×
$
450.62
€
504.2
₽
5.36
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
450.62
€
504.2
₽
5.36

Трамп пен Путиннің дизель келісімі: Қазақстанға арзан отын бұйыра ма

Бүгін, 10:45
Трамп пен Путиннің дизель келісімі: Қазақстанға арзан отын бұйыра ма
Ulysmedia.kz коллажы

АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей президенті Владимир Путинмен әлемдік нарыққа ресейлік дизель отынын шұғыл жеткізу жөнінде келісімге келгенін мәлімдеді. Мұндағы мақсат – дизельге аса мұқтаж елдерге отын жеткізіп, бағаны тұрақтандыру. Біреулер мұны Путинге туған күніне жасалған сый деп қабылдаса, енді біреу Трамптың АҚШ Конгресі Өкілдер палатасына сайлау қарсаңында өз еліндегі жағдайды оңалтуға тырысқан қадамы деп бағалады. Қалай болғанда да, Мәскеу мен Вашингтон арасындағы келісімнің басқа елдерге де әсер ететіні анық.

Ресей дизель отыны әлемдік нарықты дағдарыстан құтқара ала ма және бұл өзгеріс бір жағынан Ресейден келетін дизельге тәуелді, екінші жағынан алдағы екі жылда мұнай өнімдерін экспорттаушы елдердің қатарына қосылуды көздеп отырған Қазақстанға қалай әсер етеді? Ulysmedia.kz осы сұрақтарға жауап іздеп көрді.

РЕСЕЙЛІК ОТЫН ОҢТҮСТІКТІҢ СҰРАНЫСЫН ӨТЕЙ АЛА МА?

9 қазанда Дональд Трамп Владимир Путинмен Ресейдің әлемдік нарыққа «дереу» 300 мың тонна дизель отынын жеткізуі жөнінде уағдаласқанын мәлімдеді. Қарашада тағы 500 мың тонна, ал одан кейін 1 миллион тонна отын жеткізу жоспарланған. Бұған қоса, тағы 3 миллион тонна дизель жөнінде сөз болып отыр. Алайда бұл көлем Ресей мұнай өңдеу зауыттарының мүмкіндігіне байланысты болады.

Трамптың пайымынша, нарыққа қосымша отын шығару ұсынысты арттырып, соның нәтижесінде баға төмендеуі керек. Ал АҚШ-тың Соғысты зерттеу институты бұл келісімді Ресейге жасалған жеңілдік әрі оның Украинадағы әскери амбицияларын қолдауға бағытталған қадам деп бағалады.

Ресейлік сарапшылардың пікірінше, әзірге ресейлік дизель әлемдік нарықтағы дүрбелеңді басып, бағаның сәл де болса тұрақтануына көмектесуі мүмкін. Бірақ жеткізілім бұрынғы қалыпты көлеміне жетпейінше, баға толық тұрақтанады деу қиын.

Қазақстандық экономистер де Трамп пен Путиннің дизель жөніндегі келісімі бағаға айтарлықтай ықпал етпейді деп санайды. Дегенмен әлемдік нарық үшін мұндай келісімнің маңызы бар.

– Жеткізіледі деп жарияланған отынның жалпы көлемі – 4,8 миллион тонна. Кейінгі 3 миллионы мұнай өңдеу зауыттарының жағдайына қарай беріледі деп келісілген. Демек, нақты кепілдендірілген көлемі 2 миллион тоннадан сәл ғана асады. Шектеулер енгізілгенге дейін Ресей айына 3,3-3,4 миллион тонна дизель экспорттайтын. Яғни бүкіл келісім Ресейдің қалыпты жағдайда бір жарым айда экспорттайтын отынына тең. Оның өзі жарты жылға бөлініп жеткізілмек. Әлемдік нарықтағы жалпы көлеммен салыстырғанда, бұл бір пайызға да жетпейді. Бірақ нарықтың психологиялық әсерге реакциясы бірден байқалды. Фьючерстік келісімшарттар бағасы дереу өзгеріп, Нью-Йорктегі көтерме баға сол күні шамамен 4,5 пайызға арзандады, – дейді «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының жетекшісі, экономист Рахым Ошақбаев.

Рахым Ошақбаев. Фото: әлеуметтік желілерден

Экономист Дональд Трамптың ең алдымен өз елінің экономикалық және саяси мүддесін көздейтінін еске салды. АҚШ-та 3 қарашада Конгресс Өкілдер палатасына сайлау өтеді. Ал сайлау қарсаңында Трамптың рейтингі айтарлықтай төмен. Жанармай құю бекеттеріндегі бағаның өсуіне наразы америкалықтардың көңіл-күйі де мәз емес.

– Трамп үшін қарашадағы сайлауға дейін жанармай бекеттеріндегі бағаның төмендегені маңызды. Ресей танкері шынымен Америкаға жете ме, жоқ па – ол үшін екінші кезектегі мәселе. Іс жүзінде бұл дизель Түркияға, Бразилияға және Африка елдеріне жөнелтіліп, сол арқылы АҚШ-қа бағытталатын өзге отын көлемінің бір бөлігін босатуы ықтимал, – дейді Рахым Ошақбаев.

Қазақстандық тәуелсіз экономист Әнуар Нұртазиннің айтуынша, 8 қазанда дизель отынының орташа бағасы бір галлонға шамамен 6,3 доллар болған. Бұл АҚШ пен Иран арасындағы соғыс басталғанға дейінгі бағадан 70 пайызға жоғары. Оның үстіне, әлем қысқы маусымға аяқ басты. Солтүстік жарты шарда дизель отыны жылу өндіруге қажет болса, оңтүстік жарты шарда егіс науқаны кезінде сұраныс артады. Дизель қымбаттап, тапшылық күшейген жағдайда жаһандық Оңтүстік елдерінің шынымен де қиын жағдайға тап болғаны түсінікті.

– Әлемдегі ең ірі мұнай саудагерлерінің бірі – Vitol компаниясының деректеріне сүйенсек, Ресейден жеткізілуі тоқтаған мұнай өнімдерінің көлемі  Таяу Шығыс тоқтатқан жеткізілімдермен шамалас. Ресей мен Парсы шығанағы елдері әлемдік сауданың шамамен үштен бірін қамтамасыз етеді. Мұндай көлемді алмастыратын басқа жеткізуші табу оңай емес.

Еске сала кетейін, Ресей дизелі Бразилияға, Мысырға, Сенегалға және Африканың басқа да елдеріне жеткізілетін. Бұл елдерге дизель суару жүйелеріндегі сорғыларды жүргізуге, егін жинайтын техниканы пайдалануға және тыңайтқыш тасымалдауға қажет. Демек, отын тапшылығы жаһандық Оңтүстік елдерінде азық-түлік ұсынысының одан әрі азаюына әкелуі мүмкін. Бұл елдерде азық-түлік бағасы мемлекет тарапынан субсидияланады. Сондықтан мұндай жағдай жаппай тәртіпсіздік пен бейберекеттікке ұласу қаупін күшейтеді, – дейді Әнуар Нұртазин.

Сонымен қатар сарапшы Ресейдің әлемдік нарық сұранысына сай көлемде дизель жеткізе алатынына күмән келтіреді. Өйткені елдегі мұнай өңдеу зауыттары әлі де Украинаның ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырап отыр.

Әнуар Нұртазин. Фото: әлеуметтік желілерден

КЕЛІСІМНЕН КІМ ҰТАДЫ: ВАШИНГТОН БА, МӘСКЕУ МЕ?

Әлеуметтік желілерде бұл оқиғаны Владимир Путинге жасалған сый деп бағалап жатқандар көп. Ресей президенті 7 қазанда туған күнін атап өткені жұртқа мәлім. Ал АҚШ-пен жасалған келісім Ресей экспортына тікелей тиімді.

Еске салайық, бірнеше ай бұрын Ресей мұнай өңдеу зауыттарына дрондар шабуыл жасағаннан кейін Батыс нарықтарына дизель экспорттауға шектеу қойған болатын. Соған қарамастан, үкіметаралық келісімдері бар ТМД және Орталық Азия елдеріне отын жеткізуді ұлғайтты.

Мәселен, 2026 жылғы тамызда Қазақстан Ресейден шамамен 28 мың тонна дизель импорттаған. Ал шілдеде мүлде сатып алмаған. Қырғызстанға жеткізілім шілдеде 4 400 тонна болса, тамызда 72 мың тоннадан асып кеткен. Тәжікстан тамызда 56 мың тоннадан астам дизель алған. Бір ай бұрын бұл көрсеткіш 16 мың тонна болған. Ресей дизелін ең көп сатып алатын ел – Моңғолия: тамызда 215 мың тонна, шілдеде 124 мың тонна.

Айта кетейік, қыркүйекте Қазақстан Ресейден шамамен 80 мың тонна дизель сатып алған. Қыс жақындаған сайын елімізде дизель импортының көлемі әдетте артады.

Орталық Азия елдеріндегі баға әлемдік нарықтағы бағамен бәсекелесе алмайды. Сондықтан Ресей үшін әлемдік нарыққа қайта шығудың тиімді екені түсінікті. Дегенмен экономистер бұл келісімнен Трамптың да ұтары бар екенін айтады.

– Қысқа мерзімде АҚШ-тың пайдасы айқынырақ көрінеді. Бұл – 3 қарашаға жоспарланған Конгресс Өкілдер палатасына сайлауға дейін жанармай бағасын ұстап тұруға бағытталған ашық әрекет. Сондықтан бұл шешімнің саяси, тіпті сайлау науқанының технологиясына қатысты сипаты басым.  Ал Ресей үшін мұндай келісімнің пайдасы басқа. Біріншіден, экспорттан түсетін кірісті арттыруға мүмкіндік беретін қосымша өткізу нарығы ашылады. Екіншіден, бұл Ресейге қарсы санкциялық қысымның жеңілдеуі мүмкін екенін аңғартатын белгі, – дейді мемлекеттік басқару саласының маманы, экономист Азиз Ысқақов.

Азиз Ысқақов. Фото: жеке мұрағатынан

Оның айтуынша, көп нәрсе алдағы уақытта мүдделі тараптардың қандай қадам жасайтынына байланысты. Алайда бір үрдіс қазірдің өзінде байқалады: Ресейдің әлемдік нарыққа заңды түрде қайта оралуына мүмкіндік беріліп отыр.

Рахым Ошақбаев та осыған назар аударады. Оның айтуынша, жазда Ресей шабуылға ұшыраған мұнай өңдеу зауыттарындағы өндіріс көлемі азайғандықтан, дизель экспортын өзі шектеген. Алайда күзге қарай жағдай өзгерді. Қалпына келтірілген зауыттарда өндіріс қайта жанданғанымен, қоймаларда отын шамадан тыс жиналып, өндіріс көлемін қысқарту қаупі туындады. Осы тұрғыдан алғанда, Трамптың шешімі Путинге шынымен көмектесті деуге болады. Тіпті ресейлік дизельдің әлемдік нарыққа қайта шығуы бағаны төмендеткен күннің өзінде, Ресей бәрібір ұтады.

– Ең маңыздысы – бұл шешімнің алдағы уақытта басқа да осындай қадамдарға жол ашуы. Ең қатаң санкциялар туралы заң қабылданғаннан кейін бір ай өтпей жатып, жарты жылға, яғни дәл жылыту маусымына арналған ерекшелік енгізіліп отыр. Нарық мұны біржақты түсінеді: АҚШ санкциялары саудаласудың нысанына айналды. Мұнай өңдеу зауыттарының жағдайына қатысты ескертпеге де назар аударыңыздар. Енді Украинаның Ресей мұнай өңдеу кәсіпорындарына жасаған шабуылдары америкалық фермерлерді арзан дизельден айыратын кедергі ретінде көрсетілуі мүмкін. Сөйтіп, қысым Киевке қарай ойысады, – дейді Рахым Ошақбаев.

Әнуар Нұртазин бұл жағдайға бұдан да қатаң баға береді.

– Қыркүйек айының басынан бері Мәскеу мен Вашингтон арасындағы кездесулердің бәрін сараласақ, жағдайдың осы шешімге қарай өрбігені анық байқалады. Мысалы, 5 қыркүйекте Стив Уиткофф пен Джаред Кушнердің Мәскеуге барғанын алайық. Оларды Үлкен Кремль сарайында, императрицаның салтанатты жатын бөлмесінде қабылдады. Бұған дейін ол жерде көп адамды қарсы алмаған. Сондықтан мұны айрықша құрметтің белгісі деуге болады.

Кейін олар Киевке барып, үш-ақ тұжырым айтты. Біріншісі – Путин көздеген межесін белгілеп қойған. Екіншісі – Украина әскерін шегіндірсе, қалған шарттарды келісуге болады. Үшіншісі – сол мақсаттарға жетуге көмектесетін тың шешім табу біздің міндетіміз. Мұнда өте маңызды жайт бар. Кушнер «олардың мақсаттарына» жету туралы айтты. Яғни шарттарды Владимир Путин белгілеген, ал АҚШ-тың арнайы өкілі сол шарттарды қабылдаған, – дейді сарапшы. 

Бұдан кейін де Вашингтон соғысты аяқтау қажеттігін аңғартатын бірнеше белгі берген. Алайда Киев оларды елемеді. Енді Ресей дизелі әлемдік нарыққа шығады, ал америкалық компаниялар осы саудадан өз пайдасын табады. Ал Украина президентін ауыстырып, соғысты аяқтауға тиіс деген талап қойылып отыр.

ҚАЗАҚСТАН: ИМПОРТҚА ТӘУЕЛДІЛІК ПЕН ЭКСПОРТТЫҚ АМБИЦИЯЛАР

Украина бұл қатаң шарттарға қарсылық танытып жатқанда, Қазақстан үшін де бұрыннан көтеріліп келе жатқан бірнеше мәселенің өзектілігі артты.

Ең алдымен, Қазақстанның өзі алдағы екі жылда мұнай өнімдерін экспорттаушы елдердің қатарына қосылуды көздеп отыр. Бұл мақсаттар Қазақстанның 2025-2040 жылдарға арналған мұнай өңдеу саласын дамыту тұжырымдамасында белгіленген. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2025 жылы елімізде 18,4 миллион тонна мұнай өңделіп, 15,47 миллион тонна мұнай өнімі өндірілген. Ведомство Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуатын жылына 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін арттырып, қуаты 10 миллион тонна болатын жаңа зауыт салу жоспары барын да хабарлаған. Осы жобалардың арқасында Қазақстан 2030 жылы Орталық Азия нарығына шығуға мүмкіндік алуы тиіс.

Азиз Ысқақов геосаяси жағдай қалай өзгерсе де, бұл жоспарларды жүзеге асыруға болады деп санайды.

– Қазақстаннан отынның жекелеген түрлерін әкетуге қойылған шектеулерді былай қойғанда, еліміздің бұл бағытта жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін берік негіз бар. 2025 жылы 18,4 миллион тонна мұнай өңделді, ішкі сұраныстың 90 пайыздан астамы отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар Шымкент және Павлодар мұнай өңдеу зауыттарының қуатын арттыру жұмыстары жүріп жатыр. Төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі де белсенді талқыланып келеді, – дейді ол.

Егер Ресей дизель жеткізілімінің бір бөлігін АҚШ-қа бұрса, Орталық Азияда отын тапшылығы туындауы мүмкін. Ал бұл тапшылықтың орнын біреу толтыруы керек.

– Бұл жерде Қазақстанның өз орнын табуға мүмкіндігі бар, тіпті сол мүмкіндікті пайдалануы керек. Бірақ жаңа келісімдер жасауға, отын жеткізу жолдарын жолға қоюға және соған қатысты басқа мәселелерді шешуге белгілі бір уақыт қажет болады, – деп ескертеді Азиз Ысқақов.

Рахым Ошақбаевтың пікірінше, Қазақстан алдымен өз ішіндегі көптен бері шешілмей келе жатқан мәселені – отын бағасын жасанды түрде төмен деңгейде ұстап тұру саясатын қайта қарауға тиіс.

– Қазақстанда дизель көрші елдерге қарағанда арзан болып тұрған уақытта экспорт дегеніміз – көршілерге өз бюджетіміз бен мұнай өңдеу зауыттарымыздың есебінен субсидия беру деген сөз. Мұның салдарын отынды көлеңкелі жолмен әкету жағдайынан-ақ көріп отырмыз.  Сондықтан Орталық Азияға экспорт жасау мәселесі өндірістік қуаттан гөрі баға саясатына көбірек байланысты. Біз бәсекеде арзан отынмен емес, жеткізілімнің сенімділігімен және ұзақ мерзімді келісімшарттармен басым түсуге тиіспіз, – дейді ол.

Алайда экспорт әзірге болашақтың еншісінде. Ал Қазақстанды алда қыс күтіп тұр. Қыста пайдаланылатын дизель отынының басым бөлігі Ресейде өндіріледі. Қазақстанға қажетті отын жете ме? Ең бастысы, оның бағасы қандай болады?

– Ресей экспортқа тыйым салған кезде ішкі нарығы әлемдік рекордтық бағалардан оқшауланған еді. Экспортқа қайта жол ашылған соң Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарында отынды сыртқы нарыққа сатудың балама мүмкіндігі пайда болады. Соның салдарынан ішкі көтерме баға да экспорттық бағаға қарай көтеріле бастайды. Ал біз отынды әлемдік бағамен емес, Ресейдің ішкі нарығындағы бағамен сатып аламыз. Демек, Америкадағы дизель бағасын арзандататын лицензия Қазақстан үшін Ресей дизелінің қымбаттауына әкелуі әбден мүмкін,  – дейді Рахым Ошақбаев.

Қазақстанда қысқы дизель отынының бағасы реттелмейді. Оның үстіне, республикалық бюджеттің мүмкіндігі шектеулі, акциздер өсіп жатыр, ал теңге бағамы жоғары деңгейде. Сондықтан жанармай құю бекеттеріндегі бағаның күрт өсуінен қазақстандықтарды барынша қорғау үшін экономист Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарымен қысқы отын жеткізуге арналған келісімшарттарды шұғыл жасаған дұрыс деп санайды.