Таяу Шығыста Вашингтон мен Тегеран арасындағы текетірестің жалғасып жатқанына екі айға жуықтады. Тараптар уақытша атысты тоқтату туралы келісім жасасқанымен, әлі де болса түпкілікті мәмлеге келген жоқ. АҚШ пен Иран соғысты тоқтата ма, жоқ әлде оның ауқымы кеңейе ме? Осы уақытқа дейін тараптар не деді?
НӘТИЖЕСІЗ КЕЛІССӨЗ
12 сәуірде Пәкістанның арағайындығымен Исламабадта өткен келіссөздер ешқандай нәтижесіз аяқталды. АҚШ «Тегеран ядролық бағдарламадан бас тартуға байланысты нақты кепілдік бере алмады» десе, Иран «Вашингтон қабылдауға келмейтін талаптар қойды» деді.
БҰҒАТТАЛҒАН БҰҒАЗ
Тараптар келісімге келе алмағаннан кейін АҚШ президенті Дональд Трамп елдің әскери-теңіз күштері «Ормуз бұғазына кіруге немесе одан шығуға әрекет жасаған барлық кемені ешбірін қалдырмай бұғаттайтынын» мәлімдеді. Оның бұндай қадамға баруына Иранның бұғаздан өткені үшін кемелерден салық алуы себеп болған.
Трамптың сөзінше, әскери флотқа Ормуз бұғазынан өту үшін Иранға баж төлеген кемелерді анықтап, оларды халықаралық суларда ұстауға бұйрық берген.
– Заңсыз баж төлегендердің ешқайсысы ашық теңізде қауіпсіз өте алмайды, – деп мәлімдеді ол.
Ол АҚШ-тың Ормуз бұғазын минадан тазарту жұмыстарын да бастайды деп уәде етті. «Бізге немесе бейбіт кемелерге оқ атқан кез келген ирандық тікелей тозаққа жіберіледі!» деп сес көрсетті Трамп.
ИРАННЫҢ ЖАУАБЫ
Өз кезегінде Иран егер АҚШ Ормуз бұғазы арқылы Иран порттары мен кемелерін бұғаттаудыжалғастыра беретін болса, онда Тегеран Қызыл теңіз бен Парсы шығанағы арқылы өтетін теңіз қатынасын толық тоқтатуы мүмкін екенін ескертті.
Иран жоғары әскери басшылығының өкілі генерал Әли Абдоллахи «АҚШ-тың Иран сауда кемелері мен мұнай танкерлерін бұғаттауы атысты тоқтату режимін бұзуға жасалған алғышарт» деп мәлімдеді.
Оның айтуынша, мұндай жағдайда Иран қарулы күштері Парсы шығанағы, Оман шығанағы және Қызыл теңіз арқылы өтетін кез келген экспорт пен импортқа тосқауыл қояды.
Сонымен қатар, ол Иран билігіне жақын Йемендегі хуситтер Баб-эль-Мандеб бұғазы арқылы өтетін кеме қатынасын да бұғаттауы мүмкін екенін айтты.
ТРАМПТЫҢ КЕЗЕКТІ МӘЛІМДЕМЕСІ
15 сәуірде АҚШ президенті Дональд Трамп «соғыс аяқталуға жақын» деп тағы да мәлімдеді. Ол бұл жөнінде американың Fox News арнасына берген сұхбатында айтты.
Бұдан бөлек, Трамп келіссөздерге меңзеп, The New York Times газетіне «Алдағы бір-екі күнде Исламабадта бір оқиғалар болуы мүмкін» деген.
14 сәуірде вице-президент Джей Ди Вэнс Turning Point жиынында сөйлеген сөзінде «Трамп Иранмен «үлкен келісім» жасағысы келеді» деді. Бірақ ол үшін Иран ядролық бағдарламасынан бас тартуы тиіс.
– Біз оны [Иранды] экономикалық тұрғыда гүлденген елге айналдырамыз. Иран халқын осы уақытқа дейін менің өмірімде болмаған әлемдік экономикаға шақырамыз, – деген Вэнс.
ТЕГЕРАНДАҒЫ КЕЗДЕСУ
15 сәуірде Тегеранда Иран сыртқы істер министрі Аббас Арақчи Пәкістан бас штаб қолбасшысы Асим Мунирмен кездесті. Бас қосуда Мунир Исламабадта өтетін келіссөздердің екінші кезеңі туралы ұсынысты айтқан. Иран билігіне жақын «Тасним» ақпарат агенттігі дереккөздеріне сүйеніп, келіссөздердің екінші кезеңіне байланысты шешім осы кездесуден кейін қабылданатынын жазды.
КОНТЕКСТ
Бұған дейін АҚШ-тың Иранға 15 тармақтан тұратын келісім құжатын ұсынған. Ал Тегеран Вашингтонға 10 тармақтан құралған өз келісімін берген. Бірақ сол уақытта БАҚ пен сарапшылар ұсынылған құжатта тараптар орындай алмайтын талаптар жазылғанын айтқан және келіссөздердің нәтижесіз аяқталатынын болжаған.
АҚШ пен Израиль Иранға қарсы әскери операциясын 28 ақпанда бастаған. Әуе шабуылы кезінде елдің рухани көсемі аятолла Әли Хаманеи қаза тапқан. Осыдан соң Тегеран қарымта ретінде АҚШ-тың Таяу Шығыстағы әскери базалары мен Израильді атқылаған. Оның ішінде Вашингтонның аймақтағы одақтастарының азаматтық нысандарын да шабуылдаған.