×
501.26
590.38
6.54
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
501.26
590.38
6.54

Баға өсті, депутаттар неге үнсіз?

Бүгін, 10:19
Баға өсті, депутаттар неге үнсіз?
Ulysmedia.kz коллажы

Елде тауар мен қызмет құны қымбаттауда. Мұны кез келген қазақстандық айтып бере алады. Тарифтердің өсуі «тоқтатылды» делінгенімен, коммуналдық төлемдер өсті, әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізімі кеңейтілсе де, дүкендердегі баға шарықтауда. Ulysmedia.kz Мәжіліс депутаттарынан бағаның қымбаттауы қалтаға қалай әсер еткенін, дүкендегі қымбаттаған баға мен коммуналдық түбіртектерді көрді ме және ең бастысы, неге министрлерді осы мәселе бойынша сұрақтың астына алмайды деп сұрады. 

Әрине, көріп отырмыз!

Айта кету керек, сырттай қарағанда атағы дардай болғанымен, Мәжіліс депутаттары да Қазақстанның қарапайым азаматтары сияқты тамақ ішіп, коммуналдық төлемдерді төлейді. Сондықтан біз сұхбаттасқан барлық мәжілісмен бағаның өскенін байқағанын айтты. Уақыт белдеуін өзгерту бастамасын көтерген Еркін Әбіл отбасында негізінен есеп-қисапты  жұбайы қадағалайтынын айтады, алайда өзі де төлемдердің артқанын байқаған. Біз оған Үкімет тарифтерді сәуірге дейін «тоқтатамыз» деп уәде еткенін еске салдық.

— Соған қарамастан, бұл тоқтаған жоқ. Оның үстіне тек коммуналдық қызметтер су, жылу ғана емес, қызмет көрсету де қымбаттап жатыр. Мысалы, сервис қызметтері, — дейді ол.

Қазақстан халық партиясының депутаты Асылбек Нұралин тарифтердің өскені туралы тек халықтан естіп қана қоймай, оны өзі де байқағанын айтты.

— Біз де ҚР азаматтарымыз, көріп отырмыз, сезіп отырмыз. Қазір баға шамамен 20 пайызға өскен, бұл айдан анық, — деді ол нық сеніммен.

Мәжіліс депутаты Константин Авершин бағаның өсуі алдын ала белгілі болғанын айтып, тарифтер мен азық-түлік бағасына қатысты Үкімет мүшелерінен жағдайды нақтылауға тырысқанын жеткізді.

— Жауап шамамен мынадай болды: «Иә, бұл мүмкін» деген сияқты. Кулуарда халыққа қандай әсері болатынын сұрадық, бірақ, шынымды айтсам, нақты жауап ала алмадым, — дейді Авершин.

Не істейміз?

Оның пікірінше, 2026 жылы халыққа оңай болмайды. Бұл туралы Президент те ескерткен.

— Үкімет бұл мәселені неге жіті қарастырмайтынын білмеймін, — дейді депутат.

Ал Асылбек Нұралин бағаның өсуіне қатысты Үкіметтен жауап талап ететінін, бірақ алдымен мәселені жан-жақты талдап алатынын айтады.

— Алдағы депутаттық сауалдарда бұл мәселені міндетті түрде көтереміз. Қазір бәрін зерттеп жатырмыз: тарифтер жаңа жылдан бастап өседі. Электр энергиясы туралы да естіп отырмыз. Әрине, депутаттық сауалды қоймас бұрын мұның бәрін зерделеуіміз керек, — деді ол.

Еркін Әбіл негізгі проблема азаматтардың табысының азаюында деп есептейді.

— Біз бұған дейін де қымбатшылық болатынын айтқанбыз. Бірақ мәселе тарифтердің көтерілуінде емес, олар бәрібір өседі, бұл – заңдылық. Негізгі сұрақ азаматтардың табысының өсуі. Тарифтер көтеріліп, ал табыс артпаса, бұл қиын, — деп түсіндірді ол.

Депутаттың пікірінше, қазір министрлер халық табысын арттыруға баса мән беруі тиіс және бұл бағытта жұмыс басталып та кеткен. Бірақ оның қаншалықты тиімді болары әзірге белгісіз.

— Ең алдымен, экономика өсуі керек. Жай ғана формалды түрде емес, мұнайды көбірек сатып, ЖІӨ артты дегендей. Одан халықтың табысы өспейді. Өндіріс дамуы қажет. Біз Салық кодексі арқылы өндірісті ынталандыруға тырыстық, бірақ оның қалай жұмыс істейтінін жыл соңында ғана білеміз. Бір-екі айда ешқандай нәтиже болмайтыны түсінікті, отандық өндіріс те, халық табысы да бірден өспейді. Ал бір жылдан кейін Салық кодексі нәтиже берді ме, жоқ па, соны бағалай аламыз, — деп ой бөлісті ол.

Баға өсуде, бірақ бәрі заң аясында

Сонымен қатар кейбір депутаттар тарифтердің өсуін нақты қымбатшылықтан гөрі, оларды есептеудің жаңа әдістемесімен байланыстырады.

— Тарифтер былтыр бекітілген, 1 қаңтардан бастап ешкім тарифті көтерген жоқ. Екіншіден, жылу неге қымбаттады? Бұрынғыдай шығынды 12 айға бөліп, ай сайын бірдей есеп шығармайды. Қазір қыста нақты тұтыну көлеміне қарай төлейміз. Сондықтан даладағы температура төмендеген сайын төлем де көбейеді, — дейді депутат Дүйсенбай Тұрғанов.

Ол коммуналдық салаға қатысты компанияларда ұзақ жыл жұмыс істегенін айтып, бұл тақырыпты маман ретінде түсіндіреді. Өзі де қымбаттауды байқағанымен, оған қарсы күресудің қажеті жоқ деп санайды.

— Бұл – негізделген, бұрыннан бекітілген тарифтер. Оларды қарайтын, бекітетін және бақылайтын Табиғи монополияларды реттеу комитеті бар. Барлығы заңды, — дейді Тұрғанов.

Бәрі 1 сәуірде белгілі болады

Еске салайық, 2025 жылдың қазан айында Қазақстанда коммуналдық тарифтерді көтеруге тыйым салынған еді. Ол кезде барлық тұтынушы топтары үшін тариф өсімі 2026 жылдың бірінші тоқсанының соңына дейін тоқтатылатыны хабарланған.

Серіктес жаңалықтары