×
476.71
467.03
8.36
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
476.71
467.03
8.36

Қаулы бар, жауапкершілік жоқ: Президент бюрократия машинасын істен шығара ала ма

09.05.2022, 12:20
Фото: Ашық дереккөзден

Басшылықтағы жауапкершілік – президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлығының басты қағидаты.

Осы Жарлық министрлердің жұмысын жақсарта ала ма? Тың ереже олардың өз жұмысы үшін жауап беруге мәжбүрлей ме? Іс бітті, қу кеттінің керімен жауапкершіліктен қашатын басшыларға тыйым қоя ма? Ulysmedia.kz порталының өтінішімен осы мәселе бойынша экономист әрі бұрынғы шенеунік Ғабидолла Әбдірахымов ойын ортаға салды.

Жартылай жауапкершілік

Кейінгі жылдары министрлердің бар өкілеттікке ие болса да, саяси ерік-жігер танытпай, тәуелсіз шешім қабылдай алмауы қалыпты жағдайға айналып кетті. Оның орнына қабылданатын шешімді Үкімет деңгейіне ауыстыру үшін Үкімет қаулыларын дайындайды.

Оның схемасы мынадай – қаулының жобасы әзірленеді де, келісу үшін басқа министрліктерге жолданады. Министрлер, оның бағынышты қызметкерлерінің қарауынан өткеннен кейін құжат премьер-министрдің кеңсесіне жолданады. Содан кейін ол үкіметтің бөлімшелерінде және вице-премьерлерінде зерттеледі, ең соңында үкімет мүшелері «қолдаймын» немесе «қарсымын» деп дауыс береді.

Бұл министрлерді сақтандыратын амал іспеттес. Егер істің бірі оңынан болмай жатса, министр бұл менің шешімім емес, үкіметтікі деп құтыла салады. Бұдан кейін алдағы уақытта құқық қорғау органдары да, реттеуші құрылымдар да үкімет шешімдеріне әлдеқайда адал болып, керісінше, бір ғана министрдің нақты шешімдері мен нормативтік бұйрықтарына күдікпен қарайтыны сөзсіз.

Осының салдарынан қолдан жасалған бюрократиялық процес жасалады, уақыт кетеді, күш текке жұмсалады. Ал үкіметтің маңыздырақ стратегиялық міндеттерге жұмсауға тиіс назары осындай ұсақ-түйекке аударылады.

Мәселен, төтенше жағдайларды жоюға гуманитарлық көмек жөнелту үшін президенттің тапсырмасы бойынша Үкіметтің арнайы қаулысы қажет. Оны дайындау үшін кемінде бір апта керек. Ал зардап шеккендер министрліктер барлық қажетті визаларды жинағанша күтуге мәжбүр. Ал мұндай мәселе бірнеше күн емес, санаулы сағат ішінде шешілуі керек-тін.

Неге бізде олай емес...

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, төтенше жағдайлар кезінде келесі схема жұмыс істейді: президент немесе премьер-министр атынан ел басшылығы басқа елге көмек көрсету және оның көлемі туралы мәлімдеме жасайды. Төтенше жағдайларға жауапты орган өз бұйрығына қол қойып, мұқтаж елге гуманитарлық жүк жібереді. Егер бұл ақшалай көмек болса, онда мұндай бұйрыққа ел басшылығы белгілеген мөлшерде Қаржы министрі қол қояды. Барлығы тез және тиімді орындалады.

Сондықтан заңнамалық актілерді қайта қарап, үкімет өкілеттігінің басым бөлігін министрлер мен әкімдер деңгейіне беретін уақыт келген секілді.

Жауапкершіліктен қашу амалдары қайда жасырылған?

Бірдеңені дәлелдеуге тырыспай-ақ қояйын, бірақ бәрі бетінде жатыр. Мемлекеттік басқару деңгейлері арасындағы өкілеттіктерді шектеу және беру өте маңызды және көп уақытты қажет ететін процес.

1999 жылы Қазақстанда «Мемлекеттік қызмет туралы» заң қабылданды. Бүкіл посткеңестік кеңістікте алғаш рет мемлекеттік қызметті саяси және әкімшілік деп бөлу тәжірибесі енгізілді.

Тағайындалуы, қызметінен босатылуы және қызметі саяси айқындаушы сипатта болатын мемлекеттік саяси қызметші саяси мақсаттар мен міндеттерді іске асыру үшін жауапты болатыны заңмен белгіленді.

Мемлекеттік әкімшілік қызметші өз қызметін тұрақты немесе сайланбалы кәсіптік негізде жүзеге асырады. Яғни, мемлекеттік әкімшілік қызметшінің қызметі ең алдымен мамандығына негізделеді.

Мемлекеттік қызметшілерді саяси және әкімшілік деп бөлу жаңашылықдық болып есептеледі, ол кейіннен нақты белгіленген өкілеттіктер мен жауапкершіліктерге ие болуы керек. Сонымен бірге, ондағы ең маңыздысы саяси мемлекеттік қызметшілер ауысқан кездегі әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерді қорғау болды.

«Мемлекеттік қызмет туралы» Заңның 61-бабының 6-тармағында мыналар нақты көрсетілген:

 - мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, сондай-ақ мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлер болып табылатын мемлекеттiк органдар басшыларының ауысуы мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiнiң жаңадан тағайындалған саяси және (немесе) бастамасы бойынша өз лауазымындағы мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы үшiн негiз болып табылмайды.

Бюрократиялық логика

Қисынға салсақ, министрдің немесе әкімнің ауысуы әкімшілік мемлекеттік қызметкерді мазаламауы керек. Тағы да халықаралық тәжірибеге көз жүгіртсеңіз, дамыған батыс елдерінде жаңа парламент сайлауына және жаңа министрлердің келуіне байланысты үкімет ауысқанда олардың орынбасарлары мен кеңесшілері ғана ауысады. Бұл дұрыс та. Министрге халыққа берген саяси уәдесін тез жүзеге асыру үшін (сөзді келекесіз айтқанда) пікірлестері керек.

Бұл жалпы әлемге ортақ тәжірибе. Бұл жағдайда ең бастысы – саяси мақсаттар мен міндеттерге емес, саяси мемлекеттік қызметшілер шешім қабылдау кезінде заңдардың сақталуына жауап беретін әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің тұрақты жұмысы. Яғни, әкімшілік мемлекеттік қызметкер заңды қорғап, бейтарап болуы керек. Өз тарапынан мемлекеттік саяси қызметшілердің әкімшілік мемлекеттік қызметшілерге қысым көрсетуге және оларды заңсыз шешімдер дайындауға мәжбүрлеуге құқығы жоқ.

Батыс елдерінде министрлер мен әкімдер ешқашан әкімшілік мемлекеттік қызметкерлерді тағайындауға немесе жұмыстан босатуға немесе есеп мәселелеріне араласпайды. Бұл олардың бас қатыратын мәселесі емес. Олар министрлікте орта және төменгі қызметте кімнің жұмыс істейтінін де білмейді. Олардың жұмысы – стратегиялық мәселелер, саяси мәлімдемелер, парламентте сөйлеу және заңдарды қабылдау, үкіметте талқылау, азаматтық қоғам ұйымдарымен және БАҚ-пен жұмыс істеу болып есептеледі.

Кадрлармен, бухгалтерлік есеппен және тұтастай алғанда аппаратпен министрліктің жоғары кәсіби лауазымы – статс-хатшылар айналысады. Корпоративтік сектормен салыстырғанда министр директорлар кеңесінің төрағасы сияқты, ал мемлекеттік хатшы басқарма төрағасы іспетті.

Батыс елдерінде әкімшілік мемлекеттік қызметшінің мансаптық өсуі мемлекеттік хатшы лауазымымен аяқталатынын айта кету керек. Сіз министр деңгейіне саяси партиядағы саяси белсенділік арқылы және парламентке депутат болып сайланғаннан кейін ғана жете аласыз. Еуропадағы министрлердің өмірбаяндарына көз жүгіртсеңіз, көпшілігінің мемлекеттік қызметте жұмыс істемегенін байқауға болады. Министр лауазымына тағайындалған кезде олардың мәртебесі мен өкілеттігі мемлекеттік қызметшілер туралы жалпы заңмен емес, арнайы заңдармен белгіленеді.

Жапа шеккен бюрократия

Неге екені белгісіз, бізде басшы міндетті түрде осы мемлекеттік орган жүйесінен болуы керек деп белгіледік. Бұл министрлікте бұрын-соңды жұмыс істемеген адам келсе, оның құзыретіне бірден күмән келтіріліп, сынға ұшырайды.

Кезінде Қазақстанда реформа жүргізіліп, жауапты хатшы институты құрылған. Еуропа елдеріне ұқсас, Жауапкершілік институты мемлекеттік әкімшілік қызметшілерді және министрлерді ағымдағы мәселелерден босатуды қамтамасыз етуі керек еді. Яғни, министрлер кадр мәселесіне, бухгалтерлік есеп пен мемлекеттік сатып алуларға араласпауы керек-тін. Жауапты хатшылар «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері санатына жатқызылды. Министрлердің ауысуы кезінде оларды жұмыстан босатудан қорғауды қамтамасыз ететін ел президентінің бұйрығымен ғана тағайындалды.

Дегенмен, басшылардың көбі бұл басқару институтына тыжырайып қарайтын. Өз бетінше хатшыларды тағайындап, босатпайтыны, министрліктің өзекті мәселелеріне араласа алмайтыны министрлерге ұнамады.

Жасыратыны жоқ, жекелеген басшылар стратегиялық, саяси мәселелермен айналысудың орнына, мамандарға дейін аппараттың кадр мәселесіне көбірек уақыт бөліп, есеп бөлімін бақылап, аппаратта болып жатқанның бәрін бақылап отырады. Әкімшілік мемлекеттік қызметкерлер конкурстық негізде кіреді, ал бухгалтерлік есеп мүлдем министр деңгейіне жатпайды.

Білмесең үйретеміз, қаламасаң мәжбүрлейміз

Мемлекеттік басқару жүйесін реформалау шеңберінде саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметті бөлу мәселесіне ерекше назар аудару қажет.

Алдағы уақытта саяси реформалардың жалғасатынын ескере отырып, саяси қызметке тағайындалатын немесе сайланатын адамдардың мәртебесі мен өкілеттіктері туралы заң қабылданар деп сенемін. Ал «Мемлекеттік қызмет туралы» заң тек әкімшілік мемлекеттік қызметшілердің қызметін реттейтін болады.