Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, жаңа Конституция бойынша референдум болатын күн жарияланғаннан кейін Үкімет мүшелерінің қозғала бастағаны байқалады. Екі палаталы парламенттің орнын Құрылтай ауыстыратыны жайлы хабар нақтырақ болған сайын министрлер де креслосының келешегіне алаңдайтын сияқты. Сондықтан әрқайсысы мемлекетке қаншалықты қажет екенін барынша көрсетуге тырысып бағуда. Алайда мемлекет басшысы үкіметтің кеңейтілген отырысында анық сездіргендей, кейбір министрлер жақын арада қызметімен қоштасатын секілді. Ulysmedia.kz соңғы уақытта сын садағына жиі іліккен Үкіметтің ТОП-5 аутсайдерін анықтады.
Судан құрғақ шығу
Жуырда біз Қазақстанда су тасқынына кім жауапты екенін анықтауға тырыстық. Сұрақтың жауабы өзінен-өзі түсінікті сияқты еді. Өйткені су көктемде еріген қардың әсерінен тасиды, ал елімізде суға жауапты тұтас бір министрлік бар. Шындап келгенде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов су тасқыны тақырыбына білек сыбанып араласуы керек еді, бірақ ол белсенді араласудан гөрі сырттай бақылаушыдай көрінеді.
Оның ведомствосы қуаңшылықпен күресуі тиіс болғанымен, бұл бағытта да толық жауапкершілікті өз мойнына алмайды, қуаңшылық бола қалса, оған әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы министрлігі «кінәлі». Жақсы, ол-ол ғой, 2023 жылғы қыркүйекте құрылған министрлік трансшекаралық өзендер мәселесін шеше ме десек, бұл да Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп қана жүзеге асады екен.
2026 жылы су ресурстарын тиімді басқаруға шамамен 137 млрд теңге бөлінген. Бірақ қар аз жауған жылдары да су тасқынынан зардап шегіп, табиғатқа қарамастан жыл сайын қуаңшылық көріп отырсақ, бұл қаржының тиімді жұмсалуы күмән тудырады. Айта кету керек, бұл Нұржан Нұржігітов үшін қуаңшылықпен күрестегі екінші мүмкіндік. Алғашқысы Жамбыл облысының әкімі болған кезінде берілген еді. Алайда 2023 жылы өңірде су тапшылығынан егістіктегі пияздың шамамен 30 пайызы қурап кетті. Ол кезде де жауапкершілікті Ауыл шаруашылығы және Экология министрліктерімен бөлісуге тырысқан. Судан құрғақ шығып үйренген әкімді енді қайтер екен деп жаңадан құрылған министрліктің басына әкелген. Бірақ оны да кінәлай алмайсың. Нұржан Нұржігітовтің алғашқы мамандығы – механизатор, екіншісі – экономист болса, одан не сұрауға, не талап етуге болады? Ол бұрын-соңды республикалық деңгейде жұмыс істеп көрмеген де, еңбек жолының басым бөлігін аудандық және облыстық деңгейдегі шенеунік ретінде өткізген.
Аграрлық амбиция
Дегенмен қызметке сай келетін дипломның өзі тиімді басқаруға кепіл бола бермейді. Бұған Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаровтың қызметі мысал. Ол – зоотехник мамандығын алған, шаруа қожалығында біраз ысылған, тәжірибесі мол адам. Соған қарамастан, министрлік азық-түлік қауіпсіздігін арттыруға бағытталған бірқатар даулы шешімді қайта-қайта қолдап келеді.
Фермерлер экспортқа тыйым салу бағаны уақытша ғана төмендететінін, ал кейін «тыйым салынған» өнімнің құны күрт өсетінін айтудай-ақ айтып шаршады. Мұндай жағдай картоп, қырыққабат, сәбіз бен пияз тапшы болған кезде де болған. Биыл Сапаров пен оның командасы ет экспортына да шектеу қойды. «Ет көбейген соң экспорт ашылады» деп уәде беріліп отыр. Бірақ сарапшылар қазіргі жағдайда фермерлердің жеңілдетілген несиеге қызығуы екіталай екенін айтады. Себебі несие бұрыннан бар, ал өнімді өткізу нарығына ешкім кепілдік бермейді.
Сарапшылар министрліктің статистикасына да күмән келтіреді, өйткені бидай, картоп қоры, мал басы туралы деректердің нақтылығы сұрақ тудырады. Былтыр өткен ұлттық ауыл шаруашылығы санағының нәтижелері жақын арада жариялануы тиіс. Сонда Айдарбек Сапаров агросаланың сағызша созылған проблемаларын шеше алды ма, әлде азық-түлік қауіпсіздігінің орнына тағы да жаңа ауру тауып берді ме, белгілі болмақ.
Ішкі қауіпсіздік қандай қолда?
Үкіметтегі тағы бір кәсіби маман ретінде Ішкі істер министрі Ержан Сәденов аталады. Ол сабырлы әрі асықпайтын мінезімен ерекшеленеді. Алайда Ulysmedia.kz жолдаған көптеген сауалға, соның ішінде былтыр мамыр айында бас редактор Самал Ибраеваның телефон нөмірі мен фотошоппен жасалған суреті интим қызмет көрсететіндер сайтына қалай түскенін анықтау туралы сұрақтарға әлі күнге дейін нақты жауап жоқ. Іс ашылмаған күйі қалды, ал министр «жұмыс жүргізіліп жатыр» деген жауапты қайталаумен келеді.
Бұл бір рет болып тұрған жағдай емес. Белгілі-белгісіз сайт арқылы жасалатын кибершабуылдар жылдар бойы тоқтамай келеді. Ал кибералаяқтардан қанша қазақстандық зардап шекті? Бұл – бөлек әңгіме. Жасөспірімдердің жаппай төбелесте қаза табуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, сталкинг мәселелері де шешімін таппай отыр. Соған қарамастан, 2025 жылы ІІМ қала ішінде кез келген көлікті тексеруге рұқсатты қайта енгізуге қол жеткізді. Бұрын бұл норма сыбайлас жемқорлыққа жол ашады деп жойылған еді. Мүмкін қазір полиция пара алмайтын шығар, соған сенгендіктен осы өкілеттіктер кеңейтілген болар.
Жоғары білімдегі «жоғары» тұлға
Редакция жоғары білім мен ғылым саласы туралы да көп жазды. Бұл сала – Қазақстанды шикізаттық елдер қатарынан шығара алатын басты бағыттардың бірі. Алғышарттар бар: соңғы жылдары ғылымды қаржыландыру алты есе артты, елде 40 шетелдік университеттің филиалы ашылды. Алайда Ақтауда бір шетелдік ЖОО филиалы жарым-жартылай ашылғаны белгілі болды. Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбек бұл жайтқа қатысты түсініктеме беруден бас тартты.
Ғылым саласында да түйткілдер жетерлік: аудиторлар қорытындысына сәйкес, бөлінген миллиардтар «өз адамдарының» қалтасына кеткен. Бірақ бюджет қаржысын тиімсіз пайдаланғандар нақты жауапкершілікке тартылған жоқ. Бұл мәселеге де министр пікір білдірмеді. Жалпы Саясат Нұрбек пікір айтуда тақырып таңдайды. Болашақ туралы құлшына сөйлейді, ал өз біліміне қатысты құжаттарды сұраған қоғам белсенділеріне жауап бермейді.
Салық кодексінің «кіндік әкесі»
Ал бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде біздің басылымда да, ең көп аталған тұлға – вице-премьер, Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин болды. Ол экономикалық блокты 2024 жылдың соңында басқаруға кірісті. Қызметке келген бойда кәсіпкерлермен, сарапшылармен кездесіп, ел дамуын талқылаған. Сол кездесулерде Жұманғарин Қазақстанға салық реформасы қажет екенін айтқанымен, макроэкономикалық тұрақсыздықты алға тартып, бизнесті қыспаққа алу жоспарда жоқ екенін жеткізген.
Алайда 2025 жылдың қаңтар айының соңында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында дәл сол Жұманғарин салық реформасын таныстырды. Бір жыл бойы кәсіпкерлер мен сарапшылар салықты экономикалық өсім кезінде арттыру керек екенін, ал стагнация кезеңінде бұл қауіпті екенін түсіндіруге тырысты. Бірақ министр де, оның әріптестері де бұл уәждерді естімеді. Тек президенттің тікелей нұсқауынан кейін ғана фискалдық құлшыныс бәсеңдеді. Әрине, бұған да рахмет. Бірақ көпшілікте ел экономикасын кәсіби әрі мемлекетшіл тұлға басқарса деген тілек бар.