Үкіметтің президент қатысқан кеңейтілген отырысы өткеніне бір айға жуық уақыт өтті. Алайда онда берілген тапсырмалар қалай орындалып жатқаны әзірге белгісіз. Әсіресе «сол жағалаудағы кофеқұмарлар» мен «энергетикадағы өзіне тым сенімді әуесқойлар» туралы айтылған ескертпелердің кімге бағытталғаны белгісіз. Бұл әңгімелер «Самұрық-Энерго» акционерлік қоғамына қатысты болуы мүмкін деген жорамал бар.
Компания үкімет пен «Самұрық-Қазына» холдингінің тапсырмасымен Ресей салуға уәде берген үш жылу электр орталығын, жаңартылатын энергия көздеріне негізделген бірқатар нысанды тұрғызуға және тұтастай алғанда Қазақстанның энергетикалық кешенін жаңғыртуға жауапты. Байқағандай, міндет ауқымды. Алайда стратегиялық маңызы зор осы компания басшылығында бірде-бір кәсіби энергетиктің болмауы таңғалдырмай қоймайды.
Ulysmedia.kz елдің энергетикалық кешенін жаңғырту міндеті кімдерге жүктелгенін және бұл үдерісте Қайрат Итемгеновтің есімі неге аталып жүргенін саралап көрді.
Басшылықтағы банкирлер
Самұрық-Энерго басқармасында энергетиканы дамытуға бөлінген қомақты қаржыны игеруге жауапты адамдар отыр. Сондықтан болар, мұнда энергетиктен гөрі экономистер көп.
Компания басқармасының алты мүшесінің бесеуінде «Экономист» дипломы бар.
Энергетика саласындағы маман дипломы негізгі мамандыққа қосымша ретінде тек Басқарма төрағасы Қайрат Мақсұтов пен мемлекеттік органдармен байланыс жөніндегі басқарушы директор Елена Ивченкода ғана бар. Оның өзінде бұл дипломдар жақында берілген. Елена Ивченко электр энергетикасы мамандығын 2015 жылы, ал Қайрат Мақсұтов Алматы энергетика және байланыс университетін 2019 жылы тәмамдаған.
Астанада жоғары лауазымды қызмет атқарып жүрген Мақсұтовтың Алматыдағы оқу орнында қалай білім алғаны беймәлім. Формалды түрде диплом бар.
Бірақ ол «Самұрық-Энерго» басшысының мансаптық өсуіне қаншалықты әсер етті?
Ашық дереккөздерде Қайрат Мақсұтов туралы ақпарат аз. 2009 жылға дейін әртүрлі коммерциялық құрылымдарда, соның ішінде Қарағандыдағы «Альфа-Банк» филиалында жұмыс істеген. Қарағанды облысы Қаражал қаласы әкімінің орынбасары, арнайы экономикалық аймақ кеңесі төрағасының орынбасары болған.
2009 жылы «Самұрық-Энергоға» басқарма төрағасының орынбасары болып келді. Ұзақ жыл орынбасар қызметінде қалып, тек 2023 жылы ғана компания басшысы болды.
2025 жылдың күзінде Мақсұтов үкімет отырысында 16 минуттық баяндама жасап, премьер-министр Олжас Бектенов тарапынан ескерту алғаны да есте.
«Жұмбақ қамқоршы» туралы әңгіме
Сарапшылар арасында Қайрат Мақсұтовтың мансаптық көтерілуі кәсіби біліктіліктен гөрі ықпалды топтардың қолдауымен байланысты деген пікір бар. Бірқатар дереккөздер оның Қайрат Итемгеновке жақын екенін айтады.
Кей мәліметке сүйенсек, Итемгенов «Самұрық-Энерго» аппаратының басшысы кезінде жауапты әрі тәртіпті қызметкер ретінде Мақсұтовты байқап, бірнеше жыл бұрын оны қолдаған көрінеді.
Бұл ақпараттың рас-өтірігін нақты айту қиын. Дегенмен Итемгеновке тиесілі KBI Energy Group пен «Самұрық-Энерго» арасындағы байланыс айқын байқалады.
KBI Energy Екібастұздағы Екібастұз ГРЭС-1 және Екібастұз ГРЭС-2 энергоблоктарын жөндеді, Ақсуда қазандық салды, Ерейментауда жел электр станциясын тұрғызды, сондай-ақ АлЭС қарауындағы Алматыдағы үш жылу электр орталығына күрделі жөндеу жүргізді. Бұл нысандардың барлығы «Самұрық-Энерго» жүйесіне кіреді.
2022 жылы интернетте Қайрат Итемгеновтің энергетика саласындағы қызметіне қатысты бірнеше журналистік зерттеу жарияланды. Онда «Самұрық-Энерго» Ақсуда жылумен қамту тарифін халықтың қалтасына әжептеуір салмақ салатындай мөлшерде бекітуді жоспарлады деген ақпарат айтылды. Сондай-ақ Екібастұз ГРЭС-1 өндірген электр энергиясының бір бөлігі жылыжай жобасы ретінде бүркемеленген майнингке бағытталғаны жөнінде мәлімет тарады. Бұл жоба Итемгенов пен станция басшысы Талғат Нағышпаевтің қатысуымен жүзеге асқан деген болжам айтылды.
Редакция бұл деректер бойынша тексерістердің нәтижесін білуге бірнеше рет талпыныс жасады. Алайда Павлодар облысының әкімі де, энергетика және ұлттық экономика министрлігінің өкілдері де нақты жауап бермеді.
2022 жылдан бастап KBI Energy Group құрамындағы KBI Energy бас компаниямен бірікті.
Компанияның салық төлемдеріне қарағанда, оған қатысты айтарлықтай талап жоқ сияқты. 2025 жылы «KBI Energy Group» ЖШС бюджетке шамамен 7,9 млрд теңге салық төлеген. Демек, бизнесі де жаман емес.
Қайрат Итемгенов кім?
Қазақстандағы капитал көлемі бойынша 24-орында тұрған кәсіпкерді де жария тұлға деу қиын. Ол «ақша тыныштықты жақсы көреді» деген қағиданы ерте түсінгенге ұқсайды.
Adata порталының мәліметінше, Итемгеновке әртүрлі салада жұмыс істейтін шамамен 20 компания тиесілі. Олардың үштен бірі іс жүзінде қызметін тоқтатқан. Ең табысты активтерді басқаратын тағы үштен бірі офшорлық аймақтарда тіркелген. Мұндай юрисдикция, бір жағынан, Қазақстанда салық жүктемесін азайтуға мүмкіндік береді, екінші жағынан, бизнестің шын қожайынын анықтауды қиындатады.
Ресми ақпаратқа сәйкес, Итемгенов – дәріхана желілерін Europharma және ArzanPharm брендтерімен басқаратын «Aqniet Group» ЖШС-нің негізгі акционері әрі қадағалау кеңесінің төрағасы. Сондай-ақ оған «Satti Logistics» ЖШС, Item Ltd. компаниялары, Мәскеудегі Mövenpick және Pana White қонақ үйлері, Алматыдағы Novotel Living және Ibis Style брендтерімен жұмыс істейтін қонақ үй кешені тиесілі.
Алайда Қайрат Итемгеновтің бизнес-империясы қай саладан басталғаны нақты белгісіз. Кей сарапшылар оның жолы энергетикадан басталды деп санайды. Бірақ кәсіпкердің өзі бұл жайлы жақ ашқан емес.
Білімге деген ерекше құлшыныс па?
Енді қайтадан Самұрық-Энерго басқармасына оралайық. Компанияда алты адам бар, алайда олардың көпшілігі туралы қоғамда ашық ақпарат аз.
Басқарушы директорлардың өмірбаянына қарағанда, ұлттық компанияда қызмет ету оларға қолайлы жағдай жасағанға ұқсайды.
Олардың жартысы осы жерде жұмыс істей жүріп, қосымша жоғары білім алған. Қайрат Мақсұтов туралы айттық, орынбасарлары да одан қалыспаған.
Мәселен, құқықтық сүйемелдеу және активтерді басқару жөніндегі басқарушы директор Нұрлан Жапарханов 2009 жылы «Самұрық-Энергоға» келген. Ал 2011 жылы Тұран университетінде заң ғылымдарының магистрі дәрежесін алған.
Экономика, қаржы және цифрландыру жөніндегі басқарушы директор Алмасби Камалов білімге деген ұмтылысын одан да айқын көрсеткен. «Самұрық-Энерго» жүйесінде 12 жылға жуық жұмыс істей жүріп, алдымен, Almaty University-де бакалавр, кейін Ұлыбританиядағы University of Warwick оқу орнында іскерлік басқару магистрі атанған. Соңғы дипломын 2025 жылы алған. Оқу мен жұмысты қатар алып жүрген 37 жастағы басқарушының жұмысының нәтижесін алдағы уақытта көріп қалармыз деген үміт бар.
Шинель киген адам
Басқарма мүшесі Асқар Балтабаевтің компаниядағы орны да сұрақ тудырады. Ол «Самұрық-Энерго» компаниясында қамтамасыз ету және тәуекелдер жөніндегі директор болып жұмыс істейді.
Ресми өмірбаянына қарағанда, компаниядағы тәуекелдер Қазақстанның көрші елдерге энергетикалық тәуелділігімен немесе өндірістік апаттармен емес, әлдеқайда қарапайым бағыттармен байланысты болғанға ұқсайды.
Еңбек жолын Алматы қалалық ішкі істер басқармасында тергеуші болып бастаған. Кейін көліктегі қылмыстарды ашу басқармасында аға инспектор, Алматы қаласындағы экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес департаментінде бөлім басшысы, Қарағанды облысында ауыр және аса ауыр қылмыстарды тергеген.
2009 жылы Экономикалық және сыбайлас жемқорлық қылмыстарымен күрес агенттігінің орталық аппаратына ішкі қауіпсіздік басқармасы бастығының орынбасары болып ауысқан.
2012 жылы агенттіктің басшысы болған Қайрат Қожамжаров қызметінен кеткен соң, Асқар Балтабаев та құқық қорғау органдарынан кетіп, көп ұзамай «Самұрық-Энергоға» келген. Содан бері осында жұмыс істейді.
Бұл қызметте қандай нәтиже көрсеткені белгісіз. Қожамжаровпен байланысы болды ма, болмады ма, оны да нақты айта алмаймыз.
Алайда басқа басшылар секілді, осы компанияда жұмыс істей жүріп тағы бір жоғары білім алып, Көкшетау мемлекеттік университетінде экономика бакалавры атанған.
Еске салайық, үкіметтің кеңейтілген отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық компаниялардың кейбір топ-менеджерлері жұмыс істеудің орнына уақытын кофе ішумен өткізетінін сынға алып, энергетика саласындағы кейбір басқарушыларды «кәсіби емес, өзіне тым сенімді әуесқойлар» деп атаған еді.
Осыдан кейін «Самұрық-Қазына» қорының басшысы Нұрлан Жақыпов қор құрамындағы компанияларда басқарушы персоналдың 10 пайызын қысқартуға уәде берді.
Осыдан кейін «Самұрық-Энерго» басшылығының топ-менеджері қызметімен қош айтысады деген сұрақ тіпті өзекті бола түсті.