×
489.99
580.25
6.38
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
489.99
580.25
6.38

Миллиардтар мен әскери ұшақтар: Астанада «Қазақстан авиациялық индустриясының» экс-басшысы сотқа тартылды

Бүгін, 11:49
Миллиардтар мен әскери ұшақтар: Астанада «Қазақстан авиациялық индустриясының» экс-басшысы сотқа тартылды
Ulysmedia.kz коллажы

Қорғаныс саласындағы ең күрмеулі мәселеге қатысты сот процесі жүріп жатыр. Астаналық сот алдында «Қазақстан авиациялық индустриясы» ЖШС-нің бұрынғы бас директоры Данияр Амангелдин жауап береді. Оған аса ірі көлемде әрі бірнеше мәрте ұрлық қылды деген айып тағылып отыр. Онымен бірге айыпталушылар қатарында тағы тоғыз адам бар. Бұл іс туралы ресми органдар тарапынан да, тергеу жағынан да ешқандай ақпарат берілмеген. Ulysmedia.kz сот деректер базасынан қылмыстық істі өндіріске қабылдау туралы қаулыны анықтап, қорғаныс саласындағы миллиардтаған бюджет қаржысы жұмсалған кәсіпорынның экс-басшысына нақты қандай айып тағылғанын анықтауға тырысты.

Тергеуге кімдер ілікті?

ҚАИ-дің бұрынғы басшысы, 54 жастағы Данияр Амангелдинге ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы (сеніп тапсырылған мүлікті иемдену немесе ысырап ету) бойынша 13 эпизодқа қатысы бар деп айып тағылған. Эпизодтардың бір бөлігі топпен бірге аса ірі көлемде жасалған ұрлық деп сараланған. Ол қазір сот материалдарында «уақытша жұмыссыз» деп көрсетілген.

Істегі өзге фигуранттар кім десек, олар -  коммерциялық құрылымдардың басшылары, жеке кәсіпкерлер мен бас инженер. Олар негізінен қылмысқа көмектескен тұлғалар ретінде тергелуде. Сот қаулысында айып тағылған оқиғалар 2021-2023 жылдары болғаны көрсетілген. Дәл осы кезеңде Амангелдин ҚАИ-ді басқарған.

Бұл зауыт Қазақстан үшін неге маңызды?

«Қазақстан авиациялық индустриясы» ЖШС 2012 жылғы қарашада Қорғаныс министрлігінің және «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-ның қолдауымен құрылған. Кәсіпорын әскери ұшақтарға қызмет көрсетіп, күрделі жөндеу жүргізген, ұшқышсыз аппараттармен айналысқан, авиациялық техниканы бояу, техникалық бақылау, логистика және авиаөндіріс жабдықтарын шығарумен шұғылданған.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл алаңның жұмысына АН-72 көлік ұшақтарының, С-295М әскери-көлік ұшақтарының, Су-25 штурмовиктерінің және ұшқышсыз жүйелердің жарамдылығы тікелей тәуелді болды. Бұл саладағы келісімшарттар миллиардтаған теңгемен өлшенді. 2019-2023 жылдары кәсіпорынды Данияр Амангелдин басқарған.

ҚАИ айналасындағы үнсіздікті кім бұзды? 

ҚАИ маңында тергеу жүріп жатқаны тек 2025 жылдың жазында белгілі болды. Сол кезде кәсіпорынның жаңа басқарушы менеджерлері мәселені ашық көтеріп, Мәжіліс депутаттарынан қолдау сұрады. Журналистермен кездесуде жаңа бас директор Қайрат Жауханов зауыттың ауыр жағдайы кездейсоқ емес екенін ашық айтты.

– Кәсіпорындағы мәселе бұрынғы менеджменттің шаруашылық қызметті жүргізуде бірқатар өрескел қателікке жол беруінен туындаған қаржылық қиындықтар. Соның салдарынан мемлекет алдында салық бойынша ірі қарыз жиналды. Бір жарым жылдан бері сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет тергеу жүргізіп жатыр, соған байланысты кәсіпорын іс жүзінде тоқтап қалды, – деді ол.

Осыған ұқсас пікірді өндірістік кешеннің басшысы Мәжит Исыбаев та білдірді. Оның айтуынша, қазір зауытта өндіріс пен жөндеуден гөрі құжаттармен жұмыс басым.

– Авиациялық техникамен жұмыс тоқтады, себебі кадр жоқ, барлық келісімшарт бойынша қылмыстық істер жүріп жатыр. Ал кәсіпорын толық жұмыс істеп тұрған кезде бос уақыт болмайтын, – деді ол.

ҚАИ қызметкерлері кәсіпорынның шоттары мен мүлкіне тыйым салынғанын, ал ангарларда алты ұшақ қозғалыссыз тұрғанын айтқан. Сол кезде Мәжіліс депутаттары зауыттың стратегиялық маңызын атап, оны сақтап қалу қажеттігін мәлімдеген. Алайда бұл сапарлардың нақты нәтижесі туралы ашық ақпарат берілген жоқ, қылмыстық істің егжей-тегжейі де жарияланбады.

Іс немен байланысты болуы мүмкін

Осыдан кейін желіде қылмыстық істің Су-25 штурмовиктерін жөндеуге қатысты болуы мүмкін деген нұсқа пайда болды. Бұл туралы блогер Денис Кривошеев Facebook-та жазды:

– Жауханов қайта оралғанға дейін зауытты басқарған қызметкерлер қазір қамауда. Оларға 19 млрд теңгелік тапсырысты алып, істі соңына дейін жеткізбегені үшін қылмыстық іс қозғалған. Қаражат төрт Су-25 ұшағын жөндеуге бөлінген.

Бұл жазба қоғамдық резонанс тудырмады. Құқық қорғау органдары да ресми түсініктеме берген жоқ. Дегенмен ҚАИ-ге қатысты сот құжаттарында Су-25 ұшақтарының аталу-аталмауын тексеру шешілді. Нәтижесінде олардың бар екені анықталды.

Экономикалық соттардағы миллиардтар

2023 жылдың соңында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Мемлекеттік қорғаныс тапсырысы комитеті «Қазақстан авиациялық индустриясына» қарсы сотқа талап-арыздар берген. Материалдарда АН-72 ұшақтарына қызмет көрсету, С-295М ұшақтарын жөндеу, ұшқышсыз жүйелер бойынша жұмыстар, 16 БПЛА жүйесіне арналған жинақтауыштарды жеткізу, сондай-ақ 2020 жылғы 21 қазандағы №484-СВО келісімшарты бойынша Су-25 ұшағын күрделі жөндеу көрсетілген.

Комитет мына сомаларды өндіріп беруді талап еткен:

  • бір келісімшарт бойынша 221 882 162 теңге аванс;
  • Су-25 жөндеу шарты бойынша 16 969 100 295 теңге аванс;
  • әртүрлі келісімшарттар бойынша 36 364 335 теңге, 824 048 022 теңге, 68 678 920 теңге, 69 600 000 теңге және 130 557 004 теңге көлеміндегі айыппұлдар.

Сот аванстар мен айыппұлдарды өндіру туралы талаптарды қанағаттандырған.

Бұл талаптардың қазіргі қылмыстық іспен тікелей байланысы бар ма, әлде басқа эпизодтар туралы сөз болып отыр ма, ол жағы әзірге белгісіз. Бұл сұраққа жауап сот процесі барысында берілуі тиіс.

Қазір фигуранттар қайда және ары қарай не болады?

Данияр Амангелдинге елден кетпеу туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған. Өзге айыпталушыларға да осындай шара немесе үйқамақ белгіленген. Айта кетейік, бұл қорғаныс тапсырысы саласындағы алғашқы жанжал емес. Жуырда Ulysmedia.kz бұрынғы вице-министр Сәрсембаевтың ұсталғаны туралы жазған еді. Оған қатысты іс 607,7 млн теңгелік келісімшарттармен байланысты болуы мүмкін. Бұл қаражатқа сатып алынуы тиіс техника Қазақстанға жеткізілмей, ақша қцлмыстық схема қатысушылары арасында бөлінген.

Серіктес жаңалықтары