×
473.13
554.08
6.13
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
473.13
554.08
6.13

Құрылтайға кімдер барады: Жаңа партиялар тіркеле ме?

Құрылтайға кімдер барады: Жаңа партиялар тіркеле ме?
ulysmedia.kz

Жаңа Құрылтай (парламент) сайлауы биыл тамызда өтетін болды. Бұл жөнінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада ғалымдарды марапаттау рәсімінде сөйлеген сөзінде айтты. Оның пайымдауынша, бес ай мерзім партиялардың сайлауға дайындалуына жеткілікті уақыт. Осы уақыт аралығында жаңа партиялар тіркеле ме? Жаңадан жасақталатын Құрылтайдың қазіргі және бұрынғы Парламенттен айырмашылығы бар ма?

ТАМЫЗДА ӨТЕТІН САЙЛАУ

«Мемлекет басшысы ретінде еліміз үшін елеулі оқиғалар туралы алдын ала ақпарат беру өте маңызды деп санаймын. Конституция күшіне енген сәттен бастап бір палаталы Құрылтай сайлауын өткізу жөніндегі Жарлыққа қол қоямын. Сайлау биыл тамыз айында өтеді. Мұны әдейі ерте айтып отырмын. Өйткені партиялардың жоспарларын айқындап, сайлау науқанына дайындық жүргізуіне жеткілікті уақыты болуы керек», – деді президент Тоқаев.

Жаңа Конституция 1-ші шілдеден бастап күшіне енеді. Ол бойынша, бір палаталы парламент – Құрылтай тек партиялық тізіммен жасақталады. Оған 145 депутат енеді. Қазақстанда қазір тіркелген жеті («Amanat», «Ақ жол», Қазақстан халық партиясы, «Ауыл», ЖСДП, «Respublica» және «Байтақ») партия бар. Оның алтауы парламентте отыр.

«БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ПАРТИЯ ЖОҚ»

Саясаттанушы Димаш Әлжановтың сөзінше, қазір елде тіркелген партияларға бес ай уақыт берсе де, одан ешнәрсе өзгермейді. Себебі шын мәніндегі оппозициялық партия жоқ.

«Мәселе партияларға сайлауға дайындалуға алдын ала уақыт беруде емес. Олар бәсекеге қабілетті емес, басты мәселе осында. Олар осы уақыт аралығында жаңа партиялар тіркеуі мүмкін. Бірақ елде партия тіркеу процесі бақылаулы. Оппозиция жоқ. Сол себепті олар бюллетеньге шартты түрде «а», «б», «ц», «д» нұсқаларын енгізсе де, ол айтарлықтай өзгеріс алып келмейді», – дейді ол.

«ТІРКЕЛУГЕ УАҚЫТ ЖЕТКІЛІКТІ»

Мәжіліс депутаты Самат Мұсабаев саясаттанушының пікірімен келіспейді. Ол партиялардың сайлауға қатысуына да, тіркелуіне де жеткілікті уақыт бар деп есептейді.

«Бұл мәселе былтырғы жылдың қыркүйек айынан бері айтылып келе жатыр ғой. Қыркүйектен бері 7-8 ай өтті. Алда әлі бес ай бар. Дайын, сақадай сай партия болса, уақыт жеткілікті деп ойлаймын тіркелуге. Жаңадан партиялар тіркелетін шығар немесе іштегі партиялар бір-бірімен бірігіп, бір өзгеріс болатын шығар деп ойлаймын мен», – дейді ол.

Жаңа Конституция бойынша президенттің өкілеттігі бұрынғыдан да кеңейген. Енді Бас прокурорды, Конституциялық сот пен Жоғарғы сот төрағаларын, Ұлттық банк төрағасын, Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысын парламенттің араласуынсыз президент жеке дара өзі тағайындайтын болады.

Президент Тоқаев бұл өзгерістер елді «суперпрезиденттік» басқару моделінен «ықпалды парламенті бар президенттік республикаға» көшуге бағытталған қадам деп мәлімдеген.

«ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ САЯСИ ТӘУЕЛСІЗДІГІ ЖОҚ»

Саясаттанушы Димаш Әлжановтың жаңадан жасақталатын Құрылтайды биліктің саяси тәуелсіз тармағы деп айтуға келмейді дейді. Сөзінше, оның бұрынғы және қазіргі парламенттен өзгешелігі жоқ.

«Жаңа Конституция бойынша оның [Құрылтайдың] саяси тәуелсіздігі жоқ. Ол таза, ашық, бәсекеге қабылетті сайлау арқылы жасақталатын жеке дара, тәуелсіз, заң шығарушы билік тармағы емес. Мүмкін, жекелеген адамдар өзгеретін шығар ішінде. Жаңа адамдар кіреді. Бірақ тұтастай алғанда айтарлықтай ешнәрсе өзгермейді. Сол себепті қандай жаңа адамдар алып келсе де, парламенттің саяси жүйедегі рөлі өзгермейді. Тіпті жаңа Конституция бойынша, парламенттік өкілеттігі қысқарып, оның бір бөлігі президентке берілді. Формалды-техникалық тұрғыдан да бұл парламент бұрынғыдан да әлсіз болады», – дейді саясаттанушы.

БІР ПАЛАТАЛЫ ПАРЛАМЕНТТІҢ ӨЗІ ҮЛКЕН ӨЗГЕРІС

Депутаты Самат Мұсабаевтың айтуынша, екі палаталы парламенттің қысқарып, бір палаталы Құрылтайға айналуының өзі үлкен өзгеріс. Себебі ол заң шығару процесін жеделдетеді.

«Президенттің өзі айтты ғой, жас парламент болады деп. Сондықтан сауатты, мықты, жас азаматтар мен азаматшалар келеді деп ойлаймын. Қазіргі парламентте өзіңіз білесіз, мажоритарлық жүйемен сайланған депутаттар бар. Енді ондай депутаттар болмайды. Тек партиялық тізіммен болады. Тек партия мүддесіне жұмыс жайды, партия не айтса, соны орындайды. Заң шығаруда 145 депутаттан тұратын бір палаталы парламент ыңғайлы болады. Сенатқа жіберіп, одан қайтып келіп, оны қайта қарау болмайды. Енді заң бір жерден қаралып, бір жерде барлық мәселелер шешіліп, бір қолдан шыққан есеп болады. Тездету жағынан ол дұрыс болады деп ойлаймын», – дейді депутат.

Ақорда Конституцияға өзгеріс енгізу бастамасын әуелі «парламент реформасы» деп бастаған. Тоқаев 2025 жылғы қыркүйектегі жолдауында бір палаталы парламентке көшу керегін айтқан. Кейін құрылған комиссия 2026 жылдың басында жаңарған Конституция жобасын ұсынып, оны референдумға шығарды. Ол 15 наурызда өткен жалпыхалықтық референдумда ресми есеп бойынша, жаңа Конституцияны дауыс беруге қатысқан халықтың 87,15 пайызы қолдап, 12, 85 пайызы қарсы болған.  

Серіктес жаңалықтары