×
476.89
462.2
8.31
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.89
462.2
8.31

Ұлттық қордың «дозасы» Қазақстан экономикасын «нашақорға» айналдырды – экономистер пікірі

22.04.2022, 16:22
Коллаж: ulysmedia.kz.

«Келгелі Ұлттық қорға сеніп, қаражат алуын қоймады» деп бұрын экономистер экс-премьер Асқар Маминді жиі сынайтын. Әйтсе де үкіметбасының ауысуы Ұлттық қорға қол жаю үрдісін тоқтата алмай тұр. Биыл тіпті 4 трлн теңге сұраған үкіметтің ұсынысын мәжіліс сипай сынады да, мақұлдап қоя берді.

«БЮДЖЕТ ШЫҒЫНЫ ӨСТІ» дейді...

Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев осы айдың басында бюджет шығысы 2,7 трлн теңгеге ұлғайтылғанын мәлім еткен. Осылай дей келе ол «Ұлттық қордан кепілдендірілген трансфертті ұлғайту – 1,6 трлн теңге» деп қойып қалды баяндамасының арасында. Мұның алдында трансферт көлемі 2,4 трлн теңге болатыны жоспарланғандықтан, тағы алынатын 1,6 трлн теңге қаражаттың негізділігін министр дәлелдеп бақты. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін деді. Өңірлерді дамытуға ақша керектігін айтты. Бюджет кірісін айта келе халықтың табысын жұмсалатынын сөз қылды. Үкімет кулуарынан кейін тілшілердің, мәжіліс депутаттарының алдында да осы сөздер айтылған. Алайда былтыр президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұлттық банкке «Ұлттық қордың ақшасын көз алдында ұстауы керектігін» ескерткенін үкімет мүшелері ұмытса керек.

«Ұлттық қордан алынатын қаражатты неге көбейтіп жатырсыздар?» деген сұраққа ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров та мемлекет басшысының тапсырмаларына сілтей жауап береді. Қамшы салдырмады ешқайсысы. Осылайша, биыл да Ұлттық қор үкіметтің «қауіпсіздік жастықшасына» айналатын түрі бар.

«КОРОНАВИРУС КЕЗІН ТҮСІНУГЕ БОЛАР, БІРАҚ ҚАЗІР...»

Осы мәселе жөнінде бірнеше экономиске хабарласып көргенбіз. Солардың қатарындағы белгілі сарапшының бірі Расул Рысмамбетов экономистер көптен бері үкіметтің Ұлттық қордан қаражат алуын сынап келе жатқанын еске салады. Трансферт – Ұлттық қордан мемлекет бюджетіне қаражаттың жоспарлы түрде аударылуы. Бұрын Қазақстанда Ұлттық қор болмаған кезде тек жиналған салық пен сырты қарыздар арқылы шығындарын жауып келген.

«Алайда кейінгі 5-7 жылдың ішінде біз трансфертті «ерттеп міндік те», мемлекеттік шығындардың теңгерімсіздігін қамтамасыз ете алмай қалдық. Иә, коронавирус немесе басқа да дағдарыстар кезінде Ұлттық қордан қаражат алу мәселесін түсіндіруге болатын шығар, алайда жай жылдары Ұлттық қордың ақшасын ылғи шығатын шығындарды жұмсау – үлкен қателік. Яғни мұның өзі ең біріншіден үкіметтің бюджетті қалыптастыра алмай отырғанын, Қаржы министрлігі негізсіз шығындардың жетегінде кететінін білдіреді. Кейінгі жылдардағы ірі шенеуніктердің ұсталуы және Есеп комитетінің баяндамасы бөлінген қаражаттың жымқырылып жатқанын айқын көрсетеді», - дейді ол.

Міне, сондықтан экономист мемлекет шығынын қайта қарап, ашылған аранды жабатын кез келгенін айтады.

«ЭКОНОМИКА ТРАНСФЕРТСІЗ КҮН КӨРЕ АЛМАЙТЫН ЖАҒДАЙҒА ЖЕТТІ»

Экономист Айдархан Құсайынов та үкіметтің бұл шешімін қолдамайды. Оның айтуынша, қазір Қазақстанда дағдарыс жоқ.

«Бәлкім, дағдарысқа ұқсайтын белгілердің бәрі керек десеңіз, Ұлттық қордан есепсіз ақшаны жұмсаудан болып отыр. Бұл шығындар өзін-өзі ақтап жатқан жоқ. Біз тағы да әртүрлі жеңілдіктермен бизнесті қолдап, ішкі сұранысты қалыптастырғымыз келеді. Алайда дағдарыс кезінде шығын ұлғая береді. Яғни экономика жұмыс істеп келе жатады да, қайта өндірудің дағдарысы басталып, адамдар сатып алуды қояды. Осы уақытта теория жүзінде мемлекет өз шығынын арттырып, ешкім сатып алмаған тауарларды өзі сатып ала бастайды. Зауыттар тоқтамасын дейді ғой баяғы», - дейді экономист.

Айдархан Құсайынов Ұлттық қордан трансферттің ұлғая беруі, сол трансферттер арқылы теңге бағамын ұстап тұруы салдарынан отандық өндіріс дамымайтынын айтады.

«Себебі ол бәсекеге қабілетті болмай шығады. Яғни Қазақстанда өндіріспен айналысу тиімсіз боп қалады. Біз трансферттер арқылы бағамды ұстап тұрамыз. Трансфертті не үшін ұлғайтты? Доллар қымбаттамасын деген ойлары. Біздің өндіріс дамымағандықтан, мемлекет мемлекеттік сатып алуларды арттыра береді. Мемлекеттік сатып алуларды арттыру үшін трансфертті арттыру, сол арқылы теңге бағамын ұстау – өндірістің сатып алулардың күшімен ғана тұрғанын дәлелдей түседі. Келесі жылы дағдарыс қайта басталады да, мемлекет тағы сатып алуларды арттыруды бастап кетеді», - дейді ол.

Экономист Қазақстан экономикасы Ұлттық қорға қол жаймай күн көре алмайтын жағдайға жеткенін айтады.

«Біз жыл сайын трансферт көлемін арттыра береміз. Әйтпегенде біздің экономика жұмыс істемейді. Міне, сондықтан, былтыр трансферт артпаса, дағдарыс болатынын айтқанмын. Біз ылғи дағдарыста келе жатырмыз, экономикалық өсім жоқ. Шын мәнінде, 2008 жылдан бері солай. Бәлкім, содан бері кей жылдардың бірінде мұнай қымбаттауына байланысты қатты қиналмаған да шығармыз. Сол жылдардың картинасын есепке алмағанда экономика 2008 жылдан бері жұмыс істемейтінін көруге болады», - дейді ол.

Биліктің экономикалық қиындықтарды пандемиямен немесе әлемдік дағдарыспен, Украинадағы соғыспен байланыстыра беретініне Айдархан Құсайыновтың көңілі толмайды.

«Келесі жолы келесі «дозаға» асығып тұратын болдық. Нашақор немесе алқаш секілді. Ауырып болып, сауығудың орнына, яғни «жоқ» деп қиналудан өтіп кетудің орнына біз «ал енді тағы аздап трансферттен алсақ» дейміз де жүреміз. Тек биыл тоқтатпайық дейміз. Трансферт арқылы бір саланы аздап қолдаған боламыз да, тағы 6 айдан кейін екінші жыртықты жамай алмай жүреміз. Нашақорлық қой бұл. Нашақор да ақша біткенше салынады», - деп түйді Айдархан Құсайынов.

«ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫНАН КЕЙІН АЛУҒА МӘЖБҮР БОЛДЫҚ»

Экономист Сапарбай Жобаев үкіметтің Ұлттық қордан ақша алуын Қаңтар оқиғасынан кейінгі қиындықтармен байланыстырады. Ал «Қаңтар оқиғасы қордан осынша көп ақша алатындай шығын келтірді ме?» деген сұраққа «әрине» деп жауап берді.

«Өткен жылы біздің экономикамыз 4 пайызға өскен еді. Биыл да 4 пайыздық өсім болатынын жоспарлағанбыз. Әйтсе де Қаңтар оқиғалары біздегі банктер мен инвесторлардың жұмысына теріс әсер етті. Оны мойындау керек! Бір сөзбен келем деген инвестор келмей қойды деп айтсақ та болады. Сауда үйлерін өртей беретін болсақ, бізге кім келеді? Саудаға да, өндіріске де, логистикаға да. Солайша, біздің мемлекетіміздің бюджеті төмендеді. Әлемдік рейтингтерде біздің көп компанияларымыздың рейтингін төмендетті. Осының әсерінен үкімет жоспарды қайта қарап, жалпы ішкі өнімнің өсім болжамын 2,1 пайызға дейін төмендетті», - дейді экономист.

Сапарбай Жобаев 2,1 пайыз деген сөз – 1 трлн теңгеге қаражат бюджетке түспейді деп түсіндіреді. Экономист сонымен қатар Қазақстанның экономикасына Украина мен Ресей арасындағы соғыстың әсер етіп жатқанын айтады.

«Ресейдегі кәсіпорындар жұмыс істемесе, біз оған өндірістік, экспорттық тауарларымызды жеткізе алмасақ, яғни сұраныс азайса, бізде де өндіріс азаяды. Осы жағдайлардан кейін әрине, Ұлттық қорға тиісуіміз керек емес еді. Бірақ одан 1,6 трлн теңге алуға билік ұсыныс берді, себебі біздің бюджетіміз биыл 18 трлн теңгеге шамаланып жатыр. Соның бар-болғаны 8-9 трлн теңгесі салықтан түседі. Қалған 4 трлн теңгесін Ұлттық қордан салсақ, қалғанын тапшылық деп танып, қарызға батамыз. Қарызды көбейте бермеу үшін Ұлттық қордан ақша алуға мәжбүр болдық», - деп түсіндіреді экономист.

Әйтсе де экономист өз әріптестерінің «Ұлттық қорға тиіспеу керек еді» деген пікіріне толық қосылатынын атап өтті.

«Ұлттық қорда 2013-2014 жылдары 90 млрд доллар ақша бар еді. Бүгінгі күні 55 млрд долларға дейін түсті. 2015 жылы сайлау өткіземіз деп тыраштандық та, біраз ақш алдық. Содан бері пандемия кезінен бері есептегенде 5 трлн теңгедей ақша алдық. Ол дұрыс шығар. Ал қазір сылтау таба берсең көп қой. Сондықтан, тимеу керек деп бәріміз айтқанымен, қымбатшылық пен инфляция жағдайында бәлкім... Етті де, бидайды да өндіретіндер, фермерлер, зауытта жұмыс істейтіндердің бәрі халық. Олардың бәріне жәрдем бермейміз бе? Жаңа Қазақстан деп өзгереміз деп жатыр ғой билік. Бірақ өзгерту өте қиын болып жатыр», - деп түйді сөзін Сапарбай Жобаев.

«ҰРПАҚТЫҢ ЕНШІСІНЕ ҚОЛ САЛДЫҚ»

Тәуелсіз қаржылық аналитик Андрей Чеботоревке де хабарласып көргенбіз. Сарапшы Ұлттық қордан сұралған ақшаның оп-оңай мақұлданып кеткеніне таңғалады.

«Әдетте, алдыңа келгенде тәбетің ашылады ғой. 29 наурызда ұлттық экономика министрлігі Ұлттық қордан 600 млрд теңге сұрап, жалпы трансферт көлемін 3 трлн теңгеге дейін арттырмақ болған. Ал қазір 1,6 трлн теңге сұрап отыр екен! Яғни мұның алдындағы 3 трлн емес, сұраған сомасы 4 трлн теңгеге дейін жетті. Ең қызығы, сұрағанға бергенде боп тұр. Ақыры сол ақша бөлінетін болды. Айтпақшы, биыл теңгенің долларға шаққандағы бағамымен Жалпы ішкі өнім болжамын есептеп қарасаңыз, Ұлттық қордың қазіргі қалдығы 56 млрд АҚШ долларына – мұның өзі ЖІӨ-нің 29,1% тең екенін, яғни төменгі шектен 0,9% азайып кеткенін көресіз. Ал егер үкіметтің өзі болжаған бағам, яғни 460 теңгемен есептесеңіз, тіпті 28,2% тең екенін және төмендетілмеуі тиіс шектен 1,8% азайып кеткенін байқайсыз», - деп ескертеді ол.

Қаржылық сарапшының айтуынша, билік алдымен зейнетақы қорына қол салып, оны таратып берген. Енді келіп, балалардың еншісін тартып алып, Ұлттық қорды бос қалдырмақ.

«Бұл жерде мұнай бойынша экспорттық кеден бажы қазіргі жағдайда 600 млрд теңге тікелей бюджетке бағытталатынын есепке алмағандағы жағдай осындай! Тоқтатыңдар!» - деп түйді сарапшы.