×
473.13
554.08
6.13
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
473.13
554.08
6.13

Da Vinchi-дің ізбасарлары: Қазақстанда ота жасайтын ЖИ роботтар жайлы

Da Vinchi-дің ізбасарлары: Қазақстанда ота жасайтын ЖИ роботтар жайлы
ЖИ көмегімен жасалған

Хирургияда жасанды интеллект пен роботтандырылған жүйелер операция жасау тәсілін өзгертіп жатыр. Қазақстанда да бұл технологиялар біртіндеп енгізілу үстінде. Алайда олардың тиімділігімен қатар, қауіпсіздігі әлі де қызу талқыланып жүр.

Da Vinchi-дің ізбасарлары

Робот арқылы жасалатын хирургиялық оталардың негізгі бөлігі 80-90 пайыз урология, 30-60 пайыз гинекология, 15-20 пайыз жалпы хирургия және кардиохирургия, нейрохирургия, офтальмология бағыттарында. 

Әлемдік тәжірибеге сүйенер болсақ,  танымал Da Vinchi роботтың көмегімен жасалған операция саны 20 млн асты. 

Da Vinchi сияқты еліміздің бірқатар клиникаларында да роботталған, навигациялық жүйелер бар. Атап өтсек, ROSA, MAKO, Cuvis, MISSO  роботтары кеңінен қолданылады.

Мысалы, буындарды эндопротездеу кезінде MAKO robotic system компьютерлік томография деректері негізінде буынның 3D моделін жасап, имплантты жоғары дәлдікпен орнатуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта робот Алматы қаласының №4 Қалалық клиникалық ауруханасыңда пайдаланады. 

Одан бөлек, нейрохирургия мен омыртқа хирургиясында StealthStation навигациялық жүйесі мен O-arm  интраоперациялық томографы бірге қолданылады. Бұл технологиялар операция кезінде нақты навигация жасай алады. Олар алдын ала берілген алгоритмдерге сүйенетін ассистенттік технологиялар қызметін атқарады. 

ROSA

Қазақстанда хирургиялық операцияларды толықтай робот арқылы жүргізу әзірге енгізілмеген. Алайда дәрігерлерге көмектесетін жоғары технологиялық жүйелер белсенді қолданылып келеді. Солардың бірі - ROSA атты робот биылдан бастап қолданыста. 

Ерсін Үсін және робот Rosa

ROSA - америкалық Zimmer Biomet компаниясының роботы. Ол Астана қаласындағы «Green Clinic» көпсалалы клиникада пайдаланылады.

Жыл басынан бері ROSA-мен 30-дан астам науқасқа ота жасалды. Хирургтардың айтуынша, робот отаны жеңілдетіп, дәлдікті арттырады. Травматолог-ортопед, әрі хирург Ерсін Үсіннің айтуынша, роботпен жасалған отадан кейін науқастар тез оңалады. 

- «Роботпен жасалған отадан кейін оңалу процесі жеңілдейді. Себебі имплант пен протез дұрыс қойылғандықтан, байламдар мен бұлшықеттер біркелкі болып, тепе-теңдік жақсы сақталады. Соның арқасында науқастар тезірек аяққа тұрып, жүріп кетеді», - дейді ол.

Маманның сөзінше, операцияға дайындық арнайы технологиямен жүргізіледі. Науқастың аяғына GPS-датчиктер қойылып, компьютерлік томография нәтижелері экранға шығарылады. 

- «Қарапайым отада біз алдымен кесеміз, сосын дәлдігін тексереміз. Ал роботпен біз алдымен бәрін өлшеп, болашақ нәтижені экраннан көреміз.», - деді Ерсін.

 Хирург роботпен жұмысты бастамас бұрын аталған сала бойынша біліктілігін арттырғанын да атап өтті.

- «Біз бұл роботпен жұмыс істеуге екі жыл дайындалдық. Шетелде оқыдық, биоматериалдарда, муляждарда, мәйіттерде жаттықтық, үлкен клиникаларда тәжірибеден өттік. Тек арнайы сертификат алғаннан кейін ғана практиканы елімізде қолдана бастадық», - дейді Ерсін Үсін. 

Робот хирургтің орнын баса ма?

Ерсін Үсін 

Хирург робот мүмкіндіктерінің әлі де шектеулі екенін, толықтай маманды алмастыра алмайтынын айтты.

- «Біз қазірдің өзінде күнделікті жұмыста ЖИ элементтерін қолданып жүрміз, мысалы, «Damumed» жүйесі диагнозды қоюда қателерді табуға көмектеседі. Ал хирургияға келсек, роботтар әзірге тек көмекші, өздігінен шешім қабылдамайды. Бірақ 5–10 жылдан кейін олардың рөлі одан да жоғары болар», - деді Ерсін.

Ерсін Үсіннің айтуынша, робот әрдайым дәрігердің бақылауында қолданылады. 

- «Роботты қолданғанда қателесу қаупі қолмен жасағанға қарағанда әлдеқайда төмен», - дейді хирург.

Қате кетсе, кім жауап береді?

Қазақстанда медицинада жасанды интеллект пен роботтарды қолдану кеңейіп келе жатқанымен, клиникалық шешімдер үшін толық жауапкершілік әлі де дәрігерлерге жүктеледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі мәлімдеді. 

Министрліктің сөзінше, қолданыстағы заңнамаға сәйкес, диагноз қою мен емдеу тактикасын анықтайтын негізгі тұлға -  дәрігер. Ал бұл жүйелер тек көмекші құрал. 

Сонымен қатар, медицинада қолданылатын  технологиялар міндетті түрде тіркеуден өтеді. 

- «Тіркеген кезде олардың клиникалық тиімділігі, қауіпсіздігі, экономикалық негізділігі және ықтимал тәуекелдері жан-жақты бағаланады», –  деді Денсаулық сақтау министрлігі. 

Науқастар не дейді? 


Айгүл Қуанжанқызы және София Асқарқызы

Мамандар робот арқылы ота жасауға қорқатындар бар екенін айтты. Алайда ЖИ көмегімен ота жасатқан науқастардың сөзінше, ауырсыну сезілмейді және реабилитация жылдам өтеді.   
Айгүл Қуанжанқызының оң аяғы 20 жылдай уақыт бойы ауырып келді. Аяқтағы ауырсынудан арылу үшін әртүрлі ем жолдарын көргенімен ешқандай нәтиже болмады. Ал соңғы төрт жылда аяғы мүлдем ақсап қалды. 

- «Осы жылдың басында мен ROSA арқылы оң аяғыма ота жасадым. Отадан соң екі айға дейін балдақпен жүрдім. Бірақ қазіргі уақытта балдағымды  тастадым», – дейді ол. 

Сондай-ақ, тағы да бір науқас екі бірдей аяғына ота жасатқанын айтты. 

- «Менің аяғым 15 жылдай ауырды. Әртүрлі дәрігерлерге бардым, әртүрлі ем алдым. Ол кезде менің тізем бүгілмей, аяғым екі жақа қисайып, қимылдамай қалған соң екі рет ота жасатып көрдім. Бірақ аяғымда ешқандай өзгеріс болмады. Кейін осы клиникада робот арқылы бірден екі аяғыма ота жасаттым», – деді София Асқарқызы. 

Науқастың айтуынша, ROSA арқылы жасалған ота оң нәтиже көрсетті. Ал қайта оңалту кезеңі әдеттегіден тезірек өтті. 

- «Отадан соң менің тіземнің бүгілуі ,ашылуы, аяғымның жүруі дұрысталып, бұрыңғы ауырсынулардың барлығы басылды. Басында тек 1-2 күн ғана ауырсыну болды. Қазір екінші реаблитациядамын. Баспалдаққа емін-еркін көтерілемін, жүріп-тұра аламын. Жалпы ота сәтті өтті», - деді София. 

ЖИ қателі ісікті диагностикалайды

Роботтандырылған жүйелер хирургияда бұрыннан қолданылып келгенімен, қазір бұл саланың дамуына ЖИ технологиялары өзгерістер енгізіп жатыр. 

Нейрожелілер медициналық кескіндерді (рентген, КТ, МРТ) талдап, ауруларды ерте кезеңде анықтай алады. ЖИ үлкен көлемдегі медиициналық деректерді өңдеп, диагностикалық ұсыныстар жасауға да көмектеседі. 

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, «WDSOFT» компаниясымен бірлесіп 19 медициналық ұйымға PACS диагностика жүйесі енгізілген. Жүйе «DamuMed» және «Надежда» медициналық ақпараттық платформаларымен бірігіп жұмыс істейді. 

PACS жүйесіне енгізілген жасанды интеллект ауруларды анықтауға көмектеседі. Атап айтқанда, ол сүт безі обыры мен кеуде қуысы ағзаларының патологияларын (обыр, пневмония және басқа да аурулар) талдауға бағытталған.  

Сондай-ақ,  қазір радиологиялық зерттеулерді орталықтандыру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба мақсаты – радиологиялық деректерді сақтау, талдау және интерпретациялаудың бірыңғай ұлттық жүйесін құру. 

- «Жобаның алғашқы нәтижелері бойынша, сүт безі обырын ерте анықтау көрсеткіші 22 пайыздан 32 пайызға дейін артқан, кеш анықтау жағдайлары азайған. 2025 жылдың 1 тамызынан бастап орталық серверде алғашқы алты ай ішінде 153 мыңнан астам рентгенологиялық зерттеу жинақталған» – дейді жоба жетекшісі Ринат Сәрсенбайұлы.

Нейрохирургиядағы ЖИ стартап

Сонымен қатар, хирургия саласында ЖИ стартаптар да қарқынды дамып келеді. 

2022 жылы Қазақстандық жас ғалым Карина Секенова нейровизуализация деректерін талдау бағытталған  NeuroGuard жобасын әзірлеген. Стартап авторының айтуынша, жүйе КТ және МРТ кескіндерін өңдеп, клиникалық маңызды аймақтарды автоматты түрде анықтауға көмектеседі.


Стартап авторлары: Карина Секенова мен Аружан Кешубаева 

2025 жылы күзде Карина және әріптесі Аружан екеуі  Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің «Неврология және қолданбалы нейғылымдар» орталығымен әріптестік орнатып, жобаға клиникалық бағыт берді. Уақыт өте келе жоба клиникалық тәжірибеге бейімделіп, нақты медициналық міндеттерді шешуге үйренген.

-«Жүйе клиникалық деректердің әртүрлілігін ескеріп жасалған. Siemens, GE, Philips сияқты әртүрлі жабдықтардан келген кескіндерді өңдей алады. NeuroGuard әртүрлі сканерлеу протоколдарына бейімделген», - деді Карина. 

Бұдан кейін, Ұлттық нейрохирургия орталығының қолдауы нәтижесінде жүйе тәжірибелік медицинада сынала бастады. Осы кезеңнен бастап NeuroGuard-тың негізгі фокусы - ми тамырлары патологияларын, әсіресе аневризмалар мен стеноздарды анықтауға ауысты.

- «Нейровизуализация жоғары біліктілікті талап етеді. Ал тәжірибелі мамандар саны шектеулі. Сондықтан біз дәрігерлерге көмектесетін, әсіресе ауыр жағдайларда шешім қабылдауды қолдайтын құрал жасауды мақсат еттік», – дейді жоба командасы.

Жүйе уақытты үнемдейді

NeuroGuard жүйесі операцияға дайындық кезеңінде де тиімді. Ол кескіндерді құрылымдап, хирургқа алдын ала талдау жүргізуге мүмкіндік береді. Әсіресе жас мамандар үшін пайдалы бола алады.

Жүйенің артықшылығы – уақытты үнемдеуі. 

- «Бұрын кескіндерді толық талдау ұзақ уақыт алатын болса, қазір жүйе оны бірнеше минутта орындай алады. Бұл дәрігерге келесі кезеңге тезірек өтуге мүмкіндік береді», – дейді стартап авторы. 

Мемлекеттік қолдау

Әртүрлі ЖИ стартаптардың дамуына байланысты, елде технологиялық жобаларды дамытуға бағытталған бірнеше институт жұмыс істейді. Солардың бірі - Astana Hub халықаралық технопаркі.

Мұнда стартаптарға менторлық қолдау, салықтық жеңілдіктер мен тестілеуге арналған инфрақұрылымдар ұсынылады. 

Инновациялық жобаларға көмектесетін тағы бір маңызды ұйым - QazInnovations. Бұл жер стартаптарды технологиялық тұрғыда дамытуға және оларды коммерцияландыру қызметін ұсынады. 

Сонымен қатар, Салидат Қайырбекова Ұлттық денсаулық сақтауды дамыту орталығы медициналық стартаптарға сараптамалық қолдау көрсетеді. Орталық жаңа технологиялардың клиникалық тиімділігін, қауіпсіздігін және оларды денсаулық сақтау жүйесіне енгізу мүмкіндіктерін бағалауға қатысады.

Денсаулық министрлігі айтуынша, мұндай қолдау стартаптардың тек идея деңгейінде қалмай, нақты медицина практикасында дамуға мүмкіндік береді. 

Авторы: Мерей Әміртай, Ақлима Джақсыбекова

Серіктес жаңалықтары