара бұлт: Тоқаев Қазақстанның газ монополиясын не үшін қатаң сынға алды?

Бүгін, 11:06
QazaqGaz төңірегіндегі қара бұлт: Тоқаев Қазақстанның газ монополиясын не үшін қатаң сынға алды?
Ulysmedia.kz коллажы

20 қаңтарда өткен Ұлттық құрылтай отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев QazaqGaz ұлттық компаниясын өткір сынға алды. Мемлекет басшысы газ саласындағы монополистің жұмысын ашық сынап, компания көп қаржы жұмсайтынын, бірақ аз өндіретінін әрі даму қарқыны баяу екенін атап өтті.

QazaqGaz-дың түйткілді мәселелері қандай, оларды қалай шешуге болады және Қазақстанға газ нарығын бәсекеге қабілетті ету уақыты келген жоқ па? Осы сауалдарға жауап іздеу үшін Ulysmedia.kz сарапшылармен сөйлесті.

«Мүлде жол беруге болмайды»

Құрылтай барысында президент QazaqGaz Қазақстандағы газ кен орындарының әлеуетін толық пайдаланбай отырғанын айтты.

2025 жылы «көгілдір отын» импорты 18 пайызға өсіп, 4,5 млрд текше метрге жеткен. Егер ұлттық компания жаңа учаскелерді барлау мен игеруге белсендірек кіріскенде, бұл көрсеткіш әлдеқайда төмен болар еді.

– Қалыптасқан жағдай – тиімсіз жоспарлаудың тікелей салдары. Мұны қазіргідей төтенше жағдайда мүлде қабылдауға болмайды, – деді Тоқаев.

Президент QazaqGaz-ды негізсіз артқан штат үшін де (10 мың адам), төмен өндіріс көлемі мен жалпы енжарлығы үшін де сынға алды.

Бұл ескертудің әсері соншалық, келесі күні Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов елдегі газ кен орындарын барлау бағдарламасы шамамен екі есе кеңейтілетінін мәлімдеді. Алайда бұл барлық жиналып қалған мәселелерді шеше ала ма?

Өтірік және QazaqGaz есептері

Мұнай-газ саласының сарапшысы Асқар Исмаилов қазіргі қиындықтардың басты себебі стратегиялық жоспарлаудың толық сәтсіздігі деп есептейді.

– QazaqGaz-дың бұрынғы басшылығы кезеңінде нақты өндіріс пен геологиялық барлаудың орнына презентациялар, меморандумдар және ресурстық базаны асыра бағалау алдыңғы орынға шықты. Қоғамға ондаған триллион текше метр газ қоры бар деген сандар айтылды. Алайда бұл деректер халықаралық қорлар жіктемесімен де, нақты өндіріс динамикасымен де расталмады. Соның салдарынан мемлекетте ресурсымыз жетеді деген жалған түсінік қалыптасты, – дейді Асқар Исмаилов.

Іс жүзінде жағдай ұлттық компанияның оптимистік есептерінен мүлде бөлек болды.

Жаңа кен орындарын іске қосу кешіктірілді, геологиялық барлау қалдық принципімен қаржыландырылды, газ өңдеу жоспардан артта қалды. Ақыр соңында Қазақстан газды өндіруден гөрі, оны сатып алуды жылдамдата бастады.

– Сыртқы газ бағыты бойынша да сәтсіздіктер бар. Түрікменстанмен келіссөздердегі позиция әлсіреді. QazaqGaz бұрынғы басқарма төрағасы Санжар Жаркешов мемлекет басшысына салтанатты түрде баяндаған газ жобаларының ешқайсысына кіре алмады. Қатаң коммерциялық келісімшарттардың орнына Қазақстан энергетикалық қауіпсіздік бермейтін «рамалық меморандумдармен» шектелді. Меніңше, QazaqGaz-дың жаңа басшысы саладағы нақты жағдайды президентке жеткізе алды. Мемлекет басшысының қатаң сынының себебі де осы, – деп түсіндіреді Асқар Исмаилов.

Еске салайық, Санжар Жаркешов QazaqGaz басқарма төрағасы қызметін 2022-2025 жылдары атқарды. Қазір ұлттық компанияны бұрын энергетика вице-министрі болған, сондай-ақ «PSA» ЖШС-де жұмыс істеген Әлібек Жамауов басқарады.

Газдағы мәселелер

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов президенттің QazaqGaz басшылығына айтқан сынымен келіседі. Алайда оның пікірінше, барлық мәселе тек топ-менеджментке ғана тірелмейді.

Газ монополиясының ресми де, бейресми де лоббистері жеткілікті, әрі олар да саланың проблемаларына ішінара жауапты. Бұл мәселелерді шешу үшін нарықтық қадамдарға бару қажет.

Ең алдымен, бағаны мемлекеттік реттеуден бас тартып, жеке бастаманы дамыту керек. Қазіргі таңда нарықты толығымен QazaqGaz бақылап отыр және ол жеке газ өндірушілерге қатаң, кейде әділетсіз талап қояды.

–  Біріншіден, ұлттық компания газды «Теңізшевройлдан» доллармен сатып алып, ел ішінде субсидияланған бағамен теңгеге сатады. Бағаны босатуға тура келеді, яғни газ қымбаттайды. Мұны қабылдау керек. Екіншіден, штат санын оңтайландырумен QazaqGaz-дың өзі айналысуы тиіс. Үшіншіден, жеке газ өндірушілермен қақтығыс бар – оларға газ тасымалдау жүйесіне жиі қолжетімділік берілмейді. Кейде тіпті газ жөнелтілгеннен кейін «сапасы нашар болып шықты» деген ресми жауаптар келеді, – дейді Расул Рысмамбетов.

Асқар Исмаилов та нарықтық өзгерістерсіз газ өндіруде ілгерілеу болмайтынын атап өтеді. Газ бағасын жасанды ұстап тұру инвесторлардың салған қаражаты қайтады деген сенімін әлсіретеді.

Ал Энергетика министрлігі нақты проблемаларды шешудің орнына заңнамалық эксперименттермен айналысып, ойын ережелерін кейіннен өзгертуге тырысып отыр.

– Газ саласы директивамен дамымайды. Оған түсінікті баға қалыптастыру, ұзақмерзімді келісімшарттар және инвестицияны қорғау қажет. Қазақстан газ державасына айналуы тиіс. Ол үшін газ мұнайдың қосалқы өнімі емес, стратегиялық нарықтық ресурс ретінде танылуы керек. Бұл бағыттағы акцент қойылды. Газ саласындағы реформа терең әрі құрылымдық болуы тиіс. Бағаны кезең-кезеңімен ырықтандырмайынша және инфрақұрылымға ашық қолжетімділік бермейінше, жеке де, шетелдік те капитал тарту мүмкін емес. Мемлекет оператор рөлінен арбитр мен реттеуші рөліне көшуі керек, – дейді Исмаилов.

— Газ – қалдық емес. Экономикалық және стратегиялық тұрғыдан өзін ақтамайтын жерлерде газды қабатқа қайта айдауды азайту қажет. Газ – электр энергиясын өндіруге, химия өнеркәсібіне және экспортқа арналған ресурс, – деп назар аударады Асқар Исмаилов.

Бүгінде Қазақстан жер астына шамамен 30 млрд текше метр газды қайта айдайды, бұл бүкіл елдің бір жылдағы тұтыну көлемімен шамалас. Ал қаржылай есептегенде, шығын мөлшері 20 млрд долларға жуық.

Өзіңде қайрат болмаса, өзгелер өзегін бермес

Газ шынымен өндіріліп, жерге кері айдалмай пайдаланылғанның өзінде, оны өңдеу мәселесі туындайды. Бұл – QazaqGaz-дың тағы бір аса әлсіз тұсы.

Өз өндірістік қуаттарын дамыту немесе отандық жеке компаниялармен әріптестік орнатудың орнына, ұлттық компания көбіне шетелдік өндірістік қуаттарға сүйенеді. Бұл ыңғайсыз әрі ұзақ мерзімде экономикалық тұрғыдан қауіпті тәуелділік қалыптастырады. Алдағы жылдары бұл тәуелділіктен құтылу керек.

– Орынбордағыдай шетелдік газ өңдеу зауыттарынан бас тарту керек. Тәуелділікті азайту қажет, елімізде өндірілген газдың барлығы Қазақстан аумағында өңделуі тиіс. Бізде жеке меншік зауыттар бар, газды соларға бағыттау керек, шетелдік өңдеу қуаттарын дамытумен айналысудың қажеті жоқ. Сонымен қатар жеке компанияларға газ тасымалдау жүйесіне қолжетімділік беру қажет, – деп атап өтеді Расул Рысмамбетов.

Асқар Исмаилов та Қазақстанға тәуелсіз газ өңдеуді дамытып, жеке компанияларға нарыққа шектеусіз қолжетімділік беретін уақыт әлдеқашан келгенін айтады. Тек сонда ғана салаға ірі инвестор тартылып, өндіріс сөз жүзінде емес, нақты іс жүзінде өседі.

«Іспен айналысатын уақыт келді»

Сарапшылардың пікірінше, қазір QazaqGaz-дың дамуға деген ынтасы жоқ. Кез келген монополист секілді ұлттық компания өзіне берілген нарықта жай ғана аспанға қарап отыр.

Өндіру, тасымалдау және стратегиялық маңызы бар ресурсты тарату бір компанияның қолында болған жағдайда, әрі нақты бәсеке болмағанда, даму туралы айту қиын.

Бұл мәселені шешудегі алғашқы қадам – QazaqGaz-ды мемлекеттік бағдарламаларды орындаушы құрылымнан нарықтық ойыншыға айналдыру. Ол үшін корпоративтік басқаруға талдау жасап, ішкі процестерді оңтайландыру қажет.

– QazaqGaz-ды әкімшілік тапшылықты бөлуші емес, нарықтық оператор логикасында қайта құру керек. Бұл – қолмен басқарудан бас тарту деген сөз. Компаниядағы шектен тыс көбейген басқару аппаратына, сансыз орынбасарларды қайтадан қарау керек. Алдыңғы жылдары қол қойылған меморандумдар мен жобаларға міндетті түрде аудит жүргізіп, экономикалық тұрғыдан негізсіздерін жабу керек. Компанияны толыққанды бизнес-модельге көшіру қажет, – деп ұсынады Асқар Исмаилов.

QazaqGaz-дың қаржылық ахуалына қатысты да сұрақ көп. Бұған дейін олардың басым бөлігі жабулы күйінде қалып келді. БАҚ-та ұлттық компанияның тиімсіз шығындары туралы ақпарат жиі жарияланғанымен, нақты баға берілмей келді. Енді жағдайды ашық әрі әділ бағалайтын уақыт жетті.

– Мүмкін компанияға қайта құрылымдау қажет шығар, шығындар бойынша мұқият талдау керек. Бұл мәселелер кабинет ішінде шешілмеуі тиіс. Ауыл шаруашылығы оқу орнын бітірген адамның QazaqGaz аудитімен айналысуы дұрыс емес. Салалық мамандарды тартып, ашық аналитика жүргізіп, сарапшылар кеңесін құру қажет. Құжаттардың жасырын жолмен өткізілмеуін қамтамасыз ету керек. Лоббизм уақыты өтті, енді нақты іспен айналысу қажет, – деп түйіндейді Расул Рысмамбетов.

Тарату ма, әлде реформалау ма?

Қазіргі таңда QazaqGaz-ды тарату туралы сөз қозғалып отырған жоқ. Алайда президент Тоқаев Ұлттық құрылтайда атап өткен энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін компанияны түбегейлі жаңғырту қажет.

Бұл бағыттағы басты қадамдар:

  • ірі инвесторларды тарту;
  • геологиялық барлау жұмыстарын дамыту;
  • газды шетелде емес, отандық қуаттарда тәуелсіз өңдеу.

– Газ саласын реформаламасақ, Қазақстан импортқа тәуелді болып қала береді, сөйтіп уақыт жоғалтады. Өйткені газ дегеніміз энергетикалық қауіпсіздіктің, өнеркәсіптік дамудың және өңірлік көшбасшылықтың негізі, – деп қорытындылады сөзін Асқар Исмаилов.

Серіктес жаңалықтары