×
429.57
447.35
6.94
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
429.57
447.35
6.94

ШҚО-дағы жол азабы һәм Склярдың басын қатырған сұрақ

19.04.2022, 12:35

Шығыс Қазақстандағы Қалбатау-Майқапшағай автокөлік жолының сағызша созылған күрделі жөндеуі бұл күнде Жарма, Көкпекті, Тарбағатай және Зайсан ауданы халқының жол азабына айналған. Ал осы аудандарда бұл күнде 150 мыңнан астам адам тұрады. Аталмыш жолдың стратегиялық маңызы да зор. Себебі ол Қытайдың көліктік-логистикалық дәлізі саналады.

ҚЫТАЙ ҚАРЖЫЛАНДЫРҒАН ЖОЛ

2016 жылы ҚазАвтожол (осы ұйым негізі тапсырыс беруші болған) «China Xingxing Corporation (Group) ЖШС және «СП «КазГерСтрой» ЖШС-мен үшжақты келісімшартқа отырып, аталған бағыттағы 415 шақырым жолды жөндеуге уағдаласқан. Компаниялар жолды 2022 жылдың 27 шілдесіне дейін жөндеуге уәде берген. Алайда қазіргі уақытта осы жолдың 29% ғана жөнделген.

Жалпы бұл жобаның құны 155,7 млрд теңге. Бас мердігерге әу баста осы соманың 86 млрд теңгесі беріліп те қойған. Қаржыландыру көзі: қытайлық ЭксИмБанк. Қытай банкі осы жолды жөндеуге қаржының 85 пайызын беретін болған да, қалған 15 пайызын республикалық бюджеттен алу көзделген. Одан бөлек үкіметтің 2017 жылғы қаулысымен Қазавтожол мемлекеттік кепілдік те берген.

БАЛАМА ЖОЛ ЖОҚ

Өкініштісі, ақша бөлініп, жоспар алға қойылғанымен жолдың бұл күнде жартысы да аяқталмаған. Ол аз десеңіз, жолдың бойында салынуы тиіс алфальт-бетонды зауыттар да, тас уататын құрылғылар да жоқ. Ал жолды жөндеуі тиіс техниканың да, жұмысшылардың да саны аз. Осыған байланысты мердігер ұйымдар енді тағы қол жайып, жобалық-сметалық құжаттардың құнын қайта бағалауды сұрап отыр.

Жұмыс жобасына сәйкес, Қалбатау-Майқапшағай жолы салынып жатқан кезде негізгі жолмен қатар айналма жол да салынуы керек болған. Жөндеу жұмыстарының техникалық ережелеріне сәйкес сол жол арқылы көлік қозғалысы қамтамасыз етілуі керек. Алайда қазіргі балама жолды жол деп айту қиын. Мердігер ұйымдар автокөлік жолдарын пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарын мүлде сақтамаған. Мұның салдары айналып келіп, адам өміріне қауіп төндіріп жатыр.

БУЛАВКИНА НЕ ДЕДІ?

Айтпақшы, таяуда Шығыс Қазақстандағы Зайсан ауданына барып келген сенатор Ольга Булавкинаның алдында өңір тұрғындары депутаттың алдына дәл осы мәселені кесе-көлденең тартқан. Облыс орталығынан 500 шақырым жерде тұратын Зайсан ауданы үшін бұл ең бірінші кезектегі мәселенің бірі болып тұр. Сенатор жол мәселесін айта келе құзырлы органдар сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге осы жолды салған компаниялардың басшыларының ісін тексеруді талап еткен. . Зайсан ауданына әуе көлігімен ғана барып қана қайтатын облыс әкімі Даниал Ахметовке қарағанда Булавкинаның осы жолмен «Джиппен» өзі жүріп өткені айтылып жүр.

Сұрақтың үлкені Қазавтожол мен Қазгерстрой компаниясына қойылатын түрі бар. Тапсырыс беруші осы компания. Оған қоса компания төрт ауданның халқы уақытша жүре алатындай балама жолдың да салынуын қамтамасыз етуі тиіс. Әйтпегенде, несиеге алған көлігін жолда жүріп тоздырған халықтың ашуы да, наразылығы да үдеп барады. Осылай деген Ольга Булавкина үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға сұрағын жолдаған болатын.

СКЛЯРДЫҢ ЖАУАБЫ

Сенаторға жауап бермес бұрын Үкіметтің бүгінгі отырысында Ulysmedia.kz порталының тілшісі премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға осы сұрақты қойған.

«Үш жылдан бері жолды салып жатырмыз. Тағы 2 жыл керек! Күрделі мәселелер бар. Бұл жолдың құрылысына қатысқан компанияларға құқық қорғау органдары тарапынан қойылатын үлкен сұрақтар бар. Сапасы мен мобилизациясы, қаражаттың шығындауы жағынан... Меніңше, олар (құқық қорғау органдары) осы жол туралы сіздерге қосымша айтады», - деп жауап берді Роман Скляр.

АТЫ ШЫҚҚАН ҚАЗГЕРСТРОЙ

Ашық ақпарат көздерінде «КазГерСтрой» компаниясы туралы мәлімет көп. Кезінде марқұм журналист Геннадий Бендицкий де бұл компанияның Германия азаматы Роберт Шумахердікі болғанын, кейін оны орнынан Зауытбек Тұрысбеков ысырғанын (Как Турисбеков снял Шумахера с дистанции - ratel.kz сайтында 2016 жылы жарияланған) жазған екен. Алайда кейінгі ақпарат көздері аталмыш компанияның Сатыбалдылар отбасына тиесілі екенін жазып жүр. Мәселен, жақында orda.kz мынадай ақпарат таратты: «үш баланың анасы Гүлмира Сатыбалдының айналасында табысты бизнесті тартып алатындары туралы соңғы 10 жылда көп сыбыс тараған. Сондай компаниялардың бірі – ««СП КазГерСтрой» ЖШС». Қазір оның құрылтайшысы Гүлмира Сатыбалды мен Қайрат Сатыбалдының ортақ ұлы – Бауыржан Нұрсұлтан» деп жазады ақпарат көзі.

Ал Қазгерстрой компаниясының өз сайты жабық. Ашылмайды.

Қалай десек те, «Антикор» тарапынан осы компаниялар тексеріліп жатқан болуы керек. Скляр да осыған меңзейді. Яғни бұған дейін қамауға алынған аты белгілі адамдардың ісіне іс жамала беруі мүмкін.