×
$
452.59
€
507.67
₽
5.48
#қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
$
452.59
€
507.67
₽
5.48

Наразылық құрсауындағы Еуропа: Францияны неге бүлік жайлады?

Бүгін, 12:40
Наразылық құрсауындағы Еуропа: Францияны неге бүлік жайлады?
Ulysmedia.kz коллажы

Қыркүйекте мұғалім тапшылығы мен тозығы жеткен ғимараттарға наразылық білдірген оқушылардың ереуілінен басталған қозғалыс бір айдың ішінде Франциядағы ең ірі жаппай тәртіпсіздікке ұласты. 17–18 қазанда көшеге жүздеген мың адам шықты. Тұрмыстың қымбаттауы мен мемлекеттік қызметтердің қысқаруына қарсы шерулер кезінде дүкендер тоналып, ғимараттар қирап, полициямен қақтығыстар болды.

Бұл жай ғана «лицей оқушыларының бүлігі» немесе тек «солшылдар мен қылмыстық топтардың әрекеті» емес. Мұнда бір-біріне қабаттасқан бірнеше наразылық толқыны бар. Олардың қатарында мектептегі жағдайға, күнделікті тұрмыстың қымбаттауына, еңбек қатынастарына және саяси ахуалға көңілі толмайтындардың қарсылығы бар. Бірақ наразылық тек Франциямен шектеле ме? Оның бастауында не тұр? Ulysmedia.kz осы сауалдарға жауап іздеп көрді.

ҰШҚЫННАН ТУҒАН ӨРТ

Қоғамдық наразылық бірден үлкен қозғалысқа айнала қоймайды. Әдетте ол белгілі бір мәселеге қатысты шағымнан басталады: мұғалімнің жоқтығы, электр қуатының қымбаттығы жылудың жоқтығы. Алайда мұндай шағым қоғамда бұрыннан қордаланған ренішпен ұштасса, жекелеген мәселе үлкен өртке себеп болған ұшқындай әсер етеді.

Францияда мұндай өртке түрткі болатын жағдайлар әлдеқашан туындаған. Баға өсті, әлеуметтік теңсіздік күшейді, халықтың мемлекетке деген сенімі әлсіреді, үкіметтің дәрменсіздігіне наразылық артты және президент сайлауы таяды. Сондықтан мектептегі наразылық оқшау оқиға болып қалмай, бұған дейін әрқайсысы өз алдына қарсылық білдіріп жүрген түрлі топтардың басын қосқан ортақ себепке айналды.

НЕДЕН БАСТАЛДЫ?

17 қыркүйекте Париждің жұмысшы табы басым Крете́й маңындағы Антуан де Сент-Экзюпери лицейінің оқушылары оқу орнын қоршай бастады. Олардың талаптары нақты еді: мұғалімдер мен олардың орнына сабақ беретін мамандар жетіспейді, сыныптар лық толы, ғимараттар мен жабдықтар тозған, аптап ыстықтың зардабы сезіледі, қаржы тапшылығы білім сапасына кері әсер етіп отыр.

Қозғалыс тез тарады. Қыркүйектің соңына қарай Дижон, Лион, Страсбург, Лилль және Марсельді қоса алғанда, жүздеген лицейде наразылық өтті. Полиция жүздеген адамды, оның ішінде кәмелетке толмаған жасөспірімдерді ұстады. Осы кезеңде мұғалімдер, медицина қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілер де ереуілге шықты.

Демек, оқиғаның мектептегі дағдарыстан басталғаны рас. Алайда алғашқы кезеңнің өзінде оқушыларға мұғалімдер мен бюджет саласының басқа да қызметкерлері қосылды. Соның нәтижесінде қозғалыс балалардың наразылығымен шектелмей, әлеуметтік және еңбек мәселелерін көтерген ауқымды қарсылыққа айналды.

ҚАТАҢ ҮНЕМГЕ НАРАЗЫЛЫҚ

Қазанның ортасына қарай наразылықтың негізгі өзегі өзгерді. Мектеп мәселесі қозғалыстың символы болып қалғанымен, талаптар аясы кеңейді. Енді халық инфляцияға, жанармай бағасына, баспана құнына, табыстың аздығына, мемлекеттік қызметтердің нашарлауына және үкіметтің бюджет саясатына да қарсылық білдіре бастады.

Мұның өз қисыны бар. Лицей – жасөспірімнің мемлекетпен алғаш рет күнделікті өмірде бетпе-бет келетін орындарының бірі. Мемлекет деген абстрактілі ұғым бұл жерде суық дәліз, сабаққа келмеген мұғалім және оқушыға лық толы сынып түрінде көрінеді.

Ересектер де осы көріністен өз өміріндегі қиындықтардың бейнесін таниды. Олардың да төлемдері қымбаттап, жұмысы тұрақсызданып, жалдау ақысы қалтасына салмақ түсіріп отыр. Осылайша, мектептен басталған наразылық бірте-бірте мектеп қабырғасынан асып кетті.

Мұнда тағы бір маңызды жайт бар. Премьер-министр Себастьен Лекорню үкіметі бюджет тапшылығын азайту үшін шамамен 54 миллиард еуроны үнемдеуді көздеп отыр. Көпшілік мұны мемлекет халықтан қатаң үнемге көшуді талап етіп отыр деп қабылдайды. Оның үстіне, жұрт онсыз да тұрмыстың ауыртпалығын сезініп жүргенде мұндай талаптың қойылуы наразылықты одан әрі күшейтті.

КӨШЕГЕ КІМДЕР ШЫҚТЫ?

Наразылыққа шыққан француздарды біртұтас топ деп қарастыруға болмайды. Олардың арасында мүддесі мен талабы әртүрлі бірнеше топ бар.

Лицей оқушылары мен студенттер. Наразылықты бастап, оның ең көзге түскен бөлігіне айналғандар – осылар. Олар мұғалім тапшылығына, оқу жағдайына және білім алудың қолжетімділігіне қатысты мәселелерді көтерді.

Мұғалімдер, медицина және мемлекеттік қызметкерлер. Олар жалақының аздығына, жұмыс жүктемесінің шамадан тыс болуына және штаттардың қысқаруына қарсы ереуілге шықты.

Кәсіподақтар. Жаппай шерулердің ұйымдастырушылық тірегіне айналды. Олардың күші мектептерден ғана емес, кәсіпорындардан да адамдарды көшеге шығара алуында.

«Сары кеудешелілер» мен тұрмысы төмен аудандардың тұрғындары. Олар үшін жанармай, баспана және күнделікті қажеттіліктердің қымбаттауы – жай ғана саяси тақырып емес, күнкөріс мәселесі.

МӘСЕЛЕНІҢ ЕКІ ҚЫРЫ

Бұлардан бөлек, қозғалысқа үкіметке қарсы ұстанымы айқын солшыл белсенділер мен радикалды жастар да қосылды. Билік зорлық-зомбылықтың едәуір бөлігін соларға және қылмыстық топтарға артып отыр. Жаппай шерулерді пайдаланып, дүкендерді тонаған, өрт қойған, полицияға шабуыл жасаған топтар да назарға ілікті. Олар көпшіліктің арасын тасалап, өз әрекеттерін жүзеге асыруға тырысты.

Сондықтан «әуелі лицей оқушылары шықты, кейін оларға оқушы емес топтар қосылды, одан соң солшылдар мен қылмыстық топтар араласты» деген тұжырым оқиғалардың өрбу ретін белгілі дәрежеде дұрыс сипаттағанымен, оның себебін толық түсіндірмейді. Бұл түсіндіру қозғалыстың ауқымы кеңейгенін көрсетеді, бірақ жүздеген мың бейбіт шерушіні көлік өртеп, дүкендердің әйнегін сындырған бірнеше жүз немесе бірнеше мың адамның әрекетімен теңестіруге болмайды.

ШАМ МЕН ЖАНАРМАЙ

Бұл жерде наразылықтың себебі мен оның қалай өрбігенін ажырата білу қажет.

Көшеге шыққандардың басым бөлігінің талабы орынды әрі түсінікті: оқушылар қалыпты жағдайда білім алғысы келеді, жұмысшылар еңбегіне лайықты жалақы талап етеді, отбасылар қолжетімді баспана мен бағаның тұрақты болғанын қалайды.

Наразылықтың бейбіт бөлігінің ауқымын Франция Ішкі істер министрлігінің дерегі де аңғартады. Министрлік мәліметінше, 17 қазандағы акцияларға 550 мыңнан астам адам қатысқан. Алайда кез келген жаппай наразылыққа өзге мақсатпен қосылатындар да болады. Бірі мұнда мәселенің шешімін іздеп емес, адреналин алу, белгілі бір топқа қатыстылығын көрсету, жанжал шығару немесе жазасыз қалатынына сеніп, ішіндегі ашуын ақтару үшін келеді.

Олар өрттің шығуына себеп болмауы мүмкін, бірақ жалынды өршіте түседі. Бейбіт шеруді қақтығысқа, халықтың талабын бұзақылық туралы жаңалыққа айналдырады. Бейнелеп айтқанда, біреулер тоңғандықтан қолына шам ұстап шықса, енді біреулер отты ұнатқандықтан жанармай құйылған канистрін арқалап келеді. Мемлекеттің алғашқы топты екінші топпен шатастыруы да, екінші топтың әрекетін алғашқы топтың талабымен ақтауы да – қате.

ПОЛИЦИЯ НЕГЕ ДӘРМЕНСІЗ?

Алғаш қарағанда, құқық қорғау органдарының әрекеті тым баяу көрінуі мүмкін. Алайда мұның себебі міндетті түрде полицияның әрекетсіздігі емес, жағдайдың күрделілігі болуы ықтимал.

Полиция көзден жас ағызатын газ бен су атқыш машиналарды қолданды. Ұсталғандар саны әуелі жүздеген адаммен өлшенсе, кейін 2,4 мыңға жуықтады. Құқық қорғау органдарының 150 қызметкері зардап шеккені хабарланды.

Бірақ жаппай шеруді ашық алаңдағы әскери операциямен салыстыруға келмейді. Жүздеген мың бейбіт адамның арасында шағын әрі жылдам қозғалатын радикал топтар жүргенде, күшпен басу әрекеті бейбіт шерушілерге де зиянын тигізуі мүмкін. Бұған дейінгі оқиғаларда полиция әрекетінен жасөспірімдер ауыр жарақат алған жағдайлар болған. Сондықтан күш қолдануды күшейту саяси тұрғыдан да аса қауіпті шешімге айналады.

Осы арада Эммануэль Макрон полицияның барлау мәліметтерін жинауында және әрекетке дайындалуында олқылықтар болған-болмағанын тексеруді тапсырды. Бұл мәселенің тек күштің жеткіліксіздігінде емес, сонымен бірге үйлестіру, жағдайдың қалай өрбитінін алдын ала болжау және бейбіт шерушілерді зорлық-зомбылыққа бейім ұйымдасқан топтардан ажырату ісінде де жатқанын аңғартады.

САЯСИ АСТАРЫ

Франциядағы оқиғалардың экономикалық қырымен қатар, саяси астары да анық байқалады. Ел сайлау науқанына дайындық кезеңіне кіріп келеді. Президент сайлауына шамамен жарты жыл қалғандықтан, наразылық саяси күштердің өз ұстанымын көрсетуіне мүмкіндік беретін алаңға айналды.

Марин Ле Пен полицияны қолдаса, Жан-Люк Меланшон шерушілер жағына шықты. Азшылық үкіметі бір жағынан халықтың көңілінен шықпайтын бюджеттік үнемдеу шараларын жүзеге асыруға, екінші жағынан көшедегі ахуалды бақылауда ұстауға тырысып отыр.

Мұндай жағдайда наразылық тек әлеуметтік құбылыс күйінде қалмай, сайлау науқанының да құралына айналады. Әр саяси күш оны өзіне тиімді етіп түсіндіруге ұмтылады. Бірі мұны «мемлекеттің қатыгездігіне қарсы бүлік» десе, екіншісі «қоғамдық тәртіпке төнген қауіп» деп бағалайды, үшіншісі «солшыл саясаттың дағдарысы» ретінде көрсетуге тырысады.

БАСҚАРУДАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚТАР

Саясаттанушы, Лондонда орналасқан Central Asia Due Diligence ұйымының директоры Әлішер Ильхамов Ulysmedia.kz тілшісіне өз пікірін жеткізді.

Оның айтуынша, Францияда қазір болып жатқан жаппай наразылықтар мен оларға ұласқан дүкендерді өртеу, тонау сияқты радикалды әрекеттер – Францияның ішкі мәселесі.

– Бұған мектептерді басқару мен қажетті ресурстармен қамтамасыз ету ісіндегі олқылықтар себеп болды. Әсіресе лицейлердегі жағдайды атап өткен жөн. Францияда лицей деп толық орта білімді аяқтауға дейінгі соңғы үш жыл оқытатын оқу орнын атайды. Біздің жүйемен салыстырсақ, бұл шамамен 9–11-сыныптар. Ал лицей оқушылары – радикалды әрекеттерге бейім келетін жас санаты, – дейді саясаттанушы.

БІРІНШІ ПАЙДА КӨРЕТІН КІМДЕР?

– Путин мен Ле Пен бұл оқиғалардан бірінші болып пайда көріп отырғанымен, олардың наразылықты әдейі қоздырғанын дәлелдейтін деректер әзірге жоқ. Путинге бұл жағдайдың өзі жеткілікті: қалыптасқан ахуал алдағы сайлауда Ле Пеннің президент болып сайлану мүмкіндігін арттырады. Ал Ле Пеннің өзі наразылықпен байланысы бардай көрінбеуге сақтық танытып отыр. Оған созылып кеткен бұл қақтығыстардың билік пен саяси орталықтағы партияларды әлсіретуі жеткілікті, – дейді Ильхамов.

НАРАЗЫЛЫҚТЫ ӨЗ КӘДЕСІНЕ ЖАРАТУ

Алайда наразылықты саясаткерлер әдейі ұйымдастырды деу де шындықты тым қарабайыр түсіндіру болар еді. Керісінше, олар бұрыннан көтеріліп келе жатқан толқынды ерттеп мініп, оны өз пайдасына жаратуға тырысып жатыр. Бұл толқынның түп-төркінінде нақты тұрмыстық мәселелер жатыр: баға, баспана, жалақы, мектептер мен мемлекеттік қызметтердің жай-күйі. Саясат болса, осы наразылыққа бағыт пен ұран береді.

Бақылаушылардың пікірінше, қазіргі таңда Франция президенттігіне үміткерлер рейтингінде көш бастап тұрған Марин Ле Пенге сайлауалды бағдарламасын ерекше насихаттаудың да қажеті жоқ. Оның орнына көшедегі ахуалдың өзі сайлаушыларға ықпал етіп отыр.

ТАС АТҚАН ОҚУШЫЛАР

– Францияны Германия социалистерінің көмегімен әсіре солшыл француздар ойрандап жатыр. Бұзақылық жасағандардың бәрі қатаң жазаланады. Ешкім де жазадан құтылмайды, – деді Эммануэль Макрон.

Ал неміс публицисі Борис Фель бұл толқын Берлинге де жетуі мүмкін бе деген сауал қойып, былай деп жазады:

– Күртенің астындағы «дәрі-дәрмек емес, мылтықтың оқ-дәрісі» дегендей, мұнда да бұзақылыққа бейім адамдар жеткілікті...

Оның айтуынша, Франциядан кейін жаппай тәртіпсіздік Италияға да тараған. Миланда әйгілі собордың өзі қорғансыз қалды. Кіреберіс маңында «оқушылар» от жағып, полицияға тас лақтырған. Басын бүркеп, бетперде таққан мигранттар көліктерді өртеп, Виктор Эммануил галереясына басып кірген. Олар ондағы дүкендер мен мейрамханаларды қиратқан. Наразылық толқыны тоқтаған жоқ, керісінше, күшейіп келеді.

«БАҒЫНБАҒАН ФРАНЦИЯ» МА, ӘЛДЕ «ӨРТЕНГЕН ФРАНЦИЯ» МА?

Борис Фель осындай сауал қояды.

– «Бағынбаған Франция» дегеніміз – марксист-троцкист әрі масон Жан-Люк Меланшон бастаған әсіре солшыл күш. Жастар наразылығының радикалдануына және оның жаппай тәртіпсіздікке ұласуына осы күшті кінәлайды. Әлеуметтік тұрғыдан заңды талаптар тағы да әсіре солшылдардың және Жан-Люк Меланшон депутаттарының әрекеттерінің құрбанына айналды. Олар зорлық-зомбылықты ақтап, қоғамдық тәртіпті қысым көрсету деп, ал тәртіпсіздікті құқық деп көрсетіп, елді хаосқа батыруға тырысады. Мұны Меланшонның оңшыл қарсыласы Марин Ле Пен айтып отыр, – деп жазады Борис Фель.

ЕУРОПАДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚ: БІР ТОЛҚЫН БА, ӘЛДЕ БӨЛЕК-БӨЛЕК АҒЫС ПА?

Тағы бір маңызды жайтқа назар аударған жөн: наразылық тек Францияда болып жатқан жоқ. Италия, Португалия, Испания, Албания, Бельгия, Германия, Австрия, Грекия және Ирландияда да шерулер өткені хабарланды. Алайда бұл елдердегі наразылықтың ауқымы, ашу-ыза деңгейі мен талаптары бірдей емес.

Португалия. Мұндағы басты мәселелер – төмен жалақы, инфляция, тұрмыстың қымбаттауы және баспана дағдарысы. Әсіресе Лиссабонда өткен акциялар негізінен бейбіт сипатта болды. Олар кәсіподақтар мен азаматтық қоғам ұйымдастыратын дәстүрлі шерулерге көбірек ұқсайды.

Италия. Халық сатып алу қабілетінің төмендеуіне, бағаның өсуіне және сыртқы қақтығыстардың салдарына қарсы шықты. Миланда шерулердің бір бөлігі қақтығысқа ұласты. Дегенмен жалпы алғанда, наразылықтың ауқымы Франциядағыдай емес.

Бельгия. Мұндағы наразылыққа білім беру саласындағы мәселелер, оқу құны және үкіметтің бюджетке қатысты шешімдері түрткі болды. Студенттердің белсенділігі айқын байқалады. Кейбір акциялар тәртіпсіздікке де ұласты.

Албания. Бұл – саяси сипаты басым оқиға. Наразылық білдірушілер премьер-министр Эди Раманың отставкаға кетуін талап етіп, жемқорлықты, жұмыссыздықты, білім беру саласындағы проблемаларды және әділетсіздікті алға тартады. Мұнда әлеуметтік наразылық тікелей үкіметке қарсы саяси талаптармен ұштасқан.

Германия, Австрия, Грекия, Ирландия және Испания. Бұл елдердегі наразылықтар жергілікті сипатта әрі әркелкі. Бір жерде баға мен баспана мәселесі алдыңғы орынға шықса, екінші жерде білім беру саласы, үшінші жерде билікке деген жалпы сенімсіздік басым. Оларды біріктіретін ортақ бағдарлама да, бәрін басқаратын бір орталық та жоқ.

НАРАЗЫЛЫҚТАРДЫҢ СИПАТЫ ҚАНДАЙ?

Еуропа елдеріндегі наразылықтардың себептері ішінара ұқсас. Барлығына ортақ мәселе – күнкөріс құнының өсуі, баспана тапшылығы мен қымбаттығы және мемлекеттің қарапайым азаматты қорғай алмай отырғаны туралы түсінік.

Сонымен бірге әр елдің өзіндік ерекшелігі бар. Францияда көшеге шығып қарсылық білдірудің бұрыннан қалыптасқан дәстүрі және орталық билікке деген сенім дағдарысы маңызды рөл атқарады. Португалияда басты мәселе – баспана мен жалақы. Албанияда жемқорлық пен үкімет басшысының жауапкершілігі алдыңғы орынға шығады. Бельгияда білім алудың қолжетімділігіне баса назар аударылады.

Басқаша айтқанда, бұл – бір штабтан басқарылатын біртұтас әскер емес, бір жаңбырдан нәр алған бірнеше өзен тәрізді құбылыс. Ол жауынның атауы – инфляция, әлеуметтік теңсіздік және үнемдеу саясатынан қажыған қоғамның ашу-ызасы.

ҰЛТТЫҚ ДЕҢГЕЙДЕГІ ДАҒДАРЫСТЫҢ БЕЛГІСІ

Франциядағы оқиға – жергілікті сипаттағы мектеп мәселесі бүкіл елдің ахуалын аңғартатын белгіге айналған жағдай. Оқушылар әуелі сыныптар мен мұғалімдердің мәселесін көтерді. Бірақ көп ұзамай сөз тұрмыс құны, әділеттілік және мемлекеттің азаматтарды ести білу қабілеті туралы бола бастады.

Қозғалыстың лицей оқушыларынан басталып, кейін мектеп қабырғасынан асып кеткені рас. Алайда оны тек әсіре солшылдардың немесе қылмыстық топтардың жаппай ойраны ретінде көрсету дұрыс емес. Зорлық-зомбылыққа радикалды азшылықтың қатысы бар. Ал наразылықтың негізгі бөлігін оқушылар, жұмысшылар, кәсіподақтар және болашағына алаңдаған қарапайым азаматтар құрайды.

НӨСЕРДІ КҮТКЕН ЖҰРТ

Франциядағы солшыл күштердің атынан 2027 жылғы президент сайлауына түсуі мүмкін, байсалды ұстанымымен танымал саясаткер Рафаэль Глюксман жағдайға былай баға берді:

– Бүгінде Республикаға қауіп төніп тұр. Бүкіл ел куә болған шектен тыс зорлық-зомбылық бұрын-соңды болмаған деңгейге жетті. Тәртіпсіздікке қатысқан мыңдаған адамға жалғасып жатқан әлеуметтік қозғалыс пен оқушылардың талаптары мүлде қызық емес. Олар көшеге тек шабуыл жасау, өрт қою және қирату үшін шықты. Әкімдіктерді қирату, мемлекеттің барлық нышаны мен қоғамдық қызмет нысандарына шабуыл жасау, өрт сөндіру көліктерін өртеу, дүкендерді тонау және от қою – мұның бәрі ақтауға келмейді әрі мүлдем жол беруге болмайтын әрекет. Республика бұған мойынсұнбауы керек.

Борис Фельдің пікірінше, бұл енді қылмыстық топтардың дүкендерді тонауымен шектелмейді. Оның пайымынша, билік орталықтарын басып алуға және зорлық-зомбылық арқылы қарапайым халықтың еңсесін түсіруге бағытталған классикалық төңкерістің белгілері байқалады. Осылайша, «бағынбаған» Франция өртеніп жатқан Францияға айналды. Ал әзірге жалынды сөндіретін нөсердің нышаны да көрінбейді.

ҚЫЛМЫС ПЕН ЖАЗА

Франция президенті халыққа шұғыл үндеу жасап, наразылық білдірушілер көтерген мәселелерді шешуге уәде берді. Оның айтуынша, «өшпенділік олардың даусын естуге кедергі болмауға тиіс».

– Дүкендерді тонағандар жасаған қылмысы үшін жазасын алуы керек. Үкімет ғимараттарына шабуыл жасағандар да жасаған қылмысы үшін жауапқа тартылуға тиіс, – деді Макрон.

Сонымен бірге ол Францияда бейбіт шерушілерді тонаушылармен және жаппай тәртіпсіздікке қатысушылармен ешқашан шатастыруға болмайтынын атап өтті.

НАРАЗЫЛЫҚТАН ТУҒАН ЖАППАЙ ТӘРТІПСІЗДІК

Осы уақытта Миланда жастардың наразылығы жаппай тәртіпсіздікке, тонау мен өрт қоюға ұласты. Жүздеген бетперделі адам дүкендердің әйнектерін сындырып, сауда орындарын қиратып, көліктер мен қоқыс жәшіктерін өртегеннен кейін полиция көзден жас ағызатын газ бен су атқыш машиналарды қолданды.

Тәртіпсіздік өмір сүру құнының қымбаттауына қарсы басталған бейбіт шерулер аясында өрбіді.

Италия премьер-министрі Джорджа Мелони тәртіпсіздікке қатысушыларды «шерулерді хаос таратуға, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін адамдарға шабуыл жасауға және тұтас қалаларды кепілге алуға пайдаланатын қылмыскерлер» деп атады.

Франциядағы жаппай тәртіпсіздіктен келген шығын көлемі орасан. Бұқаралық ақпарат құралдарының жазуынша, әзірге алдын ала жасалған есепке өткен түндегі оқиғалар кірмеген. Соған қарамастан, сенбі күнгі тәртіпсіздіктер кезінде 1 500 дүкен зардап шеккен. Оның шамамен 500-і Марсель қаласында орналасқан.

ШЫҒЫНДЫ КІМ ӨТЕЙДІ?

Бұған дейін премьер-министр Себастьен Лекорню қоғамды Республика мен бұзақылардың бірін таңдауға шақырған еді. Ол келтірілген шығын мәселесіне де тоқталды.

– Аз ғана топтың айналаның бәрін қиратып, ал оның зардабын үнемі бір адамдардың тартуына жол беруге болмайды. Өйткені қазір дәл осындай жағдай болып жатыр. Сақтандыру компаниялары, Франция азаматтарының сақтандыру полистері, өз ғимараттарына иелік ететін адамдардың мүлкі – мұның бәрінің шығыны түптеп келгенде салық төлеушілердің мойнына түседі, – деді ол.

«РЕВОЛЮЦИЯЛЫҚ ДӘСТҮР»

Біз пікірін білу үшін хабарласқан неміс әлеуметтанушысы әрі публицисі Николай Митрохин былай деп жазады:

– Әлеуметтік желілерде жазатын бірқатар публицист, негізінен солшыл бағытты ұстанатындар, Франциядағы жаппай тәртіпсіздіктердің бұл елге тән «революциялық дәстүр» екенін еске салуға асықты.

Бір қызығы, дәстүрлі құндылықтарға қарсы күресуді өз табиғатына тән санайтын солшылдардың бұл жолы сол дәстүрді жақтап шығуы түсініксіз.

ЖАППАЙ ТӘРТІПСІЗДІКТІҢ СОҢЫ НЕГЕ ӘКЕЛЕДІ?

Митрохиннің пікірінше, қазіргі солшылдардың жаппай тәртіпсіздік, өрт қою және полицияға шабуыл жасау дәстүрінен өздерін ажырата алмауы, тіпті ажыратқысы келмеуі де – қалыптасқан бір әдетке айналған. Оның үстіне, наразылық білдірдің заң бойынша рұқсат етілген көптеген жолы бар. Бірақ біреулерге мұндай жолдар тым қызықсыз көрінсе, енді біреулер өз қалтасын қампайтудың қолайлы сәтін жіберіп алғысы келмейді.

– Мұндай әрекеттер, әдетте, көздеген мақсатқа қарама-қарсы нәтижеге жеткізеді. Мысалы, АҚШ-тағы BLM қозғалысына байланысты жаппай тәртіпсіздіктер Трамптың қайтадан билікке келуіне ықпал етті. Франциядағы оқиғалардың немен аяқталатынын жақында көреміз, – дейді Митрохин.

ЕУРОПАДАҒЫ ОРТАҚ СЫЗАТТАР

Қорыта айтқанда, Еуропадағы наразылық толқындары барлық елде бірдей ұрандар айтылып жатқандықтан емес, әр мемлекет тұрғындары бір уақытта бірдей түйткілдерге тап болғандықтан өзара ұқсайды: халыққа уәде етілген бақуатты өмірдің нышаны байқалмады. Ал мұндай мәселе дер кезінде шешілмесе, кез келген ұшқын, тіпті мектепті қоршаудан басталған наразылықтың өзі тұтас елді өртке орауы мүмкін.

Редакциядан: Материал жариялауға дайындалып жатқан кезде Франция премьер-министрі Себастьен Лекорню әсіре солшыл топтарды ұйымдасқан тәртіпсіздік арқылы елді тұрақсыздандыруға тырысты деп айыптағаны туралы ақпарат келіп түсті.

Оның айтуынша, арнайы қызметтер алдағы президент сайлауын өткізуге кедергі келтіруді немесе оның өтуіне жол бермеуді көздейтін топтарды анықтаған.

Осыған байланысты Франция үкіметі тұрғындарды, кәсіпорындарды және мүлікті қорғау мақсатында бірнеше ауданда ішінара коменданттық сағат енгізу туралы шешім қабылдады.