×
479.42
467.91
8.21
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
479.42
467.91
8.21

Абай облысы: Шығыс Қазақстан қазынаға қанша салық төлеп отыр

24.03.2022, 14:13
Фото: Ulysmedia коллажы

Қазақстанда Ұлытау, Абай, Жетісумен бірге облыс саны 17-ге жеткелі тұр. Әзірге мәслихаттар бөлінетін облыстарға қай аудандар мен қалалалар қарайтынын талқылап бастаған жоқ. Біз бұл мақалада екіге бөлінетін Шығыс Қазақстан облысы мен Абай ауданының салығын салыстырып көрдік. 1997 жылға дейінгі әкімшілік аумақтық бөліністі негізге алдық.

Алдымен, Семей облысы жайлы

1996-1997 жылға дейін Семей облысына облыстық маңызы бар 2 қала мен 15 аудан кірген. Олар: Семей және Аягөз қаласы, аудандардан Абай, Абыралы, Ақсуат, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Жаңасемей, Жарма, Көкпекті, Мақаншы, Новошульбинский, Таскескен, Үржар, Шар, Шұбартау. 1997 жылдан кейін Ақсуат Тарбағатай ауданымен, Көкпекті Самар ауданымен, Мақаншы, Таскескен аудандары Үржар ауданымен, Новошульбинский Бородулиха ауданымен біріктірілді. Шұбартау ауданы Аягөз ауданының құрамына кірді. Ал Жаңасемей ауданының аумағы Семей қаласы, Бесқарағай және Бородулиха ауданына бөлініп кетті.

1989 жылға дейінгі Семей облысының әкімшілік-аумақтық бөлінісі

Салық қай қалалар мен аудандардан көп түседі?

ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мына бір мәліметіне назар аударып көрейік. Басқарма 2021 жылдың 12 айында Шығыс Қазақстанға қарасты қалалар мен аудандардан қанша салық түскені туралы деректі жариялапты. Көліктен, үйден, жерден, орманды пайдаланудан келетін түсімнен бастап салықтың 140 түрінен жалпы Шығыс Қазақстан халқынан республикалық және жергілікті бюджетке 413 млрд теңге қаражат түседі.

Салықтарды салыстыру

Қазір көпшілік жаңадан құрылатын Абай облысының құрамына бұрын Семей облысына қараған аудандардың бәрін кіргізу керектігін айтып жүр. Семей облысын 4 жыл басқарған әкім Мейрамхат Айнабеков те сондай пікірде. Оның айтуынша, Өскемен өнеркәсіпті дамытса, Абай облысы тамақ және жеңіл өнеркәсіппен күн көре алады.

Осы шешім қабылданған жағдайда Абай облысының құрамына мына аудандар кіруі тиіс:

  • Семей қаласы;
  • Курчатов қаласы;
  • Жарма ауданы;
  • Аягөз ауданы;
  • Көкпекті ауданы;
  • Үржар ауданы;
  • Бородулиха ауданы;
  • Бесқарағай ауданы;
  • Абай ауданы.

Ал Шығыс Қазақстан облысының құрамында мына қалалар мен аудандар қалады:

  • Өскемен қаласы;
  • Риддер қаласы;
  • Глубокое ауданы;
  • Алтай ауданы;
  • Ұлан ауданы;
  • Күршім ауданы;
  • Зайсан ауданы;
  • Шемонайха ауданы;
  • Катонқарағай ауданы.

Біз жоғарыдағы екі тізімге Тарбағатай ауданын қоспадық. Бұл аудан 1997 жылға дейін Семей облысына қараған Ақсуат ауданы мен Шығыс Қазақстан облысына қараған Тарбағатай ауданының қосылуымен құрылған. Жаңа облыстың құрылуына байланысты ақсуаттықтар да, ақжарлықтар да (Ақжар – бұрын Тарбағатай ауданының орталығы болған) өз ауданының қалпына келіп, әкімшілік тұрғыда бұрынғы облысына қарағанды жөн санайды. Алайда Тарбағатай ауданынан бүгінгі таңда салықтың 66 түрінен 1,8 млрд теңге (бүкіл облысқа түсетін салықтың 0,4%) ғана салық түсетіндіктен, өңірдің экономикалық ахуалы жақсы деп айту қиын. Жергілікті халықтың пікірі ескеріліп, аудан екіге бөлінуі мүмкін. Алайда облыстық мәслихат салық критерийіне қарап, аудан деңгейінде болса да облыстық бюджеттен әкімшілік шығын шығаруды жөн санамауы мүмкін. Яғни Тарбағатай ауданы бүгінгі бүтін күйінде екі облыстың біріне қарауы да ықтимал.

Кейінгі кезде Көкпекті ауданына қосылған Самар өңірінің халқы да бөлек аудан құруды өтініп жүр. Жалпы ауданнан салықтың 72 түрінен 8,2 млрд теңге түседі екен. Осы қаражаттың 3,2 млрд теңгесі республикалық бюджетке, ал 4,9 млрд теңгесі (!) жергілікті бюджетке аударылады. Әлеуетті аудан.  

Жоғарыда дерек бойынша, екі облыс 1997 жылғы әкімшілік тәртіппен бөлінген жағдайда салықтың 140 түрінен Абай облысынынан 162,1 млрд теңге, ал Шығыс Қазақстан облысынан 244,8 млрд теңге түсетінін есептеп шығаруға болады. Яғни салықтар түсімінің 59,2% ШҚО-ға, 39,2% Абай облысына тиесілі.