×
$
452.12
€
508.95
₽
5.41
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.12
€
508.95
₽
5.41

Төрт жылда бітпеген қоршау: «Бозоқ» музейінің құрылысы неге созылып кетті

Бүгін, 13:30
Төрт жылда бітпеген қоршау: «Бозоқ» музейінің құрылысы неге созылып кетті
Ulysmedia.kz

Астанада бірегей «Бозоқ» музейі ашылады деген әңгіме айтылғалы жеті жылдан асты. Ашық аспан астындағы тарихи-мәдени кешеннің құрылысы 2022 жылы басталып, нысан 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланған еді. Алайда кейін мерзімі бірнеше рет кейінге шегерілді. Ulysmedia.kz тілшісі Бұзықты көліне барып, құрылыс алаңындағы жұмыстың жай-күйін және музей алғашқы келушілерін қашан қабылдайтынын анықтап қайтты.

АУҚЫМДЫ ЖОСПАР, ЖЫР БОЛҒАН ҚҰРЫЛЫС

Музей салу бастамасының көтерілгеніне талай жылдың жүзі болды. Бозоқ қалашығындағы археологиялық зерттеулер 1999 жылы басталған. 2003 жылғы ақпанда Кемел Ақышев зерттеу нәтижелерін Нұрсұлтан Назарбаевқа таныстырды. Сол кездегі БАҚ мәліметінше, Назарбаев бұл ғұрыптық қалашықтан айрықша мән көрген.

Бастапқы құрылыс жоспарына сәйкес, қалашықтан Ақордаға дейін түзу әрі кең даңғыл салу көзделген деген ақпарат та тараған. Қазіргі құрылыстарды есепке алмай, картаға қарасақ, мұндай даңғыл салуға шынымен мүмкіндік бар. Ол музейдің орталық қақпасынан басталып, «Хан Шатыр» арқылы өтіп, «Нұржол» бульварымен жүріп отырып, президент резиденциясының қақпасына дейін жетер еді. Яғни ғұндар мен оғыздардан бастап бүгінгі күнге дейінгі мемлекеттілік сабақтастығын бейнелейтін өзіндік бір желі болуы тиіс еді.

2000-жылдардың басындағы Астананың бас жоспары. Қазір көне қалашық пен «Нұржол» бульварының арасы тұтас құрылысқа толған.

Ашық аспан астындағы музейдің тұжырымдамасы да осындай ауқымды болған. Жоба бойынша Бұзықты көлінің маңындағы 412 гектар аумақта ботайлықтар, сақтар, ғұндар, түркілер және Қазақ хандығы дәуіріндегі қоныстарды қайта жаңғырту жоспарланған. Келушілер бір тарихи кезеңнен екіншісіне ауысқандай әсер алуға тиіс-тін.

Бозоқ. Сурет БАҚ жарияланымдарынан алынды.

Кейін жоба біршама ықшамдалды. Енді мұнда VII–IX ғасырлардағы Бозоқ қалашығын қайта жаңғыртып, тарихи стильде визит-орталық салу және хан ордасын қалпына келтіру көзделіп отыр. Сондай-ақ қолөнер шеберханалары мен этноасхана ашылады. Келушілер атпен серуендеп, түрлі салт-дәстүр мен мерекелік шараларға қатыса алады.

2022 жылдың өзінде музей-қорық директоры Сәуле Бұрбаева кешен жыл сайын миллионнан астам турист тартады деп мәлімдеген. Құрылыс толық аяқталған соң, шынымен де, ашық аспан астындағы музейді көруге ағылатын туристердің қарасы қалыңдауы мүмкін. Бірақ бірегей нысанның салыну тарихына көз жүгірткенде, «егер осының бәрі салынса» деген күмәнді тіркес ойға орала береді.

Жобалау-сметалық құжаттама 2019 жылы әзірлене бастаған. Сол кезде музей 2022 жылы ашылады деп жоспарланған. Алайда пандемия басталып, жоба уақытша тоқтап қалды. Құрылыс тек 2022 жылы қолға алынды.

Жұмыс басынан-ақ дауға ұласты. Алғашқы кезеңнің өзіне, яғни аумақты қоршауға бюджеттен 6 млрд теңге жұмсалатыны белгілі болды. Аудиторлар құжаттарды тексергенде, есепте қате жоқ екені анықталған. Тарихи нысандарды қайта жаңғырту арзанға түспейді, ал қоршаудың негізгі бөліктерін қолдан жасалған кірпішпен қаптау жоспарланған. Сметаның басым бөлігін қымбатқа түсетін осы кірпіш «жеп қойған».

Қолдан жасалатын кірпіш. Фото: Ulysmedia.kz.

Дегенмен жобаның басы-қасында жүргендер сол кірпішті қалдыруды жөн көрген, смета бекітілген. Ал құрылыс басталғанша арматура, цемент және басқа да материалдар қымбаттап үлгерді. Смета қайта қаралды. Құрылысшылардың айтуынша, жұмыс созылғандықтан, шығын есебін жыл сайын жаңартуға тура келеді.

ТҰЗДЫ ЖЕРДЕ БАСТАЛҒАН ҚҰРЫЛЫС

2026 жылдың аяқталуына санаулы ай қалды. Алайда Бұзықты көлінің маңындағы ашық аспан астындағы музей кешені құрылысының тіпті алғашқы кезеңі әлі біткен жоқ.

– Алғашқы кезеңді 2027 жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Әрине, ештеңе кедергі болмаса. «Адамның айтқаны емес, Алланың қалағаны болады» дейді ғой. Бәрі ойдағыдай болса, екі кіреберіс порталын, қоршауды, жолды, инженерлік желілерді, электр және су жүйесін бітіреміз. Қазір жол төсеу, кіреберіс порталдарының ғимараттарын қаптау, жарықтандыру, аумақты абаттандыру және порталдардың ішкі жұмыстары қалды, – дейді «Қазстройподряд» ЖШС құрылыс учаскесінің бастығы Жанболат Жүсіпов.

Жанболат Жүсіпов. Фото: Ulysmedia.kz.

Оның айтуынша, құрылыс алаңында 20-дан 50-ге дейін адам жұмыс істейді. Біз түстен кейін барғандықтан, жұмысшыларды санап шықпадық. Бірақ құрылыс жүріп жатқаны анық байқалады: бірнеше адам ғимаратқа жылу оқшаулағыш тақталарды бекітіп жатты, тағы бір топ дәнекерлеу жұмыстарын жүргізіп, жүк тиегіш техника да жұмыс істеп тұрды.

– Бұл жобаның құрылысы шынымен күрделі. Жерасты сулары жер бетіне жақын, жердің өзі батпақты. Мұның бәрі жұмыс мерзімі мен құнына әсер етеді, – дейді Жанболат Жүсіпов.

Мұнда автотұрақ болады. Фото: Ulysmedia.kz.

Орталық кіреберістің алдында автотұрақ салынатын жерге қиыршық тас пен ірі тас төселген. Кей тұста төгілген топырақ пен тастың биіктігі адам бойымен шамалас. Құрылысшының айтуынша, топырақты орнықтыру үшін жердің бетіне орта есеппен 50 сантиметрден 1,5 метрге дейін тас пен қиыршық тас төгуге тура келеді.

Әзірге мұндай қабат төселмеген жерлерде ақ жолақтар көзге түседі. Бұл құрылыс шаңы да, әк те емес, тұз. Демек, жерасты сулары жер бетіне жақын орналасып қана қоймай, топырақты да қатты тұздандырып жіберген.

ТҰЗДЫ ДАЛАНЫҢ ОРТАСЫНДАҒЫ ОАЗИС

Жобаға сәйкес, визит-орталықтың маңы мен 400 гектарға жуық аумақтың кей бөліктерін көгалдандыру жоспарланған. Алыстан қураған ағаштар тізбегі көрінеді. Сірә, олар тұзды топыраққа төтеп бере алмаған.

– Оларды біз еккен жоқпыз. Жергілікті ағаштарды тәжірибе ретінде отырғызған, – деді Жанболат Жүсіпов.

Визит-орталық құрылысында топырақтың тұздылығы мәселесі қалай шешілетінін ол білмейді. Өйткені бұл жұмыс құрылыстың екінші кезеңіне кіреді. Демек, «ғасыр құрылысына» мердігер болып таңдалатын компаниялар бұл мәселенің де шешімін табуға тиіс.

Дегенмен алыстан жарқырап көрінген көлдің жағасында бірнеше ағаш өсіп тұр. Бәлкім, бұл тұста жерасты суларының топыраққа әсері онша күшті емес шығар. Көлден бір-екі аққуды да байқадық. Құрылысшылардың айтуынша, Бұзықтыда құс көп.

Жақын маңда Бозоқ қалашығының қазба жұмыстары жүргізіліп жатқан жері көрінеді.

– Мұнда студенттер, тарихшылар жиі келеді. Мектеп оқушылары да экскурсияға, сабаққа келеді, – дейді Жанболат Жүсіпов.

Айта кетейік, қалашыққа жақын орналасқан Үркер шағынауданындағы мектепке Кемел Ақышевтің есімі берілген. Бұл білім ордасында тарих пен географияға ерекше көңіл бөлінеді.

САРЫ КІРПІШПЕН ҚАПТАЛҒАН ҚАҚПАЛАР

Жаппай туристік экскурсиялар қашан басталатыны әзірге белгісіз. Қазір құрылысшылар бір кездері сметаның қымбаттауына себеп болған кірпішпен кіреберіс мұнараларын қаптап жатыр.

– Бұл кірпіш Алматы облысындағы зауытта арнайы технологиямен қолдан жасалады, – дейді Жанболат Жүсіпов мақтанышпен.

Кірпіш әдемі-ақ. Онымен екі кіреберіс аумақ қапталмақ. Оның үстіне, бұлар жай қақпа емес, ортағасырлық қамалдарға ұқсатып салынған ірі ғимараттар. Ішінде кассалар, археологиялық жәдігерлер қойылатын залдар және шолу алаңдары болады.

Қазірдің өзінде мұнаралардың жоғарғы жағына бұралмалы баспалдақпен көтерілуге болады. Кейбір бөлмелердің қабырғаларына сылақтың бастапқы қабаты жағылып қойған. Болашақ музей кешенінің қабырғаларының біріне алау түрінде жасалған шам да орнатылыпты. Жоба бойынша мұндай шамдар әр үш метр сайын қойылуы керек. Осылайша келушілер музейге кірген сәттен бастап-ақ тарихи дәуірдің атмосферасын сезінуге тиіс.

Құрылысшылар кіреберіс аумақтардың сыртқы жұмыстарын күн суытқанша аяқтап, кейін ішкі әрлеуге көшуді жоспарлап отыр.

Алайда құрылыс әлі жалғасып жатқанда, салынып қойған кейбір бөліктердің өзі жөндеуді қажет ете бастағаны байқалады. Мәселен, кіреберістен басталып, болашақ ашық аспан астындағы музейдің бүкіл аумағын айнала өтетін металл қоршаудың бояуы қазірдің өзінде қабыршақтанып түсіп жатыр. Жобаның ауқымын ескерсек, оны қайта бояуға бірнеше ондаған миллион теңге кетуі мүмкін.

«БОЗОҚТЫ» КІМ САЛЫП ЖАТЫР?

Құрылыс учаскесінің бастығы өз компаниясының музей құрылысының екінші кезеңіне қатысатынын-қатыспайтынын да, оның қашан басталатынын да білмейді. Бірақ «Қазстройподряд» ЖШС кем дегенде алғашқы кезеңнің бас мердігері екенін растады.

Стратегиялық маңызы бар нысанның құрылысын кімге сеніп тапсырғанын анықтап көрдік. Компанияның сайтындағы мәліметке қарағанда, «Қазстройподряд» ірі жобалардан қашпайды. Ол бас мердігер немесе қосалқы мердігер ретінде «Алау» мұз сарайын, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығын, «Әзірет Сұлтан» мешітін, «Нұрлы жол» вокзалын, Тұңғыш президент кітапханасын, Алматыдағы «Қазақстан» телерадиокорпорациясының ғимаратын, Қарағандыдағы Оқушылар сарайын және басқа да нысандарды салған. Олардың қатарында тұрғын үйлер, балабақшалар мен мектептер де бар.

Ашық деректерге сүйенсек, компанияны 2005 жылы Түркия азаматы Аталай Хикмет құрған. Бұған дейін БАҚ оның Sembol Construction компаниясының президенті әрі Rixos Hotels қонақүйлер желісінің басшысы Феттах Таминдже екеуі жақсы таныс екенін жазған. Ал Таминдже арқылы ол Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен де таныс болған деген мәлімет бар.

Компанияға сеніп тапсырылған нысандардың тізіміне қарағанда, Хикметтің бұл байланыстары өзіне едәуір пайда әкелгендей. Алайда салық төлемдеріне қарасақ, компанияның белсенділігі Нұрсұлтан Назарбаев биліктен біржола кеткеннен кейін арта түскен.

2016–2021 жылдары компания жыл сайын орта есеппен 500 млн теңгеден салық төлеген. Ал 2022 жылы бұл көрсеткіш 1 млрд теңгеден асып жығылыпты. 2023 жылы «Қазстройподрядтың» салық төлемдері 384 пайызға өсіп, 5,3 млрд теңгеге жетті. Ал 2025 жылы компания қазынаға 10 млрд теңгеден астам қаржы аударған.