×
469.17
495.07
7.56
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
469.17
495.07
7.56

Ресей VS Украина: керегесі кеңейген НАТО, шатқаяқтаған экономика, тығырықтан жол іздеген Қазақстан

03.06.2022, 12:36
Коллаж: Ulysmedia.kz

«Соғыс» жай ғана сөз емес, бүгінгі күннің шындығына айналғанына әлем әлі де үйрене алар емес. Дәл жүз күн бұрын Ресей Украинаға баса-көктеп кірген уақытта жұрт қанша оқ атылғаны, қанша адам жараланғаны туралы айтса, мамырдағы әңгіме басқаша сипат алды: мемлекеттер экономикалық шығындарын – мұнай мен газын, долларын, азық-түлігін санай бастады. Ulysmedia.kz шолушысы соңғы 100 күнде не болғанын, әлемнің ендігі тіршілігі қалай боларын сараптап көрді.

Қатыгез соғыс басталды

24 ақпанда Киев бомбаланды. Бізге арнайы әскери операция басталғаны хабарланса да, жалпақ жұрт мұны «соғыс» деп атады. Бүкіл Украина аумағы бомбаланып жатса, соғыс емей немене? Шабуылдарға авиация, бронетранспортерлер, мыңдаған әскерлер жұмылдырылды. Бейбіт қалалар зымыранмен атқыланып, артиллериямен жойылды. Ресей Қорғаныс министрлігінің «ұлтшылдарға» қарсы күрес, әскери инфрақұрылымдар мен украин армиясына соққы беру туралы мәлімдемелеріне қарамастан, негізінен бейбіт тұрғындар құрбан болып жатыр.

Дүниежүзілік балаларды қорғау күніндегі дерекке сүйенсек, Украинада 267 бала қаза тапқан. 423 сәби жараланып, 145 бүлдіршін хабар-ошарсыз кеткен. Ресей әскерилері оқу орындарына оқ атуда. Бүгінге дейін олардың 1937-сі зақымданған, 181-і толығымен жойылды. Ең сорақысы, балаларға қарсы қылмыстар, зорлау оқиғалары бар.

БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасы хабарлағандай, соғыс басталғалы кем дегенде 4149 бейбіт тұрғын қаза тапты, тағы 4945 адам жараланды. Алайда құрбандардың шынайы саны ресми статистикадан әлдеқайда көп. Майдан маңындағы аудандардың тұрғындары қазірдің өзінде азық-түлік, ауыз су, медициналық көмек тапшылығын тартып отыр. Соғыс атаулымен қатар жүретін эпидемия мәселесі туындады.

Фото: Evgeniy Maloletka/AP

Кремльдің жоспары орындалмады

Соғыс созылмалы сипатқа ие болды. Кремльдің жоспары орындалмады. Украина астанасын бірнеше күн, ең көп дегенде бір аптада басып аламыз деген ойлары жүзеге аспады. Ресей әскерлері украин армиясы мен бүкіл Украина халқының қарсылығына тап болды. Отан қорғауға украиндар, орыстар, татарлар, белорустар, қазақтар және Украинада тұратын басқа ұлттардың өкілдері шықты.

Сарапшылардың сөзінше, екі тараптың да шығыны орасан. Ресейлік қолбасшылық әскери шығындар туралы ләм-мим демейді. Қарулы Күштер Бас штабының мәліметінше, соғыс кезінде украин күштері 1361 ресейлік танкті, 3343 әскери броньды машинаны, 659 артиллериялық жүйені, 207 РСЗО, 94 Әуе қорғаныс кешенін, 208 ұшақты және 175 тікұшақты қиратқан. Ресейдің шығыны –  шамамен 30 800 сарбаз.

Ресей мобилизация жарияламады. Бұл арнайы әскери операция туралы аңыздың күлін көкке ұшырып, соғыс жүріп жатқанын мойындаумен бірдей. Бірақ 2022 жылдың көктемінде әскери бөлімдерде әскери дайындығы жоқ әскерге шақырылушылар көбейді. Жоғары жалақы мен азаматтық береміз деген уәдемен Өзбекстан, Тәжікстан және басқа мемлекеттердің азаматтары келісімшарт негізінде қызметке шақырыла бастады.

Фото: Emilio Morenatti/Copyright 2019 The Associated Press.

НАТО-мен күрестің ақыры қандай болды?

Путин НАТО-ға қарсы күресте оны кеңейту үшін бәрін жасады. Дания 1 маусымда ЕО қорғаныс саясатына қосылу туралы референдум өткізді. Бұл бастаманы дауыс берген азаматтардың үштен екісі қолдады. Осы уақытқа дейін Дания Еуропалық Одақтың ортақ қорғаныс саясатын қалыптастыруға қатыспаған НАТО-ның жалғыз мүшесі болды. Енді ел өз сарбаздарын ЕО әскери миссияларына қосып, қорғаныс бағдарламаларын қаржыландырып, жаңа қару-жарақ жасауға қатыса алады.

Ресей Украинаға қарсы соғыс ашқаннан кейін Швеция мен Финляндия НАТО-ға кіруге ниет білдірді.  Молдова мен Грузияда да НАТО-ға кіру мәселесін қайта қозғай бастады. Екі ел де Кремльдің "бітімгершілік" соққыларын бастан өткерді.

Соңғы жүз күнде Ресейдің әртүрлі насихатшылары Қазақстан туралы бірнеше рет айтып, еліміз жайлы жағымсыз пікір білдірді. Ресейлік БАҚ-тың әскери "сарапшылары" Қазақстанға қарсы операция бастау мүмкіндігі туралы айтып жүр. Мәселенің ушыққаны сонша, Қазақстан азаматтары біздің елге ресейлік БАҚ-тың хабар таратуын тоқтатуды талап ете бастады. Айтпақшы, басқа елдер дәл солай жасады. Бірақ біздің билік азаматтардың ҰҚШҰ мен ЕАЭО-ға мүшелікке қарсы наразылықтарына қарамастан, одақтастық пен теңдік туралы қайталаудан танар емес.

Украинаға әлемнің көп елі көмек көрсетуде. Еуропа қазірдің өзінде соғыс аймағынан миллиондаған босқындарды қабылдады. Украинаның қорғанысы үшін қару-жарақ жеткізетін елдердің тізімі барған сайын артып келеді. Жіберіліп жатқан қару-жарақ, әскери жабдықтардың сапалы әрі жаңа екенін айтпай кетуге болмас.

Соғыс – қантөгіс, көз жасы, ауыр еңбек. Ол әлі де жалғасады. Бірақ бір күні аяқталатыны анық.

Фото: Reuters

Ресейді не күтіп тұр?

Ресейге қарсы санкциялар қазірдің өзінде ел экономикасының барлық салаларын жойды. Техника өндірісі Батыс елдерінің импортына негізделгені белгілі болды. Сондықтан заманауи автомобиль өнеркәсібі, авиация және ғарыш индустриясы, фармация жоқ... Тіпті Ресейдің қорғаныс саласы да шатқаяқтап тұр, өйткені шетелден жеткізілетін жабдықтардың баламасы жоқ. Тек өндірушілер ғана емес, қызмет көрсететін түрлі компаниялар да ел нарығынан кетіп жатыр. 16 мамырда «Макдональдс» Ресейден түпкілікті кету туралы жариялады. Бұл франшиза бойынша жұмыс істейтін 850 мейрамхананың жабылуы ғана емес, сонымен қатар 62 мың қызметкердің қысқаруы. Шетелдік компаниялар өз беделін жоғалтқысы келмейтіндіктен кетеді. Сарапшылардың пікірінше, федерацияны тағы бір дефолт күтіп тұр.

Ал Украина әлемдік қоғамдастықтың қолдауына ие. Еуропа 6 миллионнан астам босқындарды қабылдады, олар негізінен әйелдер мен балалар. АҚШ, ЕО және басқа елдер экономикалық көмекке миллиардтаған доллар бөлді. Украинаға қару-жарақ пен техниканың ағымы уақыт өткен сайын өсе бастады. Бірақ ең бастысы, ел ЕО-ға кіруге өтініш берді. 1 наурызда Еуропалық парламент Украинаға кандидат ел мәртебесін беру туралы қарарды қолдады. Әрине, одаққа кіру үшін 10-15 жыл кетуі мүмкін, бірақ бұл күш салуға тұрарлық мақсат.

Серіктесің атуды бастағанда

Украинадағы соғыс Қазақстанның алдына да көп сұрақты көлденең тартты. Біздің ҰҚШҰ-дағы одақтасымыз – Ресей Украинаға қарсы соғыс бастады. Тағы бір одақтасымыз – Беларусь Ресей әскерлерінің басып кіруі үшін өз аумағын берді. Кремль Қазақстаннан соғысты сөзсіз қолдауды талап етеді. Әзірге Қазақстан бұл қадамнан қашқақтап жүр.

Тағы бір мәселе – санкциялар. Ресей өндірісті біздің елге көшіруге және батыстық санкцияларды айналып өтуге тырысуда. Егер біз Ресейді қолдайтын болсақ және кедергілерді айналып өтуге көмектесетін болсақ, өзіміз де соққының астында қалуымыз ғажап емес. Президент Тоқаев бар тараппен – Путинмен, Ердоғанмен, Батыспен және Шығыспен келіссөздер жүргізіп жатыр. Бірақ әзірге нақты нәтижелер көрінбейді. Ресеймен арамызды негізгі экспорт жүретін мұнай құбыры байлап тұр. Көпвекторлы саясаттың басқа қандай нұсқалары бар?

Бар, әрине. Бұл Ресеймен қарым-қатынастан толық бас тарту керек деген сөз емес. Ол мүмкін де емес. Бірақ "достық байланысты" әлсіретуге болады. Қытай өз өнімдерін Ресейді айналып өту арқылы экспорттай бастады. Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан арқылы Еуропаға апаратын бұл жол бұрыннан белгілі. Бұл инфрақұрылым бір-ақ күнде құрыла қойған жоқ. Қазақстанда тіпті Қытайдан келген вагондардың жылдам қозғалуы үшін Түрікменстанмен бірге Иранға дейін еуропалық жолтабанмен темір жол салу мәселесі талқыланған. Өзбекстан Ауғанстанда, соның ішінде Иранға дейін темір жолдар салып жатқанын есте ұстаған жөн. Қытай Пәкістан жағалауында Шыңжаңнан Таяу Шығысқа, Африканың шығыс жағалауына тауарларды тез жеткізу үшін Гвадар портын салды. Түркіменстаннан Ауғанстан арқылы Пәкістан мен Үндістанға ТАПИ магистральдық газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Қытай Ауғанстандағы мыс, мұнай кен орындарын игеруге қаржы салуда. Орталық Азия мемлекеттерінің экономикалық күш-жігерін біріктіру, кедергілермен бірлесе күресу өңірдің даму процесін едәуір жеделдетер еді.

Фото: ЮНИСЕФ

Ескеретін тағы бір жайт бар – Қазақстанның өз мүмкіндіктері. Әзірге елдің дамуын экономика салаларының шектен тыс монополиялануы, сыбайлас жемқорлық, Үкіметтің жауапсыздығы, әлеуметтік сатылардың, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының болмауы тежеп отыр. Бұлардан құтылмай ешқандай даму болмайды.

Түйткілдер күннен-күнге көбейіп келеді. Бәрі де президент пен Үкіметтің шешіміне қарап тұр.