×
478.9
459.98
8.24
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.9
459.98
8.24

«Ұлы» реформатор: Келімбетов «Қазақстан 2050» бағдарынан қалай шығып қалды

17.05.2022, 17:13

Қайрат Келімбетов 20 жыл бойы Қазақстанды Сингапурға «айналдырып», стратегиялық жоспардың түр-түрін жасады. Мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың бәрін жүзеге асырып, экономика мен қаржы саласын басқарып келді. Оған бәрі кешіріле беретін. Кезекті ҮИИДМБ аясында Қазақстан экономикасының тағы бір қымбат «флагманын» ашқаны белгілі болғанда Назарбаевтың өзі де оған ренжіген емес. Ал ол мақсаттың өзі ойдан шығып, құмға сіңгендей әсер қалдырған. Тарих бетінде бәрі сайрап тұр.

Бәрі де сол жайлы

2021 жылдың өзінде үкімет есебіне сәйкес, Қазақстан алдыңғы қатарлы елге айналатын болып, «Отыздыққа» сенімді түрде кіріп келе жатқандай көрінген. Қаңтар айының басында кенет бәрі өзгеріп, қағаз жүзіндегі жетістіктерден шаршағандардың ашуы Қаңтар оқиғасына апарып соқты.

Кадрларды тазарту Алматыдағы президент резиденциясындағы өрт сөндірілмей тұрып-ақ басталып, отставкаға кеткен алғашқы «мықтылардың» қатарынан елдің бас реформаторы Қайрат Келімбетов табылды.

Ол жоғалтқан қызмет – Қазақстанның стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы. Оған дейін «Самұрық-Қазына» қорын, президент әкімшілігін және Ұлттық банкті басқарып, осы жолда қазір оның резервіне айналған құрылымды тұрғызды. Өз базасы – «Астана» халықаралық қаржы орталығының менеджері қызметі Қайрат Нематұлының өзінде қалды.

Бізге неліктен стратегиялық жоспарлау мен реформаларды басқа біреуге беру туралы шешім қабылданғанын әлбетте, ешкім түсіндірген жоқ. Бірақ президент Тоқаевтың ашулы мәлімдемелеріне қарағанда бұл салада күрделі әрі қымбат, бірақ мүлде тиімсіз жаңашылдықтар ойдан құрастырыла бергенін болжауға болады.

Президент биік мінберден «Самұрық-Қазына» қоры мен оның еншілес компанияларын да, банктерді де, қорларды да әшкерелеп, жалпы өз ашықтығымен таң қалдырды – енді бұл экономикалық «құрылымдардың» бәрі не болады. Келімбетов енді өзін қалай ақтайды деп ойладық. Бірақ неге екені белгісіз, Келімбетовтен ешкім ләм ештеңе сұраған емес.

Басында бәрі жақсы...

2020 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылға дейін жүзеге асырылатын он ұлттық жобаны мақұлдады. Ал бұған дейін қабылданып, мемлекет тарапынан демеушілік жасалған бағдарламалар қайда қалды? Реформалардың басты идеологы әрі сол кездегі Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов бұл кезекті жетістік екенін, ауқымды мемлекеттік бағдарламалардан ықшам ұлттық жобаларға көшіп жатқанымызды көпіре айтқаны бар.

«Бұл белгілі бір саладағы Қазақстан азаматтарының өмірін жақсартуға бағытталған мемлекеттің стратегиялық құжаты. Оның басты белгілері – нақтылық, қол жеткізуге болатындығында әрі тиімділігінде», - деді Келімбетов одан кейін тарихи дерекке үңілмей.

Жалпы, Қайрат Нематұлы біртүрлі ашықтығымен ерекшеленеді. Мәселен, ол бұған дейін мемлекеттік органдарда бірнеше мың тиімділік көрсеткіші болуы мүмкін екенін, тиісінше, басшыдан сапаны бақылауды талап ету мүмкін еместігін ұялмай айтқаны бар. Неліктен ол мұны бұрын болжай алмағаны, ең бастысы, бұрынғы жобалардың, яғни мемлекеттік бағдарламалардың кемістігі үшін жауап бермегені түсініксіз бірақ.

Әйтсе де Келімбетов мырзаның жоспары көп әрі ауқымды болатын. Егер қолынан іс келмей жатса, ол, әдетте, қатты қобалжымайтын да. Көкжиекте әрқашан оған жаңа әрі әлеуеті зор жобалар көрінетін.

Мәселен, дәл қазір аналитиктер ақ тер, көк тер болып, «Самұрық-Қазына» қалыптастырған тығырықтан қалай шығарын білмей әлек болып жатыр. Алайда ең қызығы, сонау 2010 жылы Ұлттық әл-ауқат қорының сол кездегі басқарма төрағасы құрылым барлық күш-жігерін экспорттық әлеуетті әртараптандыруға, жаңғыртуға және арттыруға бағыттайтынына уәде берген. Мұнай өңдеу зауыттары ретке келтіріліп, электр қосалқы стансаларындағы ескірген құрал-жабдықтар ауыстырылып, жаңа электр желілері тартылып, қуат өндіретін құрылғылар қайта жаңғыртылатынына сендірген. Сондай-ақ бізде жаңа зауыттар, газ құбырлары салынатынын айтысқан. Солайша Назарбаевты барлық күш-жігер экономиканың жобаларын жасауға және дамытуға бағытталғанын, ал «Самұрық-Қазына» оны жүзеге асырудың ең сенімді мемлекеттік құралы екеніне сендірген.

Қайрат Нематұлы кімді ренжіткісі келмеді?

Орындалмай қалған уәделердің ізімен қаншама қаражаттың желге ұшқанын Есеп комитеті тексере жатар бәлкім. Тексерсе әрине. Әлде...

Келімбетовтің кей мәлімдемелерінің ұранды болғаны соншалық, оны ұмыту да мүмкін емес. Тіпті әлі жаңғырып тұр. 2014 жылдың 9 ақпанында «Хабар» телеарнасына берген сұхбатында ол оптимизммен теңгенің тұрақты екенін және бізде ұлттық валютаның құлдырауы туралы ойлауға тіпті алғышарттар да жоқ екенін айтқан. Ал арада 3 күн өткеннен кейін, 12 ақпанда ол теңгенің құнсыздану процедурасының мінсіз жүргізілгенін және қайталанатын девальвация болмайтынын мызғымас сеніммен нықтаған. Ол тұста батырымыз Ұлттық банк төрағасы-тын.

Жалпы Қайрат Келімбетов жоспар құрып, жоба мен бағдарлама жасаудан алдына жан салмайды. Олардың бәрі өз ауқымы мен құны жағынан таңдай қақтыратын. Әрбір жаңа идея еліктіргіш, шынайы болып көрінгені сонша, ел алдыңғысын бірден ұмыта салатын. «Нұрлы жол» және «Нұрлы жер» экономикалық саясаты, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары, әртараптандыру, индикативті жоспар, мемлекеттік инвестициялық бағдарлама, жаһандық трансформация, «Стратегия 2030», экономиканы жаңғырту, мемлекеттік бағдарламалар мен ұлттық жобалар... Мұның бәріне бюджеттен миллиардтаған қаражат бөлінді.

Алайда осындай жобаларға қарамастан халықтың жағдайы жақсарудың орнына кері кете берді. Ресми статистикаға қарасақ, халықтың 5 пайызы кедейшілік шегінде өмір сүріп жатыр. Тәуелсіз сарапшылар бізде кедейлер бес есе көп екенін дәлелдеп отыр.

«Ұлттық басымдықтардың Ұлттық даму жоспарымен толықтырылуы өте маңызды. Ұлттық даму жоспары 2025 жылға дейінгі стратегиялық жоспардың бұрынғы баламасы. Осылайша, Ұлттық даму жоспары қайта бекітілетін болады», - деген Келімбетов 2021 жылға дейінгі дәстүрлі жаһандық жоспарын жариялаған.

Осылайша, бағдарламалардан кейін халық ұлттық жобаларға кірісті. Айтпақшы, бұрынғы мемлекеттік бағдарламалағар аудит жүргізілмеген. Ұлттық жобаларға әу баста 49 трлн теңге бөлінетіні айтылған. Кейін азайтты бірақ.

«Ұлттық жобалар – бұл ең алдымен мақсатқа қол жеткізуге, оның маңыздылығына, іске асырудың нақты кезеңдерінде және ресурстардың қолжетімділігіне бағытталған шаралар кешенінің неғұрлым қысқаша тұжырымы», - деді Келімбетов.

Ақыры не болды

Қайрат Нематұлының оңай беріле қоймайтынын мойындауымыз керек. Қаңтарда президент оны стратегиялық жоспарлаудан алып тастағанда, яғни реформалар агенттігінің төрағасы қызметінен босатқанда Келімбетов Астана халықаралық қаржы орталығын басқарып, өзі құрған империясының басында қалды. АХҚО №2 әрекет. Яғни біріншісі – Алматыдағы аймақтық қаржы орталығы сәтсіз аяқталды. Себеп көп болды, бірақ оған бола ешкім көңілін түсірген жоқ. Жаңасын елордада жасай бастады. Ол кезде Нұрсұлтан Назарбаев Алматыны қаржы орталығына айналдыру туралы ойынан оңай бас тартып, оның Астанаға көшірілуін қолынан келгенше қолдады.

Не үшін империя

АХҚО үшін конституциялық заң жазылды. ЭКСПО аумағында орын бөлінді. Әдеттегідей мемлекеттік бюджеттен мақсатты қаржыландыру қарастырылды.

Мақсат – стратегиялық сипатта болатын. Назарбаев айтқандай, Қазақстан шетел инвестициясын тартудағы көшбасшылықты және ел экономикасына қаржы ресурстарын тартуда маңызды рөлді сақтап қалуы керек-тін. Сондықтан АХҚО үшін жарық жасыл түстің бәрі жанды, басшылық, әрине бас экономикалық идеолог Келімбетовке тапсырылды.

Конституция бойынша бизнес немесе қазақша оффшор

Оның тікелей қатысуымен Ұлттық қор тез құлдырады. Қаржы жүйесі қатты қысымға ұшырады. Соның салдарынан елде девальвацияның үш толқыны болды. Келімбетовтің қатысуымен ойлап шығарылған «Самұрық-Қазына» ұлттық қордың монополиялануына түрткі болды. Экономиканың барлық секторлары және ағылшын құқығы бойынша АХҚО құру - экономикалық ойдың биігіне және ең бай болуға рұқсат етілгендердің капиталын қорғауға айналды. Олар мұнда салық төлемейді және Қазақстан Республикасының заңдарына бағынбайды. Бұл сіздің есіңізге ештеңе түсірмей ме? Дұрыс ойлап отырсыз. Мұның екінші аты – оффшорлық!

АХҚО 2021 жылға арналған қызметі туралы есепте Мемлекет басшысының өзін-өзі қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындап жатқанын хабарлайды. Мәселен, құжатқа сәйкес, Орталыққа қатысушылар, бұл әлемнің 60 елінен 1155 компания 7 млрд теңге салық төлеген! Ал бұл жетістік ретінде ұсынылады, өйткені 2020 жылы қазынаға 32 пайызға аз аударылған. Есепте АХҚО бюджеттік өтінімдерді азайтып жатқанын хабарлайды. 2021 жылы олар 11,8 миллиард теңге сұраса, 2022 жылы жемісті жұмыс істеу үшін небәрі 9,9 миллиард теңге қажет болған екен.

АХҚО-да бәрін реттейтін арнайы ағылшын заңын еске түсірген жөн. Сонымен, орталықтың есебіне сәйкес, АХҚО соты мен халықаралық арбитраждық орталықта қаралған даулардың жалпы саны 898-ге жеткен. Ендеше, келіспеушілік неліктен көп? Инвесторлар неліктен сотқа жиі жүгінеді? Баяндамада осының бәрі айтылмайды, бірақ «АХҚО өсіп келедінің» жыры әрдайым айтылып келе жатыр.