×
470.9
496.94
8.83
#қаңтар қақтығысы #Ресей-Украина соғысы #әкімге үш сұрақ #лот ашар #кибербуллинг #жаңа облыстар #коронавирус #hi-tech
470.9
496.94
8.83

Ең бастысы дүрбелеңге берілмей, алға басу керек

06.06.2022, 16:27

Елордада кәсіпкерлермен кездескен кезде Halyk Bank басшысы Үміт Шаяхметова банк жаңа тегеуріндермен бетпе-бет келген кезде қалай жұмыс істейтінін айтып берді. Ол сондай-ақ жақын аралықта Қазақстанның қаржы нарығы мен бизнесті не күтіп тұрғаны жөнінде ойын ортаға салды.

Банктің қаңтардағы жұмысы

Қаңтар оқиғасы кезінде елдегі басқа банктердің бәрінің клиенттері Halyk Bank-та карточкасы бар адамдарға қызыға қарағаны өтірік емес. Сервистер ол тұста үздіксіз қызмет көрсетті. Ал елдегі ірі супермаркеттер мен жанар-жағармай құю бекеттерінде қолма-қол ақшасыз сауда тек осы картамен жүргізілді. Halyk банкоматтарының желілерінде азаматтар қанша ақша алам десе, сонша алатындай жағдай жасалды. Естеріңізде болса ол тұста басқа банктердің азаматтары 10 мың теңгеден артық ала алмай әуреге түскен болатын.

Қиындықтарға қарамастан банк қаңтарда бірінші болып ашылды. Өңірлердің бәрінде банкоматтарға ақша жеткізіліп, клиенттер қолма-қол ақшамен қамтылды. Қаңтарда интернет өшіп қалған кезде де банк клиенттердің қамы үшін бейінді министрлікпен бірге төлемді офлайн жүргізу мүмкіндігін іске қосты.

Украина мен Ресейдегі оқиғалар, санкциялар режимі

Украина мен Ресейдің қақтығысы отандық нарықта валютаның жетіспеуіне апарып соқты. Оған қоса Halyk Bank валюта әкелетін негізгі банк ретінде (қолма-қол валютаның 80% жуығын) сыннан сүрінбей өтті. Шет елдерден валюта әкелудің өзі қымбат шығатын әрі жауапты процедура болса да, ұшақтар сапарын қайта жандандырып, көліктік-логистикалық жүйе қалпына келгеннен кейін банк бұл істі уақтылы қолға алды.

Нарыққа теріс ықпал еткен фактордың бірі – ресейлік банктерге қарсы енгізілген санкциялар болды. Қазақстан Ресейдің жақын әрі ірі сауда серіктесі ретінде дәл қазір белгілі бір деңгейде қиындықты өткеріп отыр. Оның бірі – үздіксіз төлемдер мен клиенттерді несиелендіруді қамтамасыз ету. Қазір бұл мәселемен банк секторы мемлекетпен бірге айналысуда.

Әйткенмен, Halyk Bank клиенттеріне қызмет көрсетуде ауқымды проблема жоқ. Алайда ресейлік серіктестермен жұмыс істейтін клиенттерде сұрақ жиі туындайды. Бәрі де санкциялардың салдары.

Күрделі жайттың бәрі айналып келгенде жаһандық факторларға байланысты болғандықтан, Қазақстан, оның ішінде отандық банк жүйесі ол ахуалды жақсартуға еш ықпал ете алмайды.

Сол себепті Halyk Bank комплеанс процедурасы мен қаржы тәуекелдерін есепке ала отырып, осы мәселелерді өзінше реттеуге тырысады.

«Сбермен» келісім жайлы

Санкция режимі ресейлік банктердің Қазақстандағы еншілес филиалдарына бірден әсер етті. Сбербанктің, Альфа-банктің де филиалдары шатқаяқтап қалды. Мұндай жағдайда Банк Центр кредит Альфа-банктің, ал Сбербанктің несиелерін Halyk Bank сатып алды.

Санкциялар енгізілмес бұрын да банк ауыстыруды қолай көрген клиенттердің де болғанын атап өту керек. Halyk Bank мұндай клиенттерге шама-шарқынша көмектесіп, оларға тәулік бойы 24/7 режимінде, тіпті демалыс күндері де қызмет көрсетуге барын салады, барлық мәселені барынша тез шешуге тырысты.

Бизнесті не күтіп тұр?

Қазақстанның несиелік портфелі – 9,6 трлн теңге. Оның шамамен 5 трлн теңгесі Halyk Bank берген несиелер. Яғни экономиканың нақты секторының жартысынан көбіне несиені Halyk Bank беріп отыр. Мемлекеттік бағдарламалар бойынша қаржыландырудың 50% көбі де сол арқылы өтеді.

«Бір жыл бұрын біздің клиенттер қаржыландырудың жаңа шаралары, жаңа мөлшерлемелеріне қызыққан. Бізден активтерді басқару туралы сұрағанын, брокериджді (цифрландыру арқылы көрсетілетін брокерлік қызметтер) іске қосамыз ба, жоқ па соны сұраған. Әлбетте, біздің де, әріптестеріміздің де ол тұстағы көңіл-күйі керемет еді. Бәріміз де даму даңғылы жайлы ғана ойлап, алдағы әлеуетімізді саралағанбыз. Елдегі постковидті экономикалық өсімді байқадық: іскерлік белсенділік артып, сауда артты. Бизнес қайта жандана бастады», - деп еске алады Үміт Шаяхметова.

Ал дәл қазір ахуал Қазақстанда ғана емес, бүкіл әлемде едәуір күрделі. Орталық банктер базалық мөлшерлемені көтеріп жатыр. Яғни мұның салдары берілетін несиені едәуір қымбаттататынын білдіреді. Азық-түлік инфляциясы да өсіп барады.

Бизнесмендердің көбінің белсенділігі бәсеңдеп қалса да, Halyk Bank мәселелерді реттеуге болады деп сенеді. Бұл бағытта президент те, үкімет мүшелері де жағдайды барынша бақылап отыр.

Міндеттердің бірі – баяғыдан жолға қойылған сауда-логистикалық схемаларды қалпына келтіру. Әсіресе, ресейлік тасымалдаушылармен жұмыс істейтін компаниялар мен клиенттер зардап шегіп отыр. Тиісті сома аударылғанымен, тауардың жеткізілмей жатқан жағдайлары аз емес. Ал қаражат бұғатталып қалған. Банк аталмыш мәселелерді үкіметтік және басқа да мемлекеттік органдар деңгейде шешуге тырысады.

Мұндай жағдайда бизнестің міндеті – тасымал мен өнім өткізудің жаңа жолдарын, жаңа серіктестерді іздеу. Мәселен, Өзбекстан нарығы бұл бағытта едәуір әлеуетке ие. Жақында ғана ол елде президентінің қатысуымен инвестфорум өткізілген. Ол жиында жаңа өндіріс ошақтары мен жаңа бағыттарды дамыту жайында біршама айтылған болатын.

Нақты секторды несиелендірудегі банктің рөлі

Halyk Bank шет елдің қатысуынсыз қазақстандық екінші деңгейлі банктер арасында ең жоғары несиелік рейтингтерді (халықаралық рейтингті агенттіктермен мақұлданған) сақтап тұрғанын атап өту керек.

«Біз биыл бұрыннан қарағанда халықаралық рейтингті агенттіктер тарапынан егжей-тегжейлі әрі қатаң аудиттен өттік. Клиенттер базасы, процедурасы, қаржылық тұрақтылық жайында бізге стандарттан тыс сұрақтар қойылды. Біз ресейлік тасымалға қаншалықты тәуелдіміз? Біздің клиенттер оған қаншалықты зәру? Міне, осы сұрақтардың жауабын бізден аудиторлар нақты сұрады. Біз осы ақпараттың бәрі тапсырып, рейтингімізді растадыұ», - дейді Үміт Шаяхметова.

Сонымен бірге Қазақстанның ірі банкінің мәртебесі Halyk Bank аналитиктеріне мәселеге кешенді түрде қарап, тіпті клиенттерге жағдайға басқа қырынан қарауына мүмкіндік береді.

«Біз банк саласының барлық бағытында жұмыс істейміз. Қандай да бір тенденциялар мен бағыттарды да көріп отырмыз. Банк ретінде қашан да кеңес беруге, бағыттауға, тиімділікті және шығынды бағалауға, өнімнің өзіндік құнына ықпал етуге даярмыз. Одан бөлек клиенттердің шығынын қалай азайтуға болатынына кеңес беруге да әзірміз», - деп атап өтті банктің басымдықтарын Шаяхметова.

Halyk Bank басшысы пандемия кезіндегі қиындықтар секілді Қазақстанның қазіргі дағдарысты да сәтті түрде еңсеретініне сенеді. Ең бастысы – дүрбелеңге берілмеу және көздеген мақсатқа қарай алға баса беру.