×
447.4
477.55
4.76
#БишімбаевСоты #су тасқыны #қаңтар қақтығысы #Украинадағы соғыс #жемқорлық #тағайындау
447.4
477.55
4.76

«Заңмен тиесілі үстемақыны ала алмай отырмыз»: Ақтөбе архившілерінің жанайқайы

03.03.2023, 12:09
Коллаж: ulysmedia.kz.

Таяуда редакциямызға Ақтөбе облысының бір топ архившісі хабарласты. «Бізге кім араша түседі» деп басталатын хатта аудандардың архившілері айлықпен бірге берілуі тиіс 25% үстемақыны ала алмай, оны даулағаны үшін қысым көрсетіліп жатқанын жазады.

Архившілер былтыр сотта жеңіп шыққан. Алайда алты жылдан кейін «қол жеткіздік-ау» деген үстемақы жаңа жылдан кейін тағы берілмей қалған. Ulysmedia.kz порталының тілшісі мәселенің мәнісініе үңіліп көрді.

«...ЕЛДІ ШУЛАТҚЫМЫЗ КЕЛМЕГЕН»

«Әділетті Қазақстанда адам құқығы тапталып жатыр немесе ақтөбелік архившілерге кім араша түседі?» Алдымен, архившілердің осылай басталатын хатын ықшамдап берейік.

«Елді шулатқымыз келмеген. Бірақ біздің бұдан басқа амал, шарамыз қалмады. Шымбайымызға батқан шындығымызды естіп араша түсер адамды осылай іздеп көрелік. Әйтпесе маңдай тер, табан ақымыздың өтеуін сұраймыз деп қақпаған есігіміз қалмады. Тіпті кей әріптестеріміз шарасыздықтан қызметін тастап кетті», - деп басталады архившілердің хаты.

Олардың жазуынша, Еңбек кодексінің 139 бабы 9 тармағына сәйкес, «азаматтық қызметшілер болып табылатын және ауылды жерде жұмыс істейтін денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, білім беру, мәдениет, спорт және ветеринария  саласындағы мамандарға, егер ҚР заңдарында өзгеше белгіленбесе, жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша бюджет қаражаты есебінен қызметтің осы түрлерімен қалалық жағдайда айналысатын қызметшілердің айлықақыларымен және мөлшерлемелерімен салыстырғанда кемінде 25% жоғарылататын лауазымдық айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелер белгіленеді».

Осыған сәйкес қосымша еңбекақының төленуі тиіс екенін растаған Мәдениет  және спорт министрлігі архив ісі және құжаттаманы басқару комитетінің хаты да бар.

«Міне, заң бар, закон бар. Ендеше не кедергі дейсіз ғой. Бірақ облыстық мәдениет басқармасы өгей баласындай етіп тек аудандардың архив қызметшілеріне тиесілі үстемақыны алтыншы жыл төлемей отыр. Ақтөбе деп атап көрсеткеніміз сол, республика  облыстарының аудандық архивтері 25% үстемақыны түгел алады», - дейді архившілер.

ШАРАСЫЗДЫҚТАН СОТҚА ДА ЖҮГІНДІК

Олар сотқа да жүгініп, жеңіп шыққан.

Сот шешімінен кейін архившілердің үш жылдық еңбекасын Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасы өндіріп берген. 2022 жылдың соңғы үш айында да үстемақы берілген. Алайда 2023 жылдың қаңтар айының жалақысымен бірге берілуі тиіс 25% үстемақы тағы жоқ болып шыққан.

««Жаңа қаулыда архив деген сөз жоқ» деген желеулері бар. Әлде сот үкімін орындағаннан кейін қайтадан ескі әуендеріне салайын деген бе? Үнемі арызданып жүру керекпіз пе? Әлде Ақтөбе облысының мәдениет басқармасына министрліктің бұйрығы әсер етпей ме? Үй үшінен үй тіккендерге кім тоқтау салады? Уәжімізді кімге айтарымызды да білмейміз. Соттың шешімін орындамай отырған Ақтөбе облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына ма, әлде берген бюджет өтінімін қорғай алмай отырған Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына ма? Қорғай алмай отыр ма, әлде қорғауға құлықсыз болып отыр ма?» - дейді архившілер.

АРХИВ БАСШЫЛАРЫНА ҚЫСЫМ КӨРСЕТІЛІП ЖАТЫР

Хатта аудандық архив басшыларына қысым көрсетіліп жатқаны жазылады.

«Жеке-жеке қоңырау шалып, арызымызды қайтарып алуды талап етті. Тіпті жергілікті әкімшілік арқылы да қысым көрсетуге тырысты. Архивте біраз жыл қызмет еткен Әйтеке би аудандық архивінің меңгерушісі Г.Аманжолова қысымға шыдамай өз еркімен жұмыстан шығып кетті. Қазір жұмыссыз. Іссапар шығындары төленбей келгенін атап өткіміз келеді. 2022 жылдың наурыз айында біз шағымдануды бастағаннан кейін іссапар шығыны төленетінін айтты. Бірақ... Тағы да бірақ, шалғай аудандарға екі күнге, жақын аудандарға бір күнге. Ал бір күндік іссапарға барғандарға тек жол шығын, билет құны ғана төленеді. Заңда жол қашықтығы көрсетілмеген. Жақын аудандар дегенмен жеке немесе қызметтік көлігіміз жоқ. Ал ауылдың көліктері біздің жиыналысымыздың біткенін күтіп тұрмайды. Қайтатын көлік таба алмай екі күн қалада ақшасыз сенделіп жүреміз», - делінген хатта.

 Архившілер облыстық мәдениет,архивтер және құжаттама басқармасының кураторларынан көмек сұраған. Бірақ жазуларынша, олар қызметтік жағдайын пайдаланып, жұмыста қысым көрсете бастаған. «Дауыс көтеріп, біздің адамдық қадір-қасиетімізді төмендетті» дейді олар.

«ХАТ ЖАЗДЫҚ, ЖАУАБЫН КҮТІП ОТЫРМЫЗ»

Портал тілшісі осы ретте Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисоваға хабарласып көрген. Басқарма басшысы сұрақтарға телефон арқылы жауап берді.

– Ақтөбе облысы архившілерінің мәселесінен хабардар шығарсыз?

– 25% үстемақы жайлы ма?

– Иә. Былтыр соттасқан да екен. Биылдан бастап үстемақы қайтадан берілмей қалған. Мәселенің мән-жайын өзіңізден білсек деп едік.

– Жалпы, Еңбек кодексінде мәдениет саласының ішінде архив саласының еңбекақылары қаралмаған бұр жерде. Былтыр архив қызметкерлері сотқа жүгінді. Сот шешімімен 2022 жылдың желтоқсанына дейін үстемақы берілді. Енді қазір бұл үстемақы тоқтатылып тұр. Оны төлеуге негіз жоқ. Қазіргі таңда бұл мәселе ешқандай заңға сәйкестендірілмей тұр.

11-93 деген заң талабына сәйкес, архив саласы бөлек көрсетілмеуіне байланысты өзгеріс енгізу жөнінде Мәдениет және спорт министрлігі мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне хат жазған болатынбыз. Ауылды жерде жұмыс істейтін архив саласының мамандарына 25% үстемақыны заңдастырып беру жөнінде хат жолдадық. Сол хат негізінде жауап күтіп отырмыз. Егер заңдастырылса, негіз болса, біз ол қаражатты білеміз. Қандай қаражат болса да, оған негіз керек. Есебі бар.

Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова

– 2022 жылы сот шешімі бойынша негіз бар деп танылса, не себепті 2023 жылдан бастап үстемақы берілмейді?

– Сот ол жерде шешімді дұрыс шығармай тұр ғой. «2022 жылдың желтоқсанына дейін төленсін» деп беріліп тұр. «Үзіліссіз төленсін» деп жазылған жоқ. Сот шешіміне сәйкес, біздің де үкімет алдында ертең беретін есебіміз бар ғой.

– Жалпы, аудан архившілерінің айлығы қай заңның қай бабымен реттеледі? Олардың айтуынша, Ақтөбе облысынан бөлек республикадағы басқа өңірлердің бәрінің архившілері 25% үстемақыны алып отыр. Неліктен Ақтөбе облысына келгенде осындай мәселе туындайды?

– Еңбек кодексінің 139 бабы 9 тармағында (жоғарыда көрсетілген) 25% үстемақы туралы жазылса, ҚР 2005 жылғы 8 шілдедегі «Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы» заңның 18 бабы 4 тармағында «25% жоғарылатылған айлықақылар мен тарифтік мөлшерлемелер жергілікті органдардың шешімі бойынша берілуі мүмкін» деп жазылған. Алғашқысында «архив» деген сөз жоқ. Өкінішке қарай, жоғарыдағы заңнамаларда архив саласы бөлек көрсетілмеуіне байланысты қазіргі таңда ауылды жерде жұмыс істейтін архив саласының азаматтық қызметшілері 25% жоғарылатылған айлықақыларын ала алмай отыр.

Бұл жерде архив деген сөз болмағаннан кейін біз де бере алмай отырмыз.

– Басқа облыстарда оның беріліп жатқаны қалай?

– Басқа облыстар үшін мен жауап бере алмаймын.

– Қазір аудандардағы архившілердің айлығы қанша? Білесіз бе?

– 150 мың теңгеден төмен алмайды.

– Олардың айлығы лайықты деп ойлайсыз ба?

– Айлықты белгілейтін Еңбек кодексі бар. Біз сол кестеге, формаға сүйеніп, береміз. Мен де қарапайым халықтың ортасындағы адаммын.

– Әлбетте, мен сізді олардан бөліп тұрған жоқпын. Мәдениет және спорт министрлігіне хат жазып, жауап күтіп отырғаныңызды айттыңыз.

– Иә, облыс әкімінің (Ералы Тоғжанов – авт.) қолымен 17 ақпанда хат жаздық. Оған дейін министрлікке де сөйлестік. Олар бізден архившілердің санын, ол туралы мәліметтерді алып, есептеп жатыр. Бір жауабын беретін шығар деген үміттеміз.

Маған заңдастырып беру керек қой бәрін!? Өзіңіз түсініп отырған шығарсыз. Маған олардың (архившілердің) үстемақыны алғаны дұрыс. Архив саласында олар шаң астында отырып жұмыс істейді. Жағдайларын түсінем. Егер оларға үстемақы берілсе, мен тек қуанамын.

«ЕШКІМГЕ ҚЫСЫМ ЖАСАЛҒАН ЖОҚ»

Осыдан кейін Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы редакцияға қосымша жауап жолдады. Жауапта 25% мөлшерінде үстемеақы Ақтөбе өңірімен қатар, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарының архившілеріне берілмейтіні жазылған. Қалған өңірлерде жергілікті өкілді органдардың (облыстық мәслихаттардың) шешімі бойынша архившілер аталған қосымша ақы алады.

Басқарма сонымен қатар, «бізді қудалап жатыр, кейбірі жұмыстан шығуға  мәжбүр болды» деген уәждің шындыққа жанаспайтындығы жөнінде хабардар етеді.

«Әйтеке би ауданының бұрынғы архив меңгерушісі Г. Аманжолова өз еркімен, қызметінен босатылды», - делінген жауапта.

Портал тілшісі мәдениет және спорт министрлігіне хабарласқан. Министрлік мәселе зерттелетіні жөнінде жауап жолдады. Ал Ақтөбе облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы министрліктің Еңбек кодексінің 139-бабының 9-тармағында көрсетілген азаматтық қызметшілер санатына архив саласындағы мамандарды да қосу жөнінде бастамашылық жасап отырғанын хабарлайды.

Ulysmedia.kz порталы бұл мәселені назарында ұстайды.

Серіктес жаңалықтары