Алматыда EURASIAN FASHION WEEK сән апталығының 12-ші мауысымы басталды. Биылғы 2027 жылғы көктем-жаз маусымында Қазақстан, Еуропа және Азия дизайнерлері жаңа топтамаларын ұсынды. Көрсетілімнің ерекше жобаларының бірі – сүт безі қатерлі ісігін жеңген 10 әйелдің подиумға шығуы. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар Алматы көшелерінің бұрынғы атауларын қолданатынын айтып, балағат сөздерімен қоғамның сынына ұшыраған блогер Mini Knopka-ның суреттерін жарнамалық билбордтардан не себепті алып тастағанын түсіндірді. Ulysmedia.kz сән апталығы несімен таңғалдырғанын және көрсетілімнен тыс не талқыланғанын тарқатады.
Еуразиядағы ірі prêt-à-porter сән апталықтарының бірі – EURASIAN FASHION WEEK-тің 12-маусымы басталды. 2027 жылғы көктем-жаз маусымы «SYNERGY» тұжырымдамасына арналған. Екі күндік сән апталығында Қазақстан, Еуропа және Азия дизайнерлері жаңа топтамаларын таныстырады. Сонымен қатар, шараға жас дизайнерлер, сән индустриясының өкілдері, медиа мамандары мен әлеуметтік жобалардың кейіпкерлері қатысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, «SYNERGY» тұжырымдамасы әртүрлі мәдениеттердің, эстетиканың, ұрпақтар мен адам тағдырларының өзара ықпалдастығынан жаңа дүниенің пайда болуын білдіреді. Оның негізінде дәстүр мен эксперименттің, жергілікті және жаһандық құндылықтардың, өткен мен болашақтың тоғысуы жатыр.

EURASIAN FASHION WEEK-тің биылғы маусымы халықаралық дизайнерлердің топтамаларын таныстырумен қатар, әлеуметтік мәселелерді көтеретін алаң ретінде де ұсынуға бағытталған. «PINK OCTOBER» топтамасын қазақстандық дизайнер ARAI BEKTURSUN сүт безі қатерлі ісігімен күреске қолдау көрсету мақсатында әзірлеген. Топтамада құрылымды пішіндер мен батыл эстетика арқылы әйелдің төзімділігі, ішкі күші және өзін еркін көрсетуі бейнеленген.
24 қазанда өтетін көрсетілімде сүт безі қатерлі ісігін жеңген 10 әйел дизайнердің киімдерін киіп, сән подиумына шығады. Бұл жоба сән алаңы арқылы әлеуметтік мәселелерге назар аударуды және ауруды жеңген әйелдердің оқиғаларын көпшілікке таныстыруды көздейді.
Eurasian Fashion Week сән апталығының бас продюсері Ирина Байжанованың айтуынша, бұл шара дизайнерлер мен модельдерге халықаралық деңгейде танылуға мүмкіндік береді.
«Дизайнерлер Қазақстаннан өз байерін тауып, брендін қазақстандық нарықта таныстыра алады. Ал қазақстандықтар жаңа трендтермен, тың бағыттармен және түрлі елдерден келген дизайнерлердің шығармашылығымен танысады. Жалпы, әлемдік сән үрдістерінен хабардар болуға мүмкіндік бар. Модельдер үшін де үлкен мүмкіндік. Олар көзге түсіп, әлемнің түкпір-түкпіріндегі Vogue, Harper’s Bazaar сияқты журналдардың мұқабасына шығуы мүмкін. Сондықтан бұл екі тарапқа да тиімді, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін алаң», – деді Байжанова.

Сонымен қатар ол биылғы сән апталығының былтырғыдан ерекшеленетінін атап өтті. Биыл Eurasian Fashion Week аясында сүт безі қатерлі ісігіне қарсы күреске арналған «Қызғылт қазан» әлеуметтік жобасы сән апталығының негізгі бөлімі болатынын жеткізді.
Байжанованың айтуынша, ұйымдастырушылар «СЕНІМ» қорымен бірлесіп, қатерлі ісікті жеңген әйелдердің сән көрсетілімі мен деректі спектакльге қатысуына қолдау көрсеткен. Спектакль өмірі мен денсаулығы үшін күресіп, қиындыққа мойымайтын әйелдердің тарихына арналады.
«Біз «СЕНІМ» қорымен бірге жұмыс істедік. Қор ертең подиумға актриса ретінде шығатын әйелдерді дайындады. Сонымен қатар денсаулығы мен өмірі үшін күресетін, ешқашан мойымайтын еркін әйелдің манифесі іспетті деректі спектакль қойылады. Біз өз тарапымыздан жас дизайнер Арай Бектұрсынға қолдау көрсеттік. Ол «Қызғылт қазан» жобасына арнап топтама тікті. Дизайнердің жұмысын қаржыландыруды біз бен «СЕНІМ» қоры толықтай өз мойнымызға алдық. Кейін бұл киімдерді сатылымнан сатып алуға болады. Топтама өте керемет шықты. Бүгін көрермендер сән көрсетілімін тамашаласа, ертең осы әйелдер аталған киімдерді киіп, спектакльде өнер көрсетеді», – деді Ирина Байжанова.
Еске сала кетейік, бұған дейін блогер Айгерім Бердалиева (Mini Knopka) Threads әлеуметтік желісінде Алматы көшелерінің қазіргі атауларын қолданбай, бұрынғы кеңестік атауларымен атайтынын мәлімдеген. Ол бұл туралы жазбасында балағат сөздер қолданып, қоғамның сынына ұшырады. Осыдан кейін Eurasian Fashion Week ұйымдастырушылары блогермен ынтымақтастықты тоқтатып, оның суреттерін жарнамалық билбордтар мен қала экрандарынан алып тастау туралы шешім қабылдаған еді. Ирина Байжановадан осы жағдайға қатысты пікірін сұрадық.
«Біз өз парақшасында қандай да бір пікір білдіретін блогер үшін жауап бере алмаймыз. Менің ойымша, әркімнің өз ойын айтуға құқығы бар, бірақ оны әдепті түрде жеткізуі керек. Өкінішке қарай, бұған қатысты бұдан артық ештеңе айта алмаймын. Айтарым, біз блогердің айтқанын жөн көрмеген соң, оның суреттерін алып тастауды шештік», – деді Байжанова.

12-маусымның халықаралық хедлайнерлерінің бірі – Оңтүстік Кореядан келген DAILY MIRROR брендінің креативті директоры Ким Джу Хан Seoul Fashion Week-тің тұрақты қатысушысы саналатын бренд халықаралық сән алаңдарында да топтамаларын ұсынады. Оның жұмыстары Vogue Korea, Harper’s Bazaar, Marie Claire, WWD, Hypebeast, i-D және FashionUnited басылымдарында жарияланған.
Ал сән апталығының арнайы қонағы Джованни Оттонелло Еуропалық дизайн институтының арт-директоры әрі профессоры. Ол сән, дизайн және сән индустриясындағы білім беру саласының италиялық сарапшысы.
Оттонелло сән және люкс индустриясындағы трендтер, дизайн мен коммерциялық сән өнімдерін әзірлеу мәселелері бойынша халықаралық деңгейде дәріс оқиды. Сондай-ақ, дизайнерлерге арналған халықаралық байқаулардың қазылар алқасына қатысады. Сән апталығы аясында ол Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында воркшоп өткізеді.