×
497.56
586.92
6.44
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
497.56
586.92
6.44

Аятолланың өлімі соғыстың басы ма? Ирандағы жағдай енді қалай қарай өрбуі мүмкін?

Аятолланың өлімі соғыстың басы ма? Ирандағы жағдай енді қалай қарай өрбуі мүмкін?
ulysmedia.kz коллажы

АҚШ пен Израильдің әуе шабуылынан кейін 1989 жылдан бері Иранды үздіксіз билеп келе жатқан аятолла Әли Хаменей қаза болды. Оның өлімін Иранның мемлекеттік ақпарат агенттіктері растады. 86 жастағы рухани көсемнің өлімі Ирандағы діни жүйеге қалай әсер етеді? Бұл аятолла режимінің күйреуі ме? Оның орнына кім келеді? Соғыс әрі қарай жалғаса ма? Ulysmedia осы және өзге де сұрақтарға жауап іздеп көрді.

«ТАРИХТАҒЫ ЕҢ ЖАУЫЗ АДАМНІҢ БІРІ ӨЛДІ»

28 ақпан күні АҚШ пен Израильдің соққысынан кейін Иранның рухани көсемі Әли Хаменейдің қаза болғаны белгілі болды. 86 жастағы аятолланың өлімінен кейін Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары елде 40-күндік аза тұту күні басталғанын хабарлады.

Аятолла Әли Хаменейдің өлімі туралы АҚШ президенті Дональд Трамп әлеуметтік желіде «Тарихтағы ең жауыз адамның бірі өлді» деп жазған.

«Ол біздің интеллектуалды және жоғары дамыған аңду жүйемізден қашып құтыла алмады. Израильмен тығыз жұмыс істеудің арқасында ол және онымен бірге қаза тапқан басқа да көшбасшылары ештеңе істей алмады. Бұл – Иран халқы үшін өз елін қайтарып алуға үлкен мүмкіндік», – деп жазды Трамп өзінің Truth Social желісінде.

БАҚ-тың жазуынша, Әли Хаменей бункерде емес, өзінің кабинетінде қаза болған. Бірақ Иран билігі бастапқыда оның өлімін жоққа шығарған. Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Исмаил Бағаи аятолла Әли Хаменейдің президент Масуд Пезешкианмен бірге «қауіпсіз жерде екенін» және елді «күшті» басқарып отырғанын айтқан.

Хаменейдің өлімі туралы бірінші болып Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху хабарлаған. Ол «Хаменей енді бұл өмірде жоқ» деп мәлімдеген. Оның сөзін Reuters ақпарат агенттігі таратқан.

«АЯТОЛЛАНЫҢ ҚАЗАСЫМЕН БАРЛЫҒЫ АЯҚТАЛҒАН ЖОҚ»

Қазақстандық сарапшы ирантанушы Жәнібек Көпжасар Әли Хаменейдің қазасы осымен барлығы аяқталды дегенді білдірмейді дейді. Сөзінше, ел билігі жаңа аятолланы сайлауы мүмкін.

«Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары қауіпсіздік кеңесінің жиналысы өтіп жатыр деп мәлімдеді, келесі рухани көсемді таңдау бойынша. Ол әлі белгісіз, өйткені әлі аяқталған жоқ. Бірақ Израиль мен АҚШ-тың әуе күштері түні бойы Тегеранды бомбалап шықты. Соған қарағанда, АҚШ пен Израиль ислам режимін толығымен құртпай кетпейді. Иранның соғысқа дайындалып жүргеніне көп болды ғой. Сондықтан егер Хаменей белгілі бір жағдайда қайтыс болса немесе өлтірілсе орнына кім келеді. Қалай болады деп оның барлығы жоспарланып қойған болуы керек», – дейді Жәнібек Көпжасар.

АҚШ президенті Дональд Трамп Хаменейдің қазасынан кейінгі мәлімдемесінде «Иранда белгілі бір жерлерді бомбалау апта бойы немесе Таяу Шығыстағы және бүкіл әлемдегі мақсатқа қол жеткізілгенше жалғаса беретін болады» деген.

«ХАМЕНЕЙДІҢ ҚАЗАСЫНА ҚАҢТАР ҚЫРҒЫНЫ ӘСЕР ЕТКЕН БОЛУЫ МҮМКІН»

Әли Хаменейдің өлімі онсыз да шатқаяқтап тұрған Иран билігіне үлкен соққы болғаны сөзсіз. Сарапшы Жәнібек Көпжасар осы уақытқа дейін халық алдына көп шықпай, қауіп төнген жағдайда бункерде бой тасалап келген Хаменейдің осыншалықты «бейқам» жағдайда қаза болуын желтоқсан-қаңтар айларындағы халықтық толқулармен байланыстырады. Былтыр желтоқсанда елдегі экономикалық жағдайдың нашарлауы мен гиперинфляцияға қарсы халық жаппай наразылыққа шығып, ол бір айға жуық уақытқа созылған. Оның арты аятолла билігіне қарсы наразылыққа ұласқан. Режим наразыларды күшпен басқан. Құқық қорғау ұйымдары мен БАҚ мәліметінше, наразылық кезінде 30 мыңға жуық адам қаза тапқан.

«Қаңтардағы оқиғалардан кейін биліктің өзінің ішінде, аятолланың маңайында жүрген адамдардың өзінде бір қарсылық пайда болған сияқты. Аятолла Хаменей соңғы бір ай бойы бункерде болған. Оның қай күні жер бетіне шығып, үйіне барғанын айналасында жүрген адамдардың Израильге берген ақпараты негізінде жасалған болуы керек. Өйткені алдыңғы күні түнде Трамптың өзі «біз не болатынын әлі білмейміз» деп айтты. Өйткені келіссөздер жүріп жатты. Хаменейдің сенбі күні үйінде болады деген ақпарат шыққан болуы керек. Мүмкін одан кейін сыртқа қашып кетеді. Қайтадан бункерге түседі. Сосын қиын болады. Соғыс ұзаққа созылып кетеді деп ойлаған болуы керек. Кеше резиденциясын бомбалады», – дейді ол.

РЕЗИДЕНЦИЯДАҒЫ ӨЛІМ

Reuters ақпарат агенттігі Әли Хаменеидің мәйіті резиденциясынан табылғанын хабарлады. Бұл жөнінде агенттікке Израильдің ресми өкілдері айтқан.

Ал АҚШ-тың Axios агенттігінің журналисі Барак Равидтің хабарлауынша, Израильдің АҚШ-тағы елшілігі Хаменеидің мәйітін үйінді астынан алып шыққанын мәлімдеген.

Израильдің «12 арнасының» жазуынша, Израиль премьері Биньямин Нетаньяху мен Израильдің күштік құрылым басшыларына қаза тапқан Хаменеидің мәйітінің суретін көрсеткен.

Израиль әскерінің мәліметінше, сенбіде болған әуе шабуылынан Иран революция сақшылар корпусының бірнеше лауазымды қолбасшысы қаза қаза болған. Олардың ішінде, Иран қорғаныс министрі Азиз Насирзаде, Иран революция сақшылар корпусының қолбасшысы Мохаммад Пакпур, Иран қорғаныс кеңесінің хатшысы Әли Шамхани, әскери канцелярия басшысы Мохаммад Ширази бар.

Иран президенті Масуд Пезешкианның өлі немесе тірі екені әзірге белгісіз.

Иран ислам революциясы сақшылар корпусы Хаменейдің қазасына кінәлілер жауап береді деді.

«Бұл ұлы қылмыс ешқашан жауапсыз қалмайды және ислам әлемі мен шиизм тарихында жаңа парақ ашады», – деп келтіреді үкіметтің мәлімдемесін IRNA агенттігі.

СОҒЫСҚА ИРАННЫҢ ПРОКСИ-ТОПТАРЫ АРАЛАСУЫ МҮМКІН

Жәнібек Көпжасардың сөзінше, енді Әли Хаменейдің қазасынан кейін Иран қолдап отырған «ХАМАС», «Хезболла» және «Аңсар Алла» топтары соғысқа араласуы мүмкін. Бұл топтар аятолланың өлімін қызыл сызықтан асып кетудің белгісі ретінде қабылдайды.

«Ал «Хезболла» мен ХАМАС-қа келсек, бұлар Иранның сырттағы прокси-топтары ғой.  Бұл топтардың бас хатшылары «Егер АҚШ пен Израиль Иранға соғыс ашса, біз әрекет етпейміз, ақырын күтеміз. Ал Әли Хаменеиге бірдеңе болса, біз жаппай соғысқа кірісеміз» деген болатын. Енді аятолланың өлімі ресми түрде расталған соң бүгіннен бастап сол күштер араласуы мүмкін. Кеше Трамптың өзі дүние жүзіндегі америкалықтарға абай болыңдар деп ескерту жасады. Өйткені АҚШ азаматтарына қарсы террорлық актілер жасалуы ықтимал», – дейді ол.

«ДИКТАТОРЛАРҒА ТӘН НӘРСЕ – ӨЛІП БАРА ЖАТЫП, БӘРІН ӨЗІМЕН БІРГЕ АЛА КЕТУ»

Жәнібек Көпжасардың пікірінше, Иранда болып жатқан жағдай, Әли Хаменейдің өлімі әлемдені өзге диктаторларға сабақ болуы тиіс. Себебі Иранда кеше ғана басып-жаншылған халық, аятолланың өліміне қуанып билеп жүр дейді ол.

«Әлеуметтік желіге қарасаңыз, Иран халқы көшеде билеп жүр. Ән айтып, бөркін аспағна атып, шаттанып жүр. Адамның өліміне осыншалық қуану деген – нонсенс. Халықтың қаншалықты ашынғанын ұғуға болады. Белгілі бір топтар емес, жаппай халықтың қуануы көп диктаторға ой салуы тиіс. Хаменеидің өлімінен кейін режим ауысуы мүмкін. Сондықтан бұл сол режимге қызмет етіп отырған адамдардың соңғы тұяқ серпуі деуге болады. Оларға тән нәрсе – өліп бара жатып, бәрін өзімен бірге ала кету», – дейді Жәнібек Көпжасар.

86 жастағы Әли Хаменеи Иранның ең жоғарғы басшысы болды. Елдегі саяси, діни және әскери билікті ұзақ жыл бойы уысында ұстады. Ол билікке 1989 жылы келді.

Серіктес жаңалықтары