×
491.97
583.77
6.39
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
491.97
583.77
6.39

Ресей қазақстандық бизнеске жаңа тосқауыл ойлап тапты

Бүгін, 11:36
Ресей қазақстандық бизнеске жаңа тосқауыл ойлап тапты
Ulysmedia.kz коллажы

Ресей ЕАЭО-ға мүше өзге елдердің тауарларынан ішкі нарығын қорғаудың тағы бір амалын ойлап тапты. Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді демей ме, ресейлік биліктің бұл амалы Қазақстан, Қырғызстан, Беларусь немесе Армениядан келетін кез келген тауарды ел нарығына кіргізбеудің арам амалы ғана. Ulysmedia.kz ресейліктер өз нарығын қорғау үшін тағы қандай жаңалық ойлап тапқанын баяндайды.

Кездейсоқ оқ па, нысанаға дәл тиген соққы ма?

2026 жылғы 6 ақпаннан бастап РФ Үкіметінің басшысы Михаил Мишустин қол қойған Ресейге тауар әкелу тәртібін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізу туралы қаулы күшіне енді. Енді елге кіргізілетін әрбір тауарға тәуелсіз ұйымдар беретін сәйкестік сертификаты қажет.

ЕАЭО заңнамасына сәйкес, мұндай сертификатты Одаққа мүше кез келген елде алуға болады, өйткені одақты құрудағы мақсат та осы – тең қолжетімділік пен тауарлардың нарыққа еркін кіруі ЕАЭО шарттарынданақты бекітілген. Алайда Ресей ЕАЭО елдерінен өз аумағына келетін тауарлардың импортына өзі жеке реттеу енгізуге құқылымыз деп шешкен.

Қабылданған қаулыға сәйкес, егер бір жыл ішінде Ресейдің мемлекеттік органы үш рет немесе одан да көп жағдайда белгілі бір тауарға берілген сәйкестік сертификаты тиісті техникалық регламенттерге шын мәнінде кепілдік бермейді деп мәлімдесе, онда сол сертификатты берген ұйымның бұрын рәсімдеген барлық құжатының күші Ресей аумағында тоқтатылады. Айта кетейік, тек Қазақстанның өзінде ғана мұндай ұйымдар саны 1500-ден асады.

Алайда «Техникалық реттеу және метрология жүйесіне қатысушылардың Қазақстандық қауымдастығы» ЗТБ атқарушы директоры Дмитрий Савеленко бұл шешім, ең алдымен, аккредиттеу субъектілеріне емес, тауарын Ресейге экспорттайтын нақты бизнеске соққы болатынын айтады.

– Елестетіп көріңіз, сізде Қазақстанда берілген жүргізуші куәлігі бар. Ол заңды, барлық емтихан мен тексеруден өттіңіз. ЕАЭО ережесіне сай, мұндай куәлік Одақтың барлық елінде мойындалуы тиіс. Бірақ бір күні Ресейде жаңа талап енгізіледі: егер сіз емтихан тапсырған автомектеп бір жыл ішінде үш рет басқа оқушыларды даярлау кезінде қателік жіберсе, сол мектеп берген барлық жүргізуші куәлігі, оның ішінде сіздікі де бар, автоматты түрде жарамсыз деп танылады. Сіз ережені бұзбасаңыз да, адал тапсырсаңыз да, Ресейде көлік жүргізу құқығынан айырыласыз. Ресейдің бұл амалы да осыған саяды, – дейді ол бұл шешімнің қазақстандық бизнеске қандай қауіп төндіретінін түсіндіріп жатып.

Савеленконың айтуынша, бұл шара адал кәсіпкерлер үшін де «кездейсоқ оқ» болуы мүмкін, сондай-ақ «қаламайтындарды дәлдеп атудың» құралына айналуы ықтимал. Теориялық тұрғыда бір ғана тауарға қатысты шешім сол ұйым берген тағы үш сертификаттың күшін жоюға негіз бола алады.

– Біздің қауымдастық мұндай әрекеттерді ЕАЭО аясында тауарлардың еркін қозғалысына кедергі деп санайды. Біз Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, бұл мәселені Еуразиялық экономикалық комиссияда қарау бастамасын көтеріп, аталған практиканы тосқауыл ретінде тануға және оны жоюға күш саламыз, – дейді Дмитрий Савеленко.

Адал бизнеске арамза тосқауыл

Экономист Азиз Искаков та Ресей қабылдаған қаулы қазақстандық бизнес үшін елеулі кедергіге айналуы мүмкін деп есептейді. Дегенмен ол ресейлік шешімнің белгілі бір нақты күмәндерге негізделгенін де атап өтеді.

– ЕАЭО шеңберінде бәріне ортақ техникалық реттеу жүйесі бар және Одақ аумағына осы талаптарға сай келмейтін тауарларды кіргізуге тыйым салынған. Бұл талаптарға сәйкестікті растайтын сертификаттарды әр елдегі техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органдар аккредиттеген арнайы ұйымдар береді. Одақтың жекелеген елдеріндегі аккредиттелген ұйымдардың сапасы мен адалдығына қатысты пікірталас бар, бірақ ол ешқашан қазақстандық ұйымдарға қатысты болған емес, – дейді Азиз Искаков.

Оның айтуынша, Қазақстан өз ұйымдарының жұмысына қатаң бақылау жүргізеді. Ұлттық аккредиттеу орталығы бар, ол жыл сайын мониторинг жасап, қажет болған жағдайда кейбір ұйымдардың қызметін тоқтатады. Ал енді ресейлік Аккредиттеу жөніндегі федералдық қызмет қазақстандық әріптестердің жұмысын қайта тексермек пе? Экономистің пікірінше, бұл кедергі, ең алдымен, бизнеске қарсы бағытталған.

– Әңгіме әртүрлі тауарларға немесе олардың партияларына, әртүрлі брендтерге, әр уақытта, әр зауытта және әр елде өндірілген өнімдерге берілген сертификаттар туралы болуы мүмкін. Олар адал өндірушілер мен импорттаушылардың сапалы тауарына берілген бе, әлде жоқ па, маңызды емес. Тіпті сіз өз тауарыңызды Ресейге заңды түрде тасып, салық төлеп, барлық талапты сақтасаңыз да, Ресейдің басқа өңірінде, мүлде өзге тауарға берілген сертификат біреуге күмәнді көрінсе, сіз бизнесіңізден айырылып, қаражатыңызды ала алмай қалуыңыз мүмкін, – дейді Искаков.

Ол бұл шешімнің ықтимал тәуекелдерін ЕАЭО-ға мүше өзге елдер де дұрыс бағалап, оны ЕЭК аясында бірлесе көтереді деп үміттенеді.

Алғашқы құрбан

Жаңа ережелер бойынша алғашқы болып күші жойылған сертификат та қазақстандық болып шықты. Бұл ретте ірі ресейлік онлайн-киім дүкені мен ресейлік сәнқойлар да зардап шекті.

13 ақпанда, яғни тауар әкелудің жаңа тәртібі енгізілгеннен кейін бірнеше күн өткен соң, Росаккредитация Adidas брендінің кроссовкалары мен киіміне берілген сәйкестік сертификаттарын жойды. Ресейге бұл брендтің өнімдерін Adidas Kazakhstan компаниясы жеткізген. Әңгіме кемінде он шақты сертификат туралы болып отыр.

Егер олардың барлығы бір аккредиттеу орталығында рәсімделген болса, сол жерден сертификат алған өзге кәсіпкерлер де кедендік бақылаудан өте алмай қалу қаупіне тап болады. Ең сорақысы, олар бұл туралы тек кеденде тұрған кезде ғана білуі мүмкін. Ал үш жолақты спорттық костюмдерден бөлек, ЕАЭО елдері, соның ішінде Қазақстан арқылы Ресейге тағы қанша тауар жеткізілетіні әзірге беймәлім.

Серіктес жаңалықтары