×
478.77
548.62
5.87
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
478.77
548.62
5.87

Ресей мұнайына сұраныс: Ирандағы соғыс Украинаға сор болды

30.03.2026, 16:00
Ресей мұнайына сұраныс: Ирандағы соғыс Украинаға сор болды
фото: bankstoday.net

Таяу Шығыстағы соғыс әне бітеді, міне бітеді дегелі бір айдан асты. Трамп «Ирандағы нысаналарым бітуге таяды» деп бүгін әлемді тағы елең еткізді. Мұндай жаңалық Парсы шығанағы елдерін қуантқанымен, Ресейге ұнай қоймағаны анық. Кремльдің есебі бөлек.

ЗҰЛЫМДЫҚТЫҢ ЗҰЛЫМДЫҚҚА ДЕМ БЕРУІ

Financial Times тілшісінің Ормуз бұғазын қайта ашуға мүмкіндік беретін келісім жайлы сұрағына жауап берген Трамптың айтуынша, АҚШ соғыс басталғалы  Ирандағы 13 мың нысанасын жойған, енді небәрі 3 мыңы қалған.

Пәкістан арқылы жүргізіліп жатқан жанама келіссөздердің сәтті өтіп жатқанын атап өткен Ақ үй басшысы Иранмен келісімге «жақын арада-ақ» қол жеткізу мүмкін екенін айтты.

Трамптың аузынан бұл сөзді соңғы айда талай естісе де, Таяу Шығыс елдері соғыстың жақын арада бітетінінен күдер үзбейді. Олардың бәрі де тұралаған мұнай мен газ экспортын, бір кездері негізгі табыс көзінің бірі болған туризмін қайта жандандырғысы келеді-ақ. Алайда дәл қазір бұл соғыс игілікті емес, дәл өзіндей зұлымдықты жандандыруға ғана жарап тұр. Қазынасы сарқылып, Украинамен соғысуға мұршасы келмей қалған Ресей осы қақтығыстың арқасында саудасын қайта дөңгелете бастады.

САНКЦИЯЛАРДЫҢ ЖЕҢІЛДЕТІЛУІ

Таяу Шығыстағы соғыстың ушығуы, Ормуз бұғазының жабылуы энергетикалық нарықты тығырыққа тіреді. Ормуз – Парсы шығанағы елдерінен мұнай мен сұйытылған табиғи газды әлемдік нарыққа тасымалдаудағы негізгі бағыт. Иранның оны жауып тастауы өңірдің өндірісі мен экспортына соққы болды.

Араб елдерінің энергиясына тәуелді болып отырған көп ел тапшылық зардабын тарта бастаған соң Трамп әкімшілігі Ресей мұнайына қатысты санкцияларды уақытша жеңілдетті.  12 наурызда Ақ үй 4 наурызда енгізілген жеңілдіктерді кеңейтті. Алғашында бұл тек Үндістанға ғана қатысты болды: теңіздегі кемелерде тиеліп қойған ресейлік мұнайды 30 күнде жеткізуге және сатуға рұқсат берілген. Бір аптадан кейін, 19 наурызда, бұл жеңілдіктер тағы да кеңейтіліп, танкерлік мұнай партияларын бірнеше мемлекетке сатуға мүмкіндік берді.

СҰРАНЫС ПЕН БАҒАНЫҢ ӨСУІ

АҚШ санкциялары жұмсарғаннан кейін Үндістан ресейлік мұнай сатып алуды шамамен 50 пайызға арттырды. Қытайдың мемлекеттік мұнай өңдеу зауыттары да, соның ішінде Sinopec пен PetroChina компанияларына тиесілі кәсіпорындар Ресей мұнайын қайта сатып ала бастады. Нәтижесінде Urals және ESPO сияқты ресейлік маркаларға берілетін жеңілдіктер жойылып, кейбір Азия нарықтарында олардың бағасы Brent мұнайынан асып түсті.

Осылайша жаһандық нарықта тепе-теңдік өзгеріп, Парсы шығанағынан тыс өңірлерден энергия іздей бастаған елдер Ресейдің қанша жылдан бері жиналып қалған қорларына жапатармағай бас салды.

РЕСЕЙДЕГІ БЮДЖЕТ ТАПШЫЛЫҒЫ

Санкцияларды жұмсарту туралы шешім дәл Ресей қазынасы сарқылып, бюджет тапшылығы рекордтық деңгейге жеткелі тұрған шақта жарияланды.  

Reuters деректеріне сәйкес, Ресей үкіметінің ақпан айындағы есептерінде 2026 жылғы федералдық бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 3,5–4,4%-ына дейін жетуі мүмкін екені айтылған. Бұл ресми жоспарланған 1,6%-дан шамамен үш есе жоғары.

Халықаралық энергетика агенттігінің мәліметінше, ақпанда Ресей мұнай мен мұнай өнімдерінің экспорты арқылы шамамен 9,5 млрд доллар табыс тапқан — бұл қаңтармен салыстырғанда 1,5 млрд долларға аз. Мұндай төмендеу украин дрондарының экспорт инфрақұрылымына жасаған шабуылдары және Балтық теңізі порттарындағы қолайсыз ауа райынан туындаған еді.

Енді сарапшылар Таяу Шығыстағы соғыс Ресейдің бюджетін толтырып, Украинадағы соғысты жаңа күшпен жалғауға мүмкіндік береді деп болжап отыр.

СОҒЫСТЫҢ ҰЗАҚТЫҒЫ ҺӘМ РЕСЕЙДІҢ ПАЙДАСЫ: ҮШ СЦЕНАРИЙ

Киев экономика мектебінің KSE Institute талдау орталығының есебіне сүйенсек, Ирандағы соғыс Ресейге 2026 жылы мұнай мен газ сатудан қосымша 250 млрд долларға дейін табыс әкелуі мүмкін. Десе де, сарапшылар бұл нақты табыс емес, тек соғыссыз базалық сценариймен салыстырғандағы ықтимал пайда екенін атап өтеді.

Бірінші сценарий бойынша, соғыс сәуір айының ортасына дейін аяқталады деп болжанады. Бұл жағдайда мұнай бағасы шамамен барреліне 100 доллар болады деп есептеген мамандар Ресейдің мұнай экспорты бұрынғы болжамдағы 99 млрд доллардың орнына шамамен 169 млрд доллар әкелуі мүмкін, ал газдан қосымша 50 млрд доллар түсім түсуі ықтимал екенін айтады.  Жалпы алғанда, федералдық бюджетке түсетін қосымша кіріс шамамен 84 млрд доллар деп бағаланған.

Екінші сценарий бойынша, қақтығыс мамыр айының соңына дейін жалғасады. Шиеленістің ең жоғары кезеңінде мұнай бағасы уақытша 140 доллар/баррельге дейін көтеріледі, кейін өндіріс пен логистика қалпына келген соң төмендейді. Бұл жағдайда Ресей 2026 жылдың соңына дейін соғыссыз сценариймен салыстырғанда шамамен 161,3 млрд доллар қосымша экспорттық табыс табады, ал мемлекеттік кірістер 97 млрд долларға өседі.

Ең қатал үшінші сценарий бойынша, соғыс қыркүйек айының соңына дейін тоқтамайды және мұнай бағасы 150–200 доллар шамасында болады. Мұндай жағдайда Ресейдің мұнай мен газдан жалпы табысы 386,6 млрд долларға жетуі мүмкін, ал шикізат секторынан бюджетке түсетін салықтық және квазисалықтық түсімдер 212,5 млрд долларды құрайды.

«ИРАНДАҒЫ СОҒЫСТЫҢ БАСТЫ ЖЕҢІМПАЗЫ – РЕСЕЙ»

Der Spiegel басылымы Ресейдің Таяу Шығыстағы соғыстан табатын табысын Украинаға көрсетілген халықаралық көмектің көлемімен салыстырады: Киев жыл сайын орта есеппен 100 млрд доллар көлемінде қаржылай және әскери көмек алып келді.

Демек, Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері Бен Кэхиллдің Батыс басылымдары жарыса жариялап жатқан мына сөзімен келіспеске болмайды: «Ирандағы соғыстың басты жеңімпазы – Ресей».

Мәскеу Иран-АҚШ-Израиль қақтығысы есебінен жыртығын жамап, бюджетін толтырып қана қоймай, Украинаға қарсы шабуылдарын да жаңа күшпен жандандыра алады.

КІМ БІРІНШІ ТИТЫҚТАЙДЫ?

Ресейдің жағдайы оңалса – Украинаның соры екенін асқан сарапшы болмай-ақ түсінуге болады. Путин үш-ақ күнде бітірем деген соғысын төрт жыл өтсе де тоқтатқысы жоқ. Ақпан айында Еуропаның барлау қызметтерінің анонимді бес жетекшісі Reuters агенттігіне берген мәліметінде Ресей басшысының соғысты тез аяқтауға мүдделі емес екенін айтқан.

Олардың пікірінше, Кремльдің стратегиялық мақсаттары өзгерген жоқ: тек аумақтарды бақылауға алу ғана емес, сонымен бірге Киевте «достық пиғылдағы» билік орнату. Путин Батыс пен Украина Ресейден бұрын титықтайды деген есепке сүйеніп отыр. Оған тіпті миллиондаған адамының ажалы да тоқтау бола алмайтынына әлемнің көзі жетті.

Вашингтондағы Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы (CSIS) 2026 жылғы 27 қаңтарда жариялаған есепке сәйкес, екі тараптың жалпы шығыны (қаза тапқандар мен жараланғандарды қоса есептегенде) 2 миллионға жуықтаған. Әртүрлі бағалаулар бойынша, Ресей шамамен 1,2 млн адамынан айырылған (оның кемінде 325 мыңы қаза тапқан), ал Украинада шығын 600 мыңға дейін жетеді (оның ішінде 140 мыңға жуығы қаза болған).

«Екінші дүниежүзілік соғыстан бері бірде-бір ірі держава мұндай деңгейде шығынға ұшыраған емес», – делінген CSIS есебінде.

ОЛИГАРХТАРДЫҢ ДЕМЕУШІЛІГІ

Украин халқын қыруды одан әрі жалғастыру үшін Кремль ірі бизнесмендерге ауыз ашып отыр.  Бұған дейін The Bell және Financial Times басылымдары Путин Ресей олигархтарынан ірі көлемде алым алуды тапсырғанын жарыса жазды. Идеяның авторы ретінде «Роснефть» басшысы Игорь Сечин аталған.

Батыс басылымдарының жазуынша, соғысты қаржыландыруды алғашқылардың бірі болып миллиардерлер Олег Дерипаска мен Сулейман Керимов бастаған. Соңғысы 100 млрд рубль бөлуді ұсынған көрінеді.

Бизнесмендерден қаржы жинау туралы бастама бюджетке түсетін кіріс, әсіресе энерго ресурстарды сатудан түсетін табыс екі есе қысқарған кезеңде көтерілді. Путин мұндай алымдарды «Донбасс шекарасына дейін соғысу қажеттілігімен» түсіндірген.

Серіктес жаңалықтары