×
478.9
459.98
8.24
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
478.9
459.98
8.24

Қара археология: Бұрынғылар жақындауға қорқатын қорымдар бұл күнде аяусыз тоналып жатыр

31.05.2022, 09:48
Коллаж: ulysmedia.kz.

Бас прокурор Берік Асылов пен ішкі істер министрі Марат Ахметжанов араласпаса қара археологияға тосқауыл болмай тұр.

«Ресторанда» ұсталған ұрылар

Сорақы жағдайдың тағы бірі осы жолы Шығыс Қазақстанда тіркелді. Зайсан ауданының Шілікті ауылында археолог та, тарихшы да емес, қайла мен күрек ұстаған қазақ-орысы аралас біреулер қорым қазып, қомақты пайда таппақ болған. Ауыл азаматтары оларды ұстап алып, ішкі істер органдарына тапсырған екен. Бұл оқиға туралы алдымен Шіліктінің тумасы Айдын Егеубаев әлеуметтік желіде жазды. Сақ қорғандарының тоналып жатқанын жазған белсенді құзырлы мекемелер неге құзіретсіз отырғанына қайран қалады. Белсендінің жазуынша, Шілікті ауылы әкімі Айдын Қыдырмолдаұлымен бірге ауыл азаматтары ұрыларды ұстап бергеннің өзінде аудандық құқық қорғау қызметкерлері оларды жібере салған. Белсенді мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев пен ішкі істер министрі Марат Ахметжановты сынайды.

«Өскемен қаласынан ұлты орыс тонаушылармен бірге, өзіміздің қазақ бауырларымыз да, қорғандарды тонауға арнайы жабдықталып келгені байқалады бейнетаспада», - дейді Айдын Егеубаев.

Ұрылар ұсталған видеоны жариялаған Зайсан ауданының тұрғыны Еркебұлан Зағыпаров «бұған дейін қанша дабыл қақсақ та көп жағдайда «тоналу фактілері жоқ» деген жауап еститінін» айтады. Ауыл тұрғындары күнде көз алдындағы обаның бір түннің ішінде тоналғанын растаса да, жауапты органдар мен ішкі істер органдары бір жауаптан танбаған.

Еркебұлан Зағыпаровтың жазуынша, жағдай былай болған: Шіліктіде бір емес, бірнеше оба тоналған. Оны сол өңірдегі обаларды күзететін Дамир Абикенов деген азамат анықтаған. Ертеңінде түнгі екіде Зайсаннан Шілікті ауылына келе жатқан ауыл азаматтары ел арасында «Ресторан» аталып кеткен бастаудың жанынан бір газель көлігі мен нива машинасын көріп тоқтаған. Славян ұлтының үш азаматы (Өскемен қаласының тұрғындары), бірі Тасбастау ауылының тұрғыны, Қарабұлақ ауылының екі азаматы екенін анықтайды. Секем алған жігіттер оқиға орнына Шілікті ауылының әкімін шақыртып, күдіктілердің көлігін тексеру барысында, күрек, қайла, алтын іздейтін құрылғыны, қажетті қазу құралдарын анықтайды. Қосымша алтын бұйымдар да (тарихи жәдігерге жатпайды (?)) табылған.

«Ауыл азаматтары ұстаған адамдар қоя беруін өтініп, жігіттерге қомақты қаржы ұсынған деген сөз бар! Тіпті темір іздеушіміз деген жалтарма ақталулар айтыла бастаған. Бір күн бұрын оба тоналғаны жайлы хабар түскенде, ешқандай іздеу, бақылау жұмыстары жүргізілмеген бе? Тоналған обаның басына жауапты күзетші мен ауылдық учаскелік полиция  барған. Бірнеше рет тоналу жайлы дабыл қағылғалы, көрші ауданда да обалар тоналуы анықталып жатқанда, аудандық прокуратура да дереу тоналған обаның басына барса жөн!» - дейді ол.

Ахметовтың 2018 жылғы ашуы

Шығыс Қазақстан әкімі Даниал Ахметовтың жалпы осы салаға қызығушылығы бұрыннан барын айта кету керек. Әкім болып келгелі тіпті археологиялық жұмыстарды жүргізудің өңірлік бағдарламасы да осы әкімнің  бастамасымен іске қосылған. Бірнеше ауданда археологиялық қазба жұмыстары жүргізілген. Тарбағатайдағы Елеке сазын қазуға бекінген 2018 жылы әкімнің дәл осы қорым тонаушыларға шүйліккені бар-тын. Облыс әкімдігінің отырыстарының бірінде Ахметов Елеке сазындағы қорымның бірі тоналғанына ашуланғаны бар.

«Бұл процеске Тарбағатайдың кейбір тұрғындарының қатысы барын білемін. Сол себепті полиция департаментіне тиісті тапсырма бердім. Тарихи қорғандар полицияның бақылауында болуы керек», - деген еді аймақ басшысы.

Ахметовтың бұл тапсырмасы жіті орындалмайтынын, ұрылардың өзі ұсталса да, «қазып тапқан алтынының 2-ақ грамымен-ақ» жауапкершіліктен құтылып кететіні қиын. Олай дейтініміз, Шіліктідегі факт бойынша, Шығыс Қазақстанның полиция департаментіне хабарласқанымызда, ұсталған адамдардың үстінен әкімшілік кодекстің 463-бабы бойынша ғана әкімшілік іс қозғалғаны хабарланды. Аталмыш факт бойынша сот шешімі әлі шыққан жоқ. Дегенмен, заңға қарасақ, аталған бап бойынша «егер бұл әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi болмаса», жеке адамдарға 15 АЕК (47 700 теңге) көлемінде, ал кәсіп субъектілеріне шағын, орта, ірілігіне қарай 25-150 АЕК көлемінде (79 500 – 477 000 теңге) айыппұл салынады екен. Яғни алтын қазып жүріп, ұсталған адам 2-ақ грам алтынмен (Ұлттық банктің мәліметі бойынша, алтынның грамы 30 мамырда 25 896 теңге) 47 мың теңгесін төлеп, құтылғаннан кейін ескі әніне есіре басады деген сөз.

Заңгер не дейді?

Белгілі адвокат Абзал Құспанға хабарласып, бабадан қалған мұраны тонағандарға тым жеңіл жаза берілгелі жатқан жоқ па деп сұрағанбыз. Заңгер бұл мәселе бұрыннан бері көтеріліп келе жатқанын айта келе Қылмыстық кодекстің мына баптарын келтірді:

  • 295-бап. Археологиялық жұмыстарды заңсыз жүргізу;
  • 193-бап. Ерекше құндылығы бар заттарды жымқыру;
  • 203-бап. Ерекше құндылығы бар заттарды қасақана жою, әкету немесе бүлдіру.

Бұл баптардың қай-қайсысы да заңсыз археологиямен айналысқандардың басынан сипамайды. Мәселен, 295-бап бойынша, адамдар алдын-ала сөз байласып, қылмыстық топ ретінде осы әрекетті жасаса, сот кінәлі деп тапқан күдіктілер 5-тен 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал 193-бап бойынша «ерекше тарихи, ғылыми, көркемдiк немесе мәдени құндылығы бар заттарды немесе құжаттарды жымқыру, оларды жымқыру тәсiлiне қарамастан, мүлкi тәркiленiп немесе онсыз, 3 жылдан 6 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады». 203-бап та күдіктілер кінәлі болған жағдайда бас бостандығынан айырады.

«Қылмыстық кодекстің бір емес, бірнеше бабы бойынша қылмыстық іс қозғауға болады. Ресейде «қара археологтарға» қарсы жауапкершілік көлемі күрт артты. Осыдан кейін Ресейдегі «темный» археологтар бізге келіп жатыр. Мысалы Батыс Қазақстанның екі, Ресейдің бес облысымен шектеседі. Біз жақта да қорғандар өте көп. Мәселе бізге де таныс», - дейді заңгер.

Абзал Құспанның айтуынша, дәл осы мәселені белсенді азаматтардың басын қосып, ұйымдастырып, орталықтандырылған түрде жұмыс істейтін ұйым немесе белсенді азаматтар тобы пайда болмай тұр.

«Ең үлкен проблема – қоғамдық күштерге үлкен қозғау салу керек. Екіншіден, ішкі істер министрлігі немесе бас прокуратура деңгейінде бұл мәселе көтерілуі тиіс. Олар тиісті тапсырма беруі керек. Қаланың ішінде осы жағдайлар болып жатса, әрине, құрылым көп – ұстап алып жауапкершілікке тартуға болады. Ал маң далада болған оқиғалармен сол ауылдағы учаскелік полиция қызметкерлері ғана айналысады. Ал учаскелік полиция қызметкерлері мұндай баптардың бар екенін де, жауапкершілік көзделгенін де біле бермейді. Олар ішкі істер органдарының ең төменгі звеносы болғаннан кейін оларға бастарынан ұрып тұрып, тапсырма берілмесе, олар жұмыс істемейді», - дейді ол.

Заңгер ең бірінші кезекте тарихшылар үлкен қоғамдық қозғау салуы керек деп есептейді. Екіншіден, осы мәселе бас прокуратура немесе ішкі істер министрлігі деңгейінде қаралатындай жағдайға қол жеткізу керек.

«Осы жағдайда ғана сең қозғалады. Әйтпесе, осы кеткені кеткен», - деп түйді сөзін Абзал Құспан.

Небір құйтырқылықтар болып жатыр

Тарихшы Жамбыл Артықбаевқа хабарласқанымызда, ол кісі мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп жүргенін мәлім етті. Тарихшымен әңгімені сұрақ-жауап форматында ұсынамыз.

– Бұл мәселені ғалымдар арасында батыл көтерген адам – Оразақ Смағұл. Бірнеше рет ол туралы айтты. Жалпы Қазақстанда археологияға әуестеніп кету – жақсы нәрсеге әкелмейтінін атап өтті. Мен де осыдан бірнеше жыл бұрын Қойшығара Салғаринмен бірге «Қазақстанда қара археология неге күшейіп бара жатыр. Мұны тоқтату керек» деген тақырыпта «Егемен Қазақстанда» бір емес, бірнеше мақала жариялағанмын.

Шіліктіде болып жатқан оқиғаларды қара археология деп атайды. Қара археология әлі де бар. Соның ішінде Ресейде де. КСРО кезінде де болған. Кезінде біздің қазақтың көп қорымын орыстың бугровщик дегендері тонады (бугор деген сөзден шыққан). Солар І Петр кезінен бастап қорғандарды тонаумен айналысты. Оңай пайдаға кенелем деген адамдарда сондай бір пиғыл болады. Бұл пиғылды күшейтіп жіберетін – археологтардың өзі. Өйткені археология ғылым түрінде емес, пайда табуға бағдарланып кетті. Археология ғылымының мазмұны соған қарай кетіп қалды. Олар Алтын адам табуды мақсат тұтып кетті. Оған сіздер – журналистер де кінәлісіздер. Ең кінәлі әлбетте, министрліктер. Жалғыз мәдениет және спорт министрлігі емес, бірнеше министрлік бұған тікелей кінәлі. Даурықпа археология бар бізде! Алтын іздеушілер, қазына іздегіштер бағытында кетіп қалды. Осыны Оразақ ағай да, мен де жазғанымызбен тоқтата алмайа-ақ қойдық. Депутаттар да айтып жатыр.

Әр облыс әр ауданда алтын тапқысы келетіндер бар. Қара халық сондай әңгіме дүниеге қай жерде болмасын жақын болады. Біз де алтын таба қояйық деп олар да қара археологияға түсіп кетті. Бір археологқа қазір бізде 5-6 қара археологтан келеді. Ал кәсіби археологтың санын мен нақты айтып бере алмаймынн. Бірақ Қазақстанда археология және қазба бойынша 198 ИП жұмыс істейді. Тіркелген! Рұқсат алған! Бұл өте сұмдық. Үлкен қылмыс. Өйткені бізде кәсіби археологтың саны 50-ден аса қоймас. Қалғаны қайдан келді? Міне, прокуратураның тексеретін жері осы.

Қазақстанда бұл трендке айналып кетіп барады. Масқара сұмдық дүние.

– Демек бұл жағдай жалғыз Шіліктіде ғана емес қой?

– Бұл жалпы Қазақстанға тән проблема. Мысалы Ақмола облысының бір ғана Жақсы ауданының археологиялық ескерткіштерін зерттейміз деп, Ақмола облыстық музейі 35 млн теңге бөлген. Бір ғана ауданнан!

– Яғни мемлекеттің өз бастамасымен жүргізілетін археологиялық қазба жұмыстарының өзін қара археология деп атауға бола ма, сонда?

– Иә, қара археологияға жол салып беріп отыр ғой бұлар. Мысалы Әлкей Марғұланның, Кемел Ақышевтің, Мир Қасымұлы Қадырбаевтың заманындағы археология қандай еді!? Мир Қасымұлы тікелей ұстазым. Ол кісі бір ескерткішті қазды ма, міндетті түрде кітап қылып шығаратын. Монография қылатын. Мәселен, Тасмола ескерткіштерінің қазғанда ол жерден Алтын адам табыла қоймай, үлкен кезеңдік маңызы бар Күн қорғандары – Мұртты қорғандарының әрбіріне монография арнап, ғылыми жаңалық ретінде ғылымға бір негіздеме жасап беруші еді. Мир Қасымұлы одан бөлек Беғазы-Дәндібай мәдениеті деген үлкен кітабы шықты. Әлі күнге дейін біздің археологияда Беғазы-Дәндібайдан артық монография шыққан жоқ.

«Мәдени мұра» бағдарламасы басталғалы бері археологияға миллиардтаған қаражат құйып жатырмыз. Бірақ соның ізімен жазылғандардың ешбірі кезінде ірі ғалымдарымыз жазып кеткен монографиялардың ширегіне де жеткен жоқ. Сонда миллиардтаған қаражат қайда кетті? Тек алтын іздеумен кетіп жатыр. Бір Алтын адам табылса, журналистерден бастап «керемет» деп, жаза кетеміз. Бүкіл әлемде Алтын адам табылады. Бірақ жарнамалап, даурықпалайтын біздің Қазақстан! Қара археологияға тіпті Қытайдан келіп қазатындар бар. Өйткені «Қазақстанға барсаң алтын табылады деген» біздің даурықпа оларға да жеткен.

Қазақстанда көр қазу – «модный» шаруа болып кетті. Ешкім қорықпайды қазір. Бала кезімде археологияда жүрген кезімде ауылдың адамдары қорымдарға жақындауға қорқатын. Қасиет, ескі адамдардың аруағы бар дейтін. Біз секілді археологтарға таңғалушы еді. Қазір ешкім қорықпайды. Екінің бірі қолына күрек алып немесе бүлдөзірмен бұза бастайды. Ата-бабаның рухын сыйлау, құрмет тұту секілді құндылықтардан аттап кетіп бара жатырмыз.

– Сіздіңше шешім қандай? Қазақтағы алтын қазатын жекелеген азаматтардың, қара археологияға жол беретін «археологтардың» санасы ұлттық тарихи құндылықтарды, баба мұрасын түйсінетін жағдайға жеткенше біз археологиямен айналысуды қоюымыз керек пе?

– Археологияны тоқтатуға болмайды. Ең біріншіден, біздің прокуратура орындары 198 ИП-ны тексеруі керек.

– Қатаң аудит керек дейсіз ғой?

– Иә. Олардың 198-дің 150-і кемінде жабылуы тиіс. Ішінде кәсіби археологтары барлары жұмыс істей берсін. Оған ешкімнің де қарсылығы жоқ. Содан кейін бір қорған қазылды ма – соның ғылыми нәтижесі шығуы тиіс! Мәселе алтында емес. Монография бар ма – яғни ақша орынды жұмсалды деген сөз. Ғылыми ортада мойындалған ғылыми монография жоқ па – демек, ол жерде коррупция бар деген сөз.

– Халыққа да, билікке де есеп берілуі тиіс, бәлкім?

– Ғылымға есеп беру керек. Ғылыми монография шығуы тиіс. Ғылыми монография – ғылымның көрсеткіші. Бұлар не істейді? Әр облыстан ақша бөлінеді. Бұл жерде сыбайлас жемқорлық та бар. Өйткені ол жерде облыстық мәдениет басқармалары анау «ИП»-ларға ақшаны текке бөліп бере салмайды. Бөліседі! Ақыры, екі жақ та есеппен істі жауып тастай салады. Соны тоқтатып, соңғы 10-20 жылдағы археологиялық жұмыстардың есебін толық тексеру керек! Олар кейде бір қорғанды екі рет қазады. Ұмыттырып барып, қайта қазады. Ақша алу үшін небір құйтырқылыққа барады.

– Демек, бұл жерде мемлекеттің жоғары лауазымында отырған «адамдардың» да мүддесі бар деп айтуға болады ғой?

– Болады. Бізде тектен-текке, мүддесіз ақша бөлінбейді. Жемқорлыққа өте жақын мемлекетпіз. Бізде жемқорлықсыз бір қадам жасалмайды. Яғни бұл жерде мүдде бар.

Содан кейін жылына бірнеше қорғанды қазу – болмайтын шаруа. Бір қорым 10 жыл бойы қазылып, зерттелуі керек.

Тағы бір мәселе: Қазақстанда тарихи ескерткіштеріміз көп деп мақтанамыз. Жоқ, олай емес. Аз. Біздің ата-бабаларымыз ол жағына қатты көңіл бөле қоймаған. Оңтүстікте қалалардың орындары бар. Ал далалық өлкеде бірді-екілі ескерткіш бар. Қазіргі қарқынмен біз болашақ археологтарға түк қалдырмайық деп тұрмыз. Менің немерем немесе сенің балаң күні ертең археолог боламын дейтін шығар. Ол кезде оның мүмкіндігі қазіргілерден 100 есе көп болады. Ол тіпті қазбай-ақ үлкен сканерлермен түгелін зерттеп тастайды. Қорғанды құртпай-ақ. Ал бізде қазір ескерткіштерді құртып жібереді ғой. Біздің археология саласында «археолог – ескерткішті көрген соңғы адам» деген сөз бар. Ұрпаққа да бірдеңе қалдыру керек қой. Олардың зерттеу мүмкіндігі 100 есе көп болады. Қазір біздің ғалымдар миллиардтаған қаржыны игергенімен, 1 лаборотория жасаған жоқ.

– Рахмет.

Өкінішке қарай, Қазақстанның қай өңірлерінде қара археология кездесетіні, олардың салдарынан қандай және қанша көлемде зиян келтіріліп жатқанын біздің елде ешбір орган зерттемейді. Қажет етпейді. Ең қызығы, сол археологиялық мұралардың кейбірін olx.kz сайтынан кездестіруге болады екен.

Қазақстанда археологиялық қазба жұмыстарын жүргізетін бастамашыл топтарға лицензия автоматты түрде беріледі. Ол үшін Egov.kz порталына кіріп, талаптарды орындаса болды. Сол талаптың бірі – топта археолог немесе тарихшы болуы керек. Археологиялық жұмыстарды жүргізетін құралдармен бірге топта аккредиттелген мекеменің ұсыным хаты болуы тиіс. Ал қазба жұмыстары еш бақыланбайды. 2013 жылға дейін лицензия тек 3 жылға беріліп келсе, содан бері бір рет алу жеткілікті. Осы лицензиямен кім көрінген өмір бойы көр қазып жүре беруі мүмкін. Лицензиясы бар адам кез келген жерді үңги береді.