×
468.45
489.06
7.66
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
468.45
489.06
7.66

Саясат сахнасына шын жанашырлар шықты ма, әлде шымылдық сыртында басқа біреулер бар ма

26.05.2022, 11:18
Коллаж: ulysmedia.kz.

Қазақстанда апта сайын жаңадан бір партия құрылып жатыр. Есімін ел ұмытып кеткені де қайта жаңғыра бастады. Бұл нені білдіреді? Жаңа Қазақстан билігі шынында да, демократияға бет бұрып, бастамашыл топтарды партия ретінде тіркей ме? Жоқ әлде, ала шапқын боп жүргендер Ақорданың ақ батасын алғандар ма? Құлақ түрсең, сан-саққа жүгірген әңгіме, жауабы жоқ сұрақ көп.

30 жылдан кейін тірілген партия

Күні кеше ғана ақын Олжас Сүлейменов осыдан 30 жылға жуық уақыт бұрын құрылып, кейін ұмыт қалған «Қазақстан халық конгресі» атты партияны жаңғыртатынын жария етті. Кезінде Мұхтар Шахановпен бірге ашқан партияны бұл күнде ешкім есіне алмайтын. Алайда жасы 86-ға келген ақын «атқа мініп», жұртты таңғалдырып жатыр.

Бұрын да космопополиттік көзқарасымен ұлтшылдарға ұнай бермейтін ақынға бұл жолы да скептикалық көзқарас танытып жатқандар көп. Ақынның баспасөз мәслихатында тіл мәселесі жайында «Украина тіл саясатында украин тіліне ғана басымдық бергені түбі ол елді мемлекеттігінен айырды» деген сыңайда сөйлегені дау туғызды. Оған қоса партияның ашылуын жариялаған баспасөз мәслихатында ақынның оң жағында «Хабар» арнасының бұрынғы басшысы Ерлан Бекхожин мен сол жағында бұрынғы депутат Омархан Өксікбаевтың отырғанын да сыншылар назардан тыс қалдырған жоқ. Бекхожиннің тұсында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев жайлы деректі фильмдердің бір емес, бірнешеуі шыққаны елдің жадында. Өксікбаев та бұрынғы «Нұр Отанның» белді мүшесі.

Айтпақшы, көпшілік Елбасының есімін Конституциядан біржолата алып тастау бастамасын көтеріп жатқан кезде оларға жақында осы Олжас Сүлейменов те үн қосқан. Оның бұл сұхбаты партияны ашатыны туралы баспасөз мәслихатын өткізер алдында шыққан.

«Бәрімізге тәуелсіздік автоматты түрде келгенін білеміз. Ол бұл іске (Назарбаевтың тәуелсіздік алып бергеніне) араласқан жоқ», – деген еді Олжас Сүлейменов.

Әйтсе де 2010 жылы Нұрсұлтан Назарбаев ат үстінде болған кезінде Олжас Сүлейменов оның президенттік құзыретін сайлаусыз 2020 жылға дейін ұзарту туралы референдум болса, қолдап дауыс беретінін мәлімдегені бар-тын.

Оралған Бутя

Олжас Сүлейменовпен қатар партия құратынын белгілі бизнесмен Болат Әбілов жария етті. Партиясын «Bizdin Tandau» деп атап, арнайы баспасөз мәслихатын ол да ұйымдастырды. Кезінде қуғындалған Ғалымжан Жақиянов және Мұхтар Әбіләзовпен бірге ҚДТ құрып, кейін бірде Ақ жол, бірде Азат партиясында жүретін ол 2013 жылдан бері саясаттан алыстап кеткен. Бұл жолы Бутяның белсенділігі бірден қызу талқыға түсті. Әлеуметтік желілерде Әбіловтың Нығматулиндерге қатысы бары жөнінде болжамдар жазыла бастады. Бұған өткен жылдың қарашасында Болат Әбіловтің Мәжілістің бұрынғы төрағасы Нұрлан Нығматулиннің бауыры Ерлан Нығматулинмен коньяк сыйласып жатқаны көрсетілген видеоролик себеп болған. Әлбетте, ол видеодағы қарағандылықтардың ешбірі жарқын кадрлар турасында түсіндірме берген жоқ. Ерлан Нығматулинмен емен-жарқын қатынасы Болат Әбіловтың «сол кланға» қатысы бар» деген әңгімеге арқау болды. Бірақ солай екеніне ешкім әлі нақты дәлел ұсынған емес.

Марафоншы депутат

Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиевтің «Еңбек» деген партия ашатыны да белгілі болды. Қазақтың жанды жері баспана десек, ең бірінші кезекте осы мәселені реттеймін деген Ерғалиев әзірге уәдені үйіп-төгіп жатыр. Алайда алдыңғы саяси салмақтыларға қарағанда танымал болмағандықтан, оның қозғалысына қоғам көп назар аударған жоқ. Бұған дейін Ақ жол партиясының мүшесі болған Талғат Ерғалиев жекеленіп шыға келді.

Әлеуметтік желідегі там-тұмдаған ақпаратты санамағанда Талғат Ерғалиев жайлы көп мәлімет те жоқ. Құрылыс компанияларын басқарған. 2012-2016 жылдар аралығында Мәжіліс депутат болған. Бір қызығы, оның «Астана-Марафонда» 42 шақырымды жүгіріп өткен жалғыз депутат деген аты бар екен.

Мұхтар Тайжанның «Жер қорғаны»

Партия құратынын наурызда белгілі қоғам белсендісі Мұхтар Тайжан да жариялады. Бірақ оппоненттері секілді «Жер қорғаны» партиясын ресми таныстырып, баспасөз мәслихатын ұйымдастырған жоқ. Таяуда Мұхтар Тайжанның Дубайға барып келгенін сан-саққа жүгірткендер де болды. «Назарбаевтар әулеті қазір Дубайда шоғырланғандықтан Мұхтар Тайжан солармен келісіп келді-мыс» деген әңгіме тараған. Қазір белсендінің басты оппоненті болып жүрген Алмасбек Садырбаев Мұхтар Тайжанды «Нұрәлі Әлиевтің адамы» деп айды аспанға шығарған жақында. Бірақ бұл айыптаулардың бәрін Мұхтар Тайжан күле тыңдап отыр. Белсенді үлкен әулетке жақын деген ақпаратты жоққа шығарып, «Дубай демалысында ешқандай кездесулер болған емес» деп мәлімдеді.

Белсендінің «Жер қорғаны» деп аталатын партиясының аты айтып тұрғандай Мұхтар Тайжан көбінесе жер мәселесін жиі қозғайды. Космомониторинг жүйесі дұрыс іске қосылып, жер латифундистерден қайтарылмай жатқандықтан, президенттен алған марапатын Ақордаға қайтаруға бекініп отыр. Оны сынаушылардың кейбірі «Халық банк» басшысы Үміт Шаяхметованың бауыры болғандықтан, биліктің ұзын арқан, кең тұсауында жүрген адам ретінде де көрсеткісі келеді. Алайда Мұхтар Тайжанның өзі Үміт Шаяхметовамен араласпайтынын мәлім еткен еді.

Боқаев һәм Әлтаев

Партия құрғысы келетін бастамашыл топтардың кейбіреулерінің басшылары бұған дейін мемлекеттік қызметте болғандықтан, оларға күдікпен қарайтындар бар. Бұл бағытта әсіресе Санжар Боқаев пен Нұржан Әлтаев сын садағына жиі ілігеді. Екеуі де бұрын «Нұр Отан» партиясының мүшесі болған. Боқаевтың кезінде Дариға Назарбаеваның қол астында жұмыс істегенін назарға алады сынаушылар. Алайда «Namys» басшысы қандай да бір саяси күштерге қатысы барын жоққа шығарып отыр.

Санжар Боқаевтың соңынан қандай сөз ерсе де, утилизациялық алымға байланысты позициясы халықтың көңілінен шыққан секілді. Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға шүйліккен саясаттағы «жас перінің» абыройы артып келе жатқанын атап өту керек.

Нұржан Әлтаев 2020 жылы ат басын жалт бұрып, бас партияға қарсы шаба жөнелген кезде көпшілік бұл әрекетін түсінбей қалған. Митингтерінің бірінде «Аллаху акбар» деп айғайлап жүрген видеосын да жұрт қызу талқылап, елдегі діншілдердің лоббисі дегендей де әңгіме таратқан. Алайда кейінгі сұхбаттарының бірінде Әлтаев «біздің партияда атеистер де бар» деп ақталмақ болды. Ол да ақырындап электоратын жинап жатыр.

Ал «Алға Қазақстан» партиясын тіркеуге берген бастамашыл топтың құжаттарын билік кері қайтарды. Жасарал Қуанышәлин билік бұл партияны оңайшылықпен тіркей қоймайды деп санайды. Алайда айтылған құжаттарды толықтырып, қайта өтінім беретінін айтады.

4 партия ғана өтінім берген

Ulysmedia.kz порталы Әділет министрлігіне сауал жолдап көрген. Атап айтқанда, 2022 жылдан бастап қанша бастамашыл топ партия құрғысы келетіні туралы өтінім бергенін, олардың қаншасының өтінімін Әділет министрлігі қанағаттандырғанын білгіміз келген. Әділет министрлігі төмендегі төрт бастамашыл топ партия құру туралы өтінім бергенін хабарлады. Олар:

  • «Namys» саяси қоғамдық бірлестігі (Санжар Боқаев);
  • «EL Tiregi» қоғамдық бірлестігі (Нұржан Әлтаев);
  • «Байтақ» Халықтық экологиялық партиясы» қоғамдық бірлестігі (Азаматхан Әміртаев);
  • «Қазақстан алға» қоғамдық бірлестігі (Жасарал Куанышалин);

Осылардың ішінде Әділет министрлігіне «Namys» саяси партиясын құру жөнінде 26 сәуірде хабарлама түсіп, сол күні өтініш берушіге құжаттарды тапсырғаны жөнінде растау берілген.

Әзірге Қазақстанда тіркелген бес партия бар. Олар: Aманат (Адал партиясымен бірге), Ақ жол, Қазақстан демократиялық партиясы, Қазақстан халық партиясы, Жалпы ұлттық социал-демократиялық партиясы. Адал партиясының Аманатқа қосылғанын бизнесмен Тимур Құлыбаевтың Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтынының, яғни бұрынғыдай саяси биліктен үміттенбейтінінің белгісі дейді кейбіреулер. Орыс тілді Ермұхамет Ертісбаев пен экономист Рахым Ошақбаевтың коммунистер қатарына кіруін Кремльдің ықпалымен байланыстыратындар бар.

Партия көп болуы керек

Белгілі саясаткер Ғалымжан Жақиянов елде партиялардың көбеюін қолдап отыр. Айтуынша, әр адам өз пікірін айта беруі керек.

«Неғұрлым пікір көп болса, соғұрлым жақсы. Күні ертең Әбіләзов келіп, елімізді көгертеді, не болмаса Әбілов немесе Жәкішев келіп көгертеді дегенге сеніп қалмайық. Бәрін де тыңдап, көріп, өзің де қозғалуың керек. Айтарым сол. Тыңдап отырған азамат қай деңгейде болсын. Республика немесе қала, ауылында болсын – биліктің маған қатысы жоқ, билік жоғары жақта тұрған біреулер екен, солар қалай шешсе, солай болады деп сеніп қалмасын. Әр адамның өз тағдыры өз қолында. Әр адам өз мақсатына жетуге тырысуы керек», - дейді Гиперборей Ютуб-арнасына берген сұхбатында ол.

Ғалымжан Жақияновтың пікірін белгілі саясаттанушы Шалқар Нұрсейітов те қолдайды.

«Егер аталған азаматтар ашық билікке келем десе, олардың Конституциялық құқығы бар. Талассыз. Олар саяси алаңға шығып, тіркеліп, билікке келгісі келеді. Бұл құптарлық іс. Мен саясаттанушы ретінде саяси плюрализм болғанын қалаймын. Бізде бір ғана «Аманат» партиясы болғанын мүлде қаламаймын. Бір ғана «Нұр Отанның», оған дейін коммунистік партияның қаншама жыл басқарғанын көрдік. Сол себепті ойыншылар, авторлар көбірек болған сайын бізде таңдау көбірек болады. Кімнің кім екенін сайлау науқанында бағдарламасына, іс-әрекетіне, репутациясына қарап, таңдап алады. 12 млн электорат бәрі ашық әрі әділ өтетін болса, таңдауға санасы жетеді. Сол себепті қандай партия болмасын біздің территориялық тұтастығымызды қолдайтын болса, күштеп билікті басып алуды, узурпацияны қолдамайтын болса, адам құқығын құндылық деп бағаласа, кез келген партия билікке келуге таласуға құқығы бар», - дейді Шалқар Нұрсейітов.

Саясаттанушы «кімнің артында кім тұр деген сұрақ бәрін қызықтыратын шығар, бірақ өз басым ешқандай конпирологияға сенбеймін» дейді.

Рас, кімнің кім екенін уақыт көрсетеді...