×
476.89
462.2
8.31
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.89
462.2
8.31

Бюджет миллиардтары үшін айқаста халық олигархтардан жеңіліп қалды

01.04.2022, 13:58
Коллаж: Ulysmedia.kz

Көктем шыға баспанаға мұқтаж қазақстандықтардың дегеніне қол жеткізуі де сағымға айналып бара жатқандай. Бір жағынан Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтеріп, екінші деңгейлі банктер ипотеканың үстеме пайызын шарықтатып жіберсе, екінші жағынан құрылыс материалдары қымбаттап, тиісінше шаршы метр құны да аспандап кетті. Осы орайда тұрғын үйдің бағасын арзандатуға тиіс мемлекеттік квазисектор компаниялары не істеп отыр деген ой келеді.

Коммерциялық банктерге жеңілдетілген ипотека үшін ақша беретін де, мұқтаж отандастарымыз арасында арзан жалға берілетін пәтерлерді тарататын да бұл «жомарт» тарап кім десек, ол 2021 жылы “Бәйтерек” ҰБХ қарамағындағы "Қазақстан ипотекалық компаниясы" мен "Тұрғын үй құрылысына кепілдік беру қоры" және "Бәйтерек Девелопмент" ұйымдары қосылған кезде пайда болған – “Қазақстан тұрғын үй компаниясы” деп аталатын мекеме (ҚТҮК). Бірақ егер компанияның веб-сайтына кірсеңіз, ол азаматтардың тұрғын үй жағдайын іс жүзінде емес, тек құрғақ сөзбен жақсартады және жай ғана алдыңғылар бастаған нәрсені аяқтап жатыр деген ойда қаласыз.

Ulysmedia.kz редакциясы ҚТҮК елдегі ең өткір мәселені қалай шешетінін, оның жоспарлары қандай екендігін, қанша адам жұмыс істейтінін, қандай жалақы алатынын білгісі келіп, ресми сұраухат жолдағанмен, түк шықпады. Бұл дегеніңіз, бұқараға жария болуы тиіс деректер коммерциялық құпияға жатады-мыс.

Сонымен, бәрін біртіндеп тарқатсақ.

Отандық квазимемлекеттік сектор еркін және шалқып бай өмір сүрген кездер болғаны аян. Алайда, бірнеше жыл бұрын билік олардың қызметін егжей-тегжейлі зерттеуге шешім қабылдағанда, керемет әлеуметтік пакет пен тамаша бонустарға қарқ болған ұлттық холдингтердің бір-бірінің қызметін қайталағаны ашылды. Сәйкесінше көпшілігін біріктіру қажеттілігі күнтәртібіне шықты.

Осы будандардың бірі, қызметіне бір жыл ғана толған "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ Қазақстан халқы қолжетімді және сапалы тұрғын үйге ие болуы үшін күндіз-түні жұмыстануда-мыс. Сондықтан оның қызметінің негізгі бағыттарының бірі – жеңілдетілген несие беру, облигацияларды сатып алу және тұрғын үй құрылысына үлестік қатысуға кепілдік беру арқылы құрылысшы компанияларды қолдау. Сондай-ақ, "Нұрлы жер" бағдарламасын іске асыру жөніндегі оператор бола отырып, Қазақстан тұрғын үй компаниясы, халықтың әлеуметтік осал топтарына сатып алу құқығымен және құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй беруге жауапты. Бұдан тыс агент-банктер арқылы ипотекалық қарыздар береді, ескі тұрғын үйлерді реновациялауды және жаңа шағын аудандардағы инфрақұрылым құрылысын қаржыландырады. Қарапайым сингапурлықтар үшін пәтерлердің 80% салған сингапурлық тұрғын үй қорын ҚТҮК даму стратегиясындағы өзінің бағдары есептейді, бірақ жоспары қарапайым. Мәселен, "Нұрлы жер" бағдарламасы және ҚТҮК жұмысының басқа да бағыттары бойынша шаршы метрдің құны баяғыда-ақ айқындалған. Осы орайда, құрылыс салушылар әкімдіктерде кезекте тұрғандарға баспананы Нұр-Сұлтан мен Алматыда шаршы метр үшін 260 мың теңгеден артық емес мөлшерде салуға міндетті. Алайда, расын айтыңызшы, мұндай бағаларды соңғы рет қашан және қайда көрдіңіз?

Мүмкін нақ сондықтан да компания сайтында қазақстандықтарға жалға берілетін пәтерлерді тарату туралы соңғы хабарландырулар 2021 жылдың жазында берілген? Шамамен сол уақытта, сайттағы ақпаратқа сенсек, мұғалімдер мен дәрігерлерге арналған "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша үйлер пайдалануға табысталған.

Өткен жылы компанияның "Орда" ипотекалық кредиттеу бағдарламасы да жабылды. Ол Алматы мен Нұр-Сұлтандағы құны 65 миллион теңгеге дейінгі пәтерлерге жылдық 12%-бен 10 жылға, бастапқы жарнаға тұрғын үй құнының 30%-ы қарыздарын көздеді. Нарықтағы ипотека шарттары аясында мұндай бағдарлама өте тартымды көрінеді. Алайда, ҚТҮК-да хабарлағандай, оны қайта іске қосу әлі жоспарланбаған.

Команияда үлестік құрылысқа кепілдік беру бағдарламасы бойынша ғана белсенділік бар – қазір 78 нысан кепілдікте. Бұл жерде жаңа құрылыстар осы жылдың наурыз айының ортасында тізімге қосылған.

Қаржылық қырлары бұлыңғыр “Нұрлы жер” бағдарламасын депутаттар мен сарапшылар бірнеше рет айыптап та үлгерді. Атап айтқанда, олар нарық шынайылығына сәйкес шаршы метрдің құнын арттыруды және жеңілдікті мемлекеттік бағдарламаларға үміткерлер үшін ең жоғары табыс сомасын арттыруды ұсынды. Өйткені қолданыстағы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,7 пайызының шегі жұмыс істейтін қазақстандықтардың басым бөлігін шетке ысыруда. Олардың табысы жеңілдетілген несие алу үшін тым үлкен болып саналады, бірақ қарапайым ипотека үшін жеткіліксіз.

Бірақ бірыңғай тұрғын үй операторы есептелетін ҚТҮК басшылығы, мұндай пікірталастарға араласпайды. Мүмкін, олар тыныш қана пайызсыз мемлекеттік миллиардтарды коммерциялық банктер мен құрылыс салушыларға беруді ең дұрысы деп санайтын шығар.

Бізтіпті мүмкін мұның бәрін жасайтын ешкім жоқ па деп қалдық? "Бәйтеректің" үш ұйымын бір компанияға біріктіргенде, жалпы әкімшілік шығындар 53%-ға – 8,9 млрд теңгеден 4,2 млрд теңгеге дейін, ал қызметкерлер саны 32%-ға, 311-ден 210-ға дейін азаяды деп уәде берілгені есімізде ғой.

Осылайша ҚТҮК-дан қазір олардың қанша адам жұмыс істеп жатқанын және қызметкерлер қандай сыйақы алатынын сұрадық. Бірақ бір жыл бұрын биік мінберден айтылған нәрсе кенеттен коммерциялық құпияға айналды. Компания заңгерлері мен экономистері хабарлауға батылы жеткендердің бары 2022 жылға бекітілген бюджетінде 169,7 млрд теңге кіріс, 153,9 млрд теңге шығыс қарастырылғаны болды. Оның ішінде – әкімшілік шығыстар 5,2 млрд теңге және 14,1 млрд теңге мөлшеріндегі таза пайда.

Мұндай жарқын болжамдардың алғышарттары бар шығар деп әрі қарай іздендік. Сөйтсек, "Қазақстан тұрғын үй компаниясы" АҚ міндеттерінің қатарында инвестициялық жобаларды қаржыландыру да бар екен. 2020 жылдың аяғындағы мәліметтерге сәйкес, компания қоржынында олар екеу – "Бәйтерек" бизнес орталығы мен Алматы қаласындағы тұрғын үй инвестициялық жобасы. "Бәйтерек" холдингі үшін кеңсе құрылысына 13,8 млрд теңге жұмсалған. Салынған қаражатты қайтару үшін Қазақстан тұрғын үй компаниясы кабинеттердің бір бөлігін холдингтің басқа ұйымдарына тапсырған, егер сатып алғысы келетіндер болса, оларды сата да алады. Мысалы, Қазақстанның даму банкі өз блогын 5,4 млрд теңгеге иемденген. Жалпы, бұл инвестиция, 2020 жылдың соңындағы деректер бойынша, ҚТҮК үшін 7,1 млрд теңгеге ақталған. Ресми деректерге сәйкес, "Бәйтерек" тобының барлық компаниялары жыл сайын 1,2 млрд теңге үнемдейді.

Екінші қолданыстағы жоба одан да қызықты. 2019 жылғы маусымда Қазақстан ипотекалық компаниясы 65 млрд теңге сомаға қарыз қаражаты есебінен Fincraft Group ЖШС облигацияларын сатып алу арқылы тұрғын үй инвестициялық жобасын қаржыландыруды мақұлдады. Оның аясында Алматыда жалпы ауданы 202 га учаскеде кемінде 2,4 млн шаршы метр құрылыс жұмыстары жүргізіледі деп күтілуде. Тұрғын үймен шамамен 120 мың азамат, қолжетімді тұрғын үй сегментінде 40 мыңнан астам пәтер қамтамасыз етілмек. Бәрі керемет сияқты. Бірақ батпан құйрық сонда, Fincraft Group ЖШС иесі – № 6 ең бай қазақстандықтар тізімінде тұрған Кеңес Рақышев. Квазимемлекеттік холдинг олигархтың жобасына қандай шарттарда қаражат салғаны туралы беймәлім.

Қорытар болсақ, осымен не айтқымыз келеді? Қазақстан тұрғын үй компаниясы, алдындағылары секілді, ақшаны емес, баспанаға мұқтаж жандардың қамын күйттейді делік. Бірақ... 2015-2017 жылдары ҚТҮК-ның алдындағылары ЭКСПО-2017 аумағындағы нысандардың құрылысына 91,1 млрд теңге қарыз салған. Олардың арасында көрмені өткізу кезінде шетелдік қонақтар жайғасқан тұрғын үйлер, сондай-ақ Mega Silk Way СОО бар. "Мегаға" 51,2 млрд бюджеттік теңге, "Люкс недвижимость Group" ЖШС және BI Group Corporation ЖШС компанияларының тұрғын үйлеріне шамамен 40 миллиард теңге жұмсалған. Көрме аяқталғаннан кейін шетелдіктерге қажет емес пәтерлерді сату мәртебесі "Бәйтерек" холдингіне бұйырды. Элиталық жылжымайтын мүлікке сатып алушылар онша көп болған жоқ. 2020 жылдың соңына қарай Холдинг жылжымайтын мүлікке салынған 40 млрд теңгені әзер алып шықты. Қарыздар бойынша пайыздар, шамамен, шығын жағына кетсе керек.