×
479.39
457.43
8.21
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
479.39
457.43
8.21

Зерттеу: Атыраудың байлығы жастардың шын потенциалын ашуға бағытталмаған

29.04.2022, 14:41
Коллаж: ulysmedia.kz.

Әлеуметтанушылардың бір тобы жақында Атырау жастары мен жасөспірімдерінің әлеуметтік көңіл-күйі, құндылықтары мен ұстанымдары жайлы зерттеу қорытындысын жариялады. Аналитикалық еңбекті тәуелсіз зерттеуші Ботагөз Төреханова мен PaperLab зерттеушілер қатарынан Дәмеш Сатова, Салтанат Оразбекова, Серік Бейсембаев жүргізген. Авторлар мұнайлы қаладағы жастардың өмірге қанағаттану деңгейіне, жастардың негативті психо-эмоциональды ахуалға бейімділігіне, олардың құндылықтары мен мәдени ұстанымдарына, дінге қарым-қатынасына, жастардың аборт, ажырасу, некеге дейінгі жыныстық қатынасына терең талдау жасапты. Ulysmedia.kz порталы оқырманған 100 беттен асатын зерттеудің ықшамдалған нұсқасын ұсынады.

ОЛАР ҚАРАМА-ҚАЙШЫ МӘСЕЛЕЛЕРДІҢ АСТЫНДА ЖҮР

Зерттеудің мақсаты – Атырау жастарының құндылықтары мен нормативтерін айқындау, олардың әлеуметтік көңіл күйіне, белсенділік танытуына не ықпал ететінін білу болған. Авторлар 14-23 жас аралығындағы тұрғындардың құндылықтары мен мінез-құлық ұстанымдарына анализ жасаған. Google Forms платформасында екі тілде арнайы сауалнама жүргізген. 15 минуттың сауалнамаға 513 адам қатысқан. Одан бөлек, зерттеушілер 4 рет 2-2,5 сағаттың офлайн фокус-топтық пікір алмасқан.

«Атырау – мемлекеттің экономикалық жағынан ең қарқынды дамыған облысының бірі. Атыраудағы бір отбасының табыс көлемі жалпы Қазақстандағы бір үй шаруашылығының табысымен салыстырғанда анағұрлым жоғары. Осыған орай облыс жастарының өзін-өзі дамытуға, сапалы білім алуға және бос уақытын жанжақты өткізуге мүмкіндігі көбірек десе болады. Алайда облыстың экономикалық байлығы, өкінішке қарай, жастардың шын потенциалын ашуға, оларға қолайлы жағдай жасауға бағытталмағаны көрінеді», - дейді зерттеушілер.

Олардың қорытындысы бойынша, Атырауда жастарға арналған іс-шаралар ұйымдастырып жүрген ұйымдар жастар ынтасының төмендігін және де қоғамдық істерге қызығушылығы жоқтығын байқаған. Қалада іс-шараларға жастарды жинау, әлеуметтік және қайырымдылық шараларына және ортақ идеялар аясындағы тұрақты жастар қоғамдастықтарына тарту қиын. Сонымен қатар, облыста жастарды әлеуметтендіру қиыншылықтарының мысалдары кездескен. Атырау облысы жасөспірімдік жүктілік мәселесі жоғары тұрған бес облыс қатарына кіреді. Экстремистік және террористік қылмыстар жиірек осы облыста тіркеледі. Білім сапасы бойынша да облыста аутсайдерлер (әсіресе ҰБТ және PISA көрсеткіштері бойынша) саны көп.

«Жалпы, Атырау жастары қоғамда орын алып жатырған күрделі әрі қарама-қайшы мәселелердің қысымының астында жүргендей. Бір жағынан жастарға іс-әрекет пен мінез-құлық қалыптастыру құндылықтарына үлкендердің беделінің әсері және көптеген дәстүрлі стереотиптердің (кеңес дәуірінен қалып қойған) қысымы көрсетілсе, екінші жағынан дамып келе жатқан жаңа технологиялық, ақпараттық-коммуникативті ортаның басқа да құндылықтар мен нормаларды дәріптеуі, оны үлкендер жағынан айыптау көрінісі бар», - делінген зерттеуде.

ЖАСТАР ҚАЙ ТІЛДЕ СӨЙЛЕЙДІ?

Ресми деректерге сәйкес, Атыраудағы халықтың 69 мыңы немесе 19% – 15-29 жас аралығындағы жастар. Олардың 50,2% әйел, ал 49,8% ер азаматтар. Алайда олардың қала тұрғындарының жалпы көлеміндегі үлесі тұрақты түрде азайып келеді.

Зерттеуге алынған топ жұмыспен қамтылуына қарай үш топқа бөлінетіні белгілі болған: біріншісі – студенттер (33%). Бұл топқа колледж және техникум студенттерін де  жатқызуға болады (12%). Екінші топ – мектеп оқушылары (29%). Үшінші топ – жұмыс істейтін жастар. Олардың ішінде жалдамалы жұмыспен қамтылған топ ең үлкен бөлікті құрайды (17%), кішкене бөлігі кәсіпкерлер мен өзін-өзі жұмыспен қамтушылар (2 және 3%). Жастардың 3% оқымайды да, жұмыспен де қамтылмаған (NEET санатында).

Сауалнамадан өткендердің шамамен жартысы (47%) жоғарғы оқу  орнын бітірген немесе аяқтамаған. Үштен бір бөлігінен астамы орта білім оқу орнын бітірген немесе аяқтамаған (38%). Арнайы орта оқумен 12% қамтылған.

Этникалық тұрғыдан Атырау жастарының басым бөлігі қазақтар (84%).  Орыс және басқа ұлт өкілдері тек қана 15% құрайды.

Үйде сөйлеу тілі бойынша Атырау қаласының жастары әртүрлі. Үйде тек қана қазақша сауалнамашылардың 46% сөйлейді. Ал әр бесінші сауалнамашы (22%) орыс тілінде сөйлейді. Жауап бергендердің шамамен үштен бір бөлігі екітілділер (33%).  Олар тұрмыста екі тілді де қатар қолданады.

АТЫРАУ ЖАСТАРЫ БАҚЫТТЫ МА?

Жастардың әлеуметтік және психологиялық ахуалын зерттеген мамандар Атырау қаласының жастары арасында депрессия, беймаза, апатия сынды негативтік психо-эмоциональдық тенденциялар анық білінетінін жазады. Мұндай сезімдерді көбіне қыздар мен жасөспірімдер сезеді.

Зерттеу аясында Атырау қаласының жастары өздерін қаншалықты бақытты сезінетіні және өз өмірлерімен қанағаттанатынын бағалауға мүмкіндік туған. Баға 10 балдық жүйемен берілген. Онда 10 – «толығымен қанағаттанамын» дегенді білдірсе, 1 – «мүлдем қанағаттанбаймын» дегенді білдіреді.

«Жалпы, жастар қанағаттанушылықтың жоғары деңгейін көрсетіп, өздерін бақытты деп есептейді. Қанағаттанушылық бойынша ең жоғарғы он балды жауап берушілердің 30% таңдады, ал бақыт бойынша 36% таңдады. Егер де алынған нәтижелерді орталандырсақ, қанағаттанушылық деңгейі ортамен  7,54, ал бақыт 7,81 жинады», - дейді авторлар.

Әйтсе де өмірге қанағаттану деңгейі әртүрлі әлеуметтік және демографиялық топ араларында әртүрлі. Мысалы, сауалнамашылардың тұтынушылық мүмкіндігіне қанағаттанушылық деңгейі қатты тәуелді. Мүмкіндік жоғарылаған сайын, қанағаттанушылық деңгейі де жоғарылайды. Өз кірісін жоғары деп бағалаған топ ішінде өмірмен қанағат деңгейі 8,6, ал кірісі төмен топта 5,54.

Қазақша сөйлейтін топ өмірмен қанағатанатынын орыс тілді топтан жиірек айтады. Ислам дінін ұстанушылар мүлдем дінге қатысы жоқ топтан жоғары қанағаттылық танытады. Желіде өтетін уақытпен қанағат арасындағы байланыс та көңіл аударуға тұрарлық: желіде ұзағырақ отыратын жастардың өмірмен қанағаттануы төменірек. Жоғарыда аталып өткен заңдылықтар бақыт деңгейін есептегенде де қайталанады. Тұтынушылық мүмкіндігі жоғары жастар, ислам дінін ұстанушылар және қазақ тілді жастар бақыт деңгейін де жоғарырақ белгіледі.

№1 ПРОБЛЕМА

Атырау жастарының ең бірінші мәселесі – қаражат жетіспеушілігі екен. Бұл проблема сауалнамадан өткен азаматтардың 30% алаңдатады. Одан кейін өмірдегі мақсаты мен мамандығын таңдауы (25%) тұр. Алғашқы үш мәселені демалыс пен ойын-сауық мүмкіндігінің жоқтығы тиянақтаған (21%).

Жастардың 15% денсаулық мәселелері уайымдатады. Бұл жас адамдарға тән емес жоғары көрсеткіш. Сауалнамадан өткен әрбір оныншы адам өздеріне коммуникация жеткіліксіздігі және ата-аналары тарапынан түсініспеушілікпен кездесіп жүргендігін көрсеткен. Шамамен бірдей көлемдегі сауалнамашылар тұрғын үй мәселесі және төлемақысы төмен жұмыс мәселесін атап өткен. Ал, әрбір төртінші жауап беруші ешқандай да мәселені уайымдап жүрмегендігін айтқан.

ҮШТЕН БІРІ ДЕПРЕССИЯДА?

ЮНИСЕФ деректеріне сәйкес, Қазақстан жастарының депрессия, уайым сияқты психологиялық көңіл-күйге ұшырау мүмкіндігі орта еуропалық жасөспірімнен үш есе жоғары. Атырау жастарына да психологиялық ахуал өзекті болып шықты. Сауалнама қорытындылары бойынша сауалнамашылардың 30% үнемі депрессивті көңіл-күйде жүреді, ал 37% мұндай күйге кейде-кейде кезігеді.

«Уайым, қайғы, жалғыздық сияқты көңіл-күй сирегірек кездеседі, алайда олар да кеңінен таралған. Сауалнамашылардың 48% немесе әрбір екінші сауалнамашы үнемі немесе кейде беймазалыққа салынып жүреді.  40% жалғыздық, ал 38% апатияға бейім. Атырау жастарының негативті психо-эмоциональді ахуалға осыншама жоғары деңгейдегі бейімділігі зейін аударуды және де тағы зерттеу жүргізуді талап ететін мәселе. Біраз халықаралық институттардың пандемияның дүние жүзі бойынша аталмыш мәселеге де әсерін атап өткенін ұмытпаған жөн», - дейді авторлар.

ТЕАТР МЕН МУЗЕЙГЕ БАРМАЙДЫ

Сауалнамашылардың өздерінің бағасы бойынша, музей не театрға бару кеңінен тарамаған. Бұл жерлерге я мүлдем бармаған, я сирек баратын жастардың үлесі 82 %, тек қана 3 % аталмыш жерлерге тұрақты түрде барып тұрады. Тіпті киноға да тұрақты барып тұратын сауалнамашылар үлесі 5 %. Театр, музей не киноға бару туралы сұрақтардың ең үлкен айырмашылығы аталған жерлерге анда-санда барып тұратын адамдар санында болып шықты.

Екі тілді жастар аталмыш жерлерге қалған тілдік топтардан гөрі жиірек барады. Олар белсенділігі ең төмен болып шыққан орыс тілді топтан музей, театр киноға жиірек барады (8 % және 23 % тиісінше).

Әйтсе де жастар көбіне WhatsApp (20 %), Instagram (20 %) және YouTube (18 %) қолданады. Келесі үштік — Telegram (16 %), TikTok (12 %) және ВКонтакте (12 %). Instagram мен TikTok қыздар арасындағы лидерлер. TikTok-ты қыздардың 64 % қарайды, бұл ұлдардан 11 %-ға жоғары. Ұлдар арасында YouTube, Telegram и «Вконтакте» лидер болып шықты. 

Ал, спорттағы көрсеткіш мүлде басқа. Спортпен сауалнамашылардың тек қана 10 %  айналыспайды. Бұл бос уақыттағы белсенділік және өзін-өзі дамыту туралы сұрақтар арасындағы «ешқашан» жауабы ең сирек белгіленген белсенділіктің түрі. Сауалнамашылардың 31 % спортпен сирек айналысса, 59 %  бұл сұрақта тұрақтылық танытады. Фокус-топ кезінде де қатысушылар биден боксқа дейінгі сан алуан спорт түрлерімен айналысатындарын айтты.

Ер кісілер спортпен жиірек айналысады: 29 % ер азамат және 12 % әйел. Ешқашан спортпен айналыспайтын әйелдер саны (14 %), осындай ер азаматтардан екі есе жоғары (6 %).

ДІНГЕ КӨЗҚАРАС

Дін жастар арасында маңызды тақырып. Әрбір екінші сауалнамашы Алланың/ Құдайдың маңыздылығын 10 балға бағалады. Діннен алшақтығын ашық түрде тек қана 18% сауалнамашылар ғана мойындайды.

Анализ көрсеткендей, 17 мен 20 жас аралығындағы студенттер қалғандарына қарағанда діндар. Тіл де маңызды фактор: қазақ тілділер дінге тек қана орыс тілде сөйлейтін азаматтарға қарағанда жақынырақ (орташа баллдары 8,6 және 4,2).

Сауалнамашылардың 57% исламға жақын. Респонденттердің тек 6% ғана христиандар. Қала жастарының төрттен бір бөлігі өзін қандай да бір діннің өкілі ретінде көрмейді. Жастардың тек шамамен төрттен бір бөлігі ғана мешітке баратыны анықталды. Ал әрбір екінші сауалнамашы діндарлық жерлерге мүлдем бармайды.

«АҒАЛАРДЫҢ» ЫҚПАЛЫ

Атырауда зорлық-зомбылық культінің қоғамдық қатынастарға терең енгенін аңғартады. Фокус-топтардың нәтижелері көрсеткендей, жастар күнделікті өмірде үнемі зорлық-зомбылық пен қатыгездікке тек олардың құрбаны ретінде ұшырап қана қоймайды. Көбінесе өздері агрессор ретінде қатысады. Сонымен қатар, кейбір қатысушылардың тәжірибесі қаталдық/зорлық – өзіндік нюанстары, ережелері және тағайындалған рөлдері бар күрделі мәдени құбылыс екенін көрсетеді.

Ең алдымен, Атырау жағдайындағы зорлық-зомбылық тілдік айырмашылықтар арқылы түсіндіріледі.  Фокус-топқа қатысушылардың бірі орыстілді және қазақтілді топтар арасында айырмашылық бар екенін атап өтті. Оның айтуы бойынша, екінші топта «бауыры бір-бірі үшін» қағидасы үстемдік етеді, ол басқа нәрселермен қатар «бір мектеп төбелессе, барлық мектептер тік тұрып, төбелесе бастайды» деген қағидадан да  көрініс табады. Қызмет көрсету саласында жұмыс тәжірибесі бар тағы бір екі тілді қатысушы қазақ тілді клиенттер дөрекі мінез-құлыққа бейім деп санайды. Ол сонымен қатар қазіргі жұмысты ұнататынын мойындады, өйткені клиенттер көбіне орыстілді. Сондай-ақ, ол өз колледжінің қазақтілді студенттерімен араласпағанды жөн көреді, өйткені өзі қарым-қатынаста қаталдыққа бой алдырмайды.

Қала тұрғындарының дөрекілігінің аумақтық-буындық өлшемі де бар. Фокус-топқа қатысушылардың пікірінше, қаланың орталық аудандарының тұрғындарына қарағанда, шет аймақтардың тұрғындары («Жұмыскер», «Новостройка» аудандары) шиеленіске бейім мінез-құлықпен ерекшеленеді. Кейбір респонденттер дөрекілікті «ересектерге» – 1980-1990 жылдар аралығында туылғандарға тән қасиет деп атайды. «Новостройка» жастары үлкендер әрқашан «үлкендерді (яғни, оларды) құрметтеу керек» деген «ұғымдарды» сіңіруге тырысатынын алға тартады. «Ағалардың» ықпалынан құтылу мүмкін емес, өйткені ол үшін «Новостройкадан» басқа аумаққа кету керек» деп қорытындылады респонденттер.

НЕКЕДЕ КОНСЕРВАТОР

Аборт, ажырасу, некеге дейінгі жыныстық қатынас – қатаң табу ма? Берілген зерттеу жастар арасындағы неке-отбасы және жыныстық мінез-құлық туралы пікірін анықтауға мүмкіндік берген. Зерттеу нәтижелері Атырау жастары жалпы неке туралы консервативті пікірді ұстанатындарын анықтаған.

«Некеге дейінгі жыныстық қарым-қатынасқа түсуді жастардың 41% қатаң түрде құптамайды. Қыздар мұндай қарым-қатынасқа сәл кешірімділікпен қарайды. Некеге дейінгі жыныстық қарым-қатынасқа көбінесе немесе әрдайым түсуге болады деп ер азаматтардың 28% ойласа, қыздардың 37% ойлайды. Жастарына қарай, бұл ұстанымды көбінесе жоғары оқу орнын бітіріп шыққан жастар қолдайды. Неке туралы консервативтік ұстанымды қазақ тілді жастар қолдайды, олардың ішінде некеге дейін жыныстық қарым-қатынасқа түсуге болмайды деп 60% ойлайды. Орыс тілді топтың пікірі мүлдем басқаша. Бұл топтың ішінде некеге дейін жыныстық қарым-қатынасқа түсуге болмайды деп тек 13% ойлайды, ал жартысы бұл қалыпты құбылыс деп есептейді», - дейді авторлар.

ЖАСТАР АТЫРАУДАН КӨШКІСІ КЕЛЕ МЕ?

Сауалнамадан өткен Атырау жастарының көбісінің (59%) көшуге ниеттері бар. Қыздар, 14-16 және 21-23 жас аралығындағы жастар, мектеп оқушылары, жұмыспен қамтылған жастар, басқа этнос өкілдері, орыс тілді және екітілділер арасында бұл ниетті көбірек ұстанады. Көні-қонға себептердің ішінде үшеуі жиірек кездеседі:  өзін-өзі дамытуға жақсырақ жағдайларға ие болу (43%), ел көру, саяхаттау (37%), экологиялық жағдайы нашар ауданнан көшу (32%).

Сыртқы миграцияға ниетіне жастардың этникалық тамыры мен тілі әсер етеді.  Шетелге көшуді ойлап жүрген топта орыс тілді респонденттер (үйінде орысша сөйлейтін) көп – 54%, және қазақтардан басқа этнос топтарының арасында – 64%.  Сауалнаманы орыс тілінде өткен респонденттер арасында шетелге көшуге ынтасын  көрсеткен жастар саны қазақша сауалнамадан өткен жастардан гөрі көбірек болды (43% және 7%).

КӨБІ ИМАМДАРҒА СЕНЕДІ

Еріктілер қозғалысы (80%), жастар қоғамы мен жобалары (73%) және халықаралық ұйымдарға (67%) жастар ең жоғары сенімділік көрсетеді. Алайда мемлекеттік Банк сынды қаржы институттарына (66%) және ауданның стратегиялық дамуына әсер ететін мұнай компанияларына сенім (57%) жоғары.

Имамдарға сауалнамадан өткен жастардың жартысынан көбі сенеді (57%), этникалық және тілдік болмысына қарайтын болсақ, қазақтар мен қазақ тілді респонденттердің сенімі аса жоғары (62% және 72%). Жергілікті және отралық билікке сенімнен полиция мен соттарға сенім жоғарырақ. Көбіне мұндай зерттеулер керісінше нәтижелер беретін. Атырау жастары орталық та (40%), жергілікті де билікке төмен сенім танытады (40%). Жалпы Қазақстан бойынша да жастар арасындағы билікке сенім төмен деңгейде (36%). 

ҚОРЫТЫНДЫ:

Авторлар зерттеудің соңында қорытынды жазыпты. Мамандар қоғамдық ұйымдарға Атырау қаласындағы жастардың менталды және психоэмоционалдық денсаулығы проблемаларының аса өзектілігіне мән беру керектігін ескертеді. Ең осал топтар – жасөспірімдер мен қыздар, олар жиі алаңдаушылық пен апатияны сезінеді, бірақ сонымен бірге өз сезімдерін басқалармен сирек бөліседі.

Осыған байланысты мамандар білім беру ұйымдарындағы психологиялық жұмыс қызметкерлерін, сондай-ақ сенім телефондары арқылы шұғыл көмек көрсететін мамандарды оқыту сапасын арттыруды ұсынады. Заманауи диагностикалық әдістерді қолдана отырып, жастардың психоэмоционалдық мәселелеріне қосымша зерттеулер жүргізу керек деп есептейді. Мектеп бағдарламасына жалпы психология курстарын енгізіп, білім беру ұйымдарында отбасылық қарым-қатынасты құру, бала тәрбиесі, жастарды ересек өміріне дайындау, әртүрлі жанжалдарды шешу бойынша тақырыптық психологиялық сабақтар (рөлдік ойындар) өткізу керек дейді. (бұдан өзге ұсыныстары толық зерттеуде келтірілген).

Ал жергілікті атқарушы органдар ұзақ мерзімді перспективада Атырау облысында білім беруді жақсартудың өңірлік бағдарламасын әзірлеу мақсатында мектепке дейінгі ұйымдардан бастап жоғары оқу орындарына дейін қамтып, қаланың білім беру ұйымдарында білім беру ортасы мен білім сапасын жақсарту қажеттігін байыпты түрде қарастыруы керек (немесе елдің батыс аймақтары үшін білім беру хабын құру). Бағдарламаның мақсаттарының бірі жастардың білім көші-қонын азайту ғана емес, басқа аймақтардан студенттердің келуін арттыру болуы керек.

«Білім беру сапасын жақсартумен қатар, әсіресе, жалпы білім беретін мектептерде мұғалімдер ұжымымен елеулі тәрбие жұмысы жүргізілуі тиіс. Мұғалімдер жеке және кәсіби даму бағдарламаларымен қамтылуы керек. Олардың әртүрлі зорлық-зомбылықтың, қорлаудың (соның ішінде киберқорқытудың), балалар құқықтарының бұзылуының және басқа да мәселелердің алдын алуға байланысты түрлі танымдық семинарларға, тренингтерге қатысуына мүмкіндік беру қажет. Балалар мен жастар ісі жөніндегі уәкілдің (омбудсменнің) облыс деңгейінде пайда болуы (прецедент құру) маңызды бастама болар еді. Мемлекеттік органдар ҮЕҰ-мен және халықаралық ұйымдармен бірлесіп, жасөспірімдер мен жастарға қосымша білім беру мүмкіндіктерінің спектрін, бірінші кезекте өтеусіз негізде немесе шығындардың бір бөлігін субсидиялау негізінде кеңейтуі қажет», - дейді мамандар.